ЖАҢА ЖЫЛ-ҮМІТ МЕРЕКЕСІ

0
81

Бұл мереке, негізінде, безендірілген шыршасы басты белгісі болып табылатын ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды жарқыраған көтеріңкі көңілмен, мол дастархан мәзірімен қарсы алатын сәт. Осындай дәстүрлі рәсіммен жылдар күнтізбесінің тоғысатын түнгі сағат 12-00 адамдар жаңа жылдан жақсылықтың мол болуын тілеп, жақсы жыл болуына үміт артып жатады. Шыршасы жарқыраған жаңа жыл мерекесін, әсіресе, балалар шаттана қарсы алып, ертегідегі ғажайыптарға сеніп, Аяз атасынан мол сыйлықтарға ие болып жатқаны керемет көрініс.

Қала халқына жаңа жылдық мерекелік көңіл сыйлауға бағытталған шаралардың ең бастысы қала басшылары үшін – ол қаланы безендіру. Ең бастысы «қалтадағы тиын» демекші, бюджеттік шығындар жаңа жыл қарсаңында өсіп жатады. Бюджетіміз тесік болып жатса да, жаңа жылды қарсы алуға аянбаймыз.
Жаңа жылдық безендірулер мемлекеттік сатып алу порталдары арқылы жүргізілетін болғандықтан, жұмсалатын қаржы ашық көрініп тұрады.
Әр өңірде әртүрлі қаржы жұмсалатыны туралы анықтап жазған екен inbusiness.kz. Қаржы сомаларына қарасақ, жаңа жылдық безендірулерге аз ақша жұмсалып жатқан жоқ. Басқа өңірлерді айтпағанда Талдықорғанда inbusiness.kz көрсеткен сомада 20 метрлік шырша мен безендірулерінің бағасы 35 млн. теңгені құрап тұр. Қаланың аумағы қазір үлкейіп, жаңа аудандар пайда болуына байланысты жаңа жылдық безендірулер бағасының өсуіне ол да ықпал етіп отырғандай. Баға демекші, әкімдіктер өз қалтасынан шықпаған ақшаны несіне үнемдесін, шашып-ақ жатыр деушілер де бар. Ол ел үшін, халық үшін деп жақтаушылар да бар…
Биыл Талдықорған жаңа шыршалар емес бұрынғы 2022 жылы сатып алынып қойылған шыршалардың бұзылған конструкцияларын жөндеп, реттеп барып безендірмекші. Олардың саны 3 екен. Ақпарат көздерінде ол да жазылған.

Сіз үйіңізге шырша
қоясыз ба?

Ал үйімізге қоятын шырша мен оны қалай безендіру әркімнің ой-қиялына байланысты.
— Қазір орманнан кесіліп әкелінген көк шыршаны сатып алу оңай емес. Біріншіден, олардың түрі мен сапасы сіз ойлағандай емес, бұталары мен инелері селдір-селеу сирек, түрі жаман, әйтпесе орман иісі бұрқыраған жас шыршаға не жетсін! – деп тамсана сөйледі орман шаруашылығында орманшы болып зейнетке шыққан бір көршім. Оның сөзін екінші көршім теріске шығарды:
— Жас шыршаның инелері шашылып, үйдің ішінің берекесін алады жинағанда. Қазір жасанды шыршаның небір түрлері бар. Соны алып қоя саламыз ғой. Мен сол жасанды шыршаны пайдаланғаныма он жыл болды – деп, күлді екінші көршім.
Адамға ұнау қиын екен – деп, оларға үшінші көршім күлді.
– Ал мен ващще жаңа жылды қарсы алмаймын – деді, намаз оқитын көршім.
Жаңа жыл мұсылман ме-рекесі емес — қарсы алмаймын…
Одан қайта ұйықтап, ұйқымды қандырмаймын ба?.. Осы сөздерді айтқан адамға бәріміз таң қалдық. Ия, әркімнің көңілі біледі не істейтінін. Бірақ, жаңа жылды қарсы алмау, оны мереке деп есептемеу ерсі қылық емес пе екен? Біраз адамдармен пікір алмасып едім. Жазайын. Оқыңыздар.

Алмагүл: — Осы жаңа жыл қарсаңындағы дүрбелеңді жаным сүймейді. Неге десеңіз ол тек тамақ пен арақ ішуден тұратын мереке. Дүкен мен базар аралап келіп тамақ жасайсың өліп-тіріліп. Бәрі тамақ ішеді де жайына кетеді…Қалған тамақ пен салатты бірнеше күн жейміз. Анау бір «Оливье» деген салаттан жек көретінім жоқ. Жаңа жылдың салаты дей ме соны?

Нұртай: — Мен тыпырлап тамақ әзірлемеймін. Базарға барып арқаланбаймын. Есесіне біраз ақшам жұмсалмай қалтамда қалады… Қонаққа барып тойып келемін…

Жарқын: — Маған ұна-майтыны, бірнеше күн қала парализованный болып қалады. Бәрі жабық тұрады дүкендер, базарлар, банктер, көше қоқысқа толады.

Айя: — Дастархан жайып, тамақтың түрін қою, ішіп-жеу, түрлі жақсы тілектер айту, таң атқанша ән айтып, би билеу, келесі күні қонаққа бару – осының бәрі жаңа жылды қалай қарсы алсаң – келген жылың солай болады дегенді білдіреді. Дастарханың мол болса – келген жылың тоқ болады деген наным бар. Жылды жақсы қарсы алу керек…

Ия, Жаңа жыл келеді. Мереке аяқталады. Жаңа жылда жаңа өмір басталуы керек деген сеніммен өмір сүрсеңіз, сеніміңіз ақталады. Сол сәтті күндерді көру үшін соған сәйкес өмір сүріңіз. Әрине, өмір деген қиындықсыз болмайды. Қиындықтар өткен жылда қалсын деп ниет етіңіз. Әр күннің өз ерекшелігі бар. Жаңа жыл еліміз бен жұртымызға сабырлық пен мол байлық әкелсін!

Баян ТАҢАТАРОВА


ПІКІР ЖАЗУ