АУЫЗ СУ БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАШАН АЯҚТАЛАДЫ?
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, ауыз су мәселесінің жыры әлі тәмәм болмай тұр. Экс президент Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарып тұрған кезеңде 2001-2030 жылға дейін ауыз су бағдарламасының мемлекеттік деңгейде жоспары жасалып, 2002 жылы «Ауыз су» бағдарламасы енгізілген.
2011 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы іске қосылып, ауыл-аймақ, елді мекендерге ауыз су құбыры тартылды. Бірақ «Ақбұлақ» бағдарламасы толықтай жүзеге аспады. Мұнда да жемқорлықтың иісі аңқып, прокуратура органдары талай шендінің ізіне түсіп, жемқорлықпен шатылғандарды «Антикор» абақтыға айдады.
2019 жылы Мемлекет басшысы болып Қасым-Жомарт Тоқаев сайланғаннан кейін де «Ауыз су» бағдарламасы күн тәртібінен түскен емес. Өзекті мәселеге орай Президент халыққа жолдауында таза су еліміздің барлық елді мекеніне қолжетімді болуы тиіс деген болатын. Көк сандықтың түймесін басып қалсаңыз, не интернет желісін көз сүзе қалсаңыз ауыз су, жол мәселесін айтып ұлардай шулаған халықты көресіз. Тұщы су ішіп, болмаса водовозбен тасымалданған көне құбырлардан алынған сулардың жеткіліксіздігі сөз болып жатады. Тіпті елді мекендерде ауыз су тартылады деп көшелерді қазып, құбыр тартылып, іс толықтай аяғына жетпей орта жолда қалған көріністер қылаң береді. Ал кейбір өңірлерде тартылған ауыз судың сапасы сын көтермей, елдің өкпе ренішін тудырған оқиғалар да аз емес. Мәселен, Жетісу облысының Қаратал ауданы Көпбірлік ауылына бір кездері ауыз су бағдарламасы бойынша әр үйдің ауласына дейін таза су тартылып, ауыл халқы қуаныштан бөріктерін аспанға лақтырған болатын. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Жұмыс жүйелі атқарылмағандықтан ауыл халқы баяғы тұщы суды қайта тұтынды. Жиі-жиі қондырғыдағы фильтрді ауыстыру қыруар қаржыны талап еткендіктен бұл мәселе қайта қаралып, бүгінде Көпбірлік ауылы таза ауыз су тұтынып отыр. Халықты таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы, одан соң 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылған болатын. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасынан кейін бұл мәселе «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында қайтадан шешімін тауып, халықты таза ауыз сумен қамтуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Жетісу облысында жалпы 325 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Биылғы жылы сумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау бойынша 22 жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Уақытылы және сапалы іске асыру нәтижесінде 430 шақырымға жуық желі салынады, 20 елді мекенде ауыз судың сапасы жақсарады деп күтілуде. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізіліп, 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған ауыз сумен 331 елді мекен қамтамасыз етілмек. Таза ауыз суға қатысты ауқымды жұмыстар жайлы журналистермен бас қосқан брифингте жиі айтылуда. Талдықорған қаласында Жастар 1 шағын ауданындағы ауыз су мәселесі де тілге тиек болғанды. Бұл енді шалғайдағы елді мекен емес, облыс орталығындағы өзекті мәселе. Қала тұрғындарының айтуынша, мұнда кейбір көшеде су жоқ болса, ал кейбірінде сапасы нашар екен. Қазіргі уақытта шағын аудан бойынша жоба дайын, мердігер компания да бар. Қаржы бөлінгеннен кейін қайта құру жұмыстары басталады. Ал кейбір жерлерге «Жетісу Су құбырымен» бірге судың қысымын реттеу жұмыстары жүргізілетін болады деп айтылған-ды.
Ауқымды тақырыптың аясында біз ЕСКЕЛДІ және КӨКСУ аудандарындағы ауыз су мәселесін қаузадық. Облыс орталығы Талдықорғанға тиіп тұрған екі ауданға сұрау салғанымызда Ескелді ауданындағы 11 округтің 7-еуі толық ауыз сумен қамтылса, 4 округте ағымдағы жылы су тарту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Атап айтқанда, Алдабергенов, Ақтұма, Ақешкі, Сырымбет ауылдары. «Сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру және салу нысандары» деген атаумен өңірде ауыз сумен қамтылмаған елді мекен жоқ екендігін айтады аудан әкімдігі. Ауыл аймақтардағы су құбырын тарту жұмыстары ағымдағы, яғни 2024 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Мәселен, Ақешкі ауылындағы су құбырын қайта жаңғырту нысанының жұмыстары 2021 жылы басталған. Бас мердігер «Дәнекер» ЖШС, келісімшарт бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары – 250,2 млн. теңге. Жұмыстарды орындау мерзімі 8 ай, игерілген қаражат көлемі 222,4 млн., қалдық сома 27,8 млн. Атқарылған жұмыстар көлемі 98 пайыз. Жалпы ұзындығы 9 км су құбырлары толығымен тартылып, су мұнарасы салынды. Ауыз су жүйесін қысыммен тексеру жұмыстары жүргізілу үстінде, 10-11 маусымда дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, содан кейін халыққа ауыз су беріледі. Нысанда 4 адам және 1 техника жұмыс жасауда, жұмысты аяқтау мерзімі алтыншы айға жоспарланған. Ақтұма ауылындағы су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары да 2021 жылы басталған. Мұнда бас мердігер «Монолит» ЖШС, келісімшарт бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны – 170,8 млн. теңге. Жұмыстарды орындау мерзімі 8 айға жоспарланған. Игерілген қаражат көлемі 162,2 млн. теңге болса, қалдық сома 8,6 млн. теңге. Атқарылған жұмыстар көлемі 90 пайыз, жалпы ұзындығы 2,5 км. Бүгінгі таңда нысанда су мұнарасында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысанды аяқтау мерзімі маусым айында толығымен аяқталуы тиіс болатын. Алайда, аталған ауылдарда маусым айында аяқталуы тиіс жұмыстар мерзімі шілде айына шегерілген. Мердігер компаниялар жұмысты межелеген мерзімде аяқтамай, созбалаңға салынуы жақсылықтың нышаны емес. Сырымбет ауылындағы су құбырын қайта жаңғырту объектісі де үш жыл бұрын басталыпты. Бұл нысанды «Монолит» ЖШС келісімшарт бойынша сегіз айда аяқтау керек. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны – 356,7 млн. тенгеге бағаланған. Игерілген қаражат көлемі 305,6 млн. теңге болса, қалдық сома 51,1 млн. теңге. Жұмыстың 92 пайыз көлемі атқарылған. Жалпы ұзындығы 14 км, бүгінгі таңда 13,2 км аяқталған. Бұл нысанда казіргі уакытта 3 адам, 1 дана техника жұмылдырылған. Нысанды аяқтау мерзімі тамыз айына жоспарланған. Екі мәрте Социалистік Еңбек ері Нұрмолда Алдабергенов атындағы ауылда да су құбыры қайта жаңғыртылуда. Бұл нысанда 2021 жылы басталған жұмыстың бас мердігері «Көлсай строй» ЖШС, келісімшарт бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары – 791,2 млн. теңге. Жұмыстарды орындау мерзімі 10 айға жоспарланған. Мұнда да атқарылған жұмыс көлемі 98 пайызға орындалған. Жалпы ұзындығы 29 км. Игерілген қаражат көлемі 721,7 млн. теңге. Қалдық сома 69,5 млн. теңге. «Мұнда қазір тек қана көшелердің асфальт төсеніштерін қалпына келтіру жұмыстары қалды» – деген аудан әкімдігі жеті аудандық округте су тарту жұмысы 2015 жылдан бері қарай жүзеге асып келе жатқанын айтты. Алдағы уақытта Ақтасты ауылында жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланған, оған 830 млн. қаржы керек болса, Жалғызағаш ауылындағы жөндеу жұмыстарына 1,4 млрд. қаражат қажет. Елді мекендерге су жергілікті қаражат есебінен, Республикалық және Ұлттық қордан бөлінуде.
Ал КӨКСУ ауданында ауыз сумен қамту бойынша ШЖҚ «Көксу жылу-су сервис» МКК қызмет көрсетеді. Аудандағы 10 ауылдық округте орналасқан 24 ауыл толығымен таза ауыз сумен қамтылған. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында З.Тамшыбай атындағы ауылда және Көксу станциясында сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 18,5 млн. теңге бөлініп, биыл аяқталады деп күтілуде.
Қазіргі таңда Балпық би ауылындағы су құбырларын ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу мақсатында мемлекеттік сатып алулар ұйымдастырылып, нәтижесінде «Ақжол-Ырыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалған. Келісімшарттың жалпы сомасы 20 млн. 134,4 мың теңгені құрады, жобаның аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың 31 желтоқсанға жоспарланған. Аудан бойынша ауыз су құбырының ұзындығы 269,65 км, кәріз жүйесінің ұзындығы 8,09 км құрайды. Ауыз су бойынша тұтынушылар саны – 7397, кәріз жүйесіне қосылған тұтынушылар саны – 1069.
Елді мекендерді және қаланы таза ауыз сумен қамту нысандарын әу баста жаңадан салғанда және бұрынғыларын қайта жарықтандырған кезде жүйелі әдіс-тәсілдерді енгізу көзделген. Елді мекендердегі сумен қамту жүйелерін пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз ететін көрсеткіштер белгіленіп, су шаруашылығы секторының инвестициялық тартымдылығына және сумен қамту нысандарын қаржыландыруға жекеменшік капиталды молынан тарту ісіне мән берілген-ді. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жерасты суларының әлеуетін молынан пайдалануға екпін түсіріп, сумен қамту жүйелерін жобалаудың сапасын көтеру ескерілген болатын. Су шаруашылығы секторының жағдайына мониторинг жүйесін енгізуге мән беріліп, жаңа бағдарламаны жасау барысында ескерілген осынау жүйелік тәсілдер ауылдық және қалалық жерлердегі сумен қамту жүйелерінің жағдайын зерттеу ісі талап етілген. Осы зерттеудің нәтижесінен белгілі бір қорытынды шығарылып, ауылдық және қалалық жердегі ауыз сумен қамту жобаларының арнайы тізбесі жасалуы тиіс болған. Мұнан кейін бұл жобалар Экономикалық даму және сауда, Қаржы министрліктерінің қарауына тапсырылып, аталған министрліктердің жобаларды қаржыландыру ісіне қатысты талаптары орындалған жағдайда бұл тізім Премьер-министрдің бірінші орынбасары төрағалық ететін Ведомствоаралық комиссияның қарауына берілетін болған. Мұнда жобалық-сметалық құжаттарды қараған кезде оларды жүзеге асыру үшін тиісті дәлелденген су қорларының болуы, жоба туралы зерттеулердің нәтижелері, жоба жүзеге асырылған кезде оны пайдалану ісін ұйымдастыратын ұйымның болуы, жобаны қаржыландыруға жергілікті бюджеттің де қатысуы секілді өлшемдер басшылыққа алынған. Бұл «Ақбұлақ» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 9 қараша күнгі қаулысымен бекітілген-ді. Бағдарламаның басты мақсаты – халықты қажетті мөлшердегі және сапасына кепілдік берілетін ауыз сумен қамтамасыз етуі тиіс еді. Алайда, «Ақбұлақ» бағдарламасының міндеттері толық жүзеге аспады. «Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық мұнда да қылаң берді. Ауыл-аймақтарға тартылған ауыз судың құбыр жүйелеріндегі шикілікті кезінде прокуратура органдары анықтаған болаты. Жетісу облысы бөлінбей, Алматы облысының құрамында болғанда ауыз судың жыры, Еңбекшіқазақ ауданының «Казатком» ауылының тұрғындары «Жас-Алаш» газетіне ауылға ауыз су тартуға қарсы мақала жариялап, қоғамды біраз дүрліктірген-ді. Алматы қаласының іргесіндегі Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарының елді мекендеріндегі тұрғындар ауыз судың қиындығын күні бүгінге дейін айтып келеді. Ауылға құбыр тартып, су әкелеміз деп тендерді ұтып алған кейбір мердігерлер жұмысты толық аяқтамай, орта жолда тастап кеткендер жайлы ақпараттар қамысқа тиген өрттей қаулағаны күні кеше ғана болатын.
Кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келетін таза ауыз су бағдарламасының әу бастағы жоспарында ивестиция тарту көзделген. Мәселен, салынған инвестициялардың қайтарымдылығына кепілдік беру мақсатында ұзақ мерзімді тарифтер белгіленетіні айтылған. Елді мекендерге таза суды пайдаланушыға дейін жеткізуде белгілі бір бөлігінің жоғалып кетуі немесе шығындалған жағдайда ғылыми негіздік нормаларға дейін төмендеуіне де мән берілген. Бұл бағдарламада, инвестиция салған кәсіпкерлердің де жағдайы ескерілген әрі оны жүзеге асыру екі кезеңнен құралған болатын. Бірінші кезең – 2011-2015 жылдар, екінші кезең – 2016-2020 жылдар аралығы еді. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында барлық ауылдық елді мекендердің 80 пайызында орталықтандырылған сумен қамту жүйелеріне халықтың қолын жеткізу болса, қалалық елді мекендерде 100 пайызды құрайтын болады делінген еді. Сумен қамту және кәріз жүйелерін пайдалану кәсіпорындарының ішіндегі жекеменшік капиталдың, соның ішінде концессиялық келісімдер негізінде қатысушылардың санын 19 бірлікке дейін жеткізіп, қалалық жерлерде су есептегіш құралдарымен қамтуды 100 пайызға, ал ауылдық елді мекендерде 80 пайызға жеткізу көзделген. Сумен қамту және кәріз жүйелері жобаларын жүзеге асырған кезде қазақстандық бұйымдар мен технологияларды қолданудың үлесін 60 пайызға дейін арттырып, 3 мыңнан астам елді мекенді жерасты су қорларымен қамтамасыз ету қажет болған. Сондай-ақ, қалалар мен елді мекендер үшін су қорларының көлемін қайта бағалау мақсатында 165 су көзінің кен орындарына барлау жұмыстарын жүргізу, топтық су құбырлары үшін 15 су көзінің кен орындарының көлемін қайта зерттеу, 86 қала мен 6943 елді мекендегі сумен қамту және кәріз жүйелерінің жобаларын жүйелі мониторингпен қамту, халықты тәулігіне 24 сағат сумен қамтуға қол жеткізу жоспарланған еді.
2024 жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылысы мен реконструкциясына 218 млрд. теңге көзделген. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі ҚР Үкіметінің отырысында Қанат Шарлапаев «сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылысы мен реконструкциясы» туралы баяндамасында 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықты сумен қамтамасыз ету қалаларда 98,9 пайызды, ал ауылдарда 96,6 пайызды құрағанын айтты. Сондай-ақ ол еліміздің 9 өңірі сумен 100 пайыз қамтылғанын, Маңғыстауда толық, ал Атырау және Алматы облыстарында халықтың 99 пайызы сумен қамтылғанын тілге тиек етті. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылысы мен реконструкциясына республикалық бюджеттен 324 жобаны іске асыруға 218 млрд. теңге көзделгені белгілі болды. Оның 106 млрд. теңгесі қалаларға және 112 млрд. теңгесі ауылдарға бағытталыпты. Сондай-ақ, жобаларды іске асыру есебінен 2024 жылдың аяғына дейін қала тұрғындарының 99,5 пайызын және ауыл тұрғындарының 97,8 пайызын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Республика аймағындағы 89 қаланың 65-і толықтай сумен қамтылса, жыл аяғына дейін Шымкент, Державинск, Шемонаиха, Екібастұз және Шардара қалалары толықтай сумен қамтамасыз етілмек. Ал 2025 жылы 19 қаланың тұрғындарын 100 пайызға ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ, қалалардағы су желілерінің құрылысы бойынша 83 жобаны іске асыру міндеті тұр, 27 жобаны ағымдағы жылдың соңына дейін, ал 28 жобаны 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Деректер бойынша 6256 ауылдың 5 130-ы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, қалған 1126 ауылды 2025 жылдың соңына дейін қамту көзделген. Оның ішінде, 316 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілетіні белгілі болды.
Айтақын БҰЛҒАҚОВ