Әрбір алтыншы еркек өзгенің баласын асырауда

0
474

Тал бесіктен басталатын тәлім-тәрбие әдірем қалды. Үлкеннен имену, кішіге жол көрсету, қыз баланың тәрбиесі, ер адамның отбасындағы жауапкершілігі,  айта берсең әдеп-ғұрып, салт-дәстүрмен сабақтасып ұлттық идеология жойылды. Еуропадан үлгі аламыз деп етегіміз ашылды, жағамыз жыртылды. Қарттардың қадірі қашты, ананы ардақ тұтпайтын болдық. Келін мен ене арасындағы байланыс бағзы заманнан келе жатқан  үрдісінен жаңылды. Бала тәрбиесі батыстық үлгіге көшті. Болашақты болжап жеткен би-шешендердің айтқаны айна қатесіз келіп жатыр. Біз шынымен ақырзаманның шегіне жетіп қалдық па?  Мөңке би бабамыз айтқан мына тергеуінді нақыл сөзіне көз сүзіңізші…

Ақырзаман заманның кезінде –

Көлдің суы бітіп, табаны қалар,

Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар,

Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,

Əулиенің əруағы кетіп, мазары қалар,

Адамның жақсысы кетіп жаманы қалар,

Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,

Сөйтіп, ақылы жоқ санасыздың

заманы болар.

Кер заманның кезінде –

Құрамалы қорғанды үйің болады,

Айнымалы, төкпелі биің болады,

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ

Ай сайын бас қосқан жиын болады.

Ішінен ішек айналмайтын,

Ежірей-деген ұлың болады,

Ақыл айтсаң ауырып қалатын

Бедірей деген қызың болады.

Алдыңнан кес-кестеп өтетін,

Кекірей деген келінің болады,  – деп, термелей айтқан өсиеті – дәл бүгінгі қоғамға сай келіп тұрған жоқ па? Көк сандықтың бетінде шешесі қызымен, келіні енесімен, баласы әкесімен алысып, қағынан жерігендер туралы түсірілім жиі көрсетілетін болды. Халыққа тәлім-тәрбиесі жоқ бұл бейнетаспалар телевизияның рейтингісін жоғарылатып тұр екен. Енді қазаққа жетпегені ДНҚ сараптамасын тапсырып, өз баласы ма, жоқ өзгенің баласы ма екенін анықтау қалыпты.

Сұмдық, жағаңды ұстап шошисың. Отбасының құндылығын бағалай алмағандар ажырасқандарымен қоймай,  екі-үш еркектен бала тауып, оны бір еркекке теліп, алимент төлемей жүр деп сотқа шағымданып, одан қалса «Астарлы ақиқат», «Көреміз» телебағдарламаларында шұбырып жүр. «Бұл менің балам емес деген ежірейген еркек пен керілдескен келін ДНҚ тапсырып балаларының  биологиялық әкесінің кім екенін анықтап жаһаннамға жар салуда.

Сарапшылардың  дабыл қағып жатқан ақпаратына зер салсаңыз, Қазақстанда әрбір алтыншы әке өзгенің баласын тәрбиелеп отыр – дейді.  Тіпті, ДНҚ тестінің көмегіне жүгінетін ер азаматтардың саны артыпты. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген нақыл енді әйелдерге қарай ойысты. Әрбір алтыншы еркек өзгенің баласын асырап отырса, әйелдерге деген күмән қайтып сейіледі. Барлық әйелдерді жазғырудан аулақпыз. Еркек әйелінің көзіне шөп салыпты дегенді естуші едік. Енді әйелі өзге еркектен бала көтеріп, масқара болуда. Көгілдір экрандағы бағдарламаны көрсеңіз, «Күмәніңіз болса ДНҚ тапсыруға болады» деген жарнама айғайлап тұр.

Сарапшылардың пікірінше, әкелікті анықтау үшін жасалатын ДНҚ сынағы қазір танымал болғаны сонша, елдегі жетекші сынақтардың біріне айналғанын, Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап ғаламторға жариялады. Бұл не деген санасыздық. Отбасыларын ойраңдап, күлге аунап, жұмыртқа тапқан тауықтай еркектің сағын сындырғандар биологиялық әкесі анықталмаған балалардың да психологиясына соққы жасады-ау. Қазір әрбір қалада генетикалық қатынасты орнатуға болатын орталықтар бар екен. Және олардың жұмыс істеп келе жатқанына 15 жылдан асқандарын сарапшылар айтуда.

Сарапшылардың  деректері  бойынша, «2020-2021 жылдарға 100% іріктеуден 78% «Иә, әке болу расталды» деген нәтиже шықса,  22% әкелікті анықтау дерегі теріс болғанын көрсеткен. Бұл әрбір алтыншы әкенің өзгенің баласын тәрбиелеп отырғанын көрсетеді», – дейді зертхана маманы Ұлдана Көккөзова.

ДНҚ орталықтарына  негізінен 30 бен 70 жас аралығындағы ер адамдар жүгінеді екен. Психотерапевт Виктория Вангтың айтуынша, ер адам әлеуметтік желідегі әке болуды анықтауға арналған тестілеуге арналған жарнамаларды көріп қалып, санасында ой туындауы мүмкін.

«Бірінші себеп – мазасыз адам. Ол патологиялық қызғаншақ адам және бұл ойлар оның миында үнемі болады. Бәлкім, ол бір кездері сатқындыққа ұшыраған шығар, енді әр қарым-қатынастан қандай да бір қулық іздейтін болады. Екінші себебі – дау кезінде әйелі байқаусызда «бұл сенің балаң емес!» деп айтып қалуы ықтимал. Бұл ой күйеуінің санасында қалып қояды. Үшінші себеп – туыстарының, әріптестерінің немесе достарының тарапынан айтылатын «Бала саған онша ұқсамайтын секілді» деген секілді орынсыз пікірлер», –  дейді психотерапевт Виктория Ванг.

Қалай болғанда да 30 жастағы еркектердің ДНҚ тестіне жүгінуін түсіністікпен қарауға болар. Ал енді 70 жастағы еркектердің бұл ерсі қылығын қалай пайымдауға болады. Онсызда бүгінгі қоғамда тастанды бала көбейіп, туа салып әжетханаға, күл-қоқысқа лақтырып кеткен көкек аналар мен сол баланың өмірге келуіне дәнекер болған ессіз еркектердің ерсі қылықтары аз болғандай, енді ДНҚ тестін өткізіп балаларының биологиялық әкелерін анықтап жүргендердің арасында ата сақалы аузына түскендердің жүруі азғандық емей немене?

Бұл ұлттық менталитетімізге, ар-намысымызға сын. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей аузынан тісі түсіп, ұртын тілімен бастырып жүргендер әйелдерінен күдіктеніп, баласының биологиялық әкесінің кім екенін анықтау үшін  ДНҚ сараптамасына жүгініп жүргенінің өзі өліммен тең. Жетімдер үйінен бала асырап алып, бауырына басып  жүргендерден айналып толғанып жүрсек, кейбір еркектер өз балаларынан жерініп, алимент төлеуден жалтарып, ДНҚ тест тапсырып, биологиялық әкесі өзі болып шыққанда енді алимент төлеймін деп экранда мүләйімсіп тұрғанын көресің.

Кердеңдеген келіндер мен ербеңдеген ерлердің бұл өнегесінен бүгінгі қоғамдағы жас өрендер қандай тәрбие алады. Ашық-шашық кіндіктерін жарқыратып жүрген де қазақ. Ата дәстүрін аяққа таптап, Еуропаға еліктеп жүрген де қазақ. Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Түрікменстанды, Тәжікстанды, Өзбекстанды алып қараңызшы, ұлттық құндылықтарын бетке ұстап, жасы да, жасамысы да салт-дәстүрін берік ұстанады. Иә, олардың да арасында жеңіл жүрістілер бар. Бірақ олар ол әдепсіздіктерін өз елдерінде жасап отырған жоқ. Қазақстан мен Қырғызстан Ресей мемлекеттерінде жасап жүр.

Біраз жыл бұрын қазақ қоғамы жақсы бастама көтеріп, жетімдер үйін жойып, сондағы балаларды асырап алып үндеу жасаған-ды. Ол жоспар жүзеге асып «патронат» отбасылары  көбейіп, бала асырап алушылар саны артты. Алайда бұл бағдарламадан да шикілік шығып, бала асырап алушылардың арасынан балаға оң көзқараспен қарамай, кейбір балалар қайтадан жетімдер үйіне оралды. Біздің айтпағымыз мүлде басқа әңгіме. ДНҚ тест тапсырып, биологиялық әкесі анықталмаған жағдай жиіліген сайын тірі жетімдердің санын арттырып алмаймыз ба?

Тіпті,  жаһаннамды шулатып, қайта қосылған ерлі-зайыптылар арасында бөтен балаға әке болып жүргендер «баланың қандай кінәсі бар» деп жауапкершілікті сезініп, сол балаларға өгейлігін көрсетпей, қатарынан қалдырмай асырап, білімін беріп, қанаттандырып жіберсе құба-құп. Ал шешелерің кімнен тапса сол асырасын деп сыртқа теуіп, суық қабақ танытса, не зорлық-зомбылық көрсетсе баланың обалына кім жауапты?

Оған басты себеп, сарапшылар айтып отырған баланың биологиялық әкесін анықтауды сұраған арыздардың «жаңбырдан кейін қаулаған саңырау құлақтай» көбейіп кетуі көңілді алаңдатып тұр. Мұның себебінің бір төркіні ойнақтап жүріп махаббаттан опа таппай, бопа тауып алғандар болса, екінші себебі бір-бірімізді толық танып, мінез-құлқымыз сай келгенше азаматтық некеде тұрайық деп екіге жарылғандардың кесірінен алимент өндіре алмай, сотқа жүгініп, «ал баланың әкесі мен емеспін» деп ДНҚ сараптамаға жүгініп жүргендер.

Бейресми мәліметтерге сүйенсек, құжатта көрсетілген әкесінен туылмаған балалар саны 30 пайыздан асатынын  айтуда. Сондай-ақ заң органдары бүгінде әкелікті анықтауға арыз берушілер санының артып отырғанын жасырмайды. Бір ғажабы, экспертиза қызметіне жүгінгендер оның қымбаттығына да қарап жатпайтын көрінеді. Ал оның арыздануы әкеге де және балаларға да психологиялық соққы болып тиетінін білсе де тартынып тұрмағанын сарапшылар айтуда. Әкелікті анықтау ерікті түрде болса да кейде сот органдарының араласуымен жүзеге асады.

Бұл туралы ҚР «Неке және отбасы туралы» заңында егжей-тегжейлі жазылған. Атап айтқанда, ол заңды некеге тұрмағандардың арасында дау туындаған жағдайда сот процесі тек әйелдің арызы бойынша қаралатыны жазылған. Азаматтық процессуалдық кодекстің 91-бабының 8-тармағы бойынша екі жақтың бірі тексеруден жалтарса немесе анықтауға қажетті материалдарды өткізуден бас тартса, онда сот кімнің  кінәлі, кімнің  кінәсіз екеніне қарамастан әкелікті тануға шешім шығара алады.

Соттың экспертиза тағайындауын орындамағандар сотты құрметтемегені үшін айыппұл төлейді.  Тексеруден өту үшін үштіктің құрамы толық болуы керек, яғни әкесі, анасы және баласы үшеуі бірдей зертханаға сараптама тапсырады. Оны медициналық тілмен «атрио» деп атайды. Онда әке мен бала қанының құрамы 99,75 пайызға ұқсас болуы және әкелік PI индексі 400-ден кем болмауы қажет. Нәтиженің нақтылығы жоғары. Әкелікті анықтау үшін ДНҚ тестін үйде отырып та анықтауға болады екен. Бірақ ол заңды тұрғыда дәлелдеуге жатпайды. Заңды құжаттар түрлі құқықтық жағдайлар үшін аса қажет.

Елімізде заң шығарушы орган еркектерге ДНҚ анализін тапсыру үшін анасынан рұқсат алуға тыйым салынбаған. Ал Германияда баладан анасының рұқсатынсыз немесе соттың шешімінсіз анализ алған адамға 5 мың еуро айыппұл салынады. Зертхананың талабы бойынша баладан биоматериалдар алынады, яғни, сілекейі мен бірнеше тал шашы қажет болады. Зертханалар берген заңды қорытындылар отбасылық құқықты қорғау, алимент төлеуді шешу, баланы өз қарауында қалдыру және көші-қон мәселесін шешу үшін ауадай қажет. Әкелікті анықтау 20 күнге созылады.

«Жүре берсең көре бересің» дегендей, жаһанданудың  жұтқыншағында жұтылып  жатқан тек қана жастар емес. Екі дәуірді қатар көрген егделер де отбасы бала-шағасынан безіп, ДНҚ анализ тапсырып, баласының биологиялық әкесінің кім екенін анықтауға арызданып жүргендері ұлттық болмысымызға, жеті атаға толмай қыз алыспайды деген қазақи қадір-қасиетімізге кері қағылған сын. Оның сыртында қазақи тәрбие, тағылымда жетімді жылатпаған, жесірді қаңғытпаған елдігіміз бордай езіліп барады. Мұның барлығының түп төркіні ұлттық идеологияның өзегіне түскен құрт, қазақтың теңдігінің тамырын ірітіп-шірітіп барады. Майқы би айтқан кер заман бәлкім осы шығар.

Заман ақыр болар

Жер тақыр болар,

Халқы пақыр болар.

Балалар жетім болар,

Əйелдер жесір болар,

«Ə» десе «мə» дейтін кесір болар.

Бас қосылған жерлерде,

Əйел жағы ден болар,

Жаман-жақсы айтса да,

Өзінікі жөн болар.

Орай салып бастарын

Жалпылдатып шаштарын,

Тақымдары жалтылдап,

Емшектері салпылдап,

Ұят жағы кем болар,

Сөйткен заман кез болса,

Түзелуі қиын болар.

А. БҰЛҒАҚОВ

Суреттер ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ