Мемлекеттік тілді білмегендер азаматтық алмайды

0
480

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, мемлекеттік тіл туралы отыз жыл қақсап келеміз. Одан ана тілдің ахуалы оңалып кеткен жоқ.  «Қазақстанда  қазақтардың   70   пайызы қазақша сөйлейді»  деп  биліктегілер бөркін аспанға  атып жүр.  Бірақ  сол  биік  мінберлерде отырғандардың  өздері  мемлекеттік  тілге келгенде тілі жаңа шыққан баладай шатып-бұтып бірдеңе айтқан болады. Төл тілінен жерініп отырған Қазақстан  ғана.

Болмаса тәуелсіздік алған Кеңес одағындағы бұрынғы он бес одақ республикалардың барлығы ана тілдерінде сөйлейді. Мемлекеттік жиындарының бәрі өз ана тілдерінде өтеді. Ал бізде мемлекеттік тіл заң аясында басты  тұғырда  болғанмен  іс-жүзінде, қағаз жүзінде  екінші сатыда тұр.  Ол  –  ол  ма,  көршінің  көңіліне қараймыз деп аралас мектептердің саны да қамқа тонға сіркелеген биттей қаулап тұр.

«Айтақтай, айтақтай қасқырдан да ұят болды» деген  екен баяғыда біреу. Кім айтса да тауып айтыпты. Бізде отыз жыл бойы мемлекеттік тілдің жыртысын жыртып келеміз. Саясаттың қамыты мойнынан түспей қойған ана тіліміз өз елінде, өз жерінде өгейлік көріп келе жатқаны жасырын емес-ті. «Ұлардай шулап, Конституция заңындағы  Мемлекеттік тіл туралы  7-баптың  5-ші тармағындағы  ресми тіл  –  орыс тілін  алып тастау керек» деп атқа қонып, тайлы-таяғымызбен  шулағанымызға  да отыз жылдан асты.

Бірақ сең қозғалмады. Қоғам қайраткері,  Еңбек  ері,  ақын  Мұхтар Шахановта  атқа қонып қарға тамырлы қазақты көтеріп көрді, қол жинады, жоғарыға жіберді. Қазіргі  Мәжіліс депутаты ақын Қазбек Иса да 10000-нан астам қол жинап үкіметке де, Парламентке де жолдады. Халық үніне құлақ асқан билік көрмедік. Ол  аздай  Қазақстанда тұратын орыс ұлтының өкілдері еліміз туралы ауыздарына келгендерін көкіді. Артынша  жаздық, жаңылдық  деп кешірім сұрап құтылды. Бар кінә өзіңнен болған соң, кімге өкпелейсің. Бұрынғы  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «екі қазақ бір-бірлеріңмен қазақша сөйлесіңдер» деп мемлекеттік тілді ысырып тастады.

Ресми жиындарын мемлекеттік тілде емес, ресми тілде өткізді. Тақта отырған ханның өзі қарашасының мұңын мұңдамаған соң, уәзірлері де тек ресми тілде жорғалады. Сыртқы істер минстрі болған Ерлан  Ыдырысов  мырза, ақпарат құралдары өкілдерінің «Неге қазақша сөйлемейсіз?» деген сауалына «Миымды ауыстырып жіберсеңдер де қазақша сөйлей алмаймын» деп ертоқымын бауырына алып тулады.  Мемлекеттік қызметте отырып, мемлекеттік тілде сөйлемеудің  өзі күнә, үлкен қылмыс. Сыртқы істер министрі бола тұрып, өзге мемлекеттермен саяси қарым-қатынасты реттейтін тұлғаның өз отанының ана тілінде сөйлей алмауын қандай парасаттылыққа жатқызуға болады.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, Парламент мәжілісіне депутат болып барған халық қалаулыларының мемлекеттік тілде ант қабылдауын көгілдір экранда көріп отырып, жылағанбыз. Мемлекеттік тілді қорлағандарды жеті атасынан тартып сыбағанбыз. Қазақтың суын ішіп, нанын жеп, отыз жыл қазақ мемлекетінде тұрып,  қазақша  екі ауыз сөз жаттай алмағандарына күйінгенбіз. Өзге ұлтқа өкпеміз жоқ, құдай төбеден ұрғанда өзіміздің қазақ шенеуніктері «қағынан жеріген құлан құсап, ана тілінен жерініп ресми тілде сайрап жүргендеріне ашуың  келеді. Алайда олар Қазақстанның жоғары билігінде, жоғары лауазымда қызмет атқарып отыр. Ондай алапестер «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» құрамын деп талпынып жатқан Президент Қасым-Жомарт  Кемелұлының тұсында да болып тұр. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев  ашқан тіл оқыту орталықтарына олар аяқтарын аттап баспайды.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мемлекеттік қызметтегі қазақтардың қазақ тілінде үйренбегеніне Парламент мәжілісінде ренішін білдірген болатын. «Ауыл шаруашылығының министрлігіне, шекара қызметінің бірінші орынбасарына қазақ тіліндегі сұраққа орысша жауап беретін болсаңыз, онда жауап бермей-ақ қойсаңыз болады, өзге  вице министрден жауапты өзім алып аламын. Мемлекеттік қызметкердің, мемлекеттік тілде қойылған қазақша сұрағына,  өзге тілде орысша жауап беруін нонсенс деп санаймын», –  деді. Жоғары билікте мұндай айыр тілділер толып жатыр. Әсілі, Конституциялық заңға реформа жасалғанда «Мемлекеттік тілді білмеген  адам  мың жерден білімді, реформатор болса да, мемлекеттік қызметке алынбайды» деп тайға таңба басқандай жазылмаса, мемлекеттік тілдің дерті жазылмайды. Мемлекеттің көсегесін көгертетін кім? Ол мемлекеттік қызметкер.

Мемлекеттік тілге су төкпейтін жорғадай бүлкілдеп тұруы керек қой. Тек сайрап қана қоймай, әрі көсем, әрі шешен болуы шарт. Ал біздің шенділер ел алдында екі ауыз сөздің басын құрап сөйлемек түгілі, қағазға жазып алған антты оқи алмай, қалың бұқараға  масқара болған жоқ па?  Әкімқаралар жиындарда баяндамадан бас алмайды, оның өзін ежіктеп оқыған талай әкімді көрдік.  Бірақ «аузы қисық болсада» ел басқарып жүрді. Жеті жұрттың тілін біл, бірақ мемлекеттік тілді сол жеті тілден жоғары  қой. Себебі сен сол мемлекеттің саяси тұлғасысың, халықтың айнасысың. Қалың бұқара сізге қарап бойын түзейді. «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» деген тәмсіл тура осы арада айтылады. Енді  осы мақалды өңір айналдырып, «тілің қисық болса, туғаныңа сөзің өтпейді» десек бола ма?  Болады.  Әл-Фараби  70  тілде  сөйлеген.

Жетісу облыстық «Тіл оқу-әдістемелік орталығы» және аудандық, қалалық филиалдарында  мемлекеттік тіл курсына 2020-2022 жылдар аралығында Алматы облысы бойынша,  2020  жылы  2274  адам  қабылданса,  оның   596 мемлекеттік, 1801-і бюджеттік қызметкерлер. 2021 жылы 4097 адам қабылданып, оның 1193 мемлекеттік, 2383 бюджеттік қызметкер болса,  2022  жылы  3695  тіл үйренуші қабылданып, оның 1165 мемлекеттік, 2008-і бюджеттік қызметкерлер болған. Ал  2020  жылы  1422,  2021  жылы  2165,  2022  жылы  2340   қазақ мемлекеттік тілден дәріс алса, өзге этнос өкілдері  2020 жылы 1352, 2021 жылы 1932, 2022 жылы 1355-і мемлекеттік тілді үйренуге талпынған. Алайда бұлар мемлекеттік тіл сындыру курсынан өткенмен бәрі бірдей мемлекеттік тілде жатық сөйлеп кетпеген шығар. Ынта-жігері артқандар ары қарай қызығушылық танытып мемлекеттік тілді жетік меңгергендері болса құба-құп.

Алайда іс құжаттарының бәрі  ресми тілде толтырылатын болғандықтан, үйренген тілдерін жылы жауып қойып, ресми тілге көшіп кеткендері де бар шығар. Осы тіл үйренушілердің арасында қазақтардың сан көрсеткіші ортадан ойып тұрып орын алады. Ал жоғарыда айтылғандай, биік дәрежеде қызметте отырған өзіміздің қаракөз қазақтарымызды тіл оқыту орталығына барып жүр деген ақпаратты оқыған да, естіген де жоқпыз. Керісінше  «Миымды ауыстырып жіберсеңдер де қазақша сөйлей алмаймын» деген жазушының баласы Ерлан Ыдырысовтың мемлекеттік тілге деген көзқарасын көргенбіз.

Жылт еткен жаңалық естісек, халыққа қайыры бар ма екен деп алаңдайтын болдық. Бар үміт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауып тұр. Сайлау өтіп, қайта сайланатын болса мемлекеттік тілді білмейтін кадрларды қызметтен аластатуын халық болып сұрауымыз керек. ҚР Премер-Министрі Әлихан Смайылов  Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Жаңа заң:  қазақ  тілін білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейді дегенді айтты. Бұл жаңа заңнама мемлекеттік тілді білмейтіндерге ел азаматтығын бермеуді  көздейтіні  анық. Неге осы заңға мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар мемлекеттік қызметке алынбайды деп жазылмаған.

Егер жазылса жоғары қызметте шүлдірлеп жүргендердің көбі жылы орындарынан кетер еді. Турасы солай болуы тиіс. «Жаңа заңнамада  «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңға мемлекеттік тілді, тарих пен ұлттық заңнаманың негіздерін білмеуді азаматтыққа қабылдаудан және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз ретінде көздейтін, сондай-ақ, қос  азаматтығы фактілерінің алдын  алуға бағытталған түзетулер әзірленді», – делінген Үкімет басшысының жауабында.

Премьер-Министрдің айтуынша, аталған заңнамалық түзетулер Парламент депутаттары бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң  жобасы бойынша Парламент депутаттарының түзетулеріне, Үкімет қорытындысының жобасына енгізілді. Бір ғажабы бұл жаңа заңнамаға қарсылығын білдіріп жатқандар да бар болып шықты.

Белгілі тіл жанашыры, Астана қаласының тұрғыны, мектеп директоры  Аятжан  Ахметжанұлының  бұл  өзгерістерге қарсылығын  Stan.kz  ақпарат агенттігі таратты.

Тіл жанашыры әлеуметтік желіде бұл жаңалыққа риза жұртшылықтың бар екенін, алайда,  мұндай шешімге өзінің қарсы екенін алға тартты.

«Мына ақпаратқа ел қуанып, шулап жатыр екен. Шыны керек, жүрегім ауырып кетті. Егер ұлты қазақ болса да, бұл талап енетін болса, онда 100% қарсымын. Себебі бүгінгі Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркияда жүрген, Еуропа, Америкада жүрген қазақтардың 90%-ның баласы қазақ тілін білмейді. Қазақша дәл осы жазуда біреуі төте, біреуі латын қарпінде жаза алмайды. Сонда ол балалардың атажұртының азаматтық ала алмауында кінәсі неде? Олар туған жерде қазақ мектебі жоқ, қазақ тілдік орта жоқ. Сол себепті үйрене алмады», – деді А. Ахметжанұлы.

Қоғам белсендісі кириллица  жазуды  өзінің де елге келіп үйренгенін жеткізді. Қандастарымызға бұндай талап қойсақ оларға азаматтық деген арман болатынын тілге тиек етті. «Қазақ тілін білсе де өзге ұлтқа азаматтық берілмеуі керек. Ал ұлты қазақтарға шектеу салмай, елге келіп, қазақ тілін үйренуіне мүмкіндік берілсін. Шетелдегі қазақтардың балалары үшін жүрегім ауырады. Тіл жанашыры болсам  да, дәл осы шешімге қарсымын», – деп жазды Аятжан Ахметжанұлы.

«Таяқтың екі ұшы бар» демекші тіл жанашыры Аятжан Ахметжанұлының  да   пікірі   ескерілуі керек. Расында, шет мемлекеттен келетін қандастарымыз қазақша сөйлегенмен кириллица жазуын меңгерудегі қиындығы көп уақытты ала қоймас, жалпы сырттан келетін қандастарға азаматтық берудегі рәсімдер жеңілдетілетін шығар. Заң Парламент қарауына берілгенде олқы тұстары Мәжіліс депутаттарының назарына ілігеді ғой. Жалпы мемлекеттік тілді білмейтін шенді-шекпенділерге қойылатын талап тек қана азаматтыққа қатысты болмауы шарт.  Бұл бөлек әңгіме. Бар гәп, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтетін де, тарылтатын да жоғары билік. Сол билікте отырған  мемлекеттік қызметкерлер бар жиынды, іс-құжаттарын тек мемлекеттік тілде ғана өткізуі тиіс, бұл қалың бұқараның сұранысы. Бұл талапты Мемлекет басшысы да біліп отыр.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ