Ұлттық өнерді ұлықтаған

0
1612

Атадан балаға жалғасып келетін ұлттық қолөнерді өткен ғасырда жоғалтып ала жаздап, егеменді ел болғалы өз мәдениетімізді, салт — дәстүрімізді, рухани сән — салтанатымызды, ырым — наным, әдет — ғұрып, тұрмыс — тіршілік болмысымызды қайта жандандырып, қазақ қолөнері қайтадан ел арасында дамып келеді. Бүгінгі таңда ұлттық өнерді кәсіп етіп, нәсіп қылған жандар жетерлік. Мереке қарсаңында солардың бірнешеуімен тілдескен едік.

 

Тілеш Рымжанұлы, шебер:

«Ұлттық саз аспаптарын жасаушы шебер, Назарбаев Зияткерлік мектебінің өнер пәнінің мұғалімімін. Домбыра жасауды бастағаныма биыл тура отыз жыл болады екен. 1992-96 жылдары өткен «Үкілі домбыра» Республикалық домбыра жасаушы шеберлер байқауында лауреат атандым. Жаса5ан домбыраларым алыс жақын шетел азаматтарының жеке қорында сақтаулы.
Домбыраны жасау үшін бірінші кезекте материал таңдау қажет. Мысалы, оның шанағы да, мойны да кепкен ағаштан жасалады. Оларды арнайы әдістермен оны ең аз дегенде 5-6 жыл уақыт кептіру керек. Ал ылғалдылығы ең кем дегенде 8-12 пайыздан аспауы тиіс. Сол кезде ғана ағаш өз функциясын  атқарады, яғни, майысып кетпей, бастапқы қалпын сақтап, жақсы қасиеттерін бере алады. Қазіргі таңда осының бәрін ұлым Төлегенге үйрете отырып, жаныма көмекші қылып алдым. Ол аспап жасауды жақсы меңгеріп алды, болашағынан үлкен үміт күтемін».

Аня Жайлау, қымыз даярлаушы:


«Қымыз – адам баласы үшін пайдалы болғандықтан, оны дайындау әдісін қолға алғаныма төрт жылдан асты. Даярлау әдісін әжемнен үйрендім. Өзімнің құпияммен бөліскім келеді. Қымыздың дәмді болуы жылқының жеген шөбі мен күбінің ағашына байланысты. Егер күбі қарағай немесе теректен болса, дәмі қымызға сіңіп кетеді. Сондықтан, аршадан не болмаса еменнен жасау керек. Күбінің тазалығы да ерекше рөл атқарады. Дайын күбіге қымыз ашытқысымен жаңа сауылған бие сүтін құямыз. Қымызды бабына қарай пісеміз. Қымызды неғұрлым көп піссеңіз, соғұрлым дәмді болады. Ұзақ піскен қымызды 2-3 сағат күбіде қалдырған жөн. Қымызды даярлау әдісін жақсы меңгергендіктен, бүгінгі таңда кәсібіме айналды».

Мария Мунайтбасова, қолөнер шебері

«Қолөнер иесі болу кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Оған қолдың асқан ептілігі мен ерекше төзім керек. Өзімнің қызығушылығыммен қазақтың қолөнерін дамыту, ұлттық мәдениетін жалғастыру барысында қолөнерді қолға алдым. Басында қолымның ебі келмей, көп уақыт жоғалттым. Тіпті «қолөнер шебері бола алмаймын» деп қолымды сермеген сәтім де болды. Бірақ, «еңбек бәрін жеңбек» демекші, еңбектену мен төзімділіктің арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздім. Еңбегім бағаланып, тапсырыстар түсіп отырады. Жұмысымның басты құпиясы, бірінші, түстердің үйлесім табуына мән беремін. Әрбір туындымды жасау барысында, көңіл-күйімнің жақсы болуына назар аударамын».

 

Әзірлеген: Ардагүл ӘСКЕРБЕК


ПІКІР ЖАЗУ