Бизнестегі белсенді арулар
Өңірімізде шағын және орта бизнесте жаңа кәсіп ашуда әйелдер де белсенділік танытуда.
Олар мемлекеттік бағдарламалар көмегінің арқасында жеке істерін дөңгелетіп отыр. Мәселен, Ұйғыр ауданының тұрғыны Юлдуз Тураева тоқыма бұйымдарын өндірумен айналысса, текелілік Гүлдана Өміртайқызы кофейня ашып, игілігін көре бастаған.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпкер әйелдер нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасына сәйкес «Бастау бизнес» оқыту жобасына қатысып, грантқа ие болған.
Юлдуз Тураеваның әу бастан-ақ ісмерлікке қабілеті мен қызығушылығы ерекше болған. Сондықтан осы бағытта жеке бизнесін ашуды жөн көріпті. Осы тұста ол өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгініп, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып шыққан. Кейін «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 500 мың теңге көлемінде грантқа ие болып, бұл қаржыға қажетті тігін машиналарын сатып алып, өз цехын ашқан. Бұл істен өзі ғана пайда тауып отырған жоқ, сонымен қатар жеті жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтуда.
«Біз жасаған өнімдер «Baby comfort» брендімен «Шонжыда жасалған» маркасымен шығарылады. Қолымыздан шыққан бұйымдарға өз ауданымыздан бөлек Панфилов, Кеген, Райымбек, Еңбекшіқазақ аудандарынан да сұраныстар түсіп жатады. Сондықтан алдағы уақыта шеберхананы кеңейтіп, жұмыс орнының санын арттырсам деймін», – дейді ол.
Шағын шеберханада ісмерлер қалыңдықтың жасауы, көліктерге қажет перделер, ас үй бұйымдары сияқты тұрмысқа қажетті заттарға тапсырыс қабылдайды. Ю. Тураева болашақта балаларға арналған киімдер тігуді де қолға алмақшы.
Ал текелілік жас кәсіпкер Гүлдана Өміртайқызы мемлекеттік грант есебінен кофейня ашқан. Оның бұл бастамасына «Бизнес бастау» арқылы оқуы үлкен сеп болыпты. Үш баланың анасы Гүлдана «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасы аясында 2 млн теңге грантқа ие болып, қоғамдық тамақтандыру орталығын ашуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алған.
Қаланың орталығында орналасқан «MELISSA» кофейнясында қазір 3 адам жұмыс істейді. Онда кофе және басқа да сусындардан бөлек, кондитерлік өнімдер де пісіріледі.
Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділовтың сөзінше, тек биылдың өзінде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды 73 адам аяқтапты.
Биыл Алматы облысында «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары және «Жетісу» өңірлік бағдарламасы шеңберіндегі қаржы көлемі 23 млрд. теңгеге жеткізілген. Бірінші жарты жылдықта сомасы 7,5 млрд. теңгелік 990 жоба қаржыландырылып, 2750 тұрақты жұмыс орны ашылған.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ