БАСПАНА САЛАМЫЗ ДЕП бас бостандығынан айырылды

0
313

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, жемқорлық жайлы жаза-жаза қолымыз жауыр, айта-айта аузымыз ауырды. Жұлынға кіріп алған жегі құртты сылып тастау да оңай болып тұрған жоқ.

Отыз жыл ордалы жыланға айналған жемқорлармен Әділетті Қазақстан құрам деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да, бұқара халық болып та күресіп келеді. Екі жүйеде мұрттарын балта шаппаған экс президенттің туыс-тарынан бастап небір шенді-шекпенділер ішкен-жегендерін құсып жатыр. Күні кеше ғана бұрынғы Әділет министрі болған Марат Бекетаевтың қолына кісен салынды. Бұл бір Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде тамыры үзілмеген кесел. Қытай мемлекеті жемқорларды ішкен-жегенін құстырып, заңмен жазалап, өлім жазасына кессе де аспан асты елі әлі жемқорлықты тия алмай келеді. Ел мүддесіне қызмет ете жүріп сол мемлекеттің бюджетін талан-таражға салатын қомағайлар толықтай құрықталмай, ел экономикасының өрге басуы екіталай. Тоқсан жерден тосқауыл қойып, заңды қатайттық десек те, кеменің қабырғасын кеміріп тескен су тышқандай түрлі айла-шарғыға баратын жемқорлар жеті басты айдаһардан да асып түсті. Грузияның экс президенті Михаил Саакашвили Мемлекет басшысы болғанда жоғарыдан бастап етектегі барлық құрылымды таратып жіберіп, қайта жасақтап, жемқорлықтың жолын кескенін бүгінде кеңес одағындағы барлық мемлекет аңыз қылып айтып жүр. Ал, бізде ондай реформа жүзеге асырылған жоқ. Бірақ, табандап жүріп бұрынғы ішіп-жеген жемқорларды кәсіпкері бар, генералдары бар, министрі бар, әкім-қаралары бар, кезең-кезеңімен мойындарына қыл арқан салынуда. Тіпті, шетел асып жасырынбақ болған еркегін де, әйелін де интерпол арқылы іздеу салып, аспанға ұшса аяғынан, жерге кірсе төбе шашынан суырып алып, темір торға тоғытуда. Қазір жемқорлықпен былғанбаған сала жоқ. Жағдайымыз мүшкіл, техникамыз ескірді, жалақымыз төмен деп зар жылап жүрген төтенше жағдайлар мекемесіндегі сыбайлас жемқорлықтың 70 пайызы бөлімше басшыларымен жасалған. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығымен өткен кеңесте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің төрағасы Асхат Жұмағали мәлімдеді, — дейді Zakon.kz сайты. Соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелгенін айтқан Асхат Жұмағалиев сыбайлас жемқорлықтың қылмыстары еліміздің барлық өңірінде орын алғанын мәлімдеді. Олардың басым бөлігі: Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қостанай және Алматы облыстарына тиесілі болған. Аталған қылмыстардың ішінде, парақорлық, жымқыру фактілері басым. Мәселен, «Заңсыз сыйақы» өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру актісіне қол қою кезінде оқудан өткізу, рұқсат беру және жұмысқа орналасу үшін пара беріліп отырған. Агенттік төрағасының айтуынша жемқорлық-қа қарсы жүргізіліп отырған түрлі шараларға қарамастан ТЖМ қызметкерлері пара алудан тыйылар емес дейді. Мұндай келеңсіз қылықтан Жетісу облысы да кенже қалмапты. Жергілікті ТЖ бөлім басшысы жұмысқа алған адамынан пара аламын деп жемқорлықпен күрес агенттігі полицияларының қолына түскен. Агенттік қызметкерлері әр жыл сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар өткізіп, профилактикалық тұрғыда нақты әрекет жасап, мемлекеттік мекемедегі қызметкерлер жиі-жиі кездесу өткізіп жатса да мінез-құлықтарын түзетпей, психологиялық көзқарастарын өзгертпеген шенділер қылмысқа баруда. Қолы да, ары да таза болмаған мұндай адамдар мемлекеттің жауы, әрі халықтың қанын соратын қандаладан бірде бір кем емес. Анау-мынау емес білдей бір облыстың департамент басшысы ұсталуын немен түсіндіруге болады. Қол астындағыларға таза жүруді, адал қызмет етуді талап ететін басшының өзі парамен ауызданса, өзгелері не істемейді. Әрине бұл дегеніңіз жаға ұстатарлық жағдай. Өткенде қоғам қайраткері түрлі салада қызметтер атқарған, зейнеткер Мырзатай Жолдасбековтің интернет желісіндегі журналистпен сұхбатын оқыдым. Онда жемқорлық туралы мәселе қозғалады. Мырзатай ақсақалдың айтуынша, жемқорлықты тоқтату мүмкін емес дейді. Шынымен солай болса, Алла алдымен шенді-шекпендінің өзіне ынсап бермесе, көмей мен қолын тия алмағандар «алаған қолым, береген» деп сыбайластықтың тамырын көктете беретін шығар. Осы жемқорлықтың салдарынан зар жылап жүрген кәсіпкерлер де аз емес екен. Кәсібін дөңгелетіп, отбасын асырап, мемлекетке тиісті алым-салығын төлеп, жұмыссыздарға жұмыс беріп отырған кәсіпкерлердің аяғына оралып, жұмысын жандандырмайтындар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлерінің мәліметіне жүгініп көрдік. Жетісу облысында 10-мыңға жуық кәсіпкердің құқықтары қорғалғанын айтуда. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бизнеске жол» республикалық жобасын іске асыруды қолға алған. Осыған байланысты бүгінгі күнге дейін Жетісу облысында 9 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалған. Бұл туралы Талдықорғанда өткен баспасөз жиынында сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Жебегенов мәлімдеген болатын. Мақсат Мырзаханұлы: «Біздің мақсатымыз әртүрлі әкімшілік кедергілерді жою бойынша халыққа нақты көмек көрсету. Мұнда мемлекеттік қызметшілердің шешім қабылдау кезінде жұртты әуре-сарсаңға салудың алдын алу. Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығының маңыздылығын нақты атап өтіп, мемлекеттік органдарға субсидиялар бөлу үдерісіне бақылауды күшейтуді тапсырған болатын. Аймақтағы бақылау барысында субсидиялар беру кезінде рәсімдерді бұзу әрекеттері, соның ішінде «Сайлау» төлемдерін және өтінімдерді қараудың жүйелі кідірістерін көрсетті. Осыдан соң біздің ұсынымдарымыз бойынша барлық өтінім қаралып, кәсіпкерлердің 1,6 млрд. теңгені құрайтын 782 өтінімі мақұлданды. Осылайша, заңды құқықтарды қалпына келтіру шаралары қабылданды. Осы бөлімде жеке кеңестерді шешу бойынша да шаралар қабылдануда, олардың жекелеген лауазымды тұлғалар болуы Президент тапсырмасының ауырлығын түсінбейтіндігін, ал басшылар тарапынан бақылаудың жоқтығын көрсетеді», – деген болатын.
Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуларды басты назарда ұстаған агенттік бұл салада кәсіпкерлер көбіне әкімшілік кедергілерге тап болатынын, мемлекеттік органдар кейде сатып алу кезінде негізсіз біліктілік талаптарын белгілейтін немесе кәсіпкерлермен шарт жасасудан бас тартатынын айтты. Мұндай аяқтан шалулар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына кері әсер тигізеді деген Мақсат Жебегенов аймақтағы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тарапынан кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке негізсіз тарту жағдайын анықтапты. Оған штаттағы мамандардың нақты қатысуынсыз сараптамалық қызметті жүзеге асырғаны үшін айып тағылып, 1.2 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Жалпы республика бойынша қаңтар, ақпан айларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы 438 қылмыстық іс тіркеліпті. Одан бері қанша пайызға өскені жыл аяғында айтылар. Интернет желісіндегі жемқорлыққа қарсы ақпараттарға қарап отырсаң, қоғамдағы келеңсіз оқиғалардан түңіліп кетесің. Дамыған 50 елдің қатарына кіреміз деп жүріп жемқорлықтың алдыңғы шебіне шығып кеткен Қазақ мемлекетін кері тартып отырған сыбайластармен аяусыз күрес жүргізу керек-ақ. Жоғары эшелоннан бастап жергілікті жердегі өкілдердің мемлекет бөлген қаржыларға көз алартуы, кәсіпкерлердің құқығын бұзуы, субсидиялардың қажетті жерге жетпеуі, одан қалса пара дәметуі ел экономикасынның тамырына балта шабумен бірдей. Қаулаған өсімдікке қаптаған шегірткедей жұмыртқалап жатқан жемқорлық түбімізге жететін түрі бар. 2022 жылы «Жетісу жемқорлар ордасына айналды ма?» деген мақалада «Transparency Kazakhstan» сарапшылары ел аумағындағы 9000 респондентке сауалнама жүргізгені жазылған. Зерттеуге республикалық маңызы бар 3 қаланың, 14 облыс және 143 аудан орталығының тұрғындары тартылғаны айтылып, сауалнамаға қатысқан қарапайым адамдардың 11,3 пайызы мемлекеттік органдарға жүгінген кезде сыбайлас жемқорлыққа тап болғанын айтыпты. Ал кәсіппен айналысып, нәпақасын шағын және орта бизнестен тауып жүргендердің 8,2 пайызы мемлекеттік мекемелерге жүгінген кезде мәселені шешу үшін пара беруге мәжбүр болғандарын көрсеткен. Демек, сыбайластықтың қайнар көзі атқарушы билікте жатқанын көруге болады. Мемлекеттік мекеменің өзі сыбайластықтан тұтас тазармай, жемқорлықты жоюдың күрделі екенін жүргізілген сауалнамадан-ақ білуге болады. Мәселен, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 37,4 пайызы және кәсіпкерлердің 45,9 пайызы кейінгі екі жылда пара алу дерегінің азайғанын айтқан. Бұл жерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің ұдайы жүргізіп отырған түрлі шараларының жемісі бар екені анық. Сыбайлас жемқорлықтан Жетісу, Алматы облысынан да фактілер жиі тіркеліп тұрады. Мысалы Алматы облысы бойынша департаментінің мамандары былтыр 166 адамды пара алды деген күдікпен ұстаса, олардың арасынан 102 тұлғаның қылмысы дәлелденіп, сотталған екен. 2021 жылдың 12 айында 101 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, оның ішінде 75 қылмыс сыбайлас жемқорлық бойынша сотқа жеткен. Жемқорлықпен ұсталған 166 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның 23-і әртүрлі дәрежедегі лаузымды, яғни бірінші басшылар болған. Өткен жылы 102 адам сотталып, оның ішінде 87 адамға 250,4 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Бас бостандығынан 8 адам айырылып, тағы 8 адамның мүлкі тәркіленіп және өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды деген болатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жандос Жұмабаев. Мемлекеттік қызметте адал болуға ант беріп, артынан қылмыс жасайтын шенділер сонда кімді алдап жүр? Мемлекет басшысын ба, әлде өздерін бе? Жылма-жыл, торға түсіп жататын шабағы да, шортаны да, миллиардтаған қаржыны жымқырғандары дәлелденіп, дүние-мүліктері тәркіленіп, өздері істі болып, мемлекеттік қызметке қайтып жоламастай аластатылып жатады. Парақоры бар, мемлекет қаржысын қалтаға басатындары бар, тендер ойнатып теңдей жейтіні бар, субсидияны суша шашып тұтынғандары бар. Айта берсең, араны ашылған, торға түсіп аптығы басылған жемқорлар жайлы қисса-дастан айтуға болады. Жемқорлықтың жолын түбегейлі жауып тастай алмасақ та қызметте жүргендерге сабақ болсын деп жемқорлық жайлы түрлі жарнамалар, драмалық қойылымдар көрсетіліп келеді. Бірақ, содан сабақ алып жатқандары аз.
Жетісудағы жемқорлықтың түп негізі мемлекеттік сатып алуда жатқанын жиі мониторинг жүргізіп отырған жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мамандары айғақтаған. Мәселен, облыс бюджетін тиімсіз қолданбақ болған мекемелерді жиі анықтаған. Былтыр қаржыға қатысты қырағылықтың арқасында 11 млрд теңгеге жуық бюджет ақшасы үнемделіпті. Ал облыстағы 425 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс лауазымдары енгізілген. «Оң көзіңе, сол көзің қарауыл болсын» демекші, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жемқорлармен табанды күрес жүргізіп келеді. Жетісу облысында қаржы жымқыруға қатысты 4,6 млрд теңге ұрланғанын, осы қылмысқа қатысты 23 адам күдікке ілінгенін, оның 21-і Талдықорған қаласының білім бөлімінің және №14 орта мектебінің бухгалтерлері «атың шықпаса жер өрте» дегендей болып тұр. Жемқорлықтың бір ұшы құрылыс саласында. Талдықорғанда коттедж қалашығынан қаржы жымқырғандар сотталды. Олар құрылысы 2014 жылы басталған коттедж қалашығын салу үшін 8 млрд теңгеге жуық бюджетті дұрыс игермеген. 2019 жылдан бастап пайдалануға беріле бастаған баспаналардың сапасы сын көтермей, баспаналы болғандар дабыл қағып, бұл іске облыстық прокуратура органы араласқан болатын. Түрлі көзбояушылыққа барған мердігер компанияларға қатысты жіті тексеру жүргізген құзырлы орган біраз былықтың бетін ашып берген-ді. Қылмыстық істі тергеу шеңберінде мердігер келтірілген залалды өтеді, оның ішінде 36 үйді өз қаражатына салды, — дейді Жетісу облысы прокуратурасының өкілі. Сот үкімімен мердігер ұйымның басшысы құрылысты техникалық қадағалауды жүзеге асыратын компанияның жұмыскерлері және тапсырыс беруші «Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі» ММ-нің лауазымды тұлғалары қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі, 361-баптың 4-бөлігі және 280-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, сотталған. Жегендері желкесінен шығып, бюджет қаржысын жымқырғандар «судың да сұруы бо-ларын» ұмытып кетсе керек. Әлде «шегірткеден қорыққан егін екпейді» деп көздерін жұмып жіберіп, бюджет қаржысын жымқырды ма, кім білсін?! Баспана саламыз деп бас бостандықтарынан айырылғандардың бұл әрекеті өзгелерге сабақ болса қанекей.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ