Халал тағамдар брендке айналып келеді

0
629

Бүгінде бүкіл әлем бойынша халал өндірісі артып келеді. Азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, парфюмерия мен фармакология және өзге салаларда халал өндірісіне айрықша мән берілуде.

Халал дүние тек тағаммен шектеледі деген  ұғымның қате екенін, оның аясы мәдениет пен ғылым, білім мен денсаулық, жалпы адам тұрмыс-тіршілігіне қажетті басқа да салалардың барлығында халал түрлері көптеп енгізілуде. Дін саласындағы ғалымдардың айтуынша,«Ассалаумағалейкум» деп амандасудың өзі түзу ниетпен басталса ол да халалға жатады. Бұл мұсылман  адамның өмірінің мәні, мазмұны терең түсінікпен тамырласып жатқанын айтуда. Демек, халал ұғымының өзі тұтас бір индустрия, белді ғылым дейді.

Халал сертификаты – бұл ислам ережелеріне сәйкес дайындалған өнімдерден алынған сертификат. Халал сертификаты тұрғысынан процесс шикізат процесінен басталады. Өнімнің шикізатынан бастап дайын өнімге дейінгі барлық процесс исламның талаптары мен тұтыну талаптарына сәйкес келуі керек. Өндіріс тәсілі бойынша да өнім құрамындағы ингредиенттер мен қоспалардың шығу тегі зерделенеді.

Сонымен қатар өндірілетін өнімдердің қаптамасында қолданылатын материалдар мен сақтау шарттары гуманитарлық талаптар мен исламдық шарттарға сәйкес келуі керек. Халал стандартын Түркияда және шет елде, әсіресе мұсылман елдерінде өндіретін және сататын барлық компания қолдана алады.

Ислам дінінде әр мұсылман халал мен харамға көңіл бөлуге міндетті. Халал дінде құпталған, ерік берілген, рұқсат етілгені, ал харам шариғат шеңберінде нақты тыйым салынғандар.

Халал – барша мұсылмандардың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты шариғат тыйым салмаған іс-әрекеттер шеңберін қамтитын тек ислам дініне тән ұғым. «Халал» термині қазақ тіліне аударғанда «рұқсат етілген», «тыйым салынбаған», «мақұлданған» деген мағыналарды білдіреді. Сондай-ақ халал – «шариғат бойынша жасауға болады» деген нақты діни үкімнің атауы. Істеген іс-әрекеттің заңдылық шеңберден шықпай, жұтқан ауаң, ішкен тағамың адал болғанға не жетсін. Бірақ адамзат баласы өз денсаулығына өзі жауығып, талғамай-тартынбай ауруды астан тауып алып жатқан жоқ па? Онымен қоймай табиғат ананың тамырына балта шауып, күл-қоқысын жинамай қақырып-түкіріп, ластап жатқанын қайда қоясыз. Тәуелсіздік алып нарықтық жүйеге көшіп, жекешелендіру дәуірі басталғанда қолдан өнім өндірушер саны күрт артты. Оның үстіне алыс-жақын мемлекеттерден келетін азық-түліктердің сапасы сын көтермейді, оларға қосылатын түрлі қоспалардың адам денсаулығына пайдасынан зияны басым екені жиі айтылып жүр.

Ғаламтор желісін ашып қалсаңыз, көрші Қытай мемлекетінде кәдімгі қаптан (целлофан) күріш өнімдерін жеке цехтарда жасап саудаға шығарып жатқанын, сол сияқты жұмыртқаны да түрлі қоспалармен қолдан жасап саудалап жатқанын көресіз.

Құс өнімдерінің етіне инемен дәрі егіп семіз көрсетіп, жеміс-жидектерге де түрлі қоспалар қосып жатқанда «Ойбай, біз қандай тағам жеп жүрміз?» деп ашынамыз. Өзге мемлекетті айтпай-ақ,  Қазақстанның өзінде де малды өкіл-дәрілермен семіртіп, жемдегенде түрлі қоспалар қосып пайда тауып жүрген кәсіпкерсымақтарды көргенбіз. Базардан семіз деп алып келген малды сойғанда құры үрлеп қойған жел екенін көріп «алғаның арам болғыр» деп қарғағанымыз да бар.

Бірде базарға барып  сиыр еті деп – түйе, қой еті деп – ешкі  етін саудалағандарды көріп, бұларыңа жол  болсын  дескенбіз. Қаланың  жұрты ешкі мен қойды, түйе мен сиырды қайдан айырсын. Ол  аз  болғандай, таразыдан тартып жегендерге бір, қалтасын қағып жегендерге екі алданып жүргендер базар маңындағы көше бойында отырған саудагерлерді  жиі  жағалайтын болған. Бүгінде жылқының еті тісіне емес, түсіне кіріп, қойдың еті қорғасындай қат болып, сиыр мен түйенің еті жерік асқа айналғалы бері, қаладағы елдің көбінің күні тауық етіне қарап қалған. Оның да бағасы күн сайын асқақтап тұр. Жалпы күнделікті ішіп-жейтін азық-түліктің сапасына мән беріп жатқан кедей-кепшік жоқ. Аш қалмаудың амалын жасап, аузына тигенін асап жүр.

Ал халал тамақты кімнің ішкісі келмейді дейсіз. Ондай сауда орындары мен асханалар Құдайға шүкір, баршылық. Бір ғана Талдықорған қаласында 2016 жылдан бастап «Халал» өнімдерін саудалайтын сауда нүктелері мен асханалар халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде Талдықорған қаласында 14-тей кәсіпорын халал сертификатын алған. Оның екеуі ет өнімін, біреуі кондитерлік, бірі тұшпара өндірсе, қалған сегізі асханалар, тағы екеуі «Магнум» сауда үйлері. Осы сауда орындарында арнайы бұрыштар халал өніміне берілген. Онда шұжық, сыр, тауық, сүт және тағы басқа да өнімдер  саудалануда. Оларды жиі тексеру өнімнің шыққан күнінен бастап сауда нүктесіне түскен сәттен және тоңазытқышта қанша уақытқа дейін тұрғаны қатаң бақыланады дейді, «Жетісу «Халал» даму орталығының өнімдеріне жауапты Ескелді ауданының бас имамы Мұхаммед Ордыбай.Әсілі асыңды адал жеп, ауру-сырқаудан аулақ жүрсең тәнің де, жаның да, жараланбағаны абзал-ау.

Бірді айтып, бірге кеткендей болмайық, халалға қатысты бір кездері «халал монша», «халал такси» деген атаулар шығып, қалың бұқараның бірі түсіністікпен  қараса, көбі түсінбей күле де қараған болатын. Олардың шынайы халал, не харам екені жайлы қоғамда екі ұшты пікір қалыптасқан.  Бұл жайында да кезінде діни салада қызмет жасайтын адамдардан сұрау салып сұрағанымызда олар мұның еш әбестігі жоғын, «халал монша», «халал такси» бұл шариғат талаптарын бұзбайтынын, моншаға түскенде кіндіктен төмен қарай жабулы болуы шарт болса, халал таксиге отырған адам заттарын ұмытып кетсе оны иесіне қайтарып беру мұсылман адамдарға арналған шариғи шараға жатады.

«Халал» сертификаты осы екі бағытта да беріледі. Бірі азық-түліктерге қатысты  болса, екіншісі  монша, такси,  құрылыс саласында да адал қызмет атқаратындарға берілуде. Мәселен құрылыс фирмасы салған баспанасын халықтың жағдайы көтеретіндей бағада өсімсіз саудаласа, оған неге халал сертификатын бермеске?! Бұл шариғат талаптарына сай болып тұр ғой деген-ді.

Расында өзі де діни жолды ұстанып, халық мүддесіне қызмет жасағаннан ләззат алатын кәсіпкерлердің Алла да ісін оңдап, нәсібін екі есе ұлғайтып қоятынын имамдар уағыз айтқанда ұдайы насихаттап, құран аяттарынан мысал келтіріп жатады. Жалпы халал дегеніміз не? Шариғатта «Халал» деген рұқсат беру деген мағынаны білдіреді. «Харам» деп тыйым салынған деген мағанада айтылады. Шариғатта жеуге, ішуге рұқсат етілген өнімдерді халал, адал делінеді.

Діни ғалымдардың айтуынша, Құдай Тағала адам баласын жаратқаннан кейін, нені жеуге болады, нені жеуге болмайды дегеннің шекарасын сызып берген.  «Құранда  Алла Тағала арам нәрселердің атын атап, түсін түстеп, мына нәрселерді жемеңіздер деген. Ғалымдардың түсіндіруінше, Адам ата мен Хауа ананы жәннатқа кіргізіп, қасында-ғы ағаштың жемісін жеуге тыйым салған.

Алайда шайтанның азғыруымен адам тыйым салған ағаштың жемісін жеп қойды. Содан жәннаттан қуылады. Адам ата мен Хауа ананы көктен жер бетіне түсіреді. Жер бетіне түскеннен кейін адам «Әттеген-ай, мен не үшін тыйым салынған жемісті жеп қойдым, неге  нәпсіме  ие бола алмадым деп қатты өкінеді.  Құдайға жалбарынып, тәубеге келіп, 40  күн  ораза тұтады. Тәубесі қабыл болып, Алла Тағала адам баласына халал мен харамды айырып көрсетіп берді», – дейді діни  ғалымдар.Сондықтан тыйым салынған заттар арам, тыйым салынбағаны адал деп жіктелген. Оны шариғат тілімен «халал» және «харам» дейді. Міне, халал дегенге нақты жауап. Енді біздің күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыз халал ма, харам ба оны бір Құдай білмесе, өзіміз ажыратып жатқан жоқпыз. Сауда үйіне барғанда немесе базарға, не асханаларға барғанда халал-харамын ажыратып жатпаймыз. Құдайға құлшылығы бар намазхан жандар болмаса, көбіміз бағасына қарап қай жерде арзан соған талап қоямыз. Сатып алған өнімдеріміз адалдан ба, жоқ арамнан ба пайымдап жатқан жоқпыз.

Мал екеш малды бауыздағанда да өзіндік шарты барын екінің бірі біле бермейді.  «Жетісу» халал орталығының «халал» өнімдерге жауапты маманы Мұхаммед Ордыбайдың «халал» өнімдерінің қыр-сырын тереңірек зерделеп беруін өтініп, сөзге тарттық.

Мұның екінші жағы бар, әлемде ғалымдар көп қой. Мысалы медицина саласын, адам табиғатын зерттейтін, экология және химия тағы басқа салаларды, сондай-ақ, тағам өнімдерін сараптайтын ғалымдар бар. Діни саланы да зерттейтін ғалым әлемде «халал» өнімдері брендке айналып, әлемнің өзі халал өнімдерді талап етіп жатқанын айтуда.  Мұның адам баласы үшін денсаулыққа пайдасы зор. Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.у) бір хадисі бар. «Егер сендер бір малды соятын болсаңдар малдың көз алдында пышақ қайрамаңдар» дейді. Қазір технологияның қарыштап дамыған заманында адам баласы неше түрлі жеңілдікке қол жеткізуде. Әлемде неше түрлі мал соятын қасапханалар бар. Оның екі түрлі жолы бар. Біріншісі малды электрошокпен ұрады, малдың аяқ-қолын байламайды.

Он минутта жүз бас малды тоқпен өлтіре салады. Екіншісі малды маңдайынан ауыр балғамен, не болмаса төбесінен пышақ сұғып өлтіреді, қанын ағызбайды. Пайғамбар айтқан малдың көз алдында пышақ қайрамаңдар деген сөздің бұған не қатысы бар деп ойлайсың. Себебі пайғамбарымыз малды «Бисмилла» деп сойыңдар екі тамырын кесіңдер деген. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, малды электрошокпен немесе ауыр балғамен маңдайынан ұрып, болмаса төбесінен пышақ сұғып өлтіргенде малдың бүйрегінде болатын арнайы без денеге тарап, ол бірінші қорқыныш сезімін ішке жұтады. Бүйректегі без шошынады, мал денесіндегі «адреналин» қанға бөлінеді. Ол қан арқылы бүкіл денеге жайылады.

Тағамды адам жегенде бірінші ақпаратты ми қабылдайды. Біз асқазанға түседі дейміз ғой, олай емес, тағамды аузыңа апара бергенде іс-әрекетті ми қабылдайды. Осы тағамды жеген адамдарда қорқыныш сезімі көп болатынын ғылыми негізде ғалымдар дәлелдеген. Сонда жаңағы электрошокпен, балғамен болмаса төбесінен пышақ сұғып өлтірген мал қалай халал болады. Біріншіден, оны  қорлап өлтіріп тұрмыз. Екіншіден, соятын жерге алып келгенде мал топ-тобымен сұлап жатса шошынады. Үшіншіден, малдың киесі барын ескеріп жатқан ешкім жоқ, тек жеделдетіп сойып, өнімді базарға, не нарыққа жіберу ғана көзделген.    Оның халал, харам екені ескеріліп жатқан жоқ. Ал сол малдың етін жеген мұсылман баласының денсаулығы қалай болатынын ғалымдар айтып тұр.Жалпы «Халал» мәселесі егемендік алғаннан кейін жекешелендіру үрдісіне байланысты Қазақстанда көптеген сауда нүктелері, асханалар мен мейрамханалар қызметін жалғастыра бастады. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы  халалды арнайы бір бөлік етіп шығарды.

Оның негізгі офисі Астанада. Бірақ бұрындары «халал» деген кезде малды адалынан сойса болды деген ұғым пайда болған. Қазір Малайзия мен Түркия мемлекеттерінің жүйесімен жұмыс жасап келеміз. Ондағы жүйе бойынша бүкіл азық-түліктің халалдығын тексеруден өткіземіз. Мысалы, сіздің асханаңыз болса, ондағы малдың, тауықтың еттері қайдан келеді, сонан соң оған қосатын қоспаларыңыз қандай? Осының бәрі сараптамадан өтеді. Сүт, сыр өнімдері болатын болса халал ма, Қазақстанда өндірілген бе?

Халалдан өткенде құрамында адам денсаулығына зиянды химикаттар бар ма осының бәрі тексеріледі. Тексеруді арнайы Астанадағы зертханаға жібереміз. Мәселен, сіз халыққа халал тағам ұсынып, адалдан пайда тапқыңыз келсе, бізге өтініш жасайсыз. Біз сіздің асханаңызды барып  көреміз. Онда тек тағамдарға ғана зер салып қоймаймыз. Асхананың санитарлық тазалығы түгелдей халал талабына сай болуы шарт. Кейбір асханалар етті базардан сатып алады. Ал кейбірі малды өзіміз соямыз дейді. Асхана қожайынымен сөйлесіп, халалдың шарттарын ұсынамыз, осыған келіссеңіз, азық-түлік өнімдеріңізді, мал соятын жеріңіз халал заңына сай болуын ескертеміз.

Талдықорғанда  «Ет бөлімі» (Мясной двор) халал сертификатынан өтті. Басқа да халалдан өткен орталықтар бар. Асхана қожайыны ет өнімін осы орталықтардан алуы керек. Кейбірі жоқ мен өз үйімде соямын десе, қасапшысын арнайы оқытып, қолына сертификат беріледі. Біз оны үнемі бақылаймыз, сертификат алған қасапшы малды халалдан соя ма оны да қадағалаймыз. Жан-жақты ақпарат жинаймыз. Қазір малды электрошокпен немесе басынан пышақ сұғып өлтіретіндер пайда болды. Бұл халалға жатпайды.

Германия мемлекетінде арнайы зерттеуден өткен. Малды электрошокпен немесе маңдайынан ұрып, басына пышақ салғанда бүйректегі без шошынып адреналинді қанға жіберетінін жоғарыда айттық. Союдан бөлек, біз малға, тауықтарға берілетін жемді де тексереміз. Көбінесе оларға қоспалар қосылады. «Сүйек ұны» деген малдың сүйегін үгітіп және тауықтың өкпе бауырынан ұнтақтап ұн шығарып жемге қосып береді. Халалда оны бергізбейді. Себебі мал өз сүйегін, тауық өз дене мүшесін жегендей болады. Бұл да қатты қадағалануда.

Енді Жетісудағы құстың мәселесіне ойыссақ. Тауық өнімдері бізде «Айсер», «Әлем» деген Алматыдағы арнайы орталықтарда бауыздалады. Бұдан бөлек, Ресейдің, Американың тауық өнімдерін әкелсе  біз  оған «Халалға» кепілдік бермейміз. Себебі ол өнімдердің қалай дайындалғанын біз көрген жоқпыз. «Халал» асханалар шетелдік тауық өнімдерін пайдалана алмайды. Олар «Айсер», «Әлем» орталықтарынан тауық өнімдерін алады. Аталған екі сауда орталықтарына «Халал» сертификаты берілген. Өйткені халалға өткен, сертификат алған асхана қожайынының өнімі таза деп біз бүкіл жамағатқа айтамыз. Жаңағы асхананың тағамын мұсылман жамағаты жейді.

Олардың намазы, дұғасы бұзылмауы тиіс, «Біз сіз үшін жауап береміз» деп айтамыз. Үшінші мәселе, өнімдер көп, олардың күмәнді, Қазақстанда жасалмағанын білсек, оны да ескертеміз. Егер асхананың тағамға пайдалануға алған өнімдері күмәнді болса, біз оны Астанаға зертханаға жібереміз. Егер асхана иесі «Мен тек қана бір майды қолданамын басқаны қоса алмаймын десе,  пайдаланатын майын да зертханаға жібереміз, оның құрамында денсаулыққа зиянды қоспалар табылмаса ол халал болып саналады.

Егер май құрамынан зиянды нәрселер табылса, оны пайдалануға рұқсат етілмейді. Халал тағам өндірумен айналысуға арнайы құжат алған соң, біз оларды ай сайын тексеріп тұрамыз. Кей-кездерде аяқ астынан айына екі рет тексеру жасаймыз. Ондай жағдайлар болды, халал сертификатын алып «Айсер», «Әлем» орталығынан емес, басқа ресейлік тауық еттерін пайдаланған асханалардың халал сертификаты қайтарып алынды. Тексеру барысында көзбояушылыққа барып, халал деп, харам тағам дайындап, доңыз етін пайдаланса, біз бүкіл мұсылман жамағатын алдап отырмыз деген сөз. Құдай оның бетін ары қылсын. Ал тауық етіне байланысты халал шартын бұзса, бірінші мәрте ескеріледі. Екінші рет қайталанса халал сертификатын қайтарып аламыз.

Ондай жағдай анықталғанда бүкіл асханадағы өнімді алып тастап, асхананы толықтай тазалықтан өткізуге шешім қабылданады. Мұндай жағдайда біз санэпидемиологиялық мекемеге хабарлаймыз. Ескерту жасаған кездерімізде болды. Тек қана тағамдарды қадағаламаймыз, асханалардағы құрал-жабдықтардың барлығы талапқа сай болуы тиіс. Қоқыс салатын құрылғының тағам өнімдеріне жақын қойылуы, құбырдағы судың дұрыс ағуы түгел қадағаланады. Егер асханалардан кері көрініс байқалса, біз оны дереу бейнежазбаға түсіріп, Астанаға жібереміз. Олар бізге ескерту жасаңдар дейді, біз оны жазбаша түрде береміз. 10-15 күннен кейін айналып келіп қайта тексереміз» деп «Халал» туралы толық мағлұмат берген «Жетісу» өңірі бойынша халалға жауапты маман Мұхаммед Ордыбайдың айтуынша, халал шарттарын бұзатындар біздің өңірде де бар екен.

Халалдан тағам берем деп сертификат алып, артынан мұсылман жамағатын алдағандар қатарында Талдықорған қаласындағы «Кишлак» асханасы «халал» сертификатынан айырылған. Басты себеп, асхананың алғашқы қожайыны екінші адамға асхананы өткізіп берген. Ал ол шариғи талаптарды орындамаған. «Халал» тағам бермей, түрлі айла шарғыларға барған.  Бұл асхана бар-жоғы екі ай ғана халал шарттарын орындапты. Әрмен қарай адалдан қызмет жасауға ынта-жігері тартпаса керек. Жалпы Талдықорғанда халал өнімімен айналысатындар бұрындары үшеу ғана болса, қазір қызығушылық көбейгенін жауапты маман Мұхаммед Ордыбай да айтты.

– Жұрттың көбі халалдан жейікші дейтін болды. Мәселен, халал жұмыс істейтін асхана немесе азық-түлік сататын саудагерлер бізге хабарласып «Ұстаз бізге мына тағам өнімі келді, біз оны тамаққа қоссақ немесе саудаласақ бола ма, әлде болмай ма, күдіктеніп тұрмыз не істеуге болады деп, бейнежазбасын жібереді. Біз оны Астанадағы зертханаға жібереміз. Оның таза немесе қоспа өнім екенін зертхана анықтайды. Бізді қуантып отырған нәрсе асхана немесе саудалаушының намазхан болғаны абзал болып тұр. Халал өнімді тұтынушы негізі намаздағы адамдар.

Халалдың атын жамылып саудасын дөңгелететіндер де бар, олармен де күрес жүргізілуде. Өйткені оның сұрауы бар. Тағы бір жағдай Қытайдан, Жапониядан, Кореядан келетін өнімдердің арасында химикаттар болуы мүмкін. Мәселен, «лағман» тағы басқа да тағамдарға қосатын түрлі дәмін келтіретін өнімдер бар. Оны жеген сайын адамның тәбеті ашылады. Бірақ адам аузындағы сілекей бездерін өлтіреді. Міне, өнімдерді тексеріп көргенде адам ағзасына аса қауіпті нәрсе жоқ, арасында химикаттар бар. Құранда  Алла Тағала айтады. Өз қолдарыңмен өздеріңе зиян жасамаңдар деген.

Біз осы адам денсаулығына зиян келтіретін тағамдардан адамдарды аулақ болуға, неғұрлым халал тағамдарды жеуге үндейміз. Басында асхана қожайындары «Мен  жарамсыз деп жарты тауарды шығарып тастауым керек пе»  деп ренжитін. Біз оларға түсіндіреміз. «Сіздің қолданғалы тұрған өніміңізге мына әкелген «майонезді» қоспаңыз, оның  орнына мына «Три желаниені» қосыңыз деп ұсынамыз. Өйткені ол халалдан өткен. Оған келіспесе, халалдан өткен екі-үш өнімді ұсынамыз. Бір қалыпқа түскеннен кейін асхана қожайындары да рахметтерін айтып жатады. Өйткені халал сертификатын алғаннан кейін олар да халыққа адал қызмет жасаулары тиіс. Олардың да, біздің де мақсат Алланың алдында адал қызмет ету. Тіпті, жауапкершілігі көп осы жұмыстан шынын айтқанда өзімде қорқамын. Себебі ертең оның сұрауы болады. Мұсылмандар бізге сенеді.

Бізде Тараз, Шымкент қаласынан шығатын отыздан астам шұжық өнімдері бар. Бұлардың барлығы бізге тасымалдау  арқылы  келеді. Оның халал, харам екенін айыру тағы күмәнді. Алайда біз дамыған технологияның арқасында өндірген өнімнің астында «Штрих код» бар, соған скайнер жасасаңыз автоматты түрде базаға барып түседі. Әлгі өнім халал болса сертификаты, нөмірі барлығы көрініп тұрады. Күмәнданған кез келген өнімді осылай жасауға болады. Ол біздің облыста жоқ. Тек Алматы, Шымкент және Ақмола облыстарында екіден, үштен технолог мамандар бар. Сол технолог маманды біз айына бір рет өзімізге шақырамыз. Олар кез келген тамақтың қоспасын анықтап, мынаны қосуға болады, мынаны болмайды деп айтады. Мысалы, адамға күш қуат беретін «Дизи», «Горилла» сусындарын қолданбауға кеңес береміз.

Ол харам емес, бірақ адамның денсаулығына зиян. Ал адал ас тұрған жерде ондай өнімнің тұрғаны дұрыс емес. Қоюға болмайды деп кесіп айта алмаймыз, абзалы қойылмағаны дұрыс. Келешекте Малайзияның жүйесімен адам баласы күмәнданбайтындай, денсаулығына кері әсерін тигізбейтін тағамдарды пайдаланып, халалға жұмыс жасаса нұр  үстіне нұр  болар еді. Біз көбінесе тағам өнімдерімен айналысатын кәсіпкерлерге мына нәрсені айтамыз «Сіз халалды саудам жүруі үшін деп ойламаңыз.

Сіз осы арқылы бүкіл мұсылман әлеміне, адамзаттың денсаулығына жұмыс жасап отырсыз» деп түсіндіреміз. Сіздің адал асханаңыздан тамақ ішкен адам еш күмәнсіз ауқаттанады. Керісінше, халал тағам ішкеннен кейін  сізге  алғысын  жаудырып, дұғасына арқау етеді дейміз» деп сөзін түйіндеген Жетісу өңірі бойынша  халалға  жауапты маман Мұхаммед Ордыбайдың жалпы мұсылман баласы әр іс-әрекетін халалдан болуын қалап, соған шынайы қызмет жасағаны дұрыс. Себебі, жаратушы бір Алла әр нәрсенің сұрауы бар екенін Құран хадистерінде ескерткен.

Әрі ішіп жүрген ас-ауқатыңыздан бастап, жасап жүрген тіршілігіңіздің бәрінде адалдық болса оның пайдасы зор. Ал зиянды дүниенің ешбір қайыры болмайтынына мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондықтан әлем назары халал өнімдерге ауып отырса мұның пайдасы адамзат баласына тиеді. Сондықтан қандай кәсіп меңгерсеңіз де оның өсіп-өркендеуін халалдан  болуын  қалаған абзал. Әрі тұтынушы өндірген өнімдер сапасы шариғат шарттарына сай болса, яғни сіздің өнімге сұраныс жасайтынын тағы бір мәрте тәптіштеп айтты. Бұл қағиданы саудагерлердің бәрі игеріп болған жоқ.

Басқа өңірлерге бармай-ақ, Жетісу өңіріндегі сауда үйлері мен базарлардағы анти-санитарлық ахуал халалдан  гөрі харамның айқын екенін көрсетіп тұр. Саудадағы түрлі құйтырқылықтарды көріп те жүрміз. Тазалық мәселесі жабайы базарларда ушығып тұр. Әйтседе, әлем назары халал өнімдерге бұрылса, ол біртіндеп Жетісу облысында өркендей бастаса, демек сең қозғалды деген сөз. Түптің түбінде, халалдан тағам жеп, тұтынған дүниеміздің бәрі халал болғанға не жетсін. Алла соның қайырын көрсетуді нәсіп етсін.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ