Балаңыз мектепке дайын ба?

0
377

Білім күнінің басталуына да санаулы уақыт  қалды. Жаңа оқу жылына дайындықты бастаған ата-аналар  балаларын мектепке дайындау шығыны едәуір артқанын жасырмады. Зерттеулерге назар аударсақ, бір жылда мектеп формасымен қатар кеңсе тауарлары да 50 пайызға қымбаттаған. Ал, министрлік  болса «Бізде бәрі жақсы, баға тым қымбат емес», – дейді.

Жуырда ғана  білім министрі  баласын  35 мың  теңгеге  киіндіргенін айтты.

Шынымен де бұл сомаға мектепке киім алуға болады ма? Осыған көз жеткізу үшін Талдықорған қаласындағы базарларды аралап, бағаны  салыстырып көрдік. Көз көргендей,  базардағы  мектеп формасының орташа бағасы 20 мың теңгені құраса, бір жейде 6000 теңгеден  басталады. Жалпы, барлық керек жарақты қоса есептегенде бір балаға жұмсалар қаражат  35 мың емес, 80-100 мың теңгенің  арасы болады. Егер бір үйде мектепке баратын 3-4 баласы бар көпбалалы отбасылар  үшін жұмсалар шығын  көлемі 250-300 мың теңгені қажет етеді. Осы орайда  пікір білдірген көпбалалы ана Балгул Хадыс былай дейді: «Менің бес балам бар. Олардың бәрін бір жылда киіндіру мүмкін емес. Бір жылда екеуін киіндірсем, қалғанын келер жылы жабдықтаймын. Ал биыл форма бағасы тіптен қымбаттаған. Екі балама спорт костюмын ала алмадым. Тек мектеп формасы мен керекті оқу құралдарының өзіне 150 мыңнан аса қаражат кетті. Бұл оқу құралдарын, дәптерлерді тек бір тоқсанға шақтап алғандағы баға».

Базардағы саудагерлермен тілдесуде олар қымбатшылыққа тауардың сырттан келетіні себеп екендігін  айтады. «Биыл баға үш-төрт есе қосылды. Форма, аяқ киім, концелярлық тауарлар, сөмкесі бар барлығы қымбат. Бізге сендер қымбат сатасыңдар, қалтаға ауыр дейді. «Бес балам бар түсінші», деп көз жасын сығып алатын аналар да бар. Тауарды  сырттан әкелетіндектен  көтерме бағалардың өзі удай қымбат».

Дегенмен ата-анасының  қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға  мемлекет  тарапынан барынша көмек көрсетіліп жатқанын да ұмытпаған  абзал. Яғни, жыл сайын  «Мектепке жол» акциясы аясында барынша көмек көрсетіледі. Бұл акцияның  өткізіліп келетініне  он жылдың жүзі болған. Ал  осы уақыт аралығында 2 миллионнан астам балаға материалдық көмек көрсетілген.

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ