Ысырапшылдық  – қоғам дерті

0
633

Финляндияда өмір сүретін бір қазақтың «Фейсбук» желісіне жариялаған әңгімесін оқып, қалың ойға шомдым. Ойды ой қуалайды.  Еуропадағы өмір сүру шарты мен Қазақстандағы тұрмысты салыстыруға келмес. Алайда тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде Қазақстан жаһандану үрдісіне ілесеміз деп әдеп-ғұрып, салт-дәстүрден жұрдай болып тоналды.

«Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты» дегендей, Еуропаға еліктейміз деп қазақи дәстүр, ұстанымымыздан айырылып қалдық. Білім, ғылым, технологиялық салада, заң жүйесінде батыстан тәлім-тәрбие алған дұрыс деп асыра сілтеп жібергеніміз де рас. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Мақалаға арқау болып тұрғаны Финляндия халқының ысырапшылдыққа жол бермейтіні жайлы баяндалады. Ысырапшылдыққа жол бермеу дәстүрі қазақта да болған. «Нанды баспа, нан қоқымын шашпа, асты қорлама, әр нәрсенің бағасын біл, судың  да сұрауы бар» деген қазақ бүгінгі қоғамда байырғы тиянақтылық үрдісінен жаңылып, астың да, заттың  да қадірін біліп жүрген жоқ. Тоқсаныншы жылдардың ортасында тоқырау жылдары басталғанда ішер ас, киер киімге жарымай көптеген жанұя кебек жеп, аш құрсақ болғандарын қазір ұмытып кетті. Қазір бәрі бар, тоқшылық заман десек те тойып секіріп жүргендерден  тоңып секіріп жүргендер көп. Финляндияда ысырапшылдыққа жол берілмейді деген фейсбуктегі жазба осы мақаланы жазуға түрткі болды. Онда жұмыс жасағандар еш нәрседен таршылық көрмейтінін, жұмыссыздарға үкімет жәрдем беретінін, әрі фин халқы әр заттың бағасын бағалай білетінін, ысырапшылдыққа жол бермейтінін, қолданған заттарын лақтырып жібермей арнайы тапсырыс орындарына, сауда дүкендеріне өткізіп беретіндері жайлы айтады. Ал Қазақстанда ысырапшылдық  бар ма? Бар, бар болғанда қандай, астың да, заттың да қадірін біліп жатқан қазақ жоқ. Әлеуметтік жағдайы нашарларға үкімет жеті өлшеп, бір  рет кесіп берген жәрдемақылары да күнкөріске жетпейді. Оның үстіне бізде ысырапшылдық дегенің шектен шығып кеткен. Бір ғана азық-түлікті алайық. Қоқыс тастайтын жәшіктердегі тағам қалдықтарын көрсеңіз, көзіңіз шарасынан шығады. Ас атасы нанды бітеудей лақтырғандарды көресің. Обал-сауап дегенді мүлде ұмытқан. Ашаршылық заманында бір шөкім нанға зарыққан елдің ұрпағымыз дейміз. Бірақ астың қадірін біліп жатқан қазақ жоқ.

Бір апамыздың айтқаны бар еді: «Аса тоқшылық болған жақсы емес екен. Қазіргілер асты қорлап төгетін болды, ысырапшылдыққа жол берді. Мұның түбі жақсы болмайды. Біз осы ас үшін қынадай қырылғанбыз, аузың жаман демеңдер,  тойынғандарды сабасына түсіріп тұру үшін аштық-зобалаң болып тұрғаны дұрыс» дегені бар-ды. Тіпті өткен ғасырдың 80 жылына дейін ауылда өстік қой, үлкендер дастархандағы нанның қоқымын шашпай-төкпей жинап алып, «жеп қойыңдар, обал болады» деп жататын. Ал қазіргілер дорба-дорбасымен ас-тағамдарды қоқысқа төгеді. Өткенде көгілдір экраннан көзім шалып қалды, бір кәсіпкер күл-қоқыстардан қатып, көгерген нандарды жинап, қоймаға таудай қылып үйіп, малға жем дайындап жатқанын көрсетті. Апыр-ай, деп көгілдір экранға көз тоқтатып, баяғы апаның «Аса тоқшылық болған жақсы емес» деген сөзі ойыма оралды. Қазір техниканың дамыған заманы, еш нәрсеге таңсық емеспіз. Әрбір отбасы сол нанды көгертпей, қатып қалғанын лақтырмай, духовкаға салып  қытырлақ  нан (сухари) жасап алуға болады ғой. Бұл бір нанға ғана қатысты емес, барлық тағамды ысырап етпей қажетке жаратуға болады. Еуропадағы қазақтың айтуынша, Финляндияда өмір сүру шарттары өте жақсы дейді.

«Кедей адамды кездестіру қиын. Егер ішімдікке салынған немесе есірткіге тәуелді және еңбекке жарамсыз ауру адам болмаса,  еңбек еткен адам ешкімге мұқтаж болмайды. Қандай бір еңбек істеген адамға жеткілікті жалақы төленеді. Кейбір себептермен белгілі уақыт жұмыссыз немесе үйсіз болса, мемлекет жәрдемақы, баспанамен қамтамасыз етеді. Ал қалыпты еңбек ететін адамдар жеткілікті жалақы алады және қандай да бір қаржылық тапшылығы болмайды. Финляндияда осындай молшылық болса да азық-түлік, киім-кешек немесе тұрмыстық заттарға қатысты мүмкіндігінше ысырап жасалмайды. Аса қажет болмаса ешкім артық нәрсе сатып алмайды. Үйіндегі, қолындағы бір заттың қажеттілігі қалмаса тастай салмайды, оны жарияға салып, қажеттілігі бар біріне береді. Болмаса ескі зат алатын дүкендерге немесе ескі зат жинайтын ұйымдарға өткізеді. Қажеттілігі бар адамдар сол жерден алады. Мысалы, балалы отбасы қаражат тапшылығы жоқ болса да ескі киім немесе ескі зат дүкендерінен қажетті киім-кешек немесе заттарын арзанға сатып алады. Бір жылдан кейін киім-кешектері кішірейіп қалса, тағы басқа қажеттілігі бар адамдарға сатады немесе ескі зат дүкендеріне өткізеді. Киюге немесе қолдануға жарамай қалған заттар қайта өңдейтін өндірістерге өткізіледі. Ешкім ешбір затты қажетсіз деп қоқысқа тастап, ысырап жасамайды. Азаматтар ескі зат дүкендерінен ештеңе сатып алмаса да, барып аралап қайтуды ұнатады. Финляндияда ескі зат дүкендеріне бару немесе зат сатып алу ешқандай ұят емес, ешкім айыптамайды. Керісінше, бұл адамдардың қарапайымдылығы мен ысырапшыл еместігін, интеллектуалды азамат екенін көрсетеді. Финляндияда сіздердегідей қымбат әрі үлкен «джип» машиналар көп жоқ, ондай көлік мініп жүруді жатырқанады. Өйткені Отан үшін, адамзат игілігі үшін басқа маңызды істер тұрғанда ондай қымбат көлік мініп, жанармайына көп қаражат жұмсау, ауаны ластау дұрыс емес. Қымбат киім киіну, қымбат көлік міну – мақтанға жатады және жоқшылықтың зардабын тартқан психологиядан туындаған немесе мақтанға бой алдырған комплекстің белгісін, интеллектуалдың төмендігін көрсетеді. Сондықтан бұл жердің адамдары қарапайым, бірақ таза киінеді. Жалпы Президенттен бастап, бәрі де қарапайым өмір сүреді. Финляндия халқы адамдарды киген киімі мен мінген көлігіне қарай бағаламайды. Керісінше, біліміне, интеллектуалдық адамшылығына қарай бағалайды.

Финляндия халқы құқықтың әділдігіне ерекше назар аударады, адам құқықтарын қорғауды басты назарда ұстайды. Құқықтық, әлеуметтік және моральдық қағидаларды бұзбайды. Сонымен қатар білім мен ғылымға ерекше көңіл бөледі», – дейді автор. Ал біздің мемлекетте қалай? Бай – байға, сай – сайға құйып жатқан дәуір. Онысымен қоймай, кедейдің кербезінен сақта демекші, асты қорлағанымызбен қоймай киім-кешекті, үй жабдықтарын да қоқысқа лақтырып тастаймыз. Киілген киімдерді саудалайтын дүкендер бізде де баршылық. Бірақ одан сауда алуды көп қазақ ар санайды. Киілген киімдерді жиыстырып дүкенге өткізу бізде жоқ. Оны айтасыз, бір үйде өскен екі-үш бала қазір бірінің кигенін, екіншісі кимейтін әдет болды. Ал дәулетті адамдар киілген киімдер сататын дүкенге кірмек түгілі, маңайынан жүрмейді, оны олар ұят санайды. Бізде бай-бағландар және жарлы жақыбайлар деп екі топқа бөлінген. Жасыратын несі бар әлеуметтік жағдайлары нашар отбасыларға мешіттен азық-түлік пен елден жиылған киімдер үлестіріледі. Қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Оның өзін айғайлап, аттандап, жарнамалап мұнша отбасыға киім-кешек, тамақ тараттық деп әкімдіктер есепке кіргізіп жібереді. Ол, ол ма? Мешіттен үлестіретін киімдерді алуға барған жандар «Бізге ескінің керегі жоқ, жаңасын беріңдер» деп қиғылық салады екен. Болмаса «Мынау Қытайдың киімі баламның үстін қышытады» деп ренжиді дейді мешіт имамдары. Ал Рамазан айларында тұрмысы төмен отбасыларға мал етін таратамыз. Келіп алыңдар десек, келгендер «Маған арқа еті керек емес, жамбас пен таза еттен бер» деп шамданады. Бас-сирақ, ішек-қарынды алмай кергиді. Тіпті, маған тек қабырға етін беріпсің деп қайтып әкеп тастаған адамдар да болды дейді. Біз оны тізімделген адамдарға теңдей үлестіруіміз керек, әрі оны құрбандық шалғандар сойып, теңдей бөліп, қапқа салып береді. Біздің міндет үлестіру ғана деп реніштерін айтты. Міне, тағам мен киім-кешекке қатысты біздің қоғамдағы керағар көзқарас. Әйтпесе, өзіміз бала кезде бір үйде төрт-бес бала болдық, біріміздің кигенімізді екінші, үшіншіміз киіп өстік. Ата-аналарымыз бардың бағасын біліңдер, жоққа жүйрік жетпейді деп тәрбиеледі. Нанды ысырап етпек түгілі, қоқымын шашпайтын. Осы ысырап дүниеге қатысты балаларға арнап:

«Нан қоқымын шашпаңдар,

Жерде жатса баспаңдар.

Теріп алып қастерлеп,

Торғайларға тастаңдар» деп ақындар өлең де шығарды ғой. Әттең, осы үрдіс үзілді. Ысырапшылдық кең етек жайды. Тазалық дегенді өзімізден бастауды білмедік.

Бір ай бұрын Түркияға бардым. Әуежайынан түсе салысымен біздің мемлекеттен айырмашылығы қандай екен деп жан-жағыма зер салдым. Әр қадам аттасаң, сауда үйлері мен базарлар қаусап тұр. Бірақ тазалық дегенің сұмдық енді. Шашылып, төгіліп жатқан зат көрмейсің. Базар маңындағы ас-ауқат пісіретін орындарға әдейі барып көрдім, тап-тұйнақтай қызығасың. Біздің елде оның бірі жоқ, жабайы базар тұрмақ сауда үйлерінің маңындағы тазалықты айтудың өзі ұят. Ашық-шашық саудаланып жатқан азық-түлік, ысырап болып жатқан жеміс-жидектер мен ас қалдықтарынан аяқ сүрінеді. Базар жұмысы аяқталар-аяқталмастан сыпырғыштарын қолына алып шаңды бұрқыратып, күл-қоқысты жиыстырып жатады. Сол қоқыстың ішінде ысырап болған азық-түлікті көресің. Асханадағы жағдайлар тіпті сорақы. Ондағы  ас қалдықтары сұрыпталып жатқан жоқ. Тау теңіз болып қоқыс жәшігіне жөнелтіліп жатады. Ысырапшылдыққа қарсы Құран аяттарында да айқын жазылған.  «Әй, адам балалары!  Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар. Киіңдер және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді деп жазылған. Бұл «Ағраф» сүресінің 31 аяты. Сондай-ақ қайсы бір адам ысырап жасамаса ешқашан кедейлікке ұшырамайды дейді. Мүмкін біздің қоғамда кедейлердің көп болуы, осы ысырапшылдыққа байланысты шығар. Қанағаты жоқ, мешіттің берген азық-түлігін қомсынып, қайтып әкеп тастағандарды қалай жағдайы нашар деп айтасың. Бұл барып тұрған ашкөздік.

«Ас қадірін ашыққанда білерсің» дегендей, түбі мұның да бір сұрауы болатын шығар. Сөйте тұра нан бағасы көтерілсе ойбай, қымбатшылық келді, азық-түлік қымбаттады деп жар саламыз. Ал оны үнемдеп, ысырап етпеуді мүлде елеп-ескеріп жатқан қазақ жоқ. Астың да, киімнің де қадіріне жетіп жатқанымыз жоқ. Жалпы қазақ менталитетінде одағай істер шаш етектен келеді. Ал адам құқығы жайлы айтудың өзі әбестік. Жазықсыз жәбірленіп, қуғын-сүргін көріп, құқығым тапталды деп Біріккен ұлттар ұйымына дейін шағымданып жүргендер жетерлік. Ысырапшылдық тек қана аста болмайды. Қолданыстағы барлық затта үнем болуы, әр нәрсенің қадір-қасиетін бағалай білу керектігін фин елінің азаматы жазыпты. Мұны атам қазақ ықылым заманнан мызғымас қағида етіп, ұрпақтан-ұрпаққа өнеге етіп қалдырып отырған. Сол байырғы дәстүр ата-баба қағидасы бұзылды. Қазақ ысырапшылдыққа жол берді. Оған кім кінәлі? Әрине, әр отбасы, күллі қазақ қауымы кінәлі.

Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды.

 


ПІКІР ЖАЗУ