ЖАС ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

0
130

БАҒИЛА Бейсенбекқызы – көп қырлы тұлға. Ол ұстаздық жолда шәкірттерін білім нәрімен сусындатса, заман ағымына қарай кәсіпкерлік саласында да табысты ісін қалыптастырған. Сонымен қатар, өлеңге деген құштарлығымен елге рухани азық сыйлап жүрген қайсар жан. Еңбекке деген сүйіспеншілігі оны әрдайым жаңа жетістіктерге жетеледі.

Бағила Бейсенбекқызы – Қаратал ауданы, «Бірлік» кеңшарының тумасы. Өмірі өнеге, еңбегі үлгі болып жүрген ізетті жан. Көп қырлы тұлға демекші, ол кісі әрі ұстаз, әрі кәсіпкер және тума талант ақын. Өзі «жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруде мейірім мен сүйіспеншіліктің маңыздылығы ерекше» деп санайды. Талай шәкірттің жүрегіне ізгілік дәнін сепкен ардақты ұстаз бүгінде кәсіпкерлік пен шығармашылықты қатар алып жүр.
Бағила апа 1967 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті тәмамдап, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Филология факультетіне оқуға түскендегі емтихандарды ауыл қызы «жоғары» және «жақсы» деген бағалармен тапсырып, конкурстан қиналмай өтеді. Осы туралы курстағы қыздардың өміріне арналған «Дариға дәурен» деп аталатын кітабында жазған әңгімесі өте қызық. Әсіресе француз тілінен емтихан тапсырардағы тапқырлығы мен мықты логикасы оны қиын сәттерден қалай алып шыққаны қызықты-ақ. Бағила апа аталған кітаптың құрастырушысы ретінде де іскерлік таныта білгені байқалып-ақ тұр. Тағы бір тоқтала кеткім келіп тұрған тақырып, ол кісінің мектептен бастап-ақ танымдық жағына көп әсерін тигізген қазақ әдебиетінен есімі елге танымал ақын-жазушылар туралы оқып білуге ұмтылысы. Тіпті сқақ-фельетон жазатын есімі белгілі Шона Смаханұлы сияқты ағаларына еліктеген тұстарын оқығанда сол ұмтылысқа еріксіз риза боласыз. Елге танымал тұлғалармен кездескен сәттерді сол кітапта үлкен ізетпен атап отырған.
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғары білім алып шыққан Бағила апа мұғалімдік қызметті ұзақ жылдар абыроймен атқарады. Көптеген шәкірттің бойына білім нәрін сіңіріп, олардың тұлға болып қалыптасуына ықпал еткен. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтан жалықпай еңбек ете жүріп, ұстаздардың да білімін жетілдіру мекемесінде абыройлы еңбек етті.

Қиындықтарға толы кезеңде

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда, тіпті кейін де, еске түсірсек, әркім-ақ талай қиындықпен алысқаны еске түседі. Солардың бірі қайсар жан Бағила апамыз. Сол жылдары ұстаздықпен қатар Бағила апа саудамен де айналысады. «Сатпағаным жоқ, киім де, бұйым да саттым. Жұрт жеңіл зат алып сатса, мен ауырын алатынмын. Газ пештері, кір жуғыш машиналар, кілемдер – бәрін саттым», – дейді. Бұл еңбекқор ана үшін қиындықтарға толы кезең болғанымен, ол балаларының білімі мен тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. Балаларының болашағы үшін шаршамады. Ешкімге барып мұңын шақпады. Ешкімнен қол жайып көмек сұрамады. Еркі мен қажырлығы, төзімі мен сабырлы қасиеті ол кісіні әр уақытта алға жетеледі. Мен осындай жақсы қасиеттері бар Бағила апаға шын қызықтым десем, артық айтпаған болар едім.

Кәсіпкерлікке қадам

2013 жылы қажылық сапары Бағила апаны жаңа жолға жетелейді. Мұсылман дініндегі жандар үшін бес парыздың бірі – қажылық сапар екені белгілі ғой. Бағила апаның қажылық сапарға барудағы басты мақсаты рухани тазару мен білім жинап қайту болса, ол міндеті орындалды. Жаратушыны мойындап, оған құлшылық жасаудың сауабы мол екені белгілі ғой.
Сол сапардан соң Елбасының «Балапан» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланып, Бағила апа Өтенай ауылынан 70 бала тәрбиелейтін «Медина — Ай» балабақшасын ашады.
«Басында қиын болды», – деп еске алады қажы-апа. Дегенмен, табандылығының арқасында кәсіпті дөңгелетіп, жетістікке жетеді. Бағила апа кәсіпкер болғысы келетін жандар үшін мынадай кеңестер берді: Көмекшілерге құрметпен қараңыз, істеген жеріңізді жақсы көріңіз – береке сол жерде. Біреу үшін қарызға тауар алмаңыз, несиеге жоламаңыз — дейді.
Бағила апа болашақта балабақшаның аумағын кеңейтіп, балаларға арналған спорт және музыка алаңдарын, қазақы нақыштағы безендірілген бөлмелерді іске қосуды жоспарлап отыр.

Ақындық әлемі

Бағила апаның өлеңге қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталады. Ол 7 — сыныптан бастап мектептің «Кірпі» қабырға газетін өзі безендіріп, үлгерімі төмен немесе тәртіп бұзған оқушылар туралы шумақтар жазатын. Институт қабырғасында жүргенде өлеңдері «Лениншіл жас» газетінде жарияланып тұрған.
Өлең жазу Бағила апа үшін рухани тыныс тәрізді. Ол өзінің «Үш бәйтерегім» атты өлеңін ерекше ұнатады. Ақынның көптеген шығармалары достық, тіл, ел, саясат тақырыптарын қамтиды. Мысалы, табиғи апат кезінде жазған «Сабыр, қазақ!» өлеңі елге демеу болды. Бағила апай көбінде сыни өлеңдерді жазатын, бірақ ол өміріне кедергі болды.
«Мен өзімді қатты сыншыл адам деп санамаймын, бірақ өлеңдерімде ара-тұра сын айтатыным бар. Дегенмен, осы қасиетім кейде өмірімде кедергі келтірді. Қазақ тіліне өз үлесімді қосуды мақсат етіп, бір істі бастаған сәттерімде, қазақша білмейтін кейбір қазақтардың аяқтан шалған кездері де болды. Соған қарамастан, барлық қиындықтарды еңсеріп, алға ұмтылдым. Бүгінде қайтадан қаламымды қолға алып, кітап жазумен айналысып жүрмін. Тәубе, бәріне шүкір етемін».


Ақын апамыздың «Үш бәйтерек» деп аталатын өлеңі қазақтың біртуар ақындары Ілияс, Сәкен және Бейімбетке арналған. Газет бетінің мүмкіндігіне орай сол өлеңнің қысқартылған нұсқасын беруді жөн көрдік.
Айтқаны алтын, әпсана дегендері
Қазақтың аз тумаған кемеңгері.
Өздері ғасырлармен кетсе-дағы,
Жайқалды бәйтерек пен емендері.
Қараңғыға шам әкеп жағатұғын
Ұлыстың аз болмапты берендері.
Адамзаттың бәрін дос санамаса,
Қызыл жалау орнатып, қойдай қырып,
Қызыл қанды ағызған жендеттерге
Аңғалдарым соншама сенер ме еді?!
Өзі құрған қоғамның қармағына
Өзі түсіп, сұраусыз өлер ме еді?
Үш бәйтерек қайысқан әскер еді,
Бірге туған үшемдей достар еді.
Қылшылдаған қырықта қырып тастау
Заманаға жабысқан масқара еді.
Үш бәйтерек- қазақтың ірілері,
Ескірмейді, күн сайын тіріледі.
Бал қымыздай балқытқан тәтті жырды
Сөз танитын әр қазақ сіміреді.
Жықса да Сәкен, Ілияс, Бейімбетті
Демейміз әдебиет кейін кетті.
Ашылмаған көмбені ақтаруға
Ғылым қуған оғланның ойы кетті.
Жаңа тарих оларсыз бастала ма?
Бой көтерді Бәйтерек бас қалада.
Тебірентер жанынды текті жырды
Жатқа айтады кәрі де, жас бала да.
«Шалқыған біздің жақтың көлдері бар»,
Қорғайтын тау мен тасын ерлері бар.
«Үш бәйтерек» атанған әсем сазды
Шырқап жүр Қазақстан әнге құмар.
Арманға айналған журналистика

 

«Анда-санда өлең жазып, мақалаларымды газет беттеріне жариялап жүрдім. Кейін бұл әдетті тоқтатып қойдым. Осылайша, журналист болу мен үшін арманға айналды. Өзім журналистиканы жан-тәніммен жақсы көремін, бірақ қазір көптеген журналист басқа тіршіліктің соңында кеткендей көрінеді. Жазатын тақырыптар жетерлік, алайда көбінесе ұсақ-түйек мәселелерге назар аударылып жатады. Дегенмен, барлық журналистерге сын айту дұрыс емес. Қазіргі таңда журналистердің көпшілігі бір бағытқа байланып қалғандай, ал бұл меніңше дұрыс емес. Әр журналистің өзіне тән бағыты мен ұстанымы болуы керек деп ойлаймын».
Бағила Бейсенбекқызы – тағылымды ұстаз, табысты кәсіпкер, жүрегі нәзік ақын. Оның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңестері көпке үлгі. Алдағы уақытта ол шығармашылығын балаларға арнап, олардың әлемін тереңірек түсінуді көздейді. 75 жасқа толуына орай әңгімелер жинағы мен өлеңдер жинағын шығару жоспарында. Бағила апаның өмір жолы еңбекқорлық пен адалдықтың жарқын үлгісі ретінде қазіргі жастарға өнеге десек те болады.

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ