Жаңа зауыт іске қосылды

0
275

Текеліде темірді тікелей қалпына келтіретін зауыт іске қосылды. Мұнда қолданылатын өндірістік технология экологиялық жағынан ерекше. Мұны отандық қара металлургия саласын дамытудың маңызды қадамы деуге болады. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
хабарлады.
Бірінші кезеңде мұнда 100 жаңа жұмыс орны ашылды, алдағы уақытта жұмысшылар санын 500-ге дейін ұлғайту көзделген. Тартылған инвестиция көлемі 4 млрд теңгеден асады.
Экспортқа бағытталған кәсіпорынның салтанатты ашылуына Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, «Горное бюро» ЖШС компаниялар тобының директоры Абдраман Еділбаев, зауыт жұмысшылары мен текелілік тұрғындар қатысты.
Текелі тұрғындарын кәсіпорынның ресми ашылуымен құттықтаған Бейбіт Исабаев жыл басынан бері облыс экономикасына 129 млрд теңге инвестиция тартылып, 15 жоба іске асырылғанын атап өтті. Солардың бірі – Текеліде ашылып отырған «Электромарганец» ЖШС. Бұл кәсіпорын металлургия саласындағы ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізіп отырған айтулы нысан.
– Ашылып отырған «Электромарганец» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің темірді тікелей қайта қалпына келтіретін зауыты Текелі қаласының ғана емес, тұтас облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын. Өндірістің экологиялық жетістігі – ғылыми ізденістер мен заманауи технологияны қабыстырудың қандай табысқа жеткізетінінің айқын айғағы. Ел Президентінің алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі де осы. Бұл алғашқы қарлығашы десек те болады. Кәсіпорынның болашағы зор, алдағы жоспары ауқымды. Мұнда бірінші кезеңінде 100 жаңа жұмыс орны ашылды, алда жұмыс орнын бұдан әрі көбейтіп, кәсіпорынның қуатын арттыра түсу межеленіп отыр. Осыған орай жергілікті оқу орындарына технологтар дайындау, өңірдегі колледждерде салаға қажетті жаңа мамандықтар ашу мәселесінің де өзекті екенін айту керек. Сондықтан біз жаңа кәсіпорындарды заманауи, жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын, бәсекеге қабілетті мамандармен қамтамасыз етуіміз керек, – деді Б.Исабаев.
Өз кезегінде «Горное бюро» ЖШС компаниялар тобының директоры, техника ғылымдарының докторы Абдраман Еділбаев кәсіпорынның ерекшеліктеріне тоқталды.
– Алдағы уақытта қолданылып отырған технологиямызды одан әрі дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын ұлғайта отырып, қуаттылығы жоғары тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғылардың қолданыс аясын кеңейтуге, осылайша Текелінің, жалпы отандық металлургияның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуына атсалысуға ниеттіміз. Жалпы әлемде домендік өндіріс технологиясын қолданатын шамамен 3500 кәсіпорын және темірді тікелей қалпына келтіру технологиясын қолдана-тын 30-дай кәсіпорын бар екенін атап өткім келеді. Енді бұл технология, міне, біздің елімізде де енгізіліп отыр, – деді А.Еділбаев. Сол сияқты ол тікелей қалпына келтіру мен домендік өндіріс бір-бірімен жақсы үйлесетінін айтты.
Зауыттың салтанатты ашылуында іске қосудың символдық нүктесі басылып, келушілер зауыттың ішкі жұмысымен танысты.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ