Отбасы құндылығы құрдымға кетті немесе ажырасқандарды алимент асырай ма?

0
1909

Бүгінгі қоғамда екінің бірі ажырасуда. Әсіресе, жастар арасында отбасының береке-бірлігі жиі бұзылып, шаңырақтары шайқалып жатыр. Өліп-өшіп, сүйіп қосылғандар сезімдерін селге ағызуда.

Олар тіпті обал сауапты мүлде ұмытқан десе де болады. «Зорлық-зомбылық көрдік, ұрып-соқты, арамызға енеміз түсті. Жұмыс істемеді. Ішімідікке үйір болды. Тапқан-таянғанын құмар ойынына салып жіберді» – дейтін нәзік жандыларды түсінуге болады. Әйелге себепсіз қол көтеріп, бала-шағасын ұлардай шулатып, әкелік міндетін дұрыс атқара алмаған еркектерді де, еркек деп айтуға аузың бармайды. Бірақ, «таяқтың екі ұшы болады» отбасылық кикілжіңге екі тараптың да себеп-салдары бар. «Үйлену оңай, үй болу қиын болатынын» қол ұстасып өмірге қадам басқан екі жас толық сезулері керек-ақ. Тіршіліктің тауқыметін екі жас бірігіп арқаласа, ағысқа қарсы жүзсе дейсің ғой. Алайда, ыдыс-аяқ сыңғырласа, балапандарын шұбыртқан мама қаздай буынып-түйініп, төркініне тұра қашатын келіндер, қит етсе сотқа жүгініп алимент өндіріп алуды әдетке айналдырған. «Заң мен жағында, аузыңды ашып, бармағыңды көтеріп көр, көзіңе көк шыбын үймелетемін» – деп, ажырасқандар балаларына психологиялық соққы беріп жатқандарын сезбейді емес, сезеді. Осы бағытта, «Неке және отбасы» туралы заңының солқылдақ тұстары бар. Бар мүмкіндікті әйелдерге ғана жасап беріп, ерлердің әкелік құқығы қорғалмаған. Онда баланы анасымен қалдыру, әкеге алимент өндіру міндеттелген. Егер әйел психикалық аурумен немесе ішімдікке үйір болса ғана балаларды әкесіне қалдырады. Міне, заңның солқылдақ тұсы осы. Ажырасудың себеп-салдарын талдап, отбасының шайқалуына кім кінәлі екені сотта толық анықталмайды да. Тек медиация жолымен татуласуға дәнекер болады. Мәселен, өз алдымызға үй боламыз деп бөлініп шыққан жас отауларға кім кедергі болуда? «Құдай бет-алдарыңнан жарылқасын» деп еншісін бөліп беріп жеке шығарған жас отаулар тіршіліктің түйткілдерін шеше алмай, екеуі екі жаққа неге айырылысып жүр? Екеуі ғана болса бір сәрі, бала-шағасын тірі жетімге айналдырып, бірін-бірі көрместей болған ерлі-зайыптылар неге балалардың обалына қалуда? Мұнда әлеуметтік сала да рөл ойнайды. Пәтер жалдап тұру, жұмыс табу, тапқан табысы отбасын асырауға толық жете ме? Бұл да үлкен сауал. Алайда, заманның ағымына ілескендер несиеден несие алып, қарызға белшеден батқандар, оны не жұбайы, не ата-енесі білмеуі, жағдай ушыққанда, ала дорбасын арқалап, екі бетін жұлып жеп, төркінге тығылып, соттан алимент сұрап жүрген әйелдер бұл қоғамда жыртылып айырылады.
Алматы облыстық сотының бізге берген мәліметіне зер салсаң, төбе шашың тік тұрады. Мәселен, өңірде кәмелетке толмаған баланы күтіп-бағуға алименттерді өндіріп алу туралы 2020 жылы барлығы 495 талап- арыз түскен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 15%-ға өсіпті. Осы 495 талап-арыздың 100-і қа-былданбай, кері қайтарылыпты. Себебі, рәсімдеу кезінде қателіктер жіберілген. Қалған, 378-іне іс қозғалып, 194-іне шешім шығарылып, 187-і қанағаттандырылған. Сот барысында түскен талап арызда балалардың әкелігін анықтау бойынша 189 арыз түскен. Мұнда да, өсім өткен жылғымен салыстырғанда 8 пайызға өсіпті. Рәсімдеу кезінде қателіктер жіберілгені үшін 42 талап-арыз кері қайтарылып, 145-іне шешім шығарылған. Мұнда да өсім 11%-ды құрайды. Жылдан-жылға, ажырасушылар қатарының көбеюі дабыл қағуға тұрарлық жағдай. Ай мен күннің аманында, бейбіт заманда балаларын тірі жетім жасаған отбасылар не ойлап жүр?! «Алимент әке болмайды» деп жар салсақ та аналар үйі мен пәтер жалдап, одан қалса, әке-шешесімен, бауырларына масыл болғандар неге балалардың әкесі алимент төлемей жүр деп сот орындаушылар мен сот табалдырығын тоздырып жүр. Әкесіз өскен баланың, болмаса, өгей әкенің, өгей шешенің таяғын жеп, жәутеңдеген жетімдерді өз әке-шешелері неге ойлаймайды? Баланың тағдырын алимент шеше ме? Білім ошағында немесе кез-келген орында, әкесі, әкесі жоқтар барларға, анасы жоқтар анасы барларға жәутеңдеп қарамай ма? Бүгінгі қоғамда әке ғана емес, тасбүйрек аналар да жетіп артылады. Анау көгілдір экрандағы «Астарлы ақиқат», «Дау-дамайсыз» хабарларын көруге ұялатын болдық. Себеп, бес-алты балапанын ұясына тас-тап, «Алматыға барып келем» деп сол кеткеннен мол кетіп, тағы бір-екі еркектен бала тауып іздеуде жүрген көкек аналарды көріп, көзіміз шарасынан шығатын болды. Сөйте тұра бәрінің алименттен дәмесі бар. Алимент дегеннен шығады. Ажырасқандар арасында балалары мектеп бітіріп, білім алуын ары қарай жалғастырса, баланың әкесінен тағы да алимент өндіріп алынады. Мұндай жағдай бойынша сотқа 2020 жылы 110 талап-арыз түсіп, ол өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға азайыпты. Оның 84-іне іс қозғалып, 42-іне шешім шығарылған. Сонымен қатар, жұбайын күтіп-бағуға алимент өндіру үшін 383 талап арыз түскен. Бұл көрсеткіш те 17%-ға азайған. Азайғаны көңілге демеу болғанымен, он ай көтеріп, омыртқа белін сындырып тапқан анасы мен қанатын қатайтып, бағып-қағып, жеке отау еткен әке-шешелерінен безініп, қарттар үйіне, болмаса жеке пәтерлер мен тұрғын үйлерде қараусыз қалдырып кеткен бала-шағалары өз балаларына қандай тәрбие беріп жүр. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» демекші, өз кіндігінен тараған балалары өскенде әке-шешесіне өздері жасаған қателікті қайталамасына кім кепіл? Неге сонша безбүйректеніп кеттік. Басқа-басқа, біздің әдеп-ғұрыпта мұндай жат үрдіс мүлде жоқ еді ғой. Керісінше «әкең жынды болса байлап бақ» деген тәмсілді қазақтан басқа ешбір ұлт айтқан емес. Ойнақтап жүріп от басқан шөпжелкелер туған перзенттерін әжетханаға, қоқысқа тастаса, жауапкершіліктен қашқан жігіт сымақтар ар алдында, қала берді Алла алдында есеп беретіндерін білмейді емес, біледі. Әкені сақалынан, шешені шашынан сүйрелеп жүрген бауыр еті балалары өздері қартаймастай неге қатыгезденіп кетті? Мұндайға жол берген кесірлі келін мен перзенттік парызын толық өтей алмаған, өлі қойдың өкпесіндей болған, еркек емес ездердің отбасында, «екі тізгін бір шылбырды» тең ұстай алмай әйелге беріп қойып, соның айтқанымен жүріп тұруы, өз бетімен ештеңе шеше алмауы, жанұядағы балалардың теріс тәлім-тәрбие алуына әкеп соғуда. Міне, біздің ұлттық идеология, әдеп-ғұрыптың әдіре қалып, еуропаның үлгісін жамылып жаза басып жүрген себеп, біздің бас-ты кінәратымыз осы. Бала-шағам қарамады, соқа-басымызды сопайтып тастап кетті, қарайласпады, сондықтан ата-аналарды күтіп-бағуға алимент өндіріп беріңдер деп тышқан жылы сотқа барлығы 19 талап арыз түскен. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 90%-ға өсіпті. Өзекті өртейтін факт. Осы талап-арыздардың 15-іне іс қозғалып, 7-еуіне шешім шығарылған. Алименттің жыры тек қана ажырасқан жас жұбайлардың ғана емес, қараусыз қалған ата-аналардың да күн-көріс көзіне айналған. Біз рухани жаңғырмадық, керісінше азып-тоздық. Отбасы құндылығы құрдымға кетті. Мұның сыртында ата-ана құқынан айырылып жатқандары қан-шама? Ішімдікке салыну, нашақорлық, одан қалса жеңіл жүріске салынып, бауыр еті балаларынан безу бүгінгі қоғамда қалыпты үрдіске айналды. Бұған таңқалмайтын да болдық. Тәлім-тәрбиенің солқылдақтығы, «Неке және отбасы» заңындағы шикіліктер әке мен шешенің де жауапсыздығына жол беруде. Әрі ата-анаға деген құрметтің сұйылуы, бала-шағаның үлкендер алдындағы парызының паранжа астында қалғаны, көзге шыққан сүйелдей көрініп тұр. Асқынған кесел алмай қоймайды. Ол үшін неке және отбасы туралы заң түбегейлі реформалануы керек. Сен таптың ба? Мен таптырдым ба? – деп бірі қашып, бірі заң органдары арқылы қуып жүрген ана мен әке сымақтар ата-ана құқынан айырылуда. Өткен жылы барлығы – 325 ата-ана құқынан айыру туралы сотқа арыз түскен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 23%-ға аз. Соның 248-іне іс қозғалып, 164-іне шешім шығарылған.
Ата-ана құқықтарынан айырылып, кейіннен қалпына келтіру туралы бар-жоғы 4 талап-арыз түсіпті. Төртеуінде шешім шығарылған. Ата-ана құқықтарын шектеу туралы барлығы 47 талап-арыз түсіп, бұл көрсеткіш 27%-ға өскен. «Бақпасаң мал, қарамасаң бала кетеді» демекші, ата-анасынан толық тәлім-тәрбие алмаған балалар болашақта ұядан көргенін жасайды.
Бірді айтып, бірге кеткендей болмайық, отбасындағы кикілжіңдер, шаңырақтың шайқалуы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты өршітіп отыр. Айталық, қараусыз, бақылаусыз қалған немесе ата-әжесінің қолында қалған балалардың тұрғылықты жерін анықтауда сотқа барлығы 205 талап-арыз түскен. Соның 143-іне іс қозғалып, 65-іне шешім шығарылған. Бұл көрсеткіш 25%-ға өскен. Сондай-ақ, екі айырған тараптың балаларымен қарым-қатынасын анықтау тәртібі бойынша 143 талап-арыз түсіп, 99-на іс қозғалып, 36-на шешім шығарылған. Мұнда да өсім 22%-ды көрсетіп тұр.
«Отан отбасынан басталады» десек, әр шаңырақтың беріктігі мемлекет үшін ауадай қажет. Еркек пен әйелдің құқы жүз жерден тең десек те, отбасындағы әкенің рөлін арттырмасақ, ажырасушылардың саны азаймайды. Тағы да қайталап айтайын, ол үшін жаңадан құрылып жатқан Парламент депутаттары және Үкімет мүшелері бірлесіп «Неке және отбасы» заңын реформалау қажет. Онда қажет болса, ажырасуға тиым салынуы керек. Себеп, неке бұзушыларды ешкімде зорлап қосқан жоқ. Әрі балаларға психологиялық соққы беруді тежеу тетіктері қаралуы тиіс. Әрі бар жауапкершілікті еркектің мойнына артып қойып, алимент алып, шұбырып жүрген әйелдердің де тәртіптері май шаммен қаралуы тиіс. Мәселен, бір ғана Алматы облысында неке бұзу туралы 2020 жылы барлығы 6702 талап-арыз түсіпті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 22%-ға аз, бұл көрсеткіштердің арасында талапкердің талап қоюдан бас тартуына байланысты, 172 сот барысында татуласса, медиация тәртібімен 478-і татуласқан. Неке бұзуда көбіне әйелдер арызданады екен. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» демекші, екі айырылған жас отаулардың балалары тірі жетім атануда. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, отбасы-ошақ қасының ұйытқысы бола алмаған әйел, шаңырақтың шайқалуына жол берген еркектердің енжарлығы қоғамға үлкен қауіп төндіруде. Қауіптің зоры екінің бірі ажырасып, балаларын тірі жетім атандыруында. Қысқасы, отбасы туралы заң қатаймаса, ажырасушылар жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай қаулап келеді.

Айтақын МҰХАМАДИ.


ПІКІР ЖАЗУ