Кітап оқитын жастар азайды

0
493

«Адамды адам еткен – кітап» деп жиі айтамыз. Расында, жан сарайыңды байытып, көкірек көзіңді кеңейтетін жалғыз қазына кітап.  Десе де, жастардың кітап оқуға деген құлшыныстарының төмен екенін көзіміз көріп жүр. Қазіргі кезде заман талабына сай өмір сүруге ұмтылған жас буын үшін ғаламтордың әлеуеті асқақтап тұр. Электронды  құрылғылар кітапханадан алыстатып, виртуалды әлемге қамаған сайын кітап оқуға деген құмарлық жойылуда. Сол үшін күйінетін ата-ана «балам сөйлесуден қалды, өз әлемінде жүреді» деп, ұстаздар «оқушылар өз ойын толық жеткізе алмайды» деп күйінеді. Әрине  бір-бірімен жанды тілдескеннің орнына, қолдарындағы смартфондар арқылы хабар алысатын болса тұйықталмай қайтсін. Осы орайда Мұхтар Шахановтың «Компьютер басты жарты адамдар көбеюде» деген сөзі еске түседі. Ағамыздың ойын, кітапханаларды аралай отырып жасалған зерттеу нәтижесі дәлелдеп бергендей. Оkg.kz сайтының тілшісі берген мәлімет бойынша қазір адамдардың 17 пайызы ғана кітап оқиды екен. Оның өзінде студенттер, ғылыми қызметкерлер, мектеп оқушылары бағдарлама бойынша қажеттілігіне байланысты кітапханаға бас сұққан.

Бүгінде «Кітап  менің сырласым, мұңдасым», дейтін жастар мүлде қалмағаны ма деп студенттер арасында сауалнама жүргізіп көрдік. Нәтижесінде он адамның тек екеуінен кітап оқып жүрмін деген жауап алдық. Ал қалғандары сабаққа керек кезде электронды нұсқадағы кітаптарды қарап шығамын дейді. Сонда  жастанып жатып оқитын кітаптың заманы өткені ме? Кезінде  аға буын жинала  қалса қандай кітап оқығандарын  айтысып, бір-бірімен алмасып, қызыға оқитын-ды. Ал бүгінгі жастар бастары біріксе «Instagram», «Faceebook», «Twitter», «Вконтакте» сынды әлеуметтік желілерде қандай жаңалықтар бар, қай жұлдыздың парақшасында не болып жатқанын талқылайды. Біреудің өміріне қызығып, өзінің арманын, алға қойған мақсаттарын ұмытуда. Бұл жағдай ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін болса, біздің келешегіміз не болмақ?!

Жазушы  Ғабит Мүсірепов: «Кітап – алдыңғы ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ойлаудан да тиыламыз» деген еді. Қалай дегенмен рухани құлдырау – бүкіл ұлтты құртып  жіберуге  әкеліп соғатын дүние ғой.  Осыны  білсек те  кітап  оқудан,  кітапханаға барудан қалып барамыз. Неге? 

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ