Білім берудегі жаңа бағыт

0
1193

Еліміздің білім саласында UStudy брендімен автоматтандырылған тестілеу бойынша жұмыс жүргізіп келетін «U-Future» ЖШС бас директоры Олжас Құспеков облыстың білім саласына бірнеше кезеңнен тұратын кешенді дамыту бағдарламасын енгізуге ұсыныс білдірген.

Аталмыш жоба оқушылардың білім сапасын айқындау, педагогтардың біліктілігін арттыру, әр мектептің өз даму жол картасын әзірлеу сияқты көптеген мәселені қамтиды. Бұл жайында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың қатысуымен өткен цифрландыру бағытында жұмыс істейтін бірқатар компания өкілдерінің  жиынында сөз болды.

Сол сияқты аталмыш жиында білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жүйе жайлы «Biometric Solutions» ЖШС бас директоры Әлібек Наримбаев таныстырды. Бұл жүйе ғимаратқа келіп кетушілердің балаларға қауіпсіздігін айқындау үшін ІІМ-нің базасымен тікелей байланыста болады. Сол сияқты маска тағу режимін, ғимаратқа «Ашық» арқылы кіруді де қадағалайтын функциясы бар.

Осы орайда, мекемесінің мемлекеттік органдар жұмысын автоматтандыру, соның ішінде құжат айналымын электронды форматқа көшіру бағытында жұмыс істейтінін атап өткен «Lean Solutions» ЖСШ директоры Арман Оспанов өз сөзінде бірнеше мемлекеттік органда пилоттық жоба ретінде іске қосылған жоба басшылық тапсырмасының мерзімінде орындалуына, есеп дайындауға және хаттамаларды бекітуге кететін уақытты қысқартуға оң әсерін тигізетінін атап өтті.

Сонымен қатар жиында АлматыГидроГеология» ЖШС өкілі Айгүл Әуелбекова да өз ұсынысын  баян етті. Жер асты суларын іздестіру-барлау, ұңғыма бұрғылау, су шаруашылығының басқа да бағыттағы жұмыстарымен айналысатын мекеме Талдықорған қаласында «жасыл аймақ» жасауға ниет білдіріп, суармалы емес жер учаскелерін суландыру бойынша да тәжірибелерін ұсына алатынын айтты.

Барлық ұсынысты мұқият тыңдаған облыс әкімі Қанат Бозымбаев аталған жобаларға қатысты тиісті басқарма басшыларының ой-пікірлерін сұрады. Цифрландыру бағытындағы презентация жасалған жобалардың тиімділігін жан-жақты қарастыру үшін арнайы жұмыс тобын құруды орынбасары Жеңіс Тұяқовқа тапсырды. Ендігіде барлық  жобаның  артық-кем тұстары мен тиісті салаларды дамытуға қаншалықты пайдалы болатынын осы жұмыс тобы сараптамақ.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ