«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің»
Ол бала кезінен журналист болуды армандаған. Алайда апасы: «Бұл мамандық қызға тән емес, үйде отырмай, қаңғырып кетесің» деп немересін райынан қайтарыпты. Осылайша кейіпкеріміз мектепті бітірген жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдайды.
«Мұғалім болу да жүрек қалауымдағы мамандық емес еді. Мектеп қабырғасында жүргенде аудандық газетке мақала жариялап тұратынмын. Екі тілде де жақсы жазатын едім. Университетке түскен жылы, ұмытпасам бірінші курста орыс тілінен беретін оқытушы ағайымыз еркін түрде, белгілі бір тақырып бойынша өз ойларыңды жазып келіңдер деп тапсырма берді. Мен тақырыпты алыстан іздемей, білім алатын университетіміз туралы жазуды жөн көрдім. Ол жылдарда оқу орнымызға жөндеу жұмысы жүргізілмеген, іші-сырты да көңіл көншітерлік жағдайда емес еді. Осы тұста «Білім ордасының бүгінгі келбеті қандай?» деген тақырып аясында жазып шықтым. Менің жазбамды оқыған ағайымыз: «Айнұр, сіздің бойыңызда жазуға деген қабілетіңіз бар екен. Осы дарыныңызды өлтіріп алмай, ары қарай жетілдіру керек» деді. Оқытушы ағайдың аузынан мақтан естіген мен өзімді қоярға жер таппай, қуанышты кейіппен үйге оралдым. Келе сала тәтеме айтып, мақтандым. Сол бір шақта өзімді шынымен жазудың адамы ретінде сезініп, біраз уақытқа дейін шабыттанып жүрдім. Мүмкін сол кезде ары қарай жазу-сызуға деген қабілетімді шыңдай түскенімде өмір-жолы басқаша өрілер ме еді, кім білсін?! Дей тұрғанмен өмір жолым мұғалімдік мамандықпен де ұштаспады. Білім ордасын бітірген жылы тұрмысқа шықтым. Одан кейін декреттік демалыспен үйде отырдым. Қызым бір жарым жасқа толғанда Жетісу университетіне жұмысқа орналастым. Бұл жерде жарты жылдай істеп, жолдасымның жұмыс ауыстыруына орай Жаркент қаласына қоныс тептік. Жазиралы Жаркентте алты жылдай тұрдық. 2007 жылы екінші баламды дүниеге әкелдім. Осы жылдар ішінде еш жерде жұмыс жасағаным жоқ. 2012 жылы үшіншіміз өмірге келді. Сонымен он жылдан астам уақыт үш баланы бағып-қағумен декреттік демалыста отырдым. Бірақ адам бірқалыпты өмірден тез шаршайды екен. Сөйтіп жүргенде сіңлім: «Үйде құр отырғанша қыз- келіншектердің сөмкесі мен аяқ киімдерін сатсаңшы» деген ойын айтты. Мен де көп ойланбай, істі бастап кеттім», — деп ағынан жарылды Айнұр.
Осыдан бес жыл бұрын «тәуекелге бел буып» Гуанжоудағы бренд аяқ киім дүкендердің біріне қалалық пошта арқылы ақша жіберіп, шағын кәсібін бастаған кейіпкеріміз бұл тұстағы ойын былайша өрбітті.
«Алған заттарымды интернет желісі арқылы сатылымға шығарып, сауданы осылай бастадым. Ісім керемет жүріп кетті деп айта алмаймын. Көбіне тауарымды таныстар сатып алатын. Ақырындап жүріп аяқ киімнің қатарына сөмкені кіріктірдім. Осылайша сауданы кеңейтуге бел буып, дүкеннен орын алуды ұйғардым. Сөйтіп Талдықорған қаласындағы «Астана» сауда үйінен шағын ғана бутик алып (10 кв. м), сол жерге төрт-бес аяқ киім мен оншақты сөмкені қойып, сата бастадым. Ал менің бұл ісімді көрген өзге бутикте сауда жасап отырғандардың кейбірі: «Адам деген он сөмке, төрт-бес аяқ киіммен сауда жасай ма екен?» деп дауыстарын қатты шығарып айтатын-ды. Олардың сөзі сүйектен өтсе де намысқа тырысып, алған бетімнен қайтпай, ісімді алға қарай жүргізе бастадым. Көп ұзамай қаладағы Орталық әмбебап дүкенінен (ЦУМ) кеңірек бутик алып, сол жерге көштім. Жаңа жерге орын ауыстырған соң саудам керемет жүріп кетті демеймін, бірақ, алдыңғыға қарағанда көш ілгеріленді. Саудамның қыза түскен шағы қыстан басталды. Бұл қалай болды деңіз? Бірде кешкілік автобустан бір азаматты ер адам түсіріп жатты. Әлгі жігіттің түріне қарасам жас, бірақ көзі көрмейді екен. Қараңғы түсе бастаған кез, жол болса тайғақ. Сосын оған: «Жол көк тайғақ, сізді баратын жеріңізге дейін жеткізіп тастайын» деп қолынан ұстап, апарып тастадым. Сөйлесе келе ол «Жастар орталығында» жұмыс жасайтынын, есімі – Қуаныш екенін айтты. Орталықтағы өзі секілді адамдарға психологиялық көмек беремін деді. Ол да менің жұмысымды сұрады. Біраз үнсіздіктен соң: «Айнұр, сіз өте жақсы адамсыз. Бұйырса саудаңыз жүріп, биікке өрлейсіз» деді. Оның бұл сөзі көңіл-күйімді көтеріп сала берді. Үйге сондай бір қуанышты күймен келдім. Айтқандай-ақ, саудам алға басып, күніне 100 мың теңге пайда түсіретін болдым. «Жақсы сөз, жарым ырыс» демекші, жақсы адамның жақсы сөзінен кейін ырысым да молайып, бизнесім алға баса бастады» – дейді ол.
Өз сөзінде Айнұр Мұратқызы қоғамда «бизнес бастау қиын, қымбат немесе барлығының қолынан келе бермейді» деген кереғар пікір басым екенін айтады. Алайда ол бұл сөзді құлағына ілмей, қолдағы бар 250 мың теңгені кәсіпке құйып, бүгінде жылдық табыс көзін молайтып отыр.
Сарқан ауданына қарасты Қойлық ауылында туып-өскен кейіпкеріміз отбасындағы үш баланың үлкені, өзінен кейін сіңлісі мен бауыры бар. Бірі –әкімдікте, бірі – жол инспекциясында қызмет етеді. Ата-анасы да еңбек десе ішкен асын жерге қоятындардың қатарынан екен.
«Саудагерлік қанымызда бар. Апамыздың әкесі кезінде мықты саудагер болыпты. Негізі мен бала кезімнен сауда жасаудың қандай болатынын сезініп, біліп өстім. Кеңес кезінде анам – Қойлық ауылындағы әмбебап дүкенінде сатушы болып еңбек етті. Университет қабырғасында жүріп «Avon», «Mary Kay»-дің заттарын алып, сататынмын. Одан пайда көрмесем де бұл ісім өзіме ұнайтын. Бойымдағы осы қызығушылық сауда әлеміне жетелеген болар» – дейді кейіпкеріміз.
Бес жыл ішінде шағын ғана кәсібінен жылдық табысын қомақты қаржыға көбейткен Айнұр бұл күні өз тарапынан қайрымдылық ісін көрсетуді де жадынан шығармапты. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – демекші, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет қой. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес.Сондықтан қажет кезде, қолда барда өзгелерге де қолұшын созу – адами қасиеттің бір парасы дер едім» – деп ағынан жарылды ол.
Қазіргі таңда қаладағы орталық әмбебап дүкенінің (ЦУМ) екінші қабатында «DELUXE» атты сауда орнын ашып, кәсібін кеңейтіп отырған Айнұр құдай қосқан қосағы Қуандықпен бірге үш баланы тәрбиелеуде. Тұңғыштары – Нәзира бүгінде Сүлейман Демирел атындағы университетте білім алса, ұлы – Ернұр 10 сыныпта, ал кенжелері – Әдия бесінші сыныпта оқиды.«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Мұның астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын аңғартатын мағына жатыр. Өйткені қоғамның түрлі салаларында-ғы жетістіктерде әйелдердің үлесі бар екені ақиқат. Сондай нәзік жанның қатарына Айнұр ЖАМАУБАЕВАНЫҢ есімін де қосуға болады.
Отбасының ғана емес, әулеттің ұйытқысы болып отырған Айнұр болашақта кәсібін бұдан да әрі дамытып, дөңгелетіп алып жүрсем дейді. Кәсібін нәсіп еткен кейіпкерімізге Жаратушыдан болатын ризық-несібеңіз арта берсін дейміз.
Сарби ӘЙТЕНОВА