Сандар сырына үңілген нумеролог Ди ханым туралы бір үзік сыр

0
677

ОЛ  –   бала   болып   ойнамады.   Қатарластары  ойыншыққа қызықса  оның жан әлемі басқа дүниені   құмартты.  Абай хакімнің сөзімен айтқанда, ішсем, жесем дегендердің  емес,  білсем, көрсем  деп дүниеге келгендердің санатынан  болды. Ес білгелі ол «неге олай, неге бұлай» деген сауалдарға  үнемі  жауап  іздеумен  жүрді.

«Күн қалай шығады? Ай неге  құлап  кетпейді?…» деген  сынды  түрлі  сұрақтар да оның  ми қатпарында тұрды. Осы  әрекетінен болар  ауыл  балалары  оны  «біртүрлі қыз» деп атады. Біртүрлі  қыздың өмір жолы  өзі  айтқандай  біртүрлі  болып  өрілді.  Өмірдің  сан  бұралаң жолы  «біртүрлі  қызды»  Гете ақын айтқан сандар  әлеміне  алып  келді.

Жылдар өтіп, сол бір біртүрлі қыздың есімі  ойшылдың ойын жүзеге асырған жандардың, яғни, белгілі  нумерологтардың  қатарына  кірікті.  2020 жылы және биылғы жылы ол   Қазақстанның үздік нумерологы  атанды.  Бұл кім десеңіз, инстаоқырманға Ди ханым деген атпен  танылған  нумеролог –  Дина  РИЗАБЕКҚЫЗЫ.

САНДАР сиқыры көне антикалық дәуірден бері адам өмірінде маңызға ие болып келетінін, тіпті ежелгі ғалымдар  сандардың ерекше әрі таңғажайып қасиетке ие екенін зерттеп шыққандығын да жақсы білетін боларсыздар.  Жиырма жылдан астам уақыт нумерология саласына дендеп енген Ди ханыммен  тілдесудің алдында сандардың сырына үңілгендер туралы біраз мәліметке көз жүгіртіп үлгердік. Сол деректердің бірінде нумерологияны ғылыми сала деседі.  Яғни, көпшілік  мұны бал ашумен шатастырғанымен, олай емес екен. Яғни, балгерлер болашақты болжаса, ал нумерология ғылым болғандықтан, әр санның сипаттамасы, тарихы  ғылыми түрде зерттеліпті. Мысал үшін бұл салада сен нақты осы жаста тұрмысқа шығасың демейді, керісінше саған осы жаста тұрмысқа шыққан ыңғайлы болады деп айтуы мүмкін.

«Я живу цифрами» деген хабардағы танымал  нумеролог Клара Күзденбаеваның сөзіне құлақ түре отырып топшылағанда әр жылдың өзінің тобы болады. Сол топтың бастапқы, орта және соңғы кезеңі бар. Жылдың кезеңіне қарай отырып, осы кезде іс бастасаң болады деп ақыл-кеңес береді. Мысалы, жылдың бір кезеңі аяқталғанда бастаған іс нәтижелі болады деп айту қиын. Тіпті, құрған жоспарыңыз нәтижесіз болып, құр шығындалып қалу мүмкіндігі басым. Сондықтан нумерология кәдімгі психология, биология, физика, химия сияқты өзінің сандары мен ережесі бар ғылым саласы. Нумерология саласын игеру үшін  ерекше қабілет қажет. Яғни, көрінген адам сізді сипаттай алмайды. Оған арнайы білім алу керек.

Ди ханыммен дидарласуда  нумерология мыңдаған жыл бұрын Пифагордың кезінде пайда болғанын, өмірімізде бүкіл жер саннан құралғандығын тілге тиек етті.   – Қазіргі программа, бүкіл формула, тіпті үйдің салынуына дейін сан. Ғылымның дамуы да санға  байланысты ғой.  Бүгінгі таңда нумерология ғылымының берер пайдасы өте көп. Өйткені жан-жағыңдағы адамның туған күніне қарап мінезін біле аласың. Мысалы, бизнес саласында жүрген адамдарға бұл өте ыңғайлы. Кәсіпте қандай да бір шарт жасау үшін осы  жылдың  қолайлы  не  қолайсыз екенін білуге болады. Сол жылмен адамның туған жылының сәйкестігін есептейді. Егер сәйкес кодтар шығатын болса, онда белгілі бір іс бастауға немесе келіссөзге отыру нәтижелі болмақ,  –  екенін айтқан Дина Ризабекқызынан сандар адамның өмірінде қаншалықты маңызды рөл ойнайтынын, адамның болмысынан, болашағынан дәл хабар беретін тағы қандай материалдық құбылыстарды айтуға болатынын сұрадық.

Айтуынша санның адам өміріндегі маңызын ешкім жоққа шығара алмайды. Себебі  біз  қоршаған сандардың өмірімізге қаншалықты ықпал ететіндігіне мән бере бермейміз.  Әр санның өзіндік қасиеті бар дейді  ол. Расында да ата-бабаларымыздың өзі әрбір санның қадірі мен қасиетін саралай білді ғой.  Мақал-мәтел, нақыл сөздерімізден, ұлттық сенімдерімізден де сандардың маңыздылығын байқауға болады. Сандар тек математикада емес, басқа ғылымдарда да  белгілі күшке ие. Соның бірі – нумерология  екенін  де арнайы маман  сөзімен  тәпіштеп  түсіндіріп  берді.

ЖАЛПЫ адамның көңіл-күйі, жолы болмай жүрген уақыттарда өзге бір тылсым күштен көмек іздейтіні рас. Ди   ханымның   нумерологияға  дендеп енуінің  бір  сыры осында екенін әңгіме желісінде тарқатып  айтты.

Сөз басында айтқандай,  бала кезден біртүрлілеу  болдым. Дей тұрғанмен мектепті жақсы оқыдым. Негізі өзім педагогтар отбасынан шыққанмын.  Әкем  қазақ тілі  мен  әдебиеті пәнінің, анам бастауыштың мұғалімі болды.  Біздің үйде кітап  пен газет-журнал  көп  болатын. Күнделікті ермегіміз де осыларды оқу еді. Мен  оқыған шығармадан аспан әлемімен байланыстыратын сөздерді тауып алып, түрлі сұрақ қоятынмын. Осы сұрақтарыммен кейде үйдегілерді мезі қылып жіберетін едім. 

…Тұрмысқа   ерте  шықсам да  көптің біріндей ана бақытына ие бола алмадым. Сәби сүйсем  деген ниетпен  бармаған жерім қалмады. Ең ақырында  дәрігерлер  бедеулік диагнозын  қойып, бала асырап алыңыз дегенді айтты. Әйел үшін бұдан асқан қасірет бар ма? Дей тұрғанмен,  күдерімді үзбедім.  Іштей мұның мәнісін  түсінгім келіп мешітке барып, имамдармен тілдестім,  шіркеуге  де  бардым,  әулие-әмбиелердің  басына барып, тәу еткен сәттерім аз емес. Бірде ауруханада жатқанымда  нумерологқа  жолықтым.  Іздеп жүргенімді  осы бір  ілімнен таба алатындай көрінді. Көкейдегі сауалыма жауап тапқандай болдым. Осылай нумерологияға  дендеп енуге тырыстым. Бұған жұмсаған  қаражат та қомақты болды. Жалпы, нумерологияның ішінде кармологияны зерттеп жүргеніме 20 жылдай болыпты. Осыны терең зерделей отырып өзімнің неге бала көтере алмай жүргенімнің себебін түсіндім. Мәселен, менің туған күнім 22 қаңтар. Бұл  сан  карма бойынша  «дурак» дегенді меңзейді. Яғни, осы санмен туылғандарды есеймей қалған бала  деп санайды.  Бұл дегеніңіз  балаға – бала бермейтінді ұқтырғандай.  Осыны   іштей ұғынғанымда «не істеуім керек?» деген ойға келдім. Түсінгенім –  өзіңнің тәуелсіз адам болғаныңды  білу керексің. Өз қолың өзіңнің аузыңа  жеткенде  ғана  Алла  тағала  бала береді екен. Бұған дейін  әке-шешем неге  маған  былай  жасамайды,  күйеуім  маған неге бұлай істемейді деумен келіппін. Сөйтсем, мұным  қате екен. «Дурактарды» өмірдің өзі арлы-берлі  лақтыратынын да түйсіндім. Өмірдің біраз  қиындығын  көрдім.   Ақыр соңында бәріне нүкте қойып, он жыл бас қосқан күйеуіммен  ажырастым. Ендігіде есейіп, жұмыс істеу керектігін ұғындым. Сөйтіп жүргенімде тағдыр жолы мені қазіргі жолдасыммен жолықтырды.  Осылайша төрт жылдан соң Алла тағала  екі бірдей ұлды сыйлап, мені ана бақытына бөледі»,  – деген  Ди ханым  өмірінде аз қателік жасамағанын, өзіне қойылған бедеулік диагнозын жеңіп, өз  кармасын жеңілдеткендігін, бүгінгі таңда екі ұлдың анасы атанғанын  жасырмады. Сонымен қатар осындай диагнозбен келген  62 келіншектің Ана бақытына ие болуына себепкер болғанын айтты.

Мені  нумерологияға  алып  келген –  Аңсар ұлым  болса, мұнымен түбегейлі айналысып, мықты маман  атануға, осы ілімге  тереңдей түсуіме түрткі болған екінші балам десем асыра айтқандық болмас.  Нумерологияға алғаш келген күннен мені ешкім қолдаған жоқ. Қаржылықтан бөлек,  моральдық  тұрғыда да. Шынымды айтсам осы ілімді үйренуде барлық қиындыққа төтеп бердім. Небір мықты  мамандардан  сабақ алдым. Оның ішінде шетелдік тәлімгерлер де бар. Дәл қазіргі уақытта Америкада тұратын Ирина Чукрееваның онлайн сабағына қатысып жүрмін. Шетелдік  тәлімгердің сабағына қатысу үшін таңғы төртте тұруға тура келеді.  Жан-тәніңмен жақсы көретін жұмысыңда үнемі  біліміңді  жетілдіру аса қажет,  – дейді  маман.

НУМЕРОЛОГИЯ, чакра, карма, астрология, әбжат тағы басқа ілімдермен қатар родология, тылсым сыры, био-энергетиканы тәуір меңгерген маман  астрология мен нумерологияның айырмасын да айтып берді. Оның сөзінше нумерология деген сандардың сырын ашса, астрология  деген натальдық  диаграмма, яғни, аспан әлемі. Бұл жерде санның еш қатысы жоқ. Астрология деген   өте керемет ілім. Нағыз болжамды  аспан денелеріне қарап та  анық айтуға болады екен.

Өткен жылдың соңында аспан денелерінің бес бірдей планетасы қаз-қатар сапқа тізіліп тұрды. Мұндай құбылыс  өмірі  болмаған-ды.  Көп ұзамай   қаңтар оқиғасы орын алды. Осы жайында мен біраз мәлімет айттым. Бірақ  қанды қырғын болатынын емес, 1-7 қаңтар аралығында ер азаматтардың  аса сақ болуын, әскерилерден  көп сақтаныңыздар деп ескерту жасадым.  Бұл сол аспан әлеміне қарап жасалған болжам еді, – деген  Ди ханымнан сөздің киесі туралы  да  сұрадық.  Айтуынша,  адамның жанын жадыратып жаз қылатын да, құлдыратып  қыс қылатын да  –  бір ауыз сөз. Ауыздағы сөз жақсы болатын болса, адамға рақат сыйлап, көңілін көтеріп, жабырқаған жанын жайлатып, тіпті  дертіне  шипа  береді. Сөз құдіреттілігі  шексіз. Оның басты ұстанымы  да  сол  –  адам  жанын жаралап алмау, әрбір  сөзді әдемілеп жеткізе білу.

Шыны сол, бүгінде нумерологияға келгенде  қоғам  екіге бөлінеді. Оған ғылым  деп  қарайтындар және дінге қарсы санайтындар да бар. Көптің көкейінде жүрген бұл  сауалға да Ди  ханым  жауап берді.

Нумерологияның асыл дінімізге қарама-қайшы тұстары барын жасырмаймын. Бірақ менің түсінігімде астрология секілді бұл үлкен ғылым. Кім қалай қолданады, мәселе осында. Мұны болашақты болжау емес, ғылым ретінде қарастыру керек. Мен өзім сол тұрғыда қолданамын. Ата-бабамыз да сандардың қасиетіне көп көңіл бөлген. Тұрмыс-тіршілігіне  еніп кеткені сонша қасиетіне қарай кейбір сандарға ерекше ілтипатпен қараған. Мәселен халқымызды жеті санымен көп нәрсе байланыстырады. Жеті шелпек, жеті қазына, аптаның жеті күні. Күншығыс елінде сегіз саны байлықтың, ақшаның белгісі. Нумерологияның ішінде де түрлері өте көп. Соның ішінде таро нумерологиясы картамен бал ашу арқылы адам өмірін болжайды. Мен оқыған бірнеше курстарда ол кездескенімен ашып қарап, қызығушылық танытпадым. Тегіміз қазақ, түбіміз мұсылман болған соң мұндай кері әсері бар тұстарынан айналып өтемін. Сандардың сиқырына құлай сеніп, барлығын сеніп тапсыра салуға болмайды. Кез келген нәрсенің жақсы жағын алыңыз. Барлығы өз әрекетіңізге байланысты. Нумерологтар адамның өмірін жақсы  жағына  өзгертуге қозғалыс, мотивация береді.

Жұмырбастылар қашанда тылсымнан қол үзбеген. Көзбен көргеннен  басқаның  бәрі жалған деп айта алмаймыз. Планеталардың әсерін бүгінгі ғылым дәлелдеуге ықтиярсыз болса, ол «астрология жалған» дегенді білдірмесе керек-ті. Лев Толстой, Абай, Шәкәрім, басқа да мыңдаған кемеңгерлердің «өлгеніңше өл», «сенен сұрау алғанша, сұрал», «өз меніңді  тап»  деуі  –  адамзаттың өз мінін танып, мінезін көркейтіп, жасампаз болуын меңзейді. Өзін таныған адам міндетті түрде Алласын таниды. Себебі бәріміз – сол Нұрдың бөлшектеріміз. Ал астрология – адамның өзін тануының құралы. Сондықтан астрология да  дінге қарсы дегенге келісе алмаймын. Мұнда «жұлдызға табын, соларға ғана сен, келешегіңді алдын ала көріп ал» демейді. Керісінше, жамандықтардан сақтандырады, жақсылықтарға жетелейді, болашақтан үміт күттіреді, өмірден өз орныңды тауып, «кәміл» адам  болуға  қолғабыс етеді. Бары сол.

ӘҢГІМЕ  желісінде  Дина Ризабекқызының балалы бола алмай жүрген 62 әйелдің нәрестелі болуына себепкер болғанын айтты.

Менің түсінігімде өмірде бедеулік деген диагноз жоқ. Медицинада  айтатын шығар,  бірақ,  мен  оған   жүз пайыз көзім жеткен адаммын. Мәселен, бала сүйе алмай жүрген 62 әйелдің бәрі сәбилі  болды десем болады.  Бәрі де бала көтерді, тек біреуіне ғана ЭКО жасауға бағыт бердім. Неге десеңіз, басқаларға қарағанда оның кармасы  ауырлау болды, уақыт өтіп барады деп түсіндіріп, қай күндерде  ЭКО -ға бару керегін де санап айтып бердім. Әйелдердің жас шамалары, үлкені 47 жаста болса,  ең жасы 18-де. 

Карманың әсерінен деп айттым. Енді карма дегенге тоқтала кетейін. Карма  деген  екіге бөлінеді. Оның бірі  ата-бабамыздың дұрыс емес жасаған әрекетінен болатын және өзіміз  жаса-ған әрекеттің өтеуі. Сондықтан әрбір іс-әрекетімізге  абай болғанымыз абзал,  – дейді маман.

Ди ханыммен  әңгімелесуде оның өз ісінің маманы екендігі әрбір сөзінен аңғарылды. Ризабековтер отбасындағы   бес баланың екіншісі болған Дина  ешкімге ұқсамайтын өзгешелеу бала, өзінің  сөзімен айтсақ «еркелеу» болып өсті. Осыған қарап  әкесі:  «Біз сені еркелетеміз, бауырларыңа  да еркелер-сің. Бірақ  өмір сені еркелетпейді ғой» деп үнемі айтып отырады екен. – Әкем түсті жақсы жоритын   еді. Негізі менің бойымда бар қасиет әкем жақтан  дарыған болуы керек.

Өз сөзінде ол чакра ілімі туралы да   айтты.  – Чакрология  деген  энергияға жауап береді. Бұл дегеніңіз, чакра ілімінде: көк деген әкеге тән, жер деген анаға тән дейді. Сол үшін біз жермен жақын болуымыз керек, көкке үнемі алақан жайып,  ер азаматты сыйлаған сайын көгере түсесің  деген секілді дүниені айтады. Осы жерде үшінші  көз деген  тарау бар, мұны аджна деп атайды.  Яғни,  үшінші  көз   деп   аталатын  чакра  қастар  арасындағы  нүктеден сәл жоғары  жерде орналасқан. Санскрит тілінен аударғанда «тәртіп, бұйрық» дегенді білдіреді. Бұл чакра эпифиздің, ұйқы безінің және мидың жұмысына жауап береді. Жалпы алғанда, аджна чакра әлемді адам санасының қалай қабылдайтынына жауап береді, сонымен қатар, ол адамның нәзік энергияларды көру қабілетіне әсер етеді,  – дейді  Ди ханым. Осы ілімді үйреткен ұстазы Валентина Сидорованың өзі үйренушілер арасында  оның  аджнасын  бірден ашып алғанына таң қалған екен.

Кейіпкеріміздің сөзінен түйгеніміз, үшінші  көз  –  біздің  денеміздің «басқару орталықтарының» бірі болып  табылатындығы. Яғни, аджна чакра біздің армандарымызды жасауды, қиялымызды және объектілерді, жеке адамдарды немесе оқиғаларды жобалау және елестету қабілетімізді дамытуды ұнатады.

Маңдай чакрасының барлық ішкі секреция бездерінің жұмысына әсер ететіндігі айтылады, бұл философиядан денсаулық үшін қажет.

«Адамға  толыққанды  жауап  беруде  бір ғана нумеролог болу аздық етеді, ол үшін жан-жақты болғаның абзал», – деген  Дина нумерология деген терең ілім, сонымен қатар, астрологияны, чакрологияны, кармалогияны білу де маңызды екенін айтып, соның ішінде фен-шуй туралы тереңірек тоқталды. Түйгеніміз:  фен-шуй  деген  үйдегі  энергияға жауап береді.

Жиырма  жылдан  аса уақыт сандардың сырына үңілген Дина Ризабекқызының  бұл салада  баулыған  шәкірттері де бар.

Үш  жүзден  аса шәкіртім бар. Оның  екеуі Түркия елінде, Ресейде төрт қызым бар. Сабақ  таза қазақ тілінде, онлайн  түрде өтеді.  Адамның тағдыры ойыншық емес. Қабілетің болса ғана сол салаға барған жөн. Мен шәкірттерімнің бәрін  таңдап аламын. Аты-жөніне,  ата-тегіне, санына қараймын. Бәрін бірдей ала бермеймін. Осы үшін ренжитіндер де көп.

…Мен өзім радологпын, радологияны  да  жақсы  меңгерген жанмын.  Бір басыңа  мұның  бәрін  қалай  сыйғыза алып  жүрсің  дегендер  болады. Айтарым,  егер сен нумерологияны терең меңгерсең  чакраны жақсы  білгенің.  Чакраны білмесең тароны меңгере алмайсың. Осы үшеуін де білмейтін адам карманы түсінбейді. Карманы түсінбеген   астрологияны түсіне алмайды. Осының  барлығын  баланста ұстау  үшін  чакраны меңгеру керек. Ал радология деген адамның өзі үшін керек дүние. Түпкі  тамырын тану үшін қажет.

ДИНА РИЗАБЕКҚЫЗЫНА  жүгінетіндер арасында лауазымын пайдаланғысы келетіндер де көп екен.  – Мен төменгі сорт адамы  емеспін. Сізге  сұраған ақшаңызды  төлеймін деп, елден екшеліп, өзін жоғары сатыға шығаратындарды   түсіне алмаймын. Адам деген төменгі яки жоғарғы  сорт болып бөлінбесе керек-ті. Осындайда Мұқағали ақынның мына бір өлең жолдары  еске түседі:  «Қалтарыс, бұлтарысы мың сан қабат. Қызық өмір, ақырын тұрсаң қарап». 

«Сіз адамдарды сорттайтын болсаңыз, мен үшін бәрі бірдей» деймін ондай жандарға. Мұндайлар  бәрін  ақшамен  шешіп  үйренгендер ғой. Ал енді қанша адам жүгінетіні туралы айтсам, өте көп. Шыны сол,  тағдыр жолында қаншама  қиындықтың  дәмін татқаныммен, өзімді осы кәсіптен жолы болған, бақытты  адамның бірі ретінде санаймын. Бүгінгі таңда сұранысқа ие болған мамандардың  қатарындамын деп айтсам асыра сілтеді  демеңіз.   

Осы ілімге дендеп енген күннен  Ди ханымды қолдаушылар болмады.  Айналасындағылардан бөлек, үйдегі жолдасы, туған-туыстарына дейін оған сенбеді.  Бірақ  сандардың  сырын  терең білу жолында  ол  бұған  қаражатын  аямай,  алған бетінен қайтпады. Осылайша соңғы  бес жылда  Дина   терең  білім мен  тынымсыз еңбектің нәтижесінде бала кезден  бері  іштей  «атақты болсам» деген  арман биігіне қол  жеткізді, жақындары алдында мәртебесі өсті.

«Оқуыма миллиондап емес, миллиардтап  кетті десем болады. Жиырма жыл деп ауызды кең ашпаймын, соңғы бес жылда тапқанымның бәрін осы ілімді терең білуге  құйдым.  Мұнда білімнен бөлек  адамның ішкі түйсігі мен сыртқы болмысы да әсер етеді. Себебі бұл ілімде адасып қалатындар бар. Ең қиыны кармалогияда ұстанатын ұстанымыңнан адасып қалмауың керек. Менің   таңдағаным  ислам  жолы.  Онлайн сабақтарға қатысқанда егер алатын  біліміңде басқадай бір адасушылықты жолықтырып жатсам, яғни, тақырып  исламнан ауытқып кетсе, оған қанша ақша төлегенімнің маңызы жоқ, бірден  оқудан бас тартамын,  – деген кейіпкеріміз нумерологияны терең  игеруде    барлық  ұлттың  ішінде  қазақтың мықты халық екеніне көз жеткізгенін айтты.

САНДАР сыры мен тылсымдар әлемі қызықтырған Дина Ризабекқызы 2003 жылдан бастап өз бетінше оқып, ізденді. 2018-2019 жылдардан бұл ілімді кәсіби түрде оқып, кейін  шәкірт баулып  үйрете бастады. Осылайша  2020  және биылғы 2022  жылы  Қазақстанның үздік  нумерологы  атанды.

2020 жылы Астана қаласында өткен   байқауға  еліміз бойынша  300-ден аса нумеролог қатысты.  Бұл жарысты сандардың  қыр-сырын  зерттеп  жүрген Айдана  Кәкен өткізген еді. Қазіргі таңда ол  бұл  саладан  мүлдем  кетті.  Өте қызу тартысты сайыс болды. Байқау қорытындысы бойынша халықтың қолдауымен үздік нумеролог атандым.  Ал енді биылғы нумерологтар байқауы Алматы қаласында өтті.  Алғашқыда  бәрі  жақсы, әділ  өтіп жатқан еді. Бірақ артынша менен ақша сұрады. Мұны естіп, қатысудан бас тарттым. Алайда тағы сол халықтың қалауымен  Қазақстанның  үздік нумерологы  атандым.  Бұл үшін алматылықтарға айтар алғысым шексіз. Негізінде  үздік нумеролог атануымның бір себебі  елдің маған деген шынайы ықыласы болар. Ал маман ретінде бұл менің талай жылдан бергі еңбегімнің тәтті жемісі деп білемін.  

Дина Ризабекқызы осы салаға келгелі көп дүниені көңілге түйе жүріп, Аллаға да бір табан жақындағанын  айтады.  –  Алланың құдіретін үнемі сезінемін. Қол жайып сұраған әрбір жүрек-жарды тілегімнің орындалуының өзі  менің  Құдайдан алыстап кетпегенімнің белгісі  деп білемін, – деп ағынан жарылды  ол.

Ди ханымға тек қазақстандықтар ғана емес, өткен жылы Корей елінен келіп, қомақты қаржы төлеп, көмек беруін сұрапты. Алыстан келген шет елдік азаматтарға қолұшын берген  ол  түскен қаржыны  өзіне  ғана жаратпай, қайырымдылық іске  жұмсапты. –  Бойымда анамнан берілген жақсы қасиетім – дүниеқоңыз адам емеспін. Қолыма түсетін қаражатты қажетінше қайырымдылыққа және өзімнің білім алуыма кетеді деп айтсам, мүмкін бірі сенер, бірі сенбес. Дегенмен  менің жандүнием осыны қалайды.

КЕЙІПКЕРІМІЗБЕН емен-жарқын тілдесуде  қазақ халқының  нумерология ғылымына бей-жайлық танытпайтынын, керісінше нумерология ғылымына қызыға карайтынын, нумерология математика саласының бір тармағы болып табылатынын, сонымен қатар, адам өмірінде зор рөл атқаратынын да білдік.  Ол  алдағы уақытта  нумерология ғылымы дамып, одан әрі көркейе береді деп сенеді.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

 

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ