Бөліп ал да, билей бер

0
1765

Тарихи  тағылымдарға  қарап  отырсаңыз, «Тар жол  тайғақ   кешуден»  өткен  небір кезеңдер көз алдыңызға келеді.  адам  тағдырынан бөлек, Кеңес одағының  билеп  төстеуімен  республикалық және  облысаралық  жер  қатынастарына жасалған түрлі реформалар, бұрынғы он бес одақтың  басын  құраған СССР-дің  «бөліп ал  да,  билей бер» деген саясатының салқыны күні бүгінге дейін толастаған емес. Оның жарқын айғағы Украин жеріне баса көктеп кірген Ресей империясы Қырымды, Донбассты, Херсонды, Запарожье жерлерін аникциялап алуы өктемдіктің асқан шегі екенін әлім елдері біліп отыр. Кеңестік дәуірде де қазақ жерінің біраз бөлігін Өзбекстанға теліп, жер дауынан  Құрышевпен қызыл кеңірдек болған Жұмабай Тәшеновтің айқасы тарихта дараланып қалды. Бұл одақ көлеміндегі алыс-беріс десекте, оның залалы күні бүгінге дейін сүт бетінде қалқыған қаймақтай қатпарланып тұр. Бұдан бөлек, кеңестік жүйеде бір ашылып, бір жабылған облыстардың да тағдыр-тәлейі тәлкекке түсті. Мәселен, Торғай, Жезқазған, Көкшетау, Семей, Талдықорған облыстарының тәуелсіздік алғанға дейін  бір ашылып, бір жабылғаны ақиқат. Торғай облысы жабылғанда халық ақыны Қонысбай Әбілов:

«Құдайым алам десе қоймайды екен,

Жығалған күреске шын

тоймайды екен.

Үкіметтің  басына  кім келседе,

Торғайды ашып-жауып

ойнайды екен»,

– деген ащы мұң-зары айтыс сахнасынан жаһанға жаңғырық болып жаңғырған-ды. Торғай – Қостанайдың, Жезқазған – Қарағандының, Семей – Шығыс Қазақстанның, Талдықорған – Алматы облысының құрамына қайта қосылғанда дағдарыс кезеңінде сусыз, жылусыз, жарықсыз қалып, азып-тозған халықтың сол кездегі күнкөрісі өте аянышты еді. Тек қалың бұқара ғана азып тозған жоқ, бір ашылып, бір жабылған өңірлердің экономикалық дамуы тежелді. Шекаралық аймақтар бақылаусыз қалды.

Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай, Алматы облысының Нарынқол аудандарындағы ахуал шиеленісті. Себеп, шекаралық аймақтар басты бақылауда тұруы ұмыт қалды. Ел-жұрт ұлардай шулап жүріп, Алматы облысының орталығын Талдықорғанға көшірілсін деп тілек-талаптарын экс президент Нұрсұлтан  Назарбаевқа  халық депутаттары арқылы және өздері дүркін-дүркін шағымдарын жазып жүріп, Талдықорған өңірін азып-тозудан аман алып қалды. Алайда алыс  аймақтардағы  ел-жұрттың  бір  жапырақ   қағаз  үшін  немесе облыс орталығында  жиі  өтетін  жиындар сабылысы саябырсымады.

Оған  ойқы-шойқы бомба түскендей жарылған күре жолдардың да кесірі аз болмады. Алматы мен Талдықорғанға қатынайтын күре жол бес жыл салынып, қажетке жарағанымен Талдықорған арқылы Алакөл, Шығыс Қазақстанға қатынайтын күре жол әлі бір қалыпқа келген жоқ.

Бірді айтып, бірге кеткендей болмайық. Талдықорғаннан бөлек, Семей  мен Жезқазған, Торғай  өңірлері отыз  жыл бойы  жаңа өркениеттер қалашығына айнала алмады. Міне, енді  «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» құрамыз. Шынайылыққа   жол ашылады   деген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының жарлығымен Жезқазған, Семей, Талдықорған,  Ұлытау,   Абай,  Жетісу облыстары  болып  қайта  жасақталды.

Шекаралық аймақтары негізделіп, еншілерін алып қайта  жаңа  отау  болып  құрылған  облыстар арасында бұрынғы Талдықорған облысының тарихына  көз жүгіртсеңіз, бір ашылып, бір жабылған облыстың аумалы-төкпелі замандарды бастан кешкенін көресіз. 1944 жылы 16 наурызда Талдықорған облысы (Көкшетау облысымен бірге) Алматы облысының солтүстік бөлігінен Қазақ  КСР-нің  құрамында  құрылған деген тарихи датаны оқисыз. Оған  Ақсу, Алакөл,  Қабанбай (Андреевка), Бөрілтөбе, 28 гвардияшы-панфиловшылар,  Қапал, Қаратал, Октябрьск, Панфилов, Сарқан  аудандары  кіріпті. 1956 жылы 27 желтоқсанда Октябрьск ауданы Панфилов ауданына қосылды.

Араға үш жыл салып 1959 жылы 6 маусымда жойылып, қайтадан Алматы облысының құрамына енгізіледі. Көкпарға түскен  серкедей  тартысқа   түсіп, 1967 жылы 23 желтоқсанда Алматы облысының солтүстік бөлігінен қайтадан облыс болып құрылады. Облысқа сол аумақ кірді, бірақ әкімшілік бөлінісі өзгеше болды. Ақсу, Алакөл, Андреевка, Гвардия, Қаратал, Панфилов, Сарқан, Талдықорған аудандары болып қайта жасақталады. Ол кезеңдерде қазіргідей кәсіпкерлік, сауда-саттық  дамымай, бір қазаннан  ас  ішкен  заманда  барлық жұмыс 5 жылдық жоспарға жүйеленіп, колхоз, совхоз болып ұжымдасқан дәуірде Талдықорған облысында аграрлық сала болғандықтан негізгі тіршілік көзі дәнді-дақылдар егу және мал шаруашылығына басымдық берілген.

Өндіріс орындарынан «Қайнар» және  сүт   өнімдері  мен терім-бетон, жеміс-жидек шырынын өндіретін,  мал соятын  кәсіпорындар  ғана болған. Миллионер колхоз, совхоздар ауыспалы қызыл ту үшін жан аласып, жан берісетін. Сол кезеңдегі мәліметтерге  назар салсаңыз,  КСРО  Жоғарғы Кеңес Президиумының 1973 жылғы 5 наурыздағы жарлығымен Талдықорған облысы Ленин орденімен марапатталды.

1973 жылы Кербұлақ ауданы құрылды, оның орталығы Сарыөзек ауылы болды. 1988 жылдың  9  шілдесіндегі  Қазақ КСР  Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен  Гвардия ауданы өзінің аумағы Кербұлақ ауданына берілуімен жойылды. Біріккен аудан Гвардия деп аталды. Бірақ бір жылдан кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылғы 13 қазандағы № 4777 жарлығымен орталығы Сарыөзек ауылында Кербұлақ ауданы жеке отау болып қайта құрылды.

Міне, зер салып мұқият қарасаңыз тек қана облыстар ғана ашылып, жабылып отырмаған, сол өңірлерге тиесілі аудандар да бір-біріне қосылып немесе қайта ашылып отырған. 1968 жылы облыстық «Октябрь туы» газеті құрылып, оның алғашқы редекторы Баянжан Мәдиев болыпты.  Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін экономикалық көрсеткіші жоғарылап, республикадағы өзге облыстармен иық тірестіріп өсіп-өркендеген Талдықорған облысы 1991   жылдың   16   желтоқсанынан  бастап,  Қазақстан  Республикасының  құрамында  болып, 1997  жылы 22  сәуірде  Талдықорған  облысы таратылып, оның бүкіл аумағы Алматы облысының құрамына кіріп, үшінші рет облыстық мәртебесінен айырылды.

Алайда Алматы облысының орталығы Талдықорғанға көшіп келгеннен кейін қала орталығының тыныс-тіршілігінің тамырына қан жүгіріп, өркендеп, заман ағымына қарай сәулетті ғимараттар бой көтеріп, құрылыс  қарқын  алды.  2022 жылдың 8 маусымнан  бастап, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының жарлығымен «Жетісу» облысы болып құрылып, аумақтың дәрежесіне Алакөл, Сарқан, Ақсу, Ескелді, Көксу, Қаратал, Кербұлақ, Панфиолов аудандары мен Текелі және облыс орталығы Талдықорған қаласы кірді. Жаңа облыстардың қайта құрылуына байланысты Мемлекет басшысы  экономикалық өркендеудің өлшем-бірлігін саралай келе айтулы облыстардың  облыстық  мәртебесін  қайта  қалыпқа келтіру қажеттігін түсіндірген болатын.

Жасыратыны жоқ, (бұрынғы Талдықорған облысы) дотациялық облыс  болған-ды. Тіпті, Алматы облысына қосылғанда да мемлекеттен  дотация  алып отырған  болатын. Марқұм Заманбек Нұрқаділов  «Мен  Алматы  облысын дотациясыз облыс жасаймын» деп елден алтын-күміс жинаған кезеңде болған. Жалпы бір ғана Жетісу облысы емес, республикадағы 17 облыс, үш қала да мемлекеттен дотация алып отыр.

А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ