Асығыста туған баланың атын «Абыр-сабыр» қояды

0
1827

Мемлекет болып қалыптасқан 30 жылдың ішінде Қазақстан сан-салалы заңдарға реформа жасады. Экономика, құқық қорғау, сот, прокуратура, ішкі істер, әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық, бір сөзбен айтқанда заман ағымына қарай бейімделу мақсатында мемлекеттің мүддесін, халықтың қажетін өтейді деген заңдардың барлығы дерлік жаңартылып, қабылданған заңдардың олқы тұстары қайта толықтырылып отырды.

Дұрыс-ақ, заң айналымға еніп жұмыс жасаған сәтте қазақстандық әрбір азамат осы заңдарға сүйенеді. Себебі, Ата заңымызда: «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Десек те, осы қабылданған заңдардың шикілігі, ала-құлалығы заң өндіріске алынғанда көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрады. Сол шикіліктен талай адамның салы суға кетіп, қақпаған есігі, тоздырмаған табалдырғы қалмай, ақпарат құралдарынан көмек сұрап жүргендері жасырын емес-ті. Енді, міне, кезекті отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты дайындалған заңда кеткен олқылықтар кесірінен аналар көтерілісі қайта бастау алды. «Қорғау HR» қоғамдық қоры зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң жобасын сынаған хабарламасын халыққа таратты. Осыған орай, заңды кері қайтаруды сұраған әйелдер қауымы Нұрсұлтан қаласында Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, жаңа сайланған Парламент депутаттарына талап қойып, Парламент үйі алдына жиналды. Одан бөлек, интернет желісінде осы заңға қарсы қоғам белсенділері, заңгерлер мен қоғамдық ұйымдар да дабыл қағып, дөңгелек үстел өткізуде. Тіпті заңды дайындағанарды айыптап, «Батыстың менталитетінен кө-шірген заңды бізге неге тықпа-лайды. Бұл заң ата-ананы ба-ласынан айырудың төте жолы»,- деп ашынуда.
Неге біз осы қит етсе, батыстың, Еуропаның заңдарын көшіріп ала қоямыз? Өзіміздің түп-тамырымыз, салт-дәстүріміз, дала билерінің тәлім-тәрбиесі де тұнып тұрған заң ғой. Ескіні де елеп, жаңасын жаңғыртуға болар еді. Енді міне, тағы да Нұр-Сұлтан қаласынан әйелдер көтерілісі бастау алды. 2019 жылы бес бала өртке оранғанда да аналар атқа қонған болатын. «Бақсам бақа екен» демекші, «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» және сәуір айында Парламент талқысына түсіп, шілде айында қабылданған денсаулық туралы заңдағы бір жыныстыларға қатысты ережелерге қарсы өре түрегелген әйелдер, қоғам белсенділері, заңгерлер пікірі блогерлердің жанайқайы интернет желілерінде бомбадай жарылуда. Әуелі еуропадан келген бір жынысты заң туралы айталық. Батыста некеге қатысты 60-тан астам заң бар екен. Яғни, еркекке-еркек, әйелге-әйел, еркектің итке, ағашқа, қуыршаққа, тіпті өліп жатқан мәйітке де үйленуге құқықтары заңмен бекітілген. Осы бір жыныстыларға қатысты заңның қазақ менталитетіне өте жат екенін біле тұра неге халық қалаулылары жол берді? Неге мектептерде жыныстық тәлім-тәрбие туралы әуелі мультфильмдер, сонан соң басқадай жолдармен дәріптелуге жол берілді. 10 жастағы мектеп оқушысы мұны қалай қабылдайды? Бұл жастағы бала сурет салып, түрлі үйірмелерге баруы керек қой. Жыныстық тәлім-тәрбие керісінше буындары қатпаған балалардың психологиясын бұзбай ма? Бұл заң халықтың талқысына түскен жоқ, пандемия өршіп, ел қынадай қырылған кезеңде қабылданып кетті деген аналар балаларының болшағына алаңдайды. «Асығыста туған баланың атын Абыр-Сабыр қояды» демекші, жеделдетіп қабылданып кеткен заңға қараша қауым да қарсылық білдіруде. Мұзбалақ Мұқағали Мақатаевтың:
Мектебің, мынау – класың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың» деген өлең жолын кейбір ақындар:
«Мектебің, мынау – класың,
Осына он екі жыл тұрасың,
Тарыдай боп кіресің,
Мүшеқап киіп шығасың» деп әжуалап жырға қосып жүр.
Жыныстық қатынас туралы заң мектеп қабырғасында жүріп құрсақ көтеріп қойған түлектердің көбеюінен кейін білім бағдарламасына енгізілді делік. Ал, бір жыныстылар туралы заң қазаққа қажет пе еді?! Осы заңды бекітпей қойса мемлекетіміздің әлем алдындағы беделі түсіп кетпес еді ғой. Неге біз осы «бояушы, бояушы десе сақаламызды бояй береміз» деген ой мазалайды. Алайда, саясаттың өз заңы бар. «Болары болды, бояуы сіңді». Енді жүз жерден ертоқымды бауырымызға алып тулағанмен, бір жыныстыларға қатысты заң кері қайтарылмайды. Өзекті өртейтін өкініш, жынысын ауыстырам десе, жаңа денсаулық сақтау кодексі бойынша жыныстық сәйкестігі бұзылған 21 жасқа толған адамдар жынысын ауыстыруға құқылы. «Егер, кәмелетке толмаған бала жынысын өзгерткісі келсе, оны ата-анасының рұқсаты қажет болмаған кезде, ересек шағында жасай алады» делінген заңда. Екінші мәселе, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» дайындалған жаңа заңда қазақ қоғамына жат, еуропадан енгізілген ата-ана мен баланың байланысын алшақтататын заң-ды кері қайтаруды талап еткен аналардың жанайқайын бүкіл қоғам талқыға салуда.
«Бұл заң түбегейлі қабыл-данып кетпеу үшін барша қазақты үн қосуға шақырамыз. Егер бұған жол берсек, біріншіден, сіз балаңыздың ата-анасы емес жәй ғана асыраушысы болып қаласыз, екіншіден, ата-ана ретінде дауыс көтеріп қойсаңыз, балаңыздан бір жола айырылуыңыз мүмкін, үшіншіден, ондай жағдайда бала-ңыз мемлекеттік мекемелердің емес, жекешеленген кризистік орталықтардың қарамағында болады.Төртіншіден, тұсау кесу, сүндеттеу секілді дәстүрлі әдеп-ғұрыптарды бала-ңыздың рұқсатынсыз жасай алмайсыз, бесіншіден, балаңыз жынысын ауыстырамын, бір жынысты некеге тұрам десе де ата-ана ретінде қарсы шыға алмайсыз. Бұл біздің тамырымызға балта шауып, адам ретінде азғындатып, ұлт ретінде жойып жіберудің төте жолы емес пе?! Алтыншыдан, отбасылық ішкі мәселелердің барлығы ішер асыңыз, киер киіміңіз, беретін тәрбиеңіз, тіпті үлкенді кішілі ұрыс керістеріңіздің барлығы мемлекеттік емес ұйымдардың бақылауында болады. Қысқасы, ыдыс- аяғыңыз сықыр етсе есігіңіз тықыр еткелі тұр. Сіз мұндай жымысқы ұйымдардың заң арқылы жанұяңызға кіріп, айрандай ұйып отырған отбасыңызды ірітуін қалар ма едіңіз? Біз, оңтүстіктің ақындары, ел жанды азаматтар ретінде Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан, Парламент мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин мырзадан ұлттық болмысымызға мүлдем жат, мұндай сорақы заңның қабылдануына жол бермеуін сұраймыз. Біз бабадан қалған дәстүр бойынша өз отбасымызға өзіміз ие болғымыз келеді», – дейді фейсбук желісіндегі жазбада Шымкент қаласының айтулы айтыскер ақыны, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Біржан Байтуев бастаған бір топ белсенді.
Қазақстандықтардың арасында жаңа қабылданатын отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заңның шикі тұстарына қатысты көзқарастары мен қарсылықтарын білдірген заңгерлер де бар. Мәселен, заңда «мына балаға қауіп төніп тұр тұрған сияқты» деп құзыретті органға хабарласса, әй-шәй жоқ келіп баланы алып кетеді. Ұрыссаң, сұрағанын алып бермесең, ата-ана жауапқа тартылып, баланы тағы да алып кетеді. Ата-анасы психикалық емдеуден өтпейінше баланы көре алмайды, жағдайын біле алмайды. Емделу үшін белгіленген психотроптық дәріні еш қарсыласпай ішу керек, міне, әңгіме қайда жатыр. Балалар арнайы орталықтарда жатады, уақытша отбасыға берілмейді. «Масқара. Қорқынышты» – дейді алаңдаған аналар. Басқаны қойшы, баланың өзі 111-ге қоңырау шалып арыз бере алады екен. Сондай-ақ, бір үйде бес бала болса, әрқайсында жеке-жеке бөлме болуы керек. Бұл еуропаның заңы, ал, бізде әлі күнге дейін баспанға зарығып жүргендер бар. Үлкен қалаларда бала-шағасын шұбыртып бір бөлме жалдап отырған отбасылар бар. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сыңғырлайды. Ұрыс-керіс болмай тұрмайды. Балаға зекіп ұрысамыз. Ал мына заңда балаға ұрыспақ түгілі көзіңді алайтып қарауға құқың жоқ. Бәрінен сорақысы сот емес, полиция қаулы шығарып, ата-анадан баланы ажыратып әкете береді. Тоқетерін айтқанда, қолданыста жүрген заңға енгізілмекші түзетулердің басым көпшілігінде ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлеріне қайшы ке-летін баптар бар. Пікірталас өзгертулерге қатысты болып жатыр. Отбасымыздың ішіндегі кейбір кикілжіңдерді шетелдік ұйымдардың ақылынсыз-ақ өзіміз шешеміз, біз отбасы зомбылықтарымен емес, оны тудыратын себептермен күресуіміз керек деген қоғамның жанайқайын жаңа сайланған Парламент мұқият зерделеп, тезге салуы тиіс!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ