«АЛТЫН БЕЛГІГЕ» ҮМІТКЕРЛЕР АРАСЫНДА 71-ТҮЛЕК ЖҮЗДЕН ТӨМЕН БАЛЛ ЖИНАҒАН

0
621

Мектеп түлектері үшін үш ай жазғы демалыс та бітуге таяды. Енді бір апатадан кейін күміс қоңырау соғылып, республиканың барлық өңіріндегі білім ошақтары есігін айқара ашпақ. Осы мақсатта біз Жетісу облысы білім басқармасына арнайы сұрау салып, жаңа оқу жылына білім жүйелерінің дайындықтары және 2023-2024 жылы қанша бала мектепті аяқтады. Олардың ҰБТ-дағы білім дәрежесі қай деңгейде болды? Қанша түлек жоғары балл жинады әрі сегіз аудан екі қала бойынша білім сапасы қандай көрсеткіштер көрсеткенін білген едік.

«Баламды медресеге біл деп бердім» деп Абай дана айтқандай, әрбір ата-ана баласының сапалы білім алып, азамат болып қалыптасқанын қалайды. Мемлекет те балалардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасауда. Заман ағымына қарай жаңа үлгідегі мектептер салынып, технологиялармен жабдықталуда. Білім саласы да түрлі реформаларды бастан өткеріп келеді. Нарық жүйесіне орай екі бағытта түлектер білім алуда. Бірі жекеменшік, екіншісі мемлекеттік деңгейде қаржыландыратын білім ошақтары. Осы екі бағытта білім бәсекесі бар. Бұл заңдылық әрі заманның талабы. Сондай-ақ, әлеуметтік саладағы осал топтарға, көпбалалы аналармен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекет қамқорлығына алып, олардың қатарларынан қалмай білім алуларына қолұшын созуда..

 * * *

Тамыз айының 1-і мен қыркүйек айының 30-на дейінгі аралықта «Мектепке жол» республикалық акциясы қарқын алуда. Басты мақсат – әлеуметтік саладағы аз қамтылған, көпбалалы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылында материалдық қолдау көрсету. Бүгінгі күнде 1 493 балаға 31 млн. 781 мың 300 теңге қайырымдылық көмек көрсетілген. Облыстық басқармалар тарапынан 24 балаға 1 млн. 202 мың теңге (білім басқармасы – 13, Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі – 1, еңбек инспекциясы басқармасы – 1, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы – 5, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті – 2, денсаулық сақтау басқармасы – 1, қаржы басқармасы – 1) көлемінде көмек берілді. Сондай-ақ, аудандық, қалалық білім беру бөлімдері тарапынан 1 469 балаға 30 млн. 579 мың 300 теңге көмек көрсетілген (Алакөл – 31, Ақсу – 99, Ескелді ауданы –101, Қаратал – 232, Кербұлақ – 117, Көксу – 15, Панфилов – 90, Сарқан қаласы – 215, Талдықорған қаласы – 358, Текелі қаласы – 211).
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, 2024 жылға жекелеген санаттардағы 24 453 оқушыға мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз етуге (бір оқушыға 43407 теңге есебінен) 1062,0 млн. теңге қаражат бөлініп, ата-аналардың жеке есепшотына 100 пайыз аударылыпты.
Жаңа оқу жылында жалпы орта білім беретін 337 мектепте 129338 оқушы білім алады, оның 11816-сы бірінші сынып табалдырығын аттайтын болады. Бұл сандардың қатары 13 мыңға дейін жетуі мүмкін.
Білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, жаңа 2024-2025 оқу жылында облыстағы оқушылар контингенті 129,5 мыңнан асады деп күтілуде.

* * *

Балалардың алаңсыз білім алуы үшін 2022 жылы 2050 орындық 6 мектеп пайдалануға берілді, (Панфилов ауданының Баскунчи ауылындағы Крылов ат. 300 орындық, Бөрібай би ауылындағы 110 орындық жалпы білім беретін мектеп, Шежін ауылындағы мектепке асхана және спорт залы бар 60 орындық қосымша құрылыс салу; Қаратал ауданының Үштөбе қаласында Қ. Тоқаев атындағы орта мектепке 200 орындық жапсарлама құрылыс, Ортатөбе ауылында 180 орындық ОМ, Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс ауданында 1200 орындық ОМ құрылысы.
2023 жылы 1760 орынға 6 мектеп (Талдықорған қаласы Ынтымақ ауылындағы 1200 орындық мектеп, Сарқан ауданы Тополевка (Теректі) ауылындағы 25 орындық шағын орталығы бар 80 орындық мектеп құрылысы, Көксу ауданы Бесқайнар ауылында 25 орындық шағын орталығы бар 120 орындық орта мектеп, Ақсу ауданы Сағакүрес ауылындағы 25 орындық шағын орталығы бар 120 орындық негізгі жалпы білім беретін мектеп құрылысы, Көксу ауданының 10 жыл Казақстан ауылында 25 орындық шағын орталығы бар 120 орындық орта мектеп салу, Сарқан ауданының Бірлік ауылында 25 орындық шағын орталығы бар 120 орындық мектеп салу қолданысқа берілген.
2024 жылы 4 мектеп салу жоспарланған болса, оның ішінде 2023 жылдан ауысқан 3 мектеп. 2024 жылдың аяғына дейін 300 орынға лайықталған 2 мектеп қолданысқа берілмек. 420 орынға 2 мектеп құрылысы 2025 жылға ауысады.
Облыста «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында (2023-2025 ж.) 6600 оқушыға арналған 7 мектеп құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ, 2023 жылы құрылысы басталған 1800 орындық 2 мектеп 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. (Алакөл ауданы Достық ауылында 600 орындық, Панфилов ауданы Жаркент қаласында 1200 орындық). Сонымен қатар, мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге қатысты 2022-2023 жылдары 10 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, 2024 жылы 4 мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Барлық мектепте кестеге сәйкес жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары 4 мектепте 1-ші қыркүйекке дейін аяқталады. Сондай-ақ, 2023-2024 оқу жылының соңында бастауыш мектептердегі бала санының аздығына байланысты 21 бастауыш мектеп жабылды.

* * *

Түрлі реформаларды бастан өткерген білім жүйесі сынға көп ілінген сала. Себебі қолғап ауыстырғандай тағайындалған министрлер тұрақтамай әр келгені өз реформасын жүзеге асырып бақты. Батыстық білім жүйесіндегі заңнамаларды айна-қатесіз көшіріп алып, Қазақстандағы мектептерге тықпалаған министрлердің реформаларынан оқушы тұрмақ мұғалімдердің миы ашыды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап санасақ 17 білім министрі тағайындалыпты. Оған қоса баспалардан шыққан оқулықтардағы қателіктер қамқа тонға сіркелеген биттей өріп жүр. Бұл қателіктер әлі де бір ізге түскен жоқ. Бастауыш сыныптарға арналған әліппені алып тастап, халықтың арыз- шағымы жоғарыға қарша борады. Парламент мәжілісінің сол кездегі депутаты Бекболат Тілеуханов бастап, өзге депутаттар қостап, экс білім министрі Асхат Аймағамбетов әліппені қайта енгізді.
2004 жылдың басында мектеп бітіретін түлектер үшін ҰБТ тапсыру сынағы енгізілді. Мұның да қызығы мен шыжығын айтып тауыса алмайсың. Мектептердегі білім деңгейінің көрсеткіштері облыс, аудан, қалаларда ҰБТ-дан алған көрсеткіш бойынша бағаланды. Білім ошақтары жаңа оқу жылы бастала салысымен мектеп бітіретін түлектерді ҰБТ-ға дайындаумен айналысты. Ұлардай шулаған ата-ана төмен көрсеткіш алып қалған оқушылардың өз-өзіне қол салған фактілер де тіркелді. Себеп ҰБТ сұрақтардың арасында «Абылайхан мінген тұлпардың ауызында қанша тіс бар» деген сауалдың, өзге де қисынсыз сұрақтардың болғаны ақпарат құралдарында жарық көріп жатты. Бүгінде мектептердегі БЖБ мен ТЖБ сынақтарынан оқушылар мен мұғалімдердің сіркесі су көтермей жүргенін көресіз.
Жетісу облысында 2023-2024 оқу жылын 128 908 бала аяқтаған. Оның ішінде мектеп бітіруші 11 сынып түлектер саны – 6909 (оның 6044 мемлекеттік, 865 жекеменшік мектеп оқушылары). 2023 жылы 6545 түлек аяқтаған. Мемлекеттік мектептерді бітірген 6044 түлектің 4834-і ҰБТ тапсырған (80%). Аудандар бойынша қатысу көрсеткіші жоғары – Ақсу (92,7%) және Алакөл (92,1%) аудандары болса, қатысу көрсеткіші төмендер қатарында Панфилов – (64,8%), Ескелді – (66,9%), Текелі – (67,1%). Облыс бойынша орташа балл – 84,4 (2023 жылы 83,4).
Білім деңгейі жоғарылар қатарында: М.Арын атындағы №24 лицей – 107, №20 лицей – 105, БИЛ – 104,3 және Д.Рақышев атындағы №3 мектеп-интернаты – 81 балл. Сонымен қатар, Д.Рақышев атындағы №3 мектеп-интернатын ерекше атап өтуге болады, былтырғы жылы орташа балл 64,5 болса, биыл 81 балл нәтижесін көрсетіп отыр (+16,5 балл). Аудандар бойынша ең төмен нәтиже бойынша Сарқан 67,5 (2023 ж. – 70,8) және Кербұлақ 71,1 (2023 ж. – 66,7) аудандарының аты аталуда. Шекті балдан төмен 292 (6,2%) түлек жинаған (2023 жыл – 301). Оның ішінде: Талдықорған – 69, Кербұлақ – 57, Сарқан – 43, Көксу – 39, Алакөл – 34, Панфилов – 21 түлек шекті балдан төмен жинаған. Облыстық мекемелер арасында дарынды балаларға арналған №20 лицейде – 1 бала «2» алса, 100-140 балл аралығында 827(17%) түлек жинаған. 25 түлек 130 бен 140 балл жинап, ең жоғарғы нәтиже көрсеткен. Олардың ішінде 9 түлек Көксу ауданынан, 5 түлек Талдықорған қаласынан, 2 түлек №20 лицей, №24 лицейден 3 түлек. Облыстағы ең жоғарғы 137 балды Талдықорған қаласы №4 орта мектеп түлегі иеленген.

        * * *

Білім саласында оза шапқан мектеп түлектері «Алтын белгі» иегері атанады. Бұл – білім ордасы мен ата-ана үшін әрі облыс үшін де зор мақтаныш. Бір кездері ҰБТ тапсырардың алдында Алтынға үміткер деп жариялап, сынақтан тиісті балды ала алмай «Алтын белгісін» қорғай алмай қалған түлектер де болған. Жалпы білім сапасы ҰБТ-мен бағалануы қате деген пікір айтушылар да бар. Себеп жоғары сынып оқушылары мектеп тәмамдар кезде екі-үш жыл бұрын ҰБТ-ға дайындалады. Кітапшалардағы сұрақтардың жауабын жаттаумен ғана өтетін мектеп бітірушілер үшін бұл бір қияметтің қыл көпірінен өткенмен бірдей. Бір айта кетерлігі, дарынды балаларға арналған лицейлерде «Алтын белгі» иегерлері арасында 130-дан жоғары балл жинаған бірде-бір түлек жоқ екен. Сонда, бұл лицейлердегі дарынды деген балалардың білім деңгейінің төмен болғаны ма әлде білім берген ұстаздардың кінәсі ме?
2023-2024 оқу жылында 314 түлек «Алтын белгі» иегері атанды, оның ішінде мемлекеттік мектептердегі түлек саны – 249 (2023ж. 208). «Алтын белгі» иегерлерінің 235-і (94,7%) қатысқан. Оның ішінде 14 түлек шығармашылық тест тапсырған. Тест тапсырмаған 13 «Алтын белгі» иегері шет елге оқуға түсуге ниет білдірген. Тест тапсырған қалған 222 түлек бойынша: «Алтын белгі» иегерлері ішінде тест қорытындысы бойынша жалпы 71 (28,5%) түлек (2023ж. 81 түлек) 100-ден төмен балл жинаған. Дарынды балаларға арналған №20, №24, БИЛ, 3 лицейде де 1 түлек 100-ден төмен нәтиже көрсеткен.
Облыстық білім басқармасы берген мәлімет бойынша дарынды балаларға арналған лицейлерде «Алтын белгі» иегерлері арасында 130 балдан жоғары жинаған бірде-бір түлек жоқ екен. Керісінше «Алтын белгі» иегерлерінен бөлек №20 лицейде 2 түлек, №24 лицейде 3 түлек 130 баллдан жоғары нәтижеге қол жеткізген.
Аудандар арасында ең төмен нәтиже көрсеткен – Кербұлақ ауданы бойынша 21 тест тапсырған түлектің 13-і (62%), Ақсу ауданы – 9 түлектің 5-еуі, (55%),Текелі қаласы – 7 түлектің 3-еуі (43%), Сарқан ауданы – 33 түлектің 13-і (39%), Қаратал ауданы – 6 түлектің 2-еуі (33%) 100-ден төмен балл жинаған.
«Алтын белгі» иегерлері ішінде 62-70 балл аралығында 7 түлек (2023ж. – 11 түлек) төмен нәтиже (оның 5-еуі Кербұлақ ауданы, Панфилов, Қонаев, Жоламан, Сарыбұлақ, Алтын Емел орта мектептерінен, 1 түлек Көксу ауданындағы Жалайыри ОМГ, 1 түлек Ақсу ауданы – Кеңжыра ОМ) көрсеткен.
Пәндер бойынша Кербұлақ ауданы, Сарыбұлақ ОМ-нің түлегі тарих пәнінен 4 балл, математикалық сауаттылықтан 7 түлек 4 және 5 деген балл жинаған (Кербұлақ ауданы 2 түлек Панфилов және Сарыбұлақ ОМ, Сарқан ауданынан 3 түлек, оның 2-еуі №1 гимназия, 1 түлек Алтынсарин ОМ).
Алтын белгі иегерлері арасында 10 түлек (2023ж. 1 түлек) 130 балл жинаған (2023 жылы 8 түлек), олар Көксу ауданы бойынша 3 түлек, Қ.Жалайри ОМГ 2 түлек, Құрманов ОМ 1 түлек, Талдықорған қаласынан 3 түлек, №19 ОМГ, №4 ОМ, №22 ОМ, №24 лицей 1 түлек, Панфилов ауданы 2 түлек, Қастеев және Уәлиханов атандағы ОМ, Қаратал ауданы 1 түлек, Есенберлин атындағы ОМ түлектері.
Жалпы «Алтын белгі» иегерлері арасында ҰБТ бойын-ша төмен нәтижені Кербұлақ ауданы көрсетіпті. 21 түлектің тек 6-уы (28%), Ақсу ауданы 10 түлектің 4-еуі ғана (40%) 100-ден жоғары балл алған. Ал Ескелді ауданы бойынша 6 «Алтын белгі» иегері толық 100-ден аса балл жинаған. Алакөл ауданы бойынша 20 түлектің 17-сі (85%) 100-ден жоғары балл жинап, жақсы көрсеткіш көрсеткен.

       * * *

Облыс бойынша мемлекеттік грантқа түскен балалар саны қыркүйек айында нақты жинақталатынын, жергілікті бюджет есебінен өңірге қажетті мамандықтарға 100 грант бөлінгенін де айтты облыстық білім саласындағылар.
«ҰБТ бойынша да, «Алтын белгі» иегерлері бойынша да білім сапасының көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда жоғары», – деген Жетісу облысының білім басқармасындағылар осымен өз көңілдерін өздері жұбатып отырған сияқты ма дейсің?! Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда оқ бойы шарықтап кеткен білім жүйесін көріп тұрғанымыз жоқ. Әсіресе, дарынды балалар оқитын мектептерде 130-дан жоғары балл жинай алмаған түлектер әрі «Алтын белгі» иегері атанған балалардың төмен көрсеткіш көрсетуін білім басқармасы «Алтын белгі» иегерлері арасында өткен жылмен салыстырғанда болар-болмас пайызды жетістік көріп отыр. Қалай дегенмен, қолпаштап үздік деп сүйрелеп келіп, бәйгеге «жал-құйырығын» түйіп қосқан жүйріктері «Алтын белгісін» қорғай алмай, 100-ден төмен балл алуы, мектеп үшін де, білім басқармасы үшін де жақсы нәтиже емес-ті. Бұл туралы сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ