ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТҚАН ИСАБАЕВ

0
622

Жетісу облысы Алматы облысының құрамынан бөлініп шыққанда сәуегейлер түрлі болжам жасаған-ды. Сәуегей болғанда бақсы-балгерлер емес, Кезінде қызмет жасаған, саясаттың қазанында қайнаған, мінбелерде сайраған, билік тізгінін қолына ұстағандар ғой! Жасаған болжамдары: «Ой, Алматы облысынан бекер бөлді. Енді Жетісу облысының өркендеуі қиын болады. Дотацияда отырған облыс ауылшаруашылығымен ұзаққа бармайды, кәсіпорындар жоқ. Келген әкім бұрын өндіріс салысында істемен, елшілікте, сенатта жүрген, ауылшаруашылығынан мүлде хабары жоқ. Талдықорған тасада қалатын болды». Расымен солай болса нарық заманында халықтың күні не болар екен деп қынжылғанымыз да рас.

Алайда, сәуегейлердің айтқаны айдай келмеді, келмей-ақ қойсын. Жаңа облыстың тізгінін қолына алған Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев инвестиция тартудың хас шебері болып шықты. Нарық жүйесінің жілігін шағып майын алып, желқұзы асқынған ауылшаруашылығының жауырынын сылып-сипап дертінен айықтырды. Алдына мақсат қойды, кеселін жойды. Бар басымдықты өңірдің аграрлық саласына бұрып, жоспарды құрып Б. Исабаев инвестиция тартты. Табиғаты тамылжыған, көрсе көз тұнатын Жетісу ауылшарушылығынан бөлек туризмге сұранып тұрған өңір. Бұл бөлек әңгіме. Ауылшаруашылығынан хабары жоқ деген әкімнің атқарған жұмысы республикада жоғары көрсеткішті көрсетіп тұр. Былтыр республика бойынша төртінші орынға шыққанбыз. Жаңадан ашылған облыс үшін бұл үлкен жетістік. Осы жылдың жеті айлық көрсеткіші бойынша да Жетісу облысы үздіктер қатарында. Алла бұйырса осы қарқыннан танбаса жыл аяғында Жетісу облысы тағы бір жоғары сатыға көтерілмесе төмен түсе қоймайды.
Соңғы жеті айда облысымызға 188,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Чехия, Біріккен Араб Әмірліктері, Парагвай, Қытай елдерінен тартылып жатқан инвестиция көздері сан-салаға бөлінген. Сегіз инвестициялық жобаның биыл төртеуі қолға алынса, соның екі бірдей нысанында су электр стансасын салу жұмыстары басталды. Ауылшаруашылығындағы түйінді мәселенің бірі – Панфилов ауданындағы жүгері өндіретін шаруалардың өндірген өнімдерін өткізетін өндіріс орынның тапшылығы. Аудандағы жалғыз Жаркент крахмал сірне зауыты шаруалардың өндірген өнімдерінің бағасын түсіріп, одан қалса межелі өнімді зауытқа жинап алған соң шаруалардың қалған жүгерісі қабылданбай далада қалатын. Осы бағытта жүгеріні терең өңдейтін зауыт ашуды көздеген әкім Б. Исабаев жүгері саласына қаржы құюға ниетті инвесторлар іздестіруде. Жетісуда бір ғана құс фабрикасы бар, оның өзі жұмыртқа өндірумен айналысады. Балық өңдеу саласына да инвесторларды тарту қажет. Жетісу облысына іссапармен келген Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров инвестиция мәселесін талқылағанда өңір басшысы Исабаев осы мәселелерді тілге тиек еткен-ді. Қаржысы мол инвесторларды иілдіру оңай шаруа емес. Олар да салған қаржыларынан мол қайтарым күтеді. Сауысқандай сақ, екі шоқып бір қарайды. Өңірлерге инвестиция тартуды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында басымдық беріп айтқан болатын. Өңірге ивестиция тартқан Исабаевтың игілікті шарасы кезең-кезеңімен жүзеге асатын болса жемісін жейтін күн де алыс емес. Бір ғана мысал, Канада, Америка сынды алып елдердің қаржыгерлері Жетісуда «Жасыл энерия» көздеріне қызығушылық танытуда. Облыстағы табиғи-климаттық жағдайға баса назар аударған инвесторлар қаржылай салым салмақ. Мәселен, Сарқан ауданының Басқан өзенінде салынып жатқан екі бірдей су электр стансасының қуаты жылына 76,5 млн. кВТ/сағ болатын екі жобаға 9,3 млрд. теңге инвестиция тартылмақ. Бұл дегеніңіз жергілікті тұрғындарға жұмыс көзі ашылады деген сөз. Жетісу өңірінде белгіленген қуаты 210,5 МВт болатын жаңартылған энергия көздерінің 15 нысаны бар. Соның 4-еуі Сарқан ауданының аумағында. Энергия көздеріне деген сұраныс жалпы Қазақстанда өзекті мәселе. «Атом» электр стансасын салайық деп республика халқына референдум өткізудің қажетін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас-ты мақсаты Қазақстанды энергетика көздеріне деген тәуелдіктен толық арылту. Қазақстан Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстанан электр қуатын сатып алады. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, олардың әр КВТ/сағаты қыруар қаржы тұрады. Оған ортадағы электр көзін тасымалдаушы делдалдардың да үлесін қосыңыз. Тұтынушылар да қуат көздеріне деген бағаның қымбаттауының түп төркіні осында жатқанын жақсы біледі. Жетісу өңірінде биыл қуаттылығы 42,1 МВт болатын жаңартылған энергия көздерінің үш жобасын аяқтау жұмыстары жоспарланған. Соның екеуі Сарқан ауданында, біреуі Ескелді ауданында орналасқан. 2026 жылға дейін тағы осындай 8 нысанды іске қосу жоспарда бар. Жасыл энергетика саласынан бөлек өнеркәсіпті дамыту, сауда-саттықты артыру, көлік-логистикалық бағытта жандандыруда экономикалық аймақтарда ауқымды жобалар іске асырылуда. Бұл, әсіресе, Қытай мемлекетімен шекаралас өңірде қарқын алуда. Өздерін аспан астындағы елміз деп санайтын айдаһарлармен шектесіп жатқан Панфилов ауданындағы Қорғас елді мекенінде газ тарту жұмыстары жүйеленсе, Көксай мыс кен орнында құны 1,4 трлн. теңге болатын жоба қолға алынды. Б. Исабаев тартқан инвестицияларға жеке тоқталсақ, Жетісу облысы құрылған мерзімнен бастап 89,4 млрд. теңге сомаға 86 инвестициялық жоба іске асырылған. Екі мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Биыл 2,9% өсіммен 375 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған. Өткен жеті айдың қорытындысы бойынша 188,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Соның ішінде эеке инвестицияның мөлшері 136,7 млрд. теңгеге жеткен. Атап айтқанда, бірқатар перспективті инвестициялық жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында Кербұлақ ауданындағы металлургия комбинаты, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» индустриалды паркі, Жоңғар қақпасы аумағындағы қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасы сияқты ірі жобаларды даралап айтуға болады. Б. Исабаев шетелдік инвесторлармен бірігіп жүзеге асырып жатқан жобалардың соңы бұл емес, бастапқыда айтқандай, жүгері, балық, және құс шарушылығына қатысты инвесторлар тартуды жетілдіре түсу керек. Ел призиденті Қасым-Жомарт Тоқаев та Үкімет жанынан құрылған инвестициялық штабқа басымдық бергенін білеміз. Б. Исабаевтың жұмысын бір ғана инвес-тициямен шектеу, әрі бағалау әбестік болар. Облыс экономикасының қарқынды дамуы жеті айдың қорытындысы бойынша экономикалық индикатор 112,4%-ды құраған. Ауыл шаруашылығындағы өсім – 2,9%, өнеркәсіпте – 2,1%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 19,5%-ды, құрылыс жұмыстары – 1,3 есеге және сауда көлемі – 31,4%-ға өскен. Облыс көлеміндегі жол саласында да қанағаттанарлық жағдай, өсім – 93%-ды құрайды, биылғы жылы жол құрылысына 38 млрд. теңге қарастырылған. Соның нәтижесінде облыстық деңгейдегі 182 шақырым жол және 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделуде. Балқаш көліне дейінгі 132 шақырым жолдың құрылысы аяқталуға жақын, 2025 жыл-ғы туристік маусымға дейін толық пайдалануға берілмек. Жыл соңына дейін «Талдықорған – Үшарал» және «Жаркент – Қорғас» автожолы пайдалануға беріледі. Қорғастан Сарыөзекке дейінгі қалған жол учаскелері келесі жылы аяқталады. Аталған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол-дардың үлесі 95%-ға жетеді. Облыста өңірлерді жүйелі түрде табиғи газға қосу жұмысы кезең-кезеңмен жүргізілуде. Жалпы 2028 жылға дейін 192 елді мекен (624 мың тұрғын) газдандырылатын болады. Қазіргі уақытта 39 өңірге газ тартылып, 338 мың адам (50,4%) газға қол жеткізді. Биыл тағы 24 елді мекен табиғи газға қосылады. Келесі жылы 63 елді мекен газбен қамтылып, нәтижесінде Панфилов – Кербұлақ – Талдықорған аралығында 126 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізеді. Сонымен қатар, тамыз айында «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы басталды. Жоба келесі жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекеніне газ тарату желілерін салудың жобасын әзірлеу келесі жылы басталады делінген Жетісу облысы әкімінің баспасөз өкілдері берген ақпаратта.

А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ