Диплом бар, жұмыс жоқ

0
455

Жастар арасындағы жұмыссыздық еліміздегі күрмеуі шешілмей келетін мәселелердің бірі. Қолында «табақтай» дипломы бар, еңбекке қабілетті жас мамандарымыз жұмыс  таппай жүр. Мұның себебін әркім өзінше түсіндіріп әлек. Жұмысқа орныға алмай жүр-гендер «Жұмыс берушілер тәжірибеңіз жоқ, бізге білікті мамандар керек» деп шығарып салатынын айтады. Оқуды енді ғана бітірген, мамандығы  бойынша жұмысқа кіре алмаған адамда қандай  тәжірибе болсын. Сондықтан да болар жас мамандардың басым бөлігі диплом бойынша жұмыс жасаудан бас тартып, басқа салаға кетуде. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 193 мың жұмыссыз тіркелген. Оның басым бөлігі 19 бен 28 жас аралығындағы жастар. Жұмыссыздықты біржола жою мақсатында өткен жылдан бері мемлекет тарапынан жоғарғы оқу орнын енді ғана бітірген түлектерге көмек көрсету қолға алынып, «Жастар тәжірибесі» атты жаңа жоба өз жұмысын бастаған болатын. Ұзақтығы алты айға созылатын бұл жобаға 29 жастан аспаған жұмыссыздар оқуды аяқтағаннан кейінгі үш жыл ішінде жіберіледі. Дегенмен бұл жобаға қатысып, жұмысқа орналасып кеткен жастардың саны көп емес. Неге десеңіз жалақысы көңіл көншітпейді дейді. Ал жоғары жалақы төлейтін мекемелерге кіру үшін «Бәкең» мен «Сәкең» болуы қажет деген ұстанымды ұстап алған жастарға жұмыс істегеннен гөрі біреуді кінәлі етіп, үйде жату әдетке айналғандай. Бүгінгі бәсекелестік заманда қолында білдей дипломы бар жастардың  жұмыссыз жүргендеріне «жұмыс тәжірибеңіз жоқ» деп шығарып салатын жұмыс беруші кінәлі ме, әлде «алма піс аузыма түс деп қол қусырып жатқан жастардың өздері  ме? «Жастар – елдің болашағы, бәсекеге қабілеттіліктің маңызды факторы дейміз. Сөйте тұра елімізде әлі күнге дейін жұмыссыз жас мамандар сенделіп жүр. Неге?

Айдана СМАҒҰЛ

 


ПІКІР ЖАЗУ