Елге – ырзық, жерге – көрік берген қызылша
Қант қызылшасы Алматы облысының сонау Кеңес өкіметі кезінен бергі ерекше мән беріп келетін шаруашылықтардың бірі. Бір кездері бүкіл одаққа қант таратқан Ақсу қант зауыты жабылып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы қозғауымен 2017 жылдың көктемінде қайта а іске қосылып, өнім қабылдауды бастады.
Өңір басшысы Амандық Баталов – қант қызылшасы өндірісін жандандыру Мемлекет басшысының Алматы облысының алдына қойған үлкен міндеттерінің бірі екенін әрдайым айтып келеді. Осы тапсырма аясында қант қызылшасының көлемін арттыру да жолға қойылды. Бұл орайда мемлекет тарапынан едәуір қолдаулар көрсетіліп, алқаптарды ұлғайту мен қант қызылшасының өнімділігін арттыруға қажетті жағдайлар жасалуда.
Ал, Ақсу қант зауытының ашылуын Тәуелсіздік жылдарындағы қант қызылшасы шаруашылығының қайта оралуы және жаңа бір даму кезеңі десек болатын шығар. Бұрынғыдай емес, қазіргі таңда зауытта жаңа да айшықты түрге енген. Бір кездері тозығы жетіп, күл-қоқысы араласып, жүдеп тұрған зауыт ғимаратын көргендер оның бүгінгі жаңарған, жаңаланған қалпымен бетпе-бет келгенде таңырқап қалатыны анық. Біз де сондай көңіл-күйді сезіндік. Реттелген зауыт ауласы мен тәтті түбір жинайтын аумақтағы қатар-қатар тізілген техникалар көңіл сүйсіндірді.
Ақсу қант зауытының қызылша қабылдау пунктінде биыл да жұмыстың қызу жүріп жатқаны байқалады. Мұнда Ақсу, Ескелді, Сарқан аудандары мен Қапшағай қаласынан жаңа түсімді тәтті түбірі бар көліктер келуде. Яғни, қазан айынан алғашқы қант қызылшасын қабылдау басталды. Тәулігіне 40-50 жүк көлігі кезек-кезегімен кіреді. Кәсіпорын аумағына енген ауыр жүк көліктері таразыдан өлшеуден өткен соң өнімдер жиналатын алаңшаға барады.
Жаңарған зауыттың тынысымен танысуда зауыттың бас инженері Бейбіт Немеребаев және техникалық директор Жандос Баймұханбетов соңғы бірнеше жылда орасан зор жұмыстың нәтижесін көргендерін тілге тиек етті. Айтуларынша, бүгінде зауыттың барлық өндірістік желілері автоматтандырылған, желілерді басқару орталық аппарат арқылы жүргізіледі.
«Неміс, француз, орыс, қытай, украин және голланд өндірісінің жаңа заманауи жабдықтары орнатылды. Шырын тазарту, азық-түлік, буып-түю цехтары мен айдау паркінің бір бөлігі жаңартылды, целлюлозаны терең өңдеу цехы мен Голландиялық Govill компаниясының бөлек қаптамалық жабдықтары орнатылды. Дайын өнім цехындағы кептіру кешені жаңартылды. Зауытты жаңғыртуға басында Украинадан келген жоғары білікті мамандар көмектесті. Мәселен, 2018 жылы олардан төрт бригада, бізден сегіз бригада жұмыс істеді. Бөлек қондырғыларды орнатуға қырғыз және алматылық мамандар көмектесті. Бірақ соңғы екі жылда біздің жігіттер көп нәрсені үйренді, нағыз кәсіпқойға айналды. Барлық жаңа заманауи жабдықтарды өткен және осы жылы да өздері орнатты», – деген бас инженер Бейбіт Немеребаев зауытта бұрыннан бері жұмыс істеп келетін ардагерлер есімін мақтанышпен айтты. Атап айтқанда, Василий Яценко, Нұрлан Данабаев, Тоғанжан Берқұрманов, Мұхамед Қаратаев, Берікхан Құдайбергенов, Владимир Юшков. Сонымен қатар, механик-дәнекерлеушіден бригадир мен прорабқа дейін өскен Руслан Ысқақов, Ерлік Арынғазин, Нұрлан Арғымбаевтар да бар.Олардың барлығы колледжден шығып, жоғары білікті маман атанып отыр.
Жұмысқа тұрған жастар қазір ең қиын тапсырмаларды атқарып келеді екен. Осындай талантты мамандардың арқасында зауыт күрделі де, ағымдағы да жөндеуден сәтті өтіпті. «Украиналық мамандар іс жүзінде кеңес береді, біздің жігіттердің көпшілігі барлық жұмысты өздері шешеді», – дейді Б. Немеребаев.
Ақсу жері еліміздегі қант қызылшасын өңдеу ісі басталған өңір. Сондықтан бұл жердің тұрғындарында осы дақылды сеуіп, баптап өсірудің мол тәжірибесі бар. Алайда өткен жылғы пандемияға байланысты қолға алынған шаралар мен судың тапшылығынан біраз қиындық белең алған. Бірақ бұл ақсулықтардың жұмыс өнімділігін төмендете алмапты. Биыл қант қызылшасының көлемі былтырғыдан артқан. Дей тұрғанмен, құрғақшылық та өнімнің өсуіне кері әсерін тигізіпті. Алқаптар су тапшылығын сезінгенін айтады бас инженер. Сондықтан кей шаруашылықтар, атап айтсақ, «Әлихан», «Даниял», «Еркежан», «Аюхан», «Қалқаман» биыл алқапты жаңбырлатқыш агрегатпен суғаруды қолға алған.
Биыл да ауданға қарасты 11 ауылдық округтегі шаруа қожалықтары тәтті түбір еккен. Сондай-ақ, қант қызылшасымен айналысатын 6 сервистік дайындау орталығы жұмыс істейді. Оның сыртында «Жасұлан», «Квитко», «Көкөзек», «Дәулет-в» шаруа қожалықтары қант қызылшасына арналған техникалармен толық қамтамасыз етіліпті.
Қайта өңдеу кәсіпорнына биылғы жылда да «Әлихан» шаруа қожалығы алғашқы болып өнімдерін алып келді.
Өткен жылы аудан көлемінде қант қызылшасының өнімділігі гектарына 350-400 центнерден айналса, биыл орташа есеппен әр гектардан 450-500 центнерден өнім алу жоспарлануда.
«Қазан айының бірінен бастап тәтті түбір қабылдау пункті ашылып, жұмысты бастадық. Қызылша «Ақсу», «Сарқан», «Ескелді» аудандарынан әкелінуде. Бірінші күні 41 машина (500 тонна қызылша), екінші күні 42, ал үшінші күні 72 машинаға көбейді. Осылай күн санап қызылша әкелетін машина саны артып келеді. Мәселен, зауытты жүргізу үшін 20 мың тонна тәтті түбір, ал күнделікті екі мың тонна қызылша болуы тиіс. Негізінде зауыт қуаттылығы тәулігіне үш мың тонна қант қызылшасын өңдеуге мүмкіндік береді. Өткен жылы 120 мың тонна тәтті түбір өңделді. Биыл орташа есеппен 100 мың тоннаға жеткіземіз деген ойдамыз.
Ал, тәтті түбірдің тоннасын 22 мың теңгеден сатып аламыз. Қызылшаны өңдеу үшін кәсіпорын мазут отынын пайдаланады. Оның бағасы да шарықтап тұр. Болашақта көгілдір отын жеткізу жайлы бастама бар, егер осы жағдайға жетсек, зауыттың шығыны да азаятын еді. Мұнымен қоса, кәсіпорынға әр жақтан өнім жеткізу үшін жол қатынасы мен көлікке кететін жанармайдың да бағасы қымбатқа шығады. Осы орайда облыстық әкімдікте Жансүгіров ауылы мен Матай стансасы арасына теміржол тарту мәселесін көтеруде. Егер пойыз жолы салынса, шаруалар үшін де, зауытқа да тиімді болатын еді. Дей тұрғанмен бұл болашақтың еншісіндегі дүние ғой», – деген Болат Немеребаев маусым басталған уақытта зауытқа жұмысшыларды келтіре алмайтынын айтты.
«Тепсе темір үзетін жігіттеріміз қара жұмыстан қашады. Маусымдық жұмыс кезінде шақырамыз. Алайда олар «жұмысқа кірсек мемлекеттен беретін жәрдемақыға ілікпей қаламыз» деп бастарын ала қашады. Оны үйдегі әйелі алсын, ер азамат деген отбасының асыраушысы ғой… Үйде отырып алып, мемлекет ештеңеге көмектеспейді деп жамандайтында тағы солар. Қызылшаға шығаратын адам таппайсыз. Бәрі мемлекеттің дайын ақшасын алып, жата берсек дейді.
Біз қолда бар жұмыстың өзін місе тұтпаймыз ғой. Қазір жұмысшының бетіне қарап ұрссаңыз болды, алды артына қарамай, маусымдық жұмыс-ау демейді, кете барады», – дейді ол.
Маусымдық жұмыста алты жүзге дейін адам жұмыс істесе, қалыпты уақытта олардың саны жүз елуге дейін қысқарады екен. Бірақ сұранысқа ие слесарлар мен дәнекерлеушілер тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Себебі, олар мұндай мамандарды қолдан жіберіп алмауды ойлайды.
Зауыт тек қызылша өңдеумен ғана шектелмей, биыл 200 гектар алқапқа тәтті түбір сепкен. Бұдан жақсы өнім жинауды да көздеп отыр. Бұл да болса үлкен жетістік емей не дерсің?! Сондай-ақ, жом өңдеумен де айналысады. Мал азығын негізінен арнайы ыдысқа сақтап, жинауда. Ал, мұны жергілікті мал өсірушілер сатып алып үлгерді.
Зауыт жұмысымен танысуда қант қызылшасы тиелген көліктің жүргізушілерімен де тілдестік. Мәселен, Ескелді ауданындағы «Хилниченко и К» шаруа қожалығының тәжірибелі жүргізушілері Жұмағазы Кегенбаев пен Айдос Мәуленбаев қызылша қабылдау пункті ашылғаннан бері күн сайын бір рейс жасайтынын айтты.
Сондай-ақ, кәсіпорындағы зертхана жұмысы да қауырт. Мұнда тәтті түбірдің тазалығы мен қанттылығы анықталады. Зертхана меңгерушісі Валентина Галстердің жетекшілігімен аға зертханашы Наталья Новикова әріптестері Надежда Суворова, Елена Рылковамен бірге әкелінген шикізаттан сынама алып, оның сапасын анықтайды. Ал, тәтті түбір қабылдайтын пунктегі тәжірибелі мамандар Наталья Гольцман мен Айжан Борахан шот-фактураны қабылдап, барлық көрсеткішті қағазға жазудан жалыққан емес.
Ақсу ауданында биыл барлығы 3315 гектарға тәтті түбір себілді. Орташа өнімділікті 300 центнерден айналдыру жоспарлануда. Алайда, озық шаруашылықтарда өнім 600 центнерден асады.Алдағы жылдары Жетісудағы қант қызылшасының жалпы түсімін екі миллион тоннаға жеткізу жоспарлануда. Бұл үшін қант қызылшасын өсіретін және жоспарлайтындардың бәрі үлкен қолдау алады. Ал мақсатқа жетудегі үшін жұмыстар қазірдің өзінде қарқын ала басталды. Бүгінде Ақсу ауданында Ислам даму банкі қаражаты есебінен ирригациялық желілерді қайта құру жобасы жүзеге асырылуда. Жобаланған суару желілерінің жалпы ұзындығы 633 км. Оны іске асыру мерзімі 2019 жылдан 2022 жылға дейін. Жұмыс толық аяқталған соң қолда бар барлық суармалы алқаптар сумен қамтамасыз етіледі. 11548 га жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жоспарлануда.
Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Аслан ҚАЖЕКЕ
АҚСУ АУДАНЫ