Ел қатарлы өмір сүргіміз келеді немесе ұмыт қалған Ақтөбе ауылы

0
563

АҚТӨБЕ  ауылы –  1997 жылдан  бері  Ақсу ауданына қосылған. Шағын ғана ауыл оңтайландыру  жылдарында жабылып қалған Қапал  ауданының ең шеткі нүктесі саналатын  Қытаймен шектесетін аумақта жатыр.  Елді мекен тұрғындары егер  ауылдың шамы сөнсе, шекараның бұл шебі бос қалады деген қауіпте.

АУДАН   орталығынан  шалғай  жатқан  Ақтөбе  ауылының ұмыт қалған елді мекеннің қатарына  кіріккелі  біраз жылдың жүзі болған. Тозығы жетіп, жойылуға  шақ  тұрған  ауылдың жайы осы жылдарға дейін  жабулы қазан күйінде қалып келген.  Енді,  міне, араға  елу жыл салып   кетеуі кеткен елді мекеннің тынысы туралы  сол ауылдың тумасы   Жұмағали Тұрсынұлы  жар салып,  жұрттың  жанайқайын жеткізіп отыр. Ақтөбелік  тұрғындар  үніне құлақ түрілсе,  әрі туған жеріне деген  азаматтық парызын  орындау жолында   ағамыз  атқа қонған.

Шамы сөнгелі тұрған  шалғай ауылдың жайын жоғарыға жеткізуде БАҚ беттеріне мақала жазылып, теледидардан көрсетілсе деген оймен Жұмағали ақсақал  республикалық, облыстық басылымдардың тілшілеріне хабарласқан. Осылайша   жылдарға ұласып, шешімін таппаған  түйткілді мәселелер  журналистер жазған  мақаламен тарқатылып, содан кейін  ғана ауылдағы  электр желісі мен тозығы жетіп, құлағалы тұрған ағаш бағандардың, ауыз судың  шаруасы шешімін тауыпты. Бұл тұрғыда  Жұмағали  ағамыз: «Журналистердің тілімен қоғамды емдеуге де, өлтіруге де  болатынын»  айтып, ендігіде ауылдағы жол мен көпір мәселесін  реттеудегі  істі  Жетісу облысының  әкіміне құлағдар етсек  дейді…

СУЫҚСАЙ  ауылдық  дәрігерлік  амбулаториясының жедел жәрдем көлігіне отырған  біз  Ақтөбе ауылына арлы берлі теңселе, шоқалақтап  әзер жеттік.  Расында да жолдың машақатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Елді мекенге  жету үшін жол талғамайтын көлік қажеттігіне көз жеткіздік.

Шағын ғана елді мекенде жиырма шақты  үй  бар. Мұндағы  тұрғындардың  негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Ал, табиғатымен көз тартар ауылға көрік беріп тұрған жалғыз үй  –  бес  бала оқитын  шағын   мектеп. Біз барған күні ақтөбеліктерді медициналық тексеруден өткізу үшін   ауданнан  арнайы  дәрігерлер  де  келіп, аядай болған білім ошағында  қабылдау жүргізді.

Шырайы  қашқан  ауылда  әупірімдеп  өмір сүріп жатқан жандардың сөзінше осы күнге дейін ұмыт қалған ауылдың жырын  жырлаған Жұмағали ақсақалдың  арқасында  біраз мәселенің түйіні тарқатылғанымен,  шешімін таппай келетін шаруа да шаш етектен көрінеді.

 Раиса ӘБСЕМЕТОВА, ауыл тұрғыны:  – Ақтөбе ауылында тұрып жатқаныма 52 жыл болды. Өзім Кегеннің қызымын. Он жеті жасымда  келін болып түстім, содан  бері қарай   осындамын.  Тоқырау жылы басталғанша ауыл  дүркіреп  тұрды. Қазіргі сиқына қарап көңілім  құлазиды. Жастайымнан келіп, өсіп-өнген жерім ғой.Өзім бес баланың анасымын. Қазір қолымда бір ұлым  бар. Төртеуі  қалада тұрады. Олар  қалаға келсеңші деп шақырады, бірақ  барғым келмейді. Себебі бұл жерде атам, енем, күйеуім жатыр. Оларды  тастап, қайда барамын. Осы уақытқа дейін ауылымыз елеусіз қалып еді. Былтырдан  бері  Жұмағали Тұрсынұлы араласқалы  біраз шаруаның басы  шешіліп келеді. Әйтпесе басқа бір  әлемде өмір сүріп жатқандай едік.  Ұзындығы 26 шақырым болатын желінің сымы жиі-жиі үзіліп,  атам заманда қойылған ағаш бағандар шіріп, құлаудың аз-ақ алдында тұрған болатын.  Біз  жарық қай күні сөнеді деп емес, басымызға баған құлап, үзілген сымнан тоқ ұра ма деп қауіптенетінбіз. Ендігіде  бұл мәселе шешімін тапты. Сонымен қатар ауызсу мәселесі де жолға қойылды.

Бізді мазалаған негізгі проблема жол мен көпірдің жайы. Бұған дейін де айтқандай,  қысы-жазы жол қатынасы өте қиын. Сондай-ақ  кеңестік кезеңде салынған ағаш көпірдің жайына да алаңдаумен келеміз. Өткелдің бөренелері шіри бастағалы қашан. Бірде-бір рет жөнделмеді. Жүруге жарамсыз болып бара жатқанда  ауыл тұрғындары өз күштерімен жөндеген  болады.  Ауыр салмақ түссе опырылып кеткелі тұр. Сондықтан бәрі қорқады. Камаздар ауылға өте алмай, көмірді жақын маңдағы жотаға төгіп кетеді. Сосын оны қаппен ауылға тасимыз. Көрген күніміз осы. Негізінде  мамандар бұл көпірді мүлдем сүріп тастап, жаңадан темірбетон материалдармен қайта салу керегін айтыпты.  Бірақ оған көңіл бөлінбей келеді ғой.  Бар  тілегіміз сол  –  жолымызды, көпірімізді жөндеп берсе екен. Біздің де ел қатарлы өмір сүргіміз келеді.

АУЫЛДЫҢ қай тұрғынын сөзге тартсақ  та жол мен көпірдің мәселесі шешімін тапса екен дейді.

Осы елді мекеннің тынысы мен тіршілігінен хабардар  жандардың бірі  «Ақсу өңірі» газетінің тілшісі Ербол СЫМАХАНОВ  та жанашыр азамат  Жұмағали Тұрсынұлының қузауымен  ұмыт қалған Ақтөбе ауылында кейінгі кездері біраз шаруаның басы қайырылғанын айтады.

«Бұған дейін  жергілікті тұрғындардың бас ауруына айналған тозығы жеткен электр желілері,  бағандардың  құлағалы тұрғандығы, ауызсу мәселесіне қатысты шаруалар бүгінде  ретке келтірілді.  Бұл деген үлкен жұмыс қой. Қазір сең қозғалды. Шешімі жоқ дүние болмайды емес пе?! Енді жол мен көпірдің мәселесі жолға қойылса… өздеріңіз  сықырлап тұрған көпір үстінен  қойлардың   өтпей қашып жатқанын  көзбен көрдіңіздер. Егер бір қой суға құлайтын болса, басқалары артынан секіріп кетеді.

 Адам  ғана емес, мал қорыққан көпірдің мәселесі алдағы уақытта  шешімін табар  деп сенемін. Аудан әкімі  аппаратының  жиынында  Ақтөбе  ауылындағы көпір туралы сөз етіліп, жасалатыны туралы айтылды.  Ендеше, ақтөбеліктердің  бұл қуанышқа да жетіп, сүйіншілейтін  сәті  туады деп ойлаймын», – дейді әріптесіміз.   

Көктемнен бері туған жері Ақтөбе ауылының  түйткілді мәселелерінің  түйіні тарқатылса  екен деумен екі ортада  жүрген   Жұмағали ақсақал ойын былайша топшылады.

«Қанша жылдан бері түсімде ауылымды көретін болдым.  Кейде өскен жерімдегі  қай тастың қайда жатқанын  көзіммен елестетемін. Мұндағы әр жота – мен үшін ыстық. Себебі бұл ауылда  менің де табанымның  ізі  қалған. Тіпті  кейінгі кездері жол мен көпірдің шаруасын  өзімше  жобалап жатып оянатын болдым.  Елу жылдан кейін  ауылға  келу  себебінің бір ұшы осы десем, сенбейтін шығарсыздар бәлкім.

Биылғы  жылдың  мамыр айында келіп,  туған  жердің  қойнауында жатқан жақындарымның аруағына құран бағыштап, ас бердім.  Осындағы  біраз азамат ақшалай қаржы жиыстырып, ауылдағы бейіт маңын қоршадық. 

 Азаматтың үш құбыласы болады екен. Оның  бірі – Меккедегі Қағба, екіншісі – өзінің жүрегі, ал үшіншісі – туған жері».  Шынында да осы үш құбыла адамның қасиетті бағыты екені анық.  Мекке – Пайғамбарымыз Мұхаммед мәңгі орын тепкен орны болса, жүрек деген әркімнің тіршілігіне бағыт берер қайнар күш.Сол сияқты «Туған жер – алтын бесік», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген халқымыздың туған жерге арналған әр даналық сөзі кім-кімді болса да тебірентері сөзсіз ғой.

АҚТӨБЕ ауылы өмірімнің бастау бұлағы болған, мәңгілік құбылам, қасиетті атамекенім. Осы бір қасиетті мекенімнің сиқын   көріп, жаным ауырды.  Содан  қоғамның  барометрі болған  БАҚ  өкілдеріне жүгініп,  Ақсу ауданына қарайтын  Ақтөбе деген ауыл бар екендігін, ескерусіз қалған елді мекеннің жайын жоғарыға жеткізсеңіздер деген ойымды айттым. Біраз басылым, телеарналардың журналистері келіп, ауылдың бет-бейнесін көздерімен көріп, мақала жазып, теледидардан да көрсетілді.  Ендігі  ойым   газет  бетіне  шыққан   мақалаларды алып,  Жетісу облысы әкіміне кіріп,  мән-жайды айтқым келеді.

«Халықтың көзі, құлағы Һәм тілі» болған  баспасөз өкілдеріне   айтар алғысым шексіз. Осы кісілердің арқасында елеусіз қалған шағын ауылдың шамы қайта жанды.  Алдыңғы жолы айтқанымдай, бұл ауылға осыған дейін бірде-бір әкім аяғын баспаған. Ұмыт қалған ауыл ғой. Басылымда шыққан  мақалаларға құлақ түргендіктен болар  Ақсу ауданының әкімдігі  Ақтөбе ауылындағы түйіні тарқатылмай келген біраз мәселенің шешімін табуына қолғабыс етті.  Аудан әкімдігі  суды жөндеуге 5 миллион теңге бөлді.  Бұдан өзге де атқарылған іс баршылық. Ендігі ақтөбеліктердің  жанына батып тұрған  мәселе – жол мен көпірдің жыры. Осы проблема шешілсе,  ауыл іші көркейіп, жанданар еді.  Бұл тұста Ақсу ауданының әкімдігімен қазіргі таңда  бірге жұмыс жүргізудеміз.  Олар мені, мен оларды түсінуге тырысып жатырмыз. Бірақ, бұл мәселені шешуге  аудан  бюджетінде   қаражат  жоқ  екенін айтады.  Егер  расымен де жоқ болса, онда бұған   облыс әкімінің көмегі тиер деген үміттемін. Неге десеңіз, 1969 жылдан бері жөндеу көрмеген көпір құлайтын  болса, онсызда  тозып, жойылуға шақ қалған ауылдың сыртқы әлемнен мүлдем қол үзіп қалу қаупі бар. Төтенше жағдайға тап болмайық  десек,  істі жылдамдату керек-ақ.  Дәл қазіргі таңда қатты  алаңдаулымын.  Осы ауылда  туып, топырағынан жаралған соң мұны айту менің азаматтық парызым деп білемін», – деп ағынан жарылған Жұмағали Тұрсынұлы ауыл тұрғындарының жанайқайы ЖЕТІСУ  ОБЛЫСЫ  ӘКІМІНІҢ   қаперіне іліксе екен дейді.

Сарби ӘЙТЕНОВА

ТАЛДЫҚОРҒАН – СУЫҚСАЙ – АҚТӨБЕ


ПІКІР ЖАЗУ