«АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ» АТҚАРАТЫН ШАРА КӨП

0
258

«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген аталы сөз бар. Ол аз десеңіз «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейтін тәмсілдің мағынасы тереңде жатыр. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев «Қариялар азайып бара жатыр» атты өлеңінде:
«Арсыз күлкің тиылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да.
Араздасып ағайын кетер еді,
Бір қария болмаса бір ауылда.
Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,
Сонда орнайды жетімдік басымызға.
Жалаңашқа шекпенін шешіп беріп,
Бір күлшесін бөліскен ашымызға!» – деп қариялар жайлы тебіренеді.

Елдің мүддесі талқыға түскенде ақсақалдардан ақыл сұрап, «келісіп піскен тон келте болмайды» деп жататынымыз сондықтан. Өнегесін айтып, өрелі істің басы-қасында жүретін ақсақалдардың ақыл-кеңесі қашанда қажет. «Телісін тезге салып», ауылдың береке-бірлігін ұйытып, елді ынтымаққа шақырып, жастарға бағыт-бағдар көрсететін Ардагерлер кеңесі үрдісін үзген жоқ. Сонау қиын-қыстау заманнан бері ел басқарған басшы-қосшылар ақсақалдарға арқа сүйеп келеді.
Ескелді ауданында аудандық Ақсақалдар кеңесі әкімдікпен бірге тізе біріктіріп жұмыс атқарып келеді. Тіпті Ардагерлер кеңесінің қатысуынсыз өткен шаралар некен-саяқ. Ауданда қандай да бір іс-шара жүзеге асып жатса соның басы-қасында ақсақалдар жүреді. Мәселен, мемлекеттік және кәсіби мерекелерде, иә болмаса жастарға, отбасылық жағдайларына қатысты шаралардан қалмай, үнемі қатысып жүреді. Ұйым төрағасы Бимұрат Көпбайұлы Боранбаев бастаған ақсақалдар ұйымы түрлі форматта іс-шара өткізеді.
«Көргені көп, көкірегі даңғыл Ардагерлер кеңесі жыл басынан бері аудан әкімдігімен бірлесіп оннан астам іс-шараға ұйытқы болуда. Мәселен, 15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күні, 1 наурыз – Алғыс айту күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, Наурыз мерекесі, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, 1 маусым – балаларды қорғау, 4 маусым – ҚР мемлекеттік рәміздері күні аудан көлемінде кеңінен аталып өтті», – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бимұрат Боранбаев.
Елдің мұң-мұқтажын аудан әкіміне жеткізіп, халық пен билік арасына алтын көпір салып жүретін ардагерлер жер дауы, ауыз су, мал жайылымы, көше жарығы, қыл аяғы отбасылық мәселелердің түйткілін де Аналар кеңесі мүшелерімен бірлесіп шешіп жатады. Тәлім мен тәрбиені жастар санасына сіңіру, оларды жат ағымдардың жетегіне ілесіп кетпеуін, ұрлық-қарлық, нашақорлықтан аулақ болуын, үлкенді құрметтеп, кішілік ізеттен танбауларын ұдайы айтып, саналарына құйып отырады. Аудан көлеміндегі білім ошақтарында, ауыл-аймақтарға шығып, елдің тыныс-тіршілігіне етене араласатын да осы Ардагерлер мен Аналар кеңесі. Ардагерлер кеңесінің жұмысы жайлы ауданда қызмет атқарған, бүгінде құрметті демалыста жүрген Қалабек Тастанбекұлын әңгімеге тарттық.
Бір ауданның өзінен 34 еңбек ері шыққанын мақтанышпен айтуға болады. Құдайға шүкір аудандағы халықтың ауыз бірлігі мығым. Жұдырықтай жұмылып еңбек етуде. Өзім де осы Ардагерлер кеңесін басқардым. Көңілді қынжылтатыны – басшылардың жиі-жиі ауысатыны. Әйтпесе, көштен қалып жатқан жоқпыз. Ардагерлер әрқашан халықтың ортасынан табылады. Барлық өңірге тән сыни көзқарас бізде де бар. Мәселен, жер дауы. Кеңестік кезеңде Ескелді ауданына қарасты ақын Сара ауылында астық өндіретін ғылыми шаруашылық болды. Жекеменшік дәуір басталғанда ғылыми өндірістік шаруашылықтар жекеге берілмесін деген заң болған. Алайда, бертін келе бұл заң бұзылып, кезінде спорт министрі болған Темірхан Досмұхамедов Байсерке агроөнеркәсібі құрылғанда ғылыми шаруашылықтар да бөліске түсті. Жер бөлу кезінде осы шаруашылықтың іргесін 1954 жылы қалаған тұрақты жұмыс жасағандар, солардың ұрпақтарының алатын үлесі көптеу, кейіннен келгендерге жер үлесі аз тиді. Ел арасында «анау көп алып қойды, біз неге аз алдық» деген әңгімелер жүрді. Міне, осы даулардың бас-аяғында ардагерлер жергілікті билікпен бірлесіп, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Жер дауы, Жесір дауы» қазақта әлімсақтан бар. Аудан халқы ұлтқа, ұлысқа бөлінбейді, оған жол да берілмейді. Бір сөзбен айтқанда ардагерлер кеңесі мен аналар кеңесі араласпайтын шара жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауын насихаттау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, зорлық-зомбылықтың алдын алу, саяси мәселелердің бәрін Ардагерлер мен Аналар кеңесі жұмыла кіріседі», – деп ағынан жарылды ол.
Ескелді ауданының аумағында 11 ауылдық округ, 33 елді мекеннің әр округінде ауылдық Ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, елдің береке бітімін ұйыстыруда Ардагерлер мен Аналар кеңесі бірлеседі. Мәселен, ауылдық Ардагерлер кеңесі ауылдың мейрамдарына, әртүрлі мәселелері бойынша өтетін жиындарға қатысып, маңызды іс-шаралардың жүзеге асуына атсалысып келеді. Аудан көлемінде Аналар кеңесі, полиция бөлімі, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп отбасы татулығы, зорлық-зомбылыққа қатысты жыл басынан бері түрлі шараларды атқаруда. Бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған зорлық-зомбылық, отбасылық жан-жалдың алдын алуда полиция қызметкерлерімен тізе қосып жұмыс жасалуда. Әсіресе, жас отбасылардың ажырасу мәселесі, өмірге жеңіл-желпі қарауы, балалардың көздерін жәутеңдетіп, тірі жетім болуына ер мен әйел бірдей жауапты. Осы төңіректе аудандық Аналар кеңесі аудандық полиция бөлімімен бірлесіп наурыз айының 5-6 күндері «Әйел- отбасы шырағы» тақырыбында акция өтті. Акцияның мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, оның ішінде әйелдерге қатысты жасалатын құқық бұзушылықтан қорғауды жанұялы жандарға түсіндіру. Қол ұстасып өмірге сәби алып келгеннен кейін, ата-ана отбасының жауапкершілігіне мұқият болуы керек. Әйелдің ерді пірім деп қадірлеуі, ердің жұбайын қабырғамнан жаралған жарым деп бір-біріне кешірімшіл болуын ұдайы айтып келеміз. Бала-шағаның көзінше әйелге қол көтеру, жәбірлеу, күшпен бағындырамын деу әбестік. Отбасы болған соң «ыдыс аяқ сылдырламай тұрмайды». Әйел де өзінің әйелдік міндетіне бей-жай қарамау керектігін айтамыз, құйма-құлақ болса түсінеді дейді.
Ағымдағы жылдың наурыз айында Қарабұлақ ауылында аудандық полиция бөлімінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы Лаура Ілиясқызы және аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Дина Бекетайқызының қатысуымен «Әйел – отбасы шырағы» атты тақырыбында аудан тұрғындарымен дәріс жүргізілді.
Кездесуде отбасындағы зорлық-зомбылықты жою үшін қандай іс-шаралар жүргізу керектігі, әйелдерге қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, психологиялық көмек көрсету, психологиялык кеңес беру туралы ақпарат берілді.
Аудан тұрғындары Ардагерлер кеңесінен бөлек өздерінің мәселелерін аудан әкімдігінің әлеуметтік желісіне жазуда. Оған тиісті мемлекеттік мекемелер қарап, шешімін айтады. Жыл сайын өтетін ауыл әкімінің ауыл халқына есеп беру кездесулерінде түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылады. Осы жұмыстардың барлығында Ардагерлер мен Аналар кеңесінің үлесі бар.

А. МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ