Жалғыз Арша

0
558

Тіл сарайында жазушы Серік Әбікенұлының «Жалғыз арша» кітабының тұсаукесері өтті. Оған Талдықорған қаласындағы оқу орындарының студенттері мен зиялы қауым өкілдері және кітапқа арқау болған 1916-1932 жылдар аралығында кеңестік жүйеге қарсы соғысқан (банды) деген жаламен қуғын-сүргінге түскен қазақтың қайсар батырларының ұрпақтары қатысты.

«Жалғыз арша» бұған дейін «Жолбарыс жымы», «Жетісу жазбалары», «Арша  жұпары» атты кітаптардың авторы коммунистік жүйенің асыра сілтеуіне қарсы шығып бас көтерген жетісулық ерлердің қазақ қасіреті жайлы жазған төртінші кітабы. Кітапта Жетісу жеріндегі оқиғалар ғана баяндалып қоймай, кейіпкерлер жайлы суреттер мен тарихи деректер сыр шертеді. Зобалаң жылдарда Қорғас тауы арқылы Қытай мемлекетіне шұбырған елді бастап бас-көз болып, қызылдармен соғысқан қазақ ерлерінің Алтын-Емел мен Матай тауымен түйіскен, батысы Малайсары, Арқарлы шоқыларындағы оқиға желісі Күреңбел баурайы мен  Қапал, Ақсу өңірлеріндегі қанды қырғындар тарихы кеңінен баяндалған.

Зиялы қауым өкілдері Серік Әбікенұлының Жетісу тарихына терең бойлап жазып жүрген кітаптарының тарихи тағылымы мен тәрбиелік мәні жайлы айтты. Серік Әбікенұлы да Жетісу тарихын тізбелеудегі басты мақсатын айтып, бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа ұсынып отырған кітабының тұсаукесеріне Талдықорған қаласының студенттерінің келгеніне ризашылығын білдірдірді.

Жетісудың отызыншы жылдардағы тарихы мүлдем зерттелмегенін айтып, тек қана шағын дүниелер жазылғанын, архивтерді ақтарып, құжаттарды көтергенде Жетісуда қандай үлкен дүрбелең болғанын айтты. Жазылғандарының өзі некен-саяқ екеніне тоқталды. Мысалы  Мәмбет  Қойгелді қысқа хрестоматиялық нұсқада «1929-1931 жылдардағы көтерілістер» деген кітап жазғанын, олардың кейіпкерлері кім, ұрпақтары кім деген нәрсені ешкім жіліктеп қарамаған деді.

– Менің Құндақпай мергенмен Жетісудағы көтерілістер тарихын зерттей бастағаныма 11-ші қараша күні тура алты жыл болады. «Жетісу» газетінің орынбасары қызметін атқарған Нүсіп Әбдірахым ағама «Банда  Құндақпай» деген мақаланы бергеніме алты жыл болыпты. Сол алты жылдың ішінде біраз архивті ақтаруға тура келді. Мына кітаптың  алдында «Арша жұпар» деген повесім шыққан. Ал қолдарыңызға тиіп отырған «Жалғыз арша» кітабы тек қазақ көтерілісі туралы. Оның ішінде Құндақбай  мерген және соның жанында жүрген ерлер жайлы  баяндалады, – деген Серік Әбікенұлы кітап жазған кезде архив құжаттарына баса мән бергенін, Құндақбай мергеннің жанында жүрген азаматтардың есімдері шыққанын, Ырысменде, Жәнәділ батыр ұрпақтары Қызылжарда тұрғанын, одан кейін Шұбарда тұратын  Бұлғақбай мергеннің алпысыншы жылдары қайтыс болғанын айтты.

Сондай-ақ  кітапта белгісіз кейіпкердің болғанын, сол кезде Құндақбай мергеннің жанында жүргенін, бірақ өмірінің соңы қалай аяқталғаны белгісіз деді. «Мысалы біз Құндақбай мергеннің қаза тапқанын, шекарадан өтіп Шұбарға жерленгенін білеміз. Бірақ сүйегі табылмай қалған. Кеңес үкіметінің қандай жазасына ұшырағаны белгісіз кейіпкер бар. Ол Молданазар Ноғайбек. Қазір менің оң жағымда отырған Тәкен ағамыз – Молданазар Ноғайбектің немересі. Бұл кісінің әкесі Қойшыбан ағамыз төрт жасында әкесін соңғы рет көріп, маңдайын сүйгізген екен. Одан кейін жорыққа  аттанып,  әкесін  көрмепті.  Арғы  жақта отырған Мұхит Қойшыман.  Кербұлақ ауданы мен Жетісуға белгілі түйе палуан. Оның осы ұрпақтарына қарап Молданазар атамыздың қандай болғанын біле беріңіздер. Одан кейін отырған Айдын. Ол Құндақбайға жиен болып келеді. Бұл кісілер осы уақытқа дейін әкелерін, менің  әкем  батыр  деп  айта алмай келген ұрпақ. Мен осыдан үш жыл бұрын Омарбек мергеннің ауылына барғанмын. «Көпбірлік» ауылына барып фильм көрсеткен кезде  ұрпақтары Омарбек  мергеннің Қытайдан 60-шы жылдары беріп жіберген суретін елге насихаттай алмай, үйінде шүберекпен жауып ұстап отырған. Кеңес сүйекке сіңірген әдет әлі күнге дейін қалып қалған. Сондықтан советтік зобалаңға деген көзқарас өзгеріп жатқан заманда бұл кісілерді ел алдына шығарып жатырмыз. Зерттеулер қолға алынып жатыр. Өткен жолы Берік Әбдіғалимен Жезқазғанға барған кезде «Секе біз архивтан Құндақбай туралы бір бума құжат таптық. Жақында жариялаймыз» деді. Соның ішінде бұл кісілердің әкелеріне байланысты дүниелер де табылып қала ма деген үміт барын айтты. Ұзақ  уақыт Алматыда қызмет жасап, «Жетісу» телеарнасына қызметке келгеннен кейін ойлана келе «Жетісу» тарихын зерделеуді ойға алған Серік Әбікенұлы  Батыста,  Арқада,  басқа өңірлерде Совет үкіметіне қарсы күрескен батырлар мен мергендер насихатталып, олар туралы том-том кітап шығарылған екен. Ал мына Жетісу – Қытаймен шекаралас жатқан жер. Халық таудан асып Қытайға кеткен.

Бірақ біздің тарихымыз жазылмай қалғандықтан ойлана келе, мақала жаза бастағанын, әкесінен естіген әңгімелер еміс-еміс есіне түсіп, 2015 жылдан бастап Құндақбай мергенді зерттеп, әкесінің айтқан әңгімесінен басталған тарихи деректер үлкен шығармаға түрткі болғанын айтты. Архивты ақтарған кезде Жетісуда  қаншама қанқұйлы оқиғалар болғанын  тіліне  тиек еткен жазушы, Алтынемел  тауының басында Кісі қырылған деген жердің барын, оны  осы уақытқа дейін бірен-сараң  малшылар болмаса, ешкім айтпағанын, сол тауға сегіз сағат атпен көтеріліп, «Кісі қырылған» туралы фильм жасағанын баян етті. Құндақбай мерген ауылын арғы бетке алып бара жатқан кезде сатқындар пулемет құрғызып мыңнан аса адамды қырып тастаған екен. Ал Совет үкіметі олардың сүйегін  85-ші жылға дейін жерлеткізбей қойған. Сол маңдағы Тастыөзек, Қоғалы, ар жағындағы Басшидің халықтары бір-екеуден шығып төрт-бес адамның сүйегін ақырындап көміп жүрген. 85-ші жылы бір мұғалім балаларға экспедицияға шығамыз деп сол жердегі барлық сүйекті үлкен қорым етіп таспен бастыртқан. Сонда 35-ші  жылдан 85-ші жылға дейін 54 жыл қазақтың сүйегі таудың басында  шашылып,  ит  пен  құсқа  жем болған. Айта берсек осындай оқиғалар өте көп. Біз Жетісуды аса қатты насихаттай алмаймыз. Мені бір дерек айран асыр етті. Жастар тілімен айтқанда «шок» болдым. Ашаршылық басталған 31-ші жылы Қытайдан бері қарай ұн тасып, ашыққан халықты азықтандырып жүрген қазақ ерлерін Совет үкіметі ата беріңдер дейді. Сонда 31 күннің ішінде 24 керуен ұсталған. Атып жатқан кезде жігіттер тоқтамай ары қарай өте берген. Өлсек өлейік, біреуіміз ұсталсақ екіншіміздің алып бара жатқан ұнымыз өтіп кетер деген үміттері болған. Міне осындай аталарымыздың сол кездегі ерлігін білмей жатамыз. Бізге Ресейдің саясаты көп насихатталды. Олармен дос болдық. Ресей бізді жарылқады, көзімізді ашты дейміз. Бірақ совет үкіметінің дәл бізге жасаған қиянатын айтпаймыз деген Серік Әбікенұлы «Жалғыз арша» кітабын жазу барысында осы өңірге белгілі аңыздың барын, аңыз түбі ақиқатқа негізделеді деді. Мысалы «Сатылы» асуында Молданазар, Бұлғақбай  бар  бір  топ  адам  шекарадан  ашыққан  адамдарды өткізіп жүреді. Сол  кезде Бұлғақбай мен Құндақбай екеуі бір келіншекті тауып алады. Ол жүкті болып, көшке  ілесе алмай қалады, оны қашып бара жатқан ауылы, бізді ұстап алады деп тастап кеткен. Түнде келесі ауылды алып келе жатқан кезде сол келіншекті тауып алады. Кішкентайының кіндігін таспен кесіп, етегіне орап, тау ішінде жылап жүрген жерінен тауып алған. Араларындағы ең жасы Ырысмендеге: «Сен мына баланы Қытайға апарып, ауылын тауып, табыста обал болады» депті. Ырысменде апарып табыстайды. Енді Құндақбайдың жазуын қараңыздар. 1981 жылы Ырысменденің немересі Қызылжар ауылына  Салтанат деген кісіні келін қылып түсіреді. Сөйтіп құдалыққа барса, жаңағы өзі Қытайға апарған келіншекті көреді. Ол кісі Діңгек ауылында тұрған. Сол келіншек пен Ырысменденің немересін Құдай қосып, бір-бірімен құда болады. Бұл басында ел арасында аңыз болып тараған. Осы оқиғаның түбін іздеп, індетті зерттеген Серік Әбікенұлы Салтанатты тапқан.

Кітаптың ерекшелігі шығармадан бөлек кейіпкерлердің фотосуретін қоса бергенімен ерекшеленеді. Кітапта келіншектердің де, Салтанаттың  да суреттері бар. Салтанат тәте әлі күнге дейін сол әулетте келін. Серікке осы оқиғалардың бәрін  Қыдырбек деген ақсақал айтып берген. Алайда кітаптың тұсаукесеріне ақсақал келе алмады. Тарихи деректерден құралған бұл кітаптың жетісулықтар үшін тағылымы аса зор. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Серік Әбікенұлының  жарық көрген «Жалғыз арша»  кітапбы оқырманға жол тартты.

Қадыр Мырза-Әли ақын айтқандай «Біздің тарих, ол да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы» демекші, Жетісудағы тарихи дүрбелең кезеңді суреттеген жазушы қаламынан туындаған шығарманың өрісі кең болғай. Кітапты оқып танысқан студенттер, жас тарихшылар Серік  Әбікенұлының бұл зерттеу жұмыстарын бәлкім әрі қарай зерттей түсуіне мұрындық болар.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ