Аламанға ат қоссаң, бапты болсын

0
1438

«Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» деген қазақ халқы ежелден жылқы баптауға ерекше мән берген. Аттың жүйрігін тұрпатынан танитын небір сыншылар да тарихтан белгілі. Сонау заманнан бері қалыптасқан атбегілік өнер қазір де жоғала қойған жоқ. Бүгінде осы өнерден қол үзбей, оны дамытып келе жатқан облыстық  ұлттық «Ат спорты» федерациясының  Президенті  –  Рүстем ДОСЖАНОВПЕН әңгіме өрбіткен едік.

АЛАТАУ:  – Жылқыға деген қызығушылығыңыз бен іңкәрлігіңіздің оянуына кім ықпал етті?

Рүстем ДОСЖАНОВ:  – Бұрынғы Талдықорған облысы,  Киров ауданы Жетіжал ауылында дүниеге келгенмін. Әкем Әмірғазы отыз жыл Жетіжал қой совхозының жылқысын баққан жылқышы болған. Қазақта қанмен берілетін асыл  қасиеттер бар емес пе?! Бұл өнер соның бірі шығар деп ойлаймын. Сол кісінің құрығын ұстап қалып, салып кеткен ізімен келе жатырмыз. Әкем кеңес үкіметінің жылқысын бақса да, ат жүгіртіп, көкпар тартып, бәйгеге құмар болған. Отбасында төрт қыз, екі ұл өстік. Ұлдан үлкені мен және артымнан ерген інім Руслан да бұл өнерден кенде болмады. Бүгінде Алматы облысының құрама командасында көкпар тартады. Қазақтың ұлттық ойыны теңге ілуден Республика бойынша жүлделі орындарды да еншілеген. Қазіргі уақытта көп адамдар қалтасына ақша түсіп, байыған кезде ат алып, атақ қуалайды ғой. Ал бізде ондай қасиет жоқ. Анау кішкене кезімізден жүйріктен қол үзілмеді. Есік алдында кемінде 1-2 ат байлауда тұратын. Ол мейлі көкпар аты болсын, мейлі бәйге жылқысы болсын. Аллаға шүкір, сол дәстүріміз әлі жалғасын тауып келеді.

АЛАТАУ:  – Ат баптау өнері өз ішінде түрлі тұсқа бөлінеді  екен. Өзіңіз  соның қайсысына бейімсіз?

Рүстем ДОСЖАНОВ:  – Бала кезден ат жалын тартып міндім деп айтқанымдай, кішкене кезімнен жақсы көретінім – бәйге атын баптау. Бүгінде өзіміздің атамекеніміз Жетіжал ауылында біраз жылқы ұстап отырмыз. Ол жерде көкпарға шығатын, бәйгеге шабатын арғымақтар бар. Шет елдерден де асыл тұқымды аттар әкеліп бейімдеудемін. Кезінде Құнанбайдың өзі Арабия еліне Меккеге барып мешіт салдырып, елге қайтқан кезінде араб жылқысынан бір үйір айдап келген екен. Сонау бағзы заманда болған оқиғаны қараңызшы. Сонда қарап тұрсаң біздің қазақтың жылқысында арабтың да қаны, ағылшынның да қаны бар. Қазақтың қазанаттарында қайнайтын жылқыларының барлығы асыл тұқымды. Сол әкелген арғымақтарды асылдандырып, өзіміздің қазақтың қолтумаларын шығарып жатырмыз.

АЛАТАУ:  – Әрбір атбегінің өз әдісі бар.  Дегенмен, тәжірибелі азаматтардың қатары сиреп барады. Олардың көпшілігі ат жаратудың жетік тәсілін біле бермейді. Осы орайда бұл саладағы тәжірибеңізбен бөліссеңіз.

Рүстем ДОСЖАНОВ:  – Негізінен жылқыны баптау оңай шаруа емес. Мәселен үйренген қолтума жылқылардың өрісте төлдеп қалуынан қорқасың, атты туғаннан құлын кезінен бастап алақаныңа салып, қыста жылы жерде ұстап, одан тай шығарып, кішкентай балаға үйреттіресің. Оны өсіру процесінің өзі үлкен бейнет. Оған бар зейініңді, ықыласыңды салуды қажет етеді. Жүрегіңмен жақсы көруің керек. Қазір көбіне қалталы азаматтар дайын үйретілген жылқыларды барып сатып ала салады. Себебі оны өсірудің қандай шаруа екенін біледі. Сондықтан мал өсірер алдында кішкентай түйірден бастап мән беру керек, оған да төзім керек. Жылқы текті жануар. Оңды-солды ұрысқаныңды жақтырта бермейді, оның да қас-қабағына, тұрысына қарайсың. Кешегі жүрістен шаршағандығы білінсе, бүгінгі дайындығыңды жеңілдетесің. Ал керісінше  ойнап, көзі жадырап тұрса онда жасап жатқан әдісіңнің дұрыс болғаны. Оларда айбаттанып, қырсығып, ренжіп, мінезін көрсетеді. Қазақта жылқы мінезді екен деген теңеуде осыдан шықса керек.

АЛАТАУ:  – Бәйгеге қосар жылқыны  неше жастан және қалай баптайды?

Рүстем ДОСЖАНОВ:  – Бүгінде жылқыны тай бәйге жарыстарына қосатындар көбейді. Бірақ бұл жарыстан аламан бәйгеге дейін жетіп, жүлделі болғандарды естімеппін. Өйткені аяқ-қолы, сүйегі қатпай жатып оны додаға қосып, кейін өскеннен кейін нәтижесін көре алмай жатады. Бұл да үлкен қателіктердің бірі. Текті ата-бабамыз: «Ат өсірем десең, тайында тартып мін,  құнанында құртып мін, дөненінде дөң асырма, бестісінде бәйгеге қос, келмесе басын кес» деген сөзі содан болар деп ойлаймын. Яғни, бұл сөздің өзінде тай кезінде бәйгеге қоспай, балаға жәй тартып мінгізу керектігін айтып тұр. Мен тайды бәйгеге қоспаймын, құнанында ғана 1-2 рет қосып, оның шабысын, жүрісін тексеріп аламын. Тай кезінде шапқан жылқы ұзаққа бармайды. Мұның бәрі шет елден келіп жатқан ұғым және ойын. Себебі олар дәл солай жасайды. Біз сонда шет елдің экономикасына жұмыс істеп жатқанмен бірдей болып тұрмыз.

АЛАТАУ: – Аламандардан бәйге алып жүрген арғымақтарыңыз бар ма?

Рүстем ДОСЖАНОВ:  – Әрине, Аламанға ат қоссаң, бапты болсын деп жатамыз. Елімізде тұңғыш рет өткен 140 шақырымдық ат бәйгесінде Қызжирен атты жылқымыз әлем елдеріне таңдай қақтырды. Оның бұл шабысы тарихта қалды. Бір күндік жерді 7 сағат 37 минутта желіп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Қазақтың «Үздік тұлпары» алтын тұғырын алдық. Сонымен қатар 80 шақырымдық  ұзақ қашықтыққа жүгірістен тағы бір қолтумамыз жүлделі болды. Бұл сайыс бәйгеден сәл ерекшелеу, ол бізге араб елдерінен келген десек те болады. Мұнда жылқыны 30 шақырым жүгіртіп, сәл демалтып алып сонан соң ары қарай жалғастырады. Бүгінде осы дода дүниежүзілік Олимпиадаға кірейін деп жатыр, оны арабтар ұйымдастыруда. Былтыр қырғыз-қазақ біріккен үлкен Қазақстан  Чемпионаты өткен болатын. Сол додадан бес атан түйені ұтып қайтқанбыз. Сондай ірілі-ұсақты жеткен жетістіктеріміз бар. Бұл саладан жыл сайын құр алақан болып жатқанымыз жоқ.

АЛАТАУ: – Қазанаттардың ішінде жүрген асыл тұқымды арғымақтардың жайы қалай?

Рүстем ДОСЖАНОВ:  – Ат спорты  – өте қымбат спорт түрі. Араб, ағылшын аттарының бір кемшіл тұсы – ол қораның малы, жайылымға жарамайды. Даладан өз несібесін тауып жей алмайды. Асыл тұқымдыларды қыстай астына бар жұмсақты төсеп, жем-шөбін беріп, жылы  ұстамасаң біздің жерге сіңісіп кетуі өте қиын. Өйткені оларды әбден құлын кезінен қорада ғана ұстап, жейтін асын алдына әкеліп үйретеді. Сондай-ақ  газон, асфальт төселген жолда жүріп үйренгендіктен біздің қазақтың тақылдақ даласында шаба алмай жатады. Неге?! Себебі біздің жолдар арнайы жасалмаған. Көбіне аяқтары сынғыш келіп, артта қалып жататыны содан. Қазіргі уақытта шет елден келген асыл тұқымды жылқылардан алған қолтума төлдерімізді далаға бейімдеп үйретіп жатырмыз. Бірақ өзіміздің қазанаттарымыз секілді болмайтыны мәлім. Менің тәжірибемде мынадай жағдай болған. Былтыр Франциядан әкелінген асыл тұқымды жылқы қыстан өзі жайылып шықты. Ал одан басқа аттар әлі қолға қарап тұр. Бұл да әрқайсысының өзінің ұмтылысына байланысты шығар деп ойлаймын. Себебі барлығы бейімделіп кетпейді,  тек ішінара осындай жағдайлар кездеседі.

АЛАТАУ: – Ұлттық спортты дамытуда  басқа облыстармен салыстырғандағы  деңгейіміз  қандай?

Рүстем ДОСЖАНОВ:  – 2009 жылдары Алматы облысы бойынша көкпар командасын құруды жоспарлағанбыз. Сол кезде бір топ шығару үшін 12 жігіт керек болды. Сенесіз бе? Сізге өтірік,  маған шын, сол он шақты адамды облыс бойынша шығара алмаған күннен де өттік. Осы  мәселе үшін біз неше жыл жұмыс істедік. Әр аудандарға қазандық салдырып, адам  жинай бастадық. Сол сәттерде басқа қалалармен өзімізді салыстыратын-быз. Мәселен, сол уақыттарда Шымкент қаласында он мың жігіт атқа мінетін, Таразда үш мың жігіт болатын. Қаншама жылдарды артқа тастап, сол нәтижелер ағымы бізге де ақырындап жетті. Бүгінде ұлттық спортқа қызығатын азаматтар көп.

Тағы бір айта кететін жәйт, Алматы облысы Спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев ағамыз болғалы екі-үш жыл ішінде ұлттық спортымыз жоғары деңгейге көтеріліп қалды. Әрине, оның алдында жаман болды деуден алақпын. Бірақ сонда да болса, ұлтжанды адамдардың осындай саланың басына келгені өз нәтижесін шығарады екен. Өйткені ол кісі келгелі біздің ат спортымызға көңіл бөлініп, ұлттық ойындарымыз да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Соның бір мысалы, бәйге спортынан республика бойынша екі облыс ту тіккен. Оның бірі Алматы облысы болса, екіншісі Жамбыл облысы.

АЛАТАУ:  – Жылқылардан  алынған  өнім  халық игілігіне жаратыла ма?

Рүстем ДОСЖАНОВ:  – Күз мезгілінен бастап бие байлаймыз, қыстай қымыз үзілмейді. Ет жағынан да өзіміздің ауыл, қала болсын соғым іздеп жан-жаққа сабылмайды. Өзіміздің таза, адал, табиғи өнімдерді ел-жұрттың игілігіне жаратып отырмыз.

АЛАТАУ: – Сөзіңізде атбегілік қанмен келді деп айттыңыз, өзіңіздің  балаларыңыз осы өнерге қызыға ма?

Рүстем ДОСЖАНОВ:  – Қазақтың баяғыдан қанына сіңген дәстүрі бала туған соң бес жасқа келгенде жылқыға жалын тартып мінгізіп, өсіру. Қазіргі балалардың көбі телефонмен ойын ойнап, ғаламторға шатылып кеткен. Өкінішке орай, үйден шықпайтын, әлеуметтік желіге зәру болып қалған ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз. Балаларымызды мейлі қайда жүрсек те, тұрсақ та кішкентайынан арғымаққа үйреткеніміз дұрыс болар еді.

Жазда отбасымызбен жайлауға кетеміз. Бие саудырып қымыз ішіп, қой сойдырып ас-ауқат жасап, асау үйреткізіп көшпенді ата-жұртымыздың сүрген өмірін балаларыма көрсетемін. Төрт-түліктен алып отырған құрт-май,  айран-сүт, ірімшік пен табиғи өнімдермен тамақтануға үйретемін.

Ғаламтор, әлеуметтік желі, жарық жоқ жерде уақыттарын өткізіп, шаруаларды болысып, табиғат аясында тынығады. Ол  үлкен – тәрбие, ертеңгі күні сол шаруаларды жасап, үйрене жүріп еңбекқор, икемді болып өседі.Үлкен ұлым Тұрарды бала күнінен бәйгеге шаптырып, атқа отыруды үйреткенбіз. Оған еті үйренгесін жылқыларды жарысқа өзі дайындайтын болды.  Қазір қалада оқуда жүр, демалысқа шығып қолдары босай қалғанда ауылға жол тартады. Балаларымның барлығы қызығушылық танытады, бәрі төлдерін ұстап, атқа отырып үйреніп алған.

АЛАТАУ: – Талдықорған ипподромының бүгінгі жағдайы туралы не дейсіз?

Рүстем ДОСЖАНОВ:  – Алматы облысы бойынша ипподром Талдықорған қаласында орналасқан. 2001 жылдан бері қарай ашылып, жұмыс істелді. Оны Талғат Көлбаев деген ағамыз жиырма жылдай басқарып келе жатыр. Бұл нысан жекешелікке өтеді деп, ел-жұрт шулап даурыққан сәттер де болды. Облыстық тұрғыда жалғыз ипподром, жалғыз атшабар, қалғанының барлығы жеке иеліктегілер. Кейіннен жеке иелікке өтпейтіні хабарланды. Қазір сол жерде ұлттық мектеп те ашылды. Кейде қарап тұрып, неге осындай орындарды ұлтжанды адамдар басқармайды екен деп іштей қынжыласың . Ұлттық мектеп деп аты айтып тұрғандай, неге өсіп келе жатқан жеткіншектерге ұлттық спорттарды үйретпеске?! Нысанды халықтың қамын ойлайтын жас азаматтарға басқартып, неге өркендетпеске деп ойлаймын. Ең бастысы нәтиже шығаруға тырысу керек. Ал бізде бір адамды бір орынға тағайындап, оны зейнеткерлікке шыққанша күтіп отырады, ол дұрыс емес. Мен Тәкеңді жаман адам демеймін, жақсы азамат. Бірақ ұлттық спортты дамытуға жанып тұрған тұлға керек деп ойлаймын. Өңірімізде біраз азаматтардың тарапынан айтылып жатқан өкпе-реніштерді де естідік. «Ипподром дегенімізбен, жылына бір бәйге өтпейді, жарыс ұйымдастырылмайды, ауласын тазартып, жақсы жағдай жасап қоюға болады, бірақ ол да жоқ» дейді. Ол рас, осы сұрақтар бойынша мәселені басшыға барып хабарлаған болатынбыз. Енді мәселе өз түйінін табады деп ойлаймыз, күтеміз. Ол жер де гүлденіп, ары қарай халық үшін жұмыс атқарады деп үміттенеміз. Қазақта: «тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Ол жерге де өзінің білгір маманы отырмайынша, іс алға баспайды. Енді не болса да, бір қайыры Алладан, арты жақсы болсын деп тілейік.

АЛАТАУ: – Наурыз мерекесіне орай, қандай іс-шаралар ұйымдастырылуда?

Рүстем ДОСЖАНОВ:  – Наурыз мерекесіне орай облысымыздың Шеңгелді ауылында  ауыл азаматтарының қолдауымен бәйге ұйымдастырылып жатыр. Бас жүлдеге екі көлік тігілді. Сол додаға бару жоспарда бар. Сондай-ақ Көксу ауданы бойынша төрт округ қосылып үлкен Наурыз өткелі жатыр, бұл жыл сайынғы дәстүр.Туған ауылымыз Жетіжалда да ауыл болып Наурыз мерекесін тойлап, көкпар беріп ат шаптырып, ұлттық ойындарымызды ойнаймыз. Наурыз мерекесі жер-жерде, ауыл-ауылдарда ұйымдастырылып, жылдан-жылға жақсы тойланып келеді.

Барша Жетісу жұртшылығын Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Ақ мол болсын, қазағымыздың ауызбірлігі кетпесін, барыс жылы барша қазағымыздың жанұясына берекелі де мерекелі жыл болсын, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Бағзы заманнан келетін ұлттық спорттық ойындар жаңғыра берсін!

АЛАТАУ: – Уақыт бөліп, әңгімелес-кеніңізге рахмет!

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ