Жол апаты көбейді

0
366

Жоғары жылдамдықпен жүруді әдетке айналдырған жауапсыз жүргізушілердің кесірінен  елімізде қара жол бойындағы қасіретті жағдайлар азаймай тұр.  Көлік апатының жиілеуінен қанша жас қыршыннан қиылып, әке баладан, ана жарынан айырылуда. Статистикалық деректерге қарасаңыз, тіптен адам шошиды. Азаттық рухы сайты берген мәлімет бойынша биыл елімізде қаңтар-шілде айларында 7,9 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 9,5%-ға көп. Ал Жетісу облысында жыл басынан бері 400-ден астам жол апатынан 111 адам көз жұмып, 700-ге жуығы түрлі дене жарақатын алған. Осындай жантүршігерлік оқиғалар жайлы екі күннің бірінде еститін болдық.  Тіптен құлағымыз үйренісіп, мән бермейтін дәрежеге жеттік.

ІІМ-нің статистикалық мәліметіне сүйенсек, көлік жүргізу өтілі 1 жылдан төмен жүргізушілерге жол-көлік оқиғаларының тек 1,8 пайызы тиесілі екен. Яғни, жол апатына көбіне тәжірибелі жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс арттырып, тыйым салынған аймақтарда алдында келетін  көлікті басып озуға тырысамын деп ұшырап жатады. Биыл осындай қауіптің  алдын алуда  Талдықорған қаласында «Сергек» камералары орнатылды. Дей тұрғанмен де   жол апаты әлі  азайған  жоқ. 

Бағдаршамның қызыл түсі жанғанда тоқтаудың орнына барынша жылдамдық қосып, үлгеремін деп өтіп кететіндерге не дейміз? Талдықорған қаласындағы осындай оқиға жайлы шілде айында «stan.kz» әлеуметтік порталы жазған болатын. Жансүгіров пен Рустембеков көшелерінің қиылысында орын алған жол апатында «Priora мен Toyota» көліктері соқтығысып, екі адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. Қала ішінде жылдамдықты арттырып, қауіпті  тәуекелдерге саналы түрде бару арқылы жүргізушілер өздерінің ғана емес, өзгелердің де өміріне үлкен қатер төндіреді. Талай жанның тағдырын жалмаған өзекті мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  өзі үн қатып, өрескел заң бұзушыларды қатаң жазалауды тапсырған болатын. Жоғарыда айтып өткен статистикалық мәліметтерге сүйенсек,  жүргізушілердің көпшілігі бұл заңды  құлаққа  да  ілмейді.   Неге?

А. МОЛДАЛІМ.


ПІКІР ЖАЗУ