Қатерден сақтаудың жалғыз жолы – вакцинация

0
1136

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте Президент жалған екпе құжатын жасатып алу өте ауыр қылмыс екенін айтты. Бұл туралы   Президенттің ресми сайты  хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөз-інде соңғы кезде індет жұқтырған адамдардың саны күрт артып кеткенін атап өтті. Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Бір апта бұрын Үкімет ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеген болатын. Бірақ эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті. Ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады.

– Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу. Қалыптасқан ахуалдың өте күрделі екенін ашық айту керек. Пандемия өңір басшылары үшін нағыз сынақ болды. Бұл сынақты кем дегенде әкімдердің жартысы, ең жақсы дегенде, «үшке» тапсырады. Осындай жағдайда Үкіметтің үйлестірушілік рөлі бірнеше есе арта түседі. Бұл жерде сырттан тон пішіп отыратындардың пікірі маңызды емес. Үкімет пен тиісті ведомстволардың үйлестірушілік рөлін күшейту қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы вакциналау деңгейі төмен өңірлерге әдістемелік көмек көрсету үшін шұғыл түрде көшпелі бригада жасақтауды тапсырды. Оның пікірінше, екпе салдырғысы келмейтін адамдармен жұмыс барысында саралау әдісін қолданған жөн.

– Бұл топ біркелкі емес. Екпе салдырудан бас тарту себептері әртүрлі. Мұндай адамдардың ішінде ойланып жүргендері көп. Барлық әдіс-тәсілді пайдалану, соның ішінде, әлеуметтік желілер арқылы олардың көзін жеткізу керек. Батыстың кейбір дамыған елдері көз жеткізу әдісінен мәжбүрлеу шараларына көшіп жатыр. Ірі еңбек ұжымдарының қызметіне байланысты ерекше жағдайлар болмаса, біз ондай қадамға бармаймыз. Сондықтан, өз дегенінен қайтпайтын аз ғана антиваксерлерге бола, отбасыларын өз еңбегімен асырап отырған азаматтарымыздың денсаулығын қатерге тіге алмаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Денсаулық сақтау министрлігіне Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізуге тапсырма берілді. Антиваксерлер деген кімдер екенін анық әрі нақты түсіну керек және олардың толық әлеуметтік бейнесін ашу қажет.

– Негізінен вирус жұқтыру деректері сауда ойын-сауық орталықтарында, кафелер мен ресторандарда болатынын ескеру керек. Мұндай жағдайда сақтану шаралары, соның ішінде вакцинация маңызды орын алады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өңірлердегі вак-циналардың тапшылығына қатысты мәселені көтерді. Атап айтқанда, Алматыда екпенің бірінші дозасы бойынша вакциналаудың бір-ақ күнгі көлемі (6,8 мың доза) қалған. Осы ретте бірқатар өңірде екпе егудің орташа қарқыны бойынша есептегенде қалған вакцина Алматыдағыдан ондаған есе көп. Денсаулық сақтау министрлігіне өңірлермен бірлесіп, вакцинация қарқынына дұрыс болжам жасауға, сондай-ақ, жарамдылық мерзімін ескере отырып, вакцинаны қайта жіберу жүйесін жолға қоюға тапсырма берілді.

– Иммунитет қалыптастыру үдерісін тежеп отырған тағы бір өзекті мәселе – вакцинацияның жалған паспорттары. Мұндай теріс құбылыстардың алдын алып, олардың таралуына жол бермеу маңызды. 16 шілдедегі мәлімет бойынша 65 қылмыстық іс қозғалған. Яғни, жұмыс басталды. Енді оны белсенді жалғастыру керек. Бұл өте ауыр қылмыс. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін іс-әрекет. Вакцинация паспортының қолдан жасалуына жол берген тұлғаларға қатысты қатаң жаза қолдануды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеңес барысында вакцина өндірісі саласындағы көшбасшы елдерден әкелінетін екпелердің түрлерін кеңейту мәселесі де қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік жаңа «Спутник лайт» вакцинасын жеткізу және оны отандық фармацевтикалық алаңдарда шығару мәселесін пысықтауды тапсырды.

Президент былтырғы жазда болған жағдайдың қайталануына жол беруге болмайтынын айтты. Ол үшін денсаулық сақтау жүйесінің бір қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет.

– Ауруханалардағы төсек-орындарды індетпен ауырғандар үшін қайта дайындау ісіне байланысты жоспарлы операцияларды жасауға алтын уақытымыз кетіп жатыр. Нәтижесінде патологияның меңдеуі салдарынан қайтыс болған науқастардың саны артуда. Бұл емдеу ісінің табысты болу мүмкіндігін барынша төмендетіп, емге көп қаржының жұмсалуына әкеп соқтырады, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы  көтерілген мәселенің бәрі Үкіметтің ерекше бақылауында болуы тиіс екеніне тоқталды. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарының өз денсаулықтарын, жақындары мен отбасыларын сақтауы қажеттігіне назар аударды.

– Коронавирус  біз үшін ең қымбат жандарды алып кетіп жатыр. Індетке қарсы күресте аға буын өкілдері зардап шегуде. Дегенмен, балалардың да ауырып жатқаны мазалайды. Ата-аналарынан вирус жұқтырған бір жастағы сәбилердің қатты ауыратынын елестетудің өзі ауыр. Жақында ғана бұл мүмкін еместей көрінген, бірақ қазіргі кезде мыңдаған сәби осы қауіпті індетті жұқтырған. Өзіңді және жақындарыңды осы қатерден сақтаудың жалғыз жолы – вакцинация, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ