АУТИЗМ АХУАЛЫ АЛАҢДАТАДЫ
Жетісу облысының статистикасына сүйенсек, аутизм және аутизм спектрінің бұзылуы диагнозы бар науқастардың саны өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға өскен.
Өткен жылы осы дертке шалдыққандар саны 167 болса, биыл жыл басынан бері 217-ге жеткен. Диспансерде тіркелген 217 науқастың 170-інде мүгедектік тобы бар, олардың 149-ы 0-ден 14 жасқа дейінгі балалар екен. Бұл туралы Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық психикалық денсаулық орталығының балалар психиатр-дәрігері Дидар Аушинов баян етті.
Брифинг барысында облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының Психиатриялық қызмет жөніндегі орынбасары Сеилхан Жұмабеков те аталмыш дертке қатысты баяндама жасады.
«Балалық аутизм – бұл 3 жасқа дейінгі кезеңде білінетін, ауытқымалы және бұзылған дамудың болуымен, әлеуметтік өзара іс-қимыл, қарым-қатынастың және шектеулі, қайталанатын мінез-құлықтың барлық үш саласында ауытқымалы қызмет етуімен айқындалатын дамудың жалпы бұзылуы. Аутизм спектрінің бұзылуының (АСБ) себептері туралы бірыңғай тұжырымдама жоқ. Қазақстанда және бүкіл әлемде сырқаттанушылықтың өсуінен, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау ұйымдарының белсенді өзара іс-қимыл жасау қажеттілігіне байланысты АСБ аса өзекті болып отыр», – дейді Сеилхан Абдрахманұлы.
Брифингте сөз алған мамандар аутизм туралы ақпаратты әркез біліп жүрген абзал дейді.
2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні болғандықтан, Талдықорған қаласының орталық арбатында тұрғындарға «Аутизм туралы не білуіміз керек?» атты арнайы кітапшалар таратылып, бұдан бөлек облыстық психикалық денсаулық орталығында аутизм спектрінің мәселелері бойынша ашық есік күні ұйымдастырылды.
ДДҰ статистикасы бойынша әлемде 10 миллионнан астам адам аутизммен ауырады. Бірнеше онжылдықтар бұрын аутизм спектрінің бұзылуы бар 10 000 адамға бір адамнан келетін. Жыл сайын олардың саны 11-17 пайызға артып келеді. Бүгінде жер шарындағы әрбір жүзінші адам аутизммен ауырады.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»