Алты айдағы көрсеткіш

0
431

Алакөл ауданы Алматы облысының солтүстік-шығысында орналасқан және аумағы 56 елді мекенді қамтыған 23,7 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Солтүстік және солтүстік-шығысында аудан шекарасы Шығыс Қазақстан облысымен, батыста Сарқан ауданымен, ал оңтүстігінде Қытай Халық Республикасымен шектеседі. Ауданның әкімшілік-аумақтық құрылымына қалалық және 23 ауылдық округтер кіреді. Әкімшілік орталығы  –  Үшарал қаласында  20 мыңға жуық халық тұрады.  Ал 2022 жылғы 1-ші қаңтарға дейінгі есеппен  аудан халқының  саны 72 171 адамды құрайды. 

Алакөл  ауданы  Балқаш-Алакөл ойысы мен Жетісу (Жоңғар) Алатауы аралығында орналасқан. Оңтүстік шығысында «Шыбынды», «Қайқаң»,  «Жабық», «Күнгей»  жоталы, қалған бөлігі жазық болып келеді. «Арғанаты»,  «Арқарлы» атты аласа таулы өлкеде, құмды алқаптардан «Қарақұс», «Сарықұм», «Тасқарақұм» алып жатыр. Солтүстік аймағында шипалық емімен  аты кешегі кеңестер одағына  кеңінен тараған «Алакөл», «Ұялы»,  «Сасықкөл», «Жалаңашкөл» атты айдынды көлдері бар. Бір  ғана  Жалаңашкөлде  ғарышқа   ұшқан   космонавтар  ем алғанын ескерсек,  Алакөлдегі өзен көлдердің айбыны асқақтап-ақ тұр. Қысы  суық, жазы  аптап ыстық өңірдің  жері басым бөлігі шөлейтті. Биік тау беткейлері мен аңғарларын шыршалы-қарағайлы орман  қамтыған  аймақтың негізгі тіршілік көзі ауыл шаруашылығы. Өңірде суармалы және тәлімі егін шаруашылығы дамыған. Онда негізінен астық тұқымдастар, техникалық  дақылдар (қызылша) және көкөністер өсіріледі.

Үшарал қаласынан облыс орталығы Жетісуға және Алматы қаласына дейінгі қашықтық 570 шақырымды құрайды. Аспан асты елі Қытай мемлекетімен шектесіп жатқан «Достық» кеден бекеті екі мемлекет арасындағы алтын көпір. Мұнда да  автокөлік пен темір жол байланысы экономиканың  күре тамырына қан жүгіртіп тұр. Панфилов ауданы сияқты  30 жыл бойы  «Достық»  кеден  бекетінен аудан бюджетіне салық түсімі бұйырмаған.  Жоңғар  қақпасының аузына орналасқан ауданда негізінен Қаракерей Қабанбай батырдың  ұрпақтары мекендейді. Ауданға кіре  берісте батырдың ат үстіндегі ескерткіші желдің өтінде  тұрған  Баһадүр  батыр ұрпақтарының  басты  айбарына айналған. Төрт түлік мал өргізіп, ауыл шаруашылығымен айналысқан шаруалардың тұрмыс тіршілігі, әлеуметтік ахуалы, экономикалық өсіп-өркендеуі жайлы алты айдағы атқарылған  жұмыстарынан сыр шертпекпіз. Аграрлық  секторда 2022 жылдың 6 айында өндірілген өнім көлемі 14 млрд. 685 млн. теңгеге жетіп, өсім өткен жылғы деңгейден 127,9 процентке, заттай көлем  индексі 103,6 процентті құраған. Аудандағы мал басының саны орташа есеппен,  ірі қара  90 494 бас (өткен жылдың сәйкес кезеңіне 103,1%), қой мен ешкі – 294 485 бас (109,5%), жылқы – 34458 бас (100%) және құс – 131,9 мың бас (98,3%). Осы есеп беру аралығында 8820 тонна ет, 21565 тонна сүт, 5864 мың дана жұмыртқа өндірілген.

Аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 1 054 424 гектарды құрайды. Оның егістік көлемі 86 174  гектар, (суармалы 32 436, тәлімді 53 738га). шабындық 51 838, жайылымдық  жер 884 976 га. Аудан  көлемінде 86 174 гектар  егістік жердің  биылғы  жылға 85 036 гектар  жерін  игеру жоспарланған. Дәнді-дақылдардан жаздық-күздік  бидай, арпа, сұлы, дәндік жүгері, сорго, майлы дақылдар: күнбағыс, майбұршақ, мақсары,  лен, картоп, бақша, көкөніс бар. Аудан экономикасының қарқынды дамуы, өндіріс орындары мен шағын кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығының жұмысы бір жүйеге тоғытылғанда ғана бюджет қоржыны толығатыны хақ. Бұл дегеніңіз, өңірдің өсіп-өркендеуіне айрықша жол ашады. Бұл бағытта  бюджетке  міндетті  төлемдерді  жинау жоспары есепті кезеңде 109,8 пайызға  орындалып, 4 млрд. 468 млн. теңгеге жетсе, оның 3 млрд. 612 млн. теңгесі жергілікті бюджеттің үлесінде болса, меншікті салық 1 млрд. 848 млн. теңгеге толыққан. Бюджет шығысының жоспары  96,1  процентке игеріліп,   5621 млн.теңгені құраған. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі  4132,7 млн. теңгеге жетіп, заттай көлем индексі 82,6 процентті құраса, аудан экономикасына алты  айда 17 млрд. 880  млн.  теңгенің инвестициясы тартылып, оның  63,6 пайызы бюджеттен тыс қаражаттар есебінен болып, заттай көлем индексі 98,4 процентке жеткен. Алакөл ауданының  облыс көлеміндегі  үлес салмағы – 19,7%.

Нарықтық  жүйенің қағидаларына орай  инвестициялық жобаларды жүзеге асыру басты міндет. Ел тізгінін ұстаған әкім-қаралардың да іскерлігі осы инвестиция тартумен, жұмыс көздерін ашумен бағаланады. «Ұйымдастыра білген ұтады» демекші  аудан көрші Қытай мемлекетімен шектесіп жатқандықтан өңірде «Достық» кеден бекеті барын жоғарыда айтқанбыз. Екі ел арасындағы қарым-қатынас, күре жол мен темір жол байланысы, тауар айналымы тек қана аудан көлемінде ғана емес жалпы Қазақ мемлекетінің экономикалық қайнар көзі. Осы бағытта  ауданның  инвестициялық жобасына сәйкес 2021-2025 жылдары 6 инвестициялық жобаны іске асыру кезеңі қолға алынған. Жүйелі жоспар қолға алынып, жобалардан 78 млрд. теңгенің инвестициясы тартылып, 834 тұрақты жұмыс орны ашылған. Инвестициялық жобаның бір тармағы  «Достық Транс Терминал» серіктестігінің көп функционалды ауыстырып тиеу терминалының құрылысы болатын. «Өткен жылы жобаның 1-ші кезегі қолданысқа беріліп, 80 тұрақты жұмыс орны ашылса, қазіргі уақытта 2-ші кезегінің құрылысы жүргізілуде, оның  құны 9 млрд. теңгеге  бағаланып, 100  жұмыс орын ашылатын болады»,  – деген   аудан әкімі  Алмас Абдинов «Евро Транзит Достық» серіктестігінің құны 12 млрд. 344 млн.теңгені құрайтын мультимодульды теміржол көліктік-логистикалық орталығының құрылысы (261 жұмыс орны) және «Евро Транс Групп» серіктестігінің құны 3 млрд. теңгені құрайтын жүк тиеу ауласы салынуда  екенін де тілге тиек етті.  Бұл  100  жұмыс  орнына арналған.

Осы инвестициялық  жобалар толықтай жүзеге асқанда жаңа жұмыс орындары ашылып, жалпы республика бойынша  көкейкесті жұмыссыздық мәселесінің Алакөл ауданында түйіні бірашама таралатын болады.  Осы жобалардың  нәтижесінде 2022 жылы инвестиция көлемін 55,7 млрд. теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл өткен жылғы деңгейден 10,7 процентке артық.  Заман ағымына орай аудан тұрғындары да кәсіпкерлікке бейімделген. Біреулері базар жағаласа,  енді біреулері  ауласынан дүкен ашып, істі үйлестіре білгендер мейрамхана, қонақ үй, автокөлік  жөндейтін шағын кәсіптерін дөңгелетуде. Араларында ірілері де  бар. Бұларда  аудан  экономикасына сүбелі үлестерін қосуда. Тек қана қосып  қоймай, әлеуметтік тұрмысы төмендерге қол ұштарын созып, жомарттық пейілдерін көрсетіп, инвестиция салуда.  Шағын кәсіппен айналысқымыз келеді дегендердің бәріне мүмкіндік жасауда.

Мәселен, ауданның  шағын және орта кәсіпкерлігінің субъектілер саны 3887 бірлікке жеткен. Бұл салада жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,7 мың адамға артты. Олар  3076,6 млн. теңгенің  қызметі  мен  өнімін өндіріп, бюджетке 2097,9 млн. теңгенің салығын түсірген. Аудан экономикасының барлық салаларында  биылғы жылдың  6 айында 1168 жұмыс орны ашылып (оның ішінде тұрақты жұмыс орны 443), жұмыссыздық деңгейі 4 процент төңірегінде тұрақтаған. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде  642 азамат қоғамдық жұмысқа, 17 азамат жастар тәжірибесіне, 64 азамат әлеуметтік жұмысқа  жіберілген.

Жер жәнатты Жетісу өңірі туристік аймаққа сұранып-ақ  тұрған өңір. Көздің жауын алатын, сұлу табиғаты мен маржандай жалтыраған өзен-көлдері қаншама. Аты айтып   тұрған  Алакөлде  жазғы шомылу маусымы басталғанда  туристер  ағылып келетін аймақ. Әуе қатынасы, темір жол және Алматы-Өскемен бағытындағы күре жолдар осы Алакөл арқылы өтеді. Жыры да, мұңы да  бітпеген Талдықоғаннан бастау алатын автожол біртіндеп қалыпқа келе жатыр. Осы жол толық пайдалануға берілгенде  Қапшағай, Балқашты он орап алатын айдынды Алакөлге келушілердің нөпірі толастамақ емес. Демалушылар көл жағасындағы түйіні тарқатылмаған біраз мәселені айтып жүр. Ол тазалық  және кәріз жүйесі болатын. Осы бағытта  туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында биылғы жылы  кәріз жүйесінің құрылыстары қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар  қуаттылығы 6,5 мың текше метр кәріз тазарту нысанының құрылысына 3 млрд. 252 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жоспар бойынша атқарылуда. Сондай-ақ Ақши ауылының электр жүйесін реконструкциялау және салуға 300 млн.теңге бөлінген. Осы ауқымды  істер толық жүзеге асқанда  көл маңайындағы мәселелер өздігінен шешілетін болады.  Ал  елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы ұдайы жүзеге асып келеді. Тіршілік көзі су мәселесіде көкейкесті болғандықтан бұл да коммуналдық шаруашылыққа тиесілі жұмыс. Аудандағы  орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған  елді  мекендердің  үлесі 85,7  пайызды  құрайды  немесе 56 елді мекеннің 48-і  қамтылған.  Бұлақты, Лепсі  ауылдарының су жүйесін реконструкциялау және салуға ЖСҚ әзірлеуге 5 млн. теңге қаражат қарастырылған. Ауыз су мәселесі рет-ретімен шешіліп келеді. Тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан ауданда басты мәселе болып келген жол қатынасы бойынша  аудан аумағында 1448,3 шақырым автокөлік жолы бар. Оның 333 шақырымы республикалық маңыздағы, 534 шақырымы облыстық маңыздағы, 581,3 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар. Үшарал қаласындағы Астана саябағының жанындағы жаңа шағын ауданның автомобиль жолын күрделі жөндеуге 230 млн. 776 мың теңге қарастырылып, ауданның 5 елді мекенінің көшелерінің орташа жөнделуіне 225 млн. 197 мың теңге бөлінді.  Құрылыс саласы бойынша  5,3 шаршы метр тұрғын үй кіріске алынған.  Өзекті мәселелердің  бірі тұрғын үйге қатысты ауданда  бүгінгі күнге 1450 адам тұрғын үй кезегінде тұр. (көп балалы аналар – 363, жетім балалар – 141 халықтың әлеуметтік жағынан осал тобы – 579, бюджеттік қызметкерлер 366).

Аталған мәселені шешу мақсатында, Үшарал қаласындағы екі 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына 382 млн. теңге және екі 20 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйлердің құрылысына 192,1 млн. теңге қаражат қарастырылған. Жыл аяғына  дейін  кезекте тұрған 160 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ Үшарал қаласындағы «7-20-25» бағдарламасы бойынша 21 жеке тұрғын үй үшін (3га) инженерлік-коммуникациялық жүйелерін салуға 22 млн.506 мың теңге, Қабанбай ауылындағы 10 жалгерлік тұрғын үйлердің құрылысына ЖСҚ  әзірлеуге  6 млн. 165 мың және ИКЖ салуға ЖСҚ әзірлеуге 10 млн. 11 мың теңге бөлінген. Жалпы аудандағы құрылыс жұмыстарының көлемі  12 292,6 млн. теңгені құрайды.

Ауылдарды абаттандыру бағытында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы  екі ауыл (Қазақстан, Еңбекші) көшелеріне түнгі жарық шамдарын орнатуға 26 млн. 653 мың теңге, екі елдімекеннің (Жайпақ, Тоқжайлау) арық желісін ағымдағы жөндеу жұмыстарына  17 млн. 814 мың теңге қарастырылған.  Аудандағы білім және денсаулық сақтау  салалары  ұдайы назарда. Тәрбиелі, саналы ұрпақ  –  болашақтың тұтқасы. Оларды заманауи  білім ұяларында оқытып, жаңа технологиямен жабдықтау мемлекеттің және жергілікті биліктің үлесінде. Аудандағы 44 мектепте 13 352 оқушы дәріс алуда, 19 балабақша мен 32 кіші орталықтарда 2500 бала тәрбиеленуде. Мектеп жасына дейінгі балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуы 100 пайызды құрайды. Аудан бойынша 3 ауысымда және апатты жағдайда тұрған мектептер жоқ. Жалпы 44 мектептің 35-і күрделі жөндеуден өткізілген. Білім ұялары жаңа оқу жылына сақадай сай. Өткен жылы Достық ауылына 600 орынды мектеп құрылысына жобалау сметалық құжаттары дайындалған. Қазіргі уақытта аталған мектеп құрылысына 2 млрд. 565 млн. теңге қажет. Себебі Достық ауылындағы 900 орынды екі мектепте бүгінгі күнге 1544 бала оқытылуда.

«Денсаулық зор байлық», «Тәні саудың жаны сау» секілді  тәмсілдерді  біз ешқашан  естен шығарған емеспіз», –  деген аудан әкімі азаматтар денсаулығын қорғау мен нығайтуда атқарылған жұмыстардың ұшын таратып, ауданда туу көрсеткішінің артқанын айтты. «Ауданда барлығы 240 төсек орны бар. Дәрі-дәрмек препараттарымен толық қамтылған. 42 денсаулық сақтау мекемелерінде 133 дәрігер, 570 орта буынды медицина  қызметкері жұмыс жасайды. Үшарал қаласына  250  төсектік  аурухана салуға жобалау  жұмыстары  басталды. Сонымен қатар  2 елді мекенге модульды ФАП сатып алуға 100 млн.теңге қаралған. Қаңтар-маусым айларында 571 нәресте дүниеге келіп, 1000 адамға шаққанда туу деңгейі  17 пайызды құрады, халықтың табиғи өсуі 9,3 процент. Сондай-ақ  6 айда  ауданда 150 қылмыс тіркеліп, 2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 53 бірлікке азайып отыр. Қылмыстардың ашылуы 92,1% құрады»,  –  деген  аудан әкімі Алмас Сапарғалиұлы «балапанды күзде санайды» дегендей,  жыл соңына дейін  осы қарқыннан танбасақ, межелеген жоспар жайлы тағы да ауыз толтырып айтармыз деп ағынан жарылды.

Ал бұл көрсеткіштердің барлығы аудан еңбеккерлерінің тынымсыз еңбектері. Жаңа Қазақстан құруда Алакөл ауданы экономикалық қарқынды бәсеңдетпек емес. «Шаруалар мен кәсіпкерлерге  бар жағдай жасалса, аудан халқының әлеуметтік ахуалы оңалса, «ауызбіршілік» болса, қалғаны қалыпқа келеді ғой» деген аудан басшысы  сөзінің  жаны бар. «Елде болса, ерінге тиеді ғой» деп, біз де Қабанбай ауылынан аттанып кеттік.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ