Әлеуметтік көмір мобильді қосымша арқылы сатылады

0
312

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен онлайн режимде  селекторлық жиын өтті.

Жиында көші-қонның өзекті мәселелері, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру, халықты көмірмен қамтамасыз ету жұмысы талқыланды. Сондай-ақ көмірді банк арқылы бөліп төлеу, үйден отырып көмірге тапсырыс беру сияқты пилоттық жоба іске қосылғаны сөз болды.

Ең алдымен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов  еліміздегі криминогендік жағдай тұрақты екенін мигранттар тарапынан Қазақстан азаматтарына қатысты жасалған қылмыстар тіркелмегені жайлы, ІІМ шетелдік азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігін және заңдылығын қамтамасыз етуді бақылауды күшейткендігін, адамдар көп шоғырланатын жерлерде полиция нарядтарының саны артқанын айтты.

Өз кезегінде Премьер-Министр бірінші кезекте қазақстандық азаматтар үшін тұрақты «жасыл дәлізді», сондай-ақ, тіркелмеген мигранттарды анықтау үшін мобильді мониторингтік топтардың жұмысын қамтамасыз ету қажетттігін, Қазақстан азаматтарының арасында да, мигранттар арасында да көші-қон мәселелерін реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Екінші мәселе бойынша да Премьер-Министр бірнеше мәселені тілге тиек етті. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салу жоспарланғанын, оқулықтарды цифрлық форматқа көшіруді жеделдету және балаларды ауыр сөмкелерден арылту қажеттігі туралы да айтты.

«Әкімдіктермен бірлесіп, оқушыларды планшеттермен қамтамасыз ету мәселесін шешуді қолға алу керек. Атап айтқанда, «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, оларды ауылдық мектептердің балалары үшін сатып алу мүмкіндігін пысықтау керек», – деген  Әлихан Смайылов  цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс операторларымен бірлесіп, еліміздің барлық мектебін сапалы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Селекторлық отырыста қаралған үшінші мәселе бойынша, азаматтарға ыңғайлы болуы үшін көмірді танымал маркетплейстер мен банк қосымшалары арқылы өткізу жолдары пысықталып жатқаны айтылды.

Сондай-ақ Премьер-Министр  үйден  шықпай-ақ көмірге тапсырыс беру тұтынушыларға қолайлы екенін айтып, жергілікті жерлерде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді,  жауапты мамандарға көмірді жеткізіп беру мен бөлуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

 «АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ