АУДАН АЗАМАТТАРЫ ОБЛЫС ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСТІ
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданы тұрғындарымен кездесіп, 2024 жылдың 10 айлық көрсеткіші бойынша атқарылған жұмыстарға баяндама жасады.
Халық алдында аудан бойынша 10 айлық көрсеткіштің нәтижесімен бөліскен Бейбіт Өксікбайұлы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған шараларға, оның ішінде ауданның экономикалық өсімі мен агроөнеркәсіп, ауылшаруашылығы, шағын және орта бизнес пен туризм, тұрғын үй мен ауыз су және автокөлік жолдарымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндады.
Жиын басында облыс әкімі Жетісу облысындағы жылдық экономикалық өсу деңгейі 112,8 пайызды құрайтынын айтып, аталған көрсеткіштің жоғары болуына Ескелді ауданының үлесі мол екенімен бөлісті. Бұл көрсеткіштің 5% өсімі ауыл шаруашылығына, 3,9%-ы өнеркәсіп саласына, 14,1% тұрғын үй пайдалануға, 1,3%-ы құрылыс жұмыстарына, 1,4 % сауда саласына тиесілі екенін толығырақ атап та өтті. Б.Өксікбайұлының айтуынша, биыл Ескелді өңірінде жалпы 31 пайыздық өсіммен 327 млрд. қаржы инвестиция тартылыпты.
– Өткен он айдың қорытындысы бойынша Жетісу облысындағы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 112,8% құрады. Бұл — республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Біз әлеуметтік-экономикалық дамудың қол жеткізілген оң қарқынын сақтап, биылғы жылды сәтті аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте халықты сапалы ауыз сумен, табиғи газбен, жолдармен, тұрғын үймен, әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Мысалы, соңғы 2 жылда тек бір Ескелді ауданының өзінде денсаулық сақтау, мәдениет, спорт сияқты әлеуметтік салаларда 18 блок-модульді нысан іске қосылды. Соңғы деректер бойынша Ескелді және шекара маңындағы Панфилов аудандары инфрақұрылымды дамуытуда көш бастап тұр, — деп атап өтті өңір басшысы Б.Исабаев.
Аудан қорында 18,5 мың гектар жер сақталған
Ауданда соңғы 3 жылда пайдаланылмаған 26,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 7,2 мың телімі ауылшаруашылық айналымына тартылды. 3,1 мың гектар жер тәлімді егістік конкурсы арқылы табысталған. Сонымен қатар, 4,5 мың гектар жер Ақын сара ауылына қоғамдық жайылым ретінде берілді. Қалған 18,5 мың гектары ауданның жер қорында сақталған.
Сонымен қатар, облыс әкімі сөз барысында аудан әкіміне бірқатар тапсырмалар берді. Оның ішінде өңірдің алдағы жоспарларына, басқа да негізгі бағыттарға тоқталып, жер қатынастарына байланысты міндеттер қойды. Атап айтқанда, жердің мақсатты пайдаланылуын бақылау, конкурстар мен аукциондар арқылы жер беру жұмыстарын жандандыру жүктелді.
Аудандағы туризм саласы
Барлығы білетіндей Жетісу облысында туризм ошақтары жеткілікті. Аудан көлемінде туристерді қабылдайтын 7 нысанда 2024 жылдың 10 айында 41 мыңға жуық туристке қызмет көрсетілген. Оның ішінде негізгі табиғи, әрі туристік көрнекті жерлерінің бірі Ескелді ауданында орналасқан – Бұрханбұлақ сарқырамасы. Оған апаратын басты жолдың құрылысы келесі жылы басталады деп жоспарланды.
– Ескелді ауданы – туристік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Осы жылдың 10 айында туристерді қабылдайтын нысандарда 41 мың адамға қызмет көрсетіліп, соның ішінде ақылы қызмет көрсету көлемі 25 млн. теңгеге жетті. Осы ретте Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын 31 км автожолды жөндеу жұмыстары келесі жылы басталатынын атап өту керек. Бұл мақсатқа 2025 жылы республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Сондықтан туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды жақсартып, жаңа қонақ үйлер, демалыс базаларын салып, жолдарды жөндеу қажет. Интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы көрікті жерлерді кеңінен насихаттап, экотуризм мен агротуризм бағыттарын дамыту керек, — деп атап өтті өңір басшысы Б. Исабаев.
7 елді мекен газбен қамтылады
Жетісу облысының Ескелді ауданында соңғы екі жылда 39 мыңнан астам тұрғынның көгілдір отынға қол жеткізуіне мүмкіндік жасалған. Аудандағы 21 елді мекеннің 12-сіне газ құбыры толық тартылып, пайдалануға берілген. Қалған 7 елді мекенде (Көкжазық, Теректі, Қаратал, Абай, Шымыр, Жастар, Ақтасты) газ құбырларын тарту жұмыстары әлі де жалғасуда. Облыс әкімі өз сөзінде 5 ауылдың газ тарту жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталатынын, ал қалған 2 ауылда келесі жылы бітетінімен бөлісті.
1,3 млрд. қаражатқа су құбыры жаңартылды
Аудан көлеміндегі 33 елді мекеннің 32-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 1,3 млрд. теңгеге Ақешкі ауылында – 2,5 шақырым, Ақтұмада – 9 шақырым, Алдабергенде – 29 шақырым, Сырымбет ауылдарында құбыр жаңарту жұмыстары жасалды. Сонымен қатар 2,6 млрд. теңгеге Жалғызағаш, Жаңалық, Ақтасты ауылдарында су құбырларын жаңарту жобалары әзірленді.
Ауылшаруашылықтағы жаңалық
Осы жылдың 10 айында Ескелді ауданында төрт түлік мал саны 13%-ға өскен. Атап айтқанда, ірі қара 41,2 мың басқа, ұсақ мал 145,7 мың басқа, жылқы 13,4 мыңға жеткен.
Сонымен бірге ет, сүт өндірісі артып, мал бордақылау алаңдарының жүктемесі өткен жылғы көрсеткіштен 1,6 есеге өсті.
Агроөнеркәсіп саласы 110,6 %-ды құрады. Осының арқасында 1,3 млрд. инвестиция тартылды. Ауданда 51,8 мың гектар егіс алаңы пайдаланылып, 59 мың тонна астық жиналды.
Жалпы облыс деңгейінде 640 мың тонна қызылша алынған болса, оның 164 тоннасы Ескелді ауданынан жиналған. Тіпті бүгінге дейін 147 га. қант қызылшасы әлі жиналуда.
Ауданның өнеркәсібі 7,6 млрд. теңгені құрады
Жыл соңына дейін жоғарыда аталған қаржыны 3% өсіммен 8,4 млрд. теңгеге дейін жеткізу көзделген. 10 айлық көрсеткіш барысында 25,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артық. Тартылған инвестициялардың 80%-ы бюджеттен тыс көздерге тиесілі. Биыл ауданда 10 млрд. теңгеге жоспарланған, 5 жобаның 3-еуі жүзеге асырылды. Ал қалған 2 жобаны жылдың аяғына дейін іске асыру көзделгенін айтты облыс әкімі.
Жетісу облысының Ескелді ауданында 10 айдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4 мыңға жуықтады, онда 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Аудандағы бизнес субъектілерінен бюджетке 1,4 млрд. теңге салық жиналып, бұл көрсеткіш былтырғыдан 30%-ға артқан. Сонымен қоса, 23 жер қойнауын пайдаланушы бар.
25,9 млрд. қаржы бөлінді
2022-2024 жылдары ауданға инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға, қайта жаңғыртуға және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 25,9 млрд. теңге бөлінген.
Ескелді ауданы бойынша биыл 4 мектеп пен балабақшаға жөндеу жүргізілді. М. Мәметова атындағы және Қоңыр ауылындағы орта мектептер мен М. Баисов ауылындағы балабақша күрделі жөндеуден өтті, ал Алдабергенов ауылындағы балабақшаға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қаблиса жырау атындағы және Қайнарлы ауылындағы орта мектептерге автобус пен «Газель» автокөлігі сатып алынды. Аудандағы 11 мектептің кітапханасы жаңартылды.
Ал денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы 12 жаңа нысанды іске қосу жоспарлануда. Оның 5-і пайдалануға берілді, қалған 6-сын желтоқсан айының соңына дейін іске қосу көзделген.
Денсаулық сақтау саланың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл Екпінді және Жаңалық ауылдарында 2 блокты-модульді медициналық пункт орнатылды. Сол сияқты «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңарту» ұлттық жобасы аясында ауданда 5 нысан салыну жоспарланған. Шымырдағы дәрігерлік амбулатория мен М.Баисов ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы осы айда аяқталады.
Мәдениет саласы да назардан тыс қалмайды. «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында Қаратал ауылында 100 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, Қоңыр және Жалғызағаш ауылдарында блокты-модульді клуб қолданысқа берілді. Тағы бір клуб Ақын Сара ауылында келесі аптада іске қосылады.
Ал спорт саласында Елтай, Шымыр, Жетісу ауылдарында 3 блокты-модульды спорттық кешенінің құрылысы жүргізілуде, Тәуелсіздік күні қарсаңында қолданысқа беріледі.
Биыл аудан көлемінде атқарылған істерді ауыз толтыра айтуға болады. Баяндама соңында облыс әкімі Бейбіт Исабаев өткен жылғы кездесуде аудан тұрғындары көтерген проблемалық мәселелерге байланысты атқарылған жұмыстарға да нақты тоқталды. Сонымен қатар, аудан азаматтарын алаңдатқан, көңілі толмаған шаруалар бойынша сұрақ-жауап өткізіп, басты мәселелерді күн тәртібіне енгізді.
Редакциядан: «Алатау» қоғамдық-саяси газеті тарапынан Көкжазық ауылындағы газдандыруды аяқтау, жолдарды жөндеу және ауылды жарықтандыру жайлы шикіліктер айтылып, бұл жұмыстар қашан қолға алынатыны туралы сұрақ қойылды. Оған аудан әкімі Елдос Ахметов былайша жауап берді:
– Жарық шам орнату жұмыстары толық аяқталған, алайда бүгінде 51 жарық шам жұмыс істемейді. Кепілдік міндеттемесі аясында мәселені шешу жұмыстары жүргізілуде. Ал газ құбырын тарту жұмысы 2 жылға жуық созылып келеді. Көкжазық ауылы 2025 жылы толық газбен қамтылады деп жоспарланған. Жол жөндеу жобалары өтпелі жоба қатарында, сондықтан келесі жылы аяқталады, — деген жауап қатты.
Тұрғындар тарапынан қойылған басқа да сұрақтар бойынша облыс әкімі аудандағы жауапты тұлғаларға нақты ұсыныстар енгізуді тапсырып, келесі жылы барлық олқылықтар түзелетінін айтып, сөз берді.
Гүлнұр БАЙМҰХАН,
Суреттерді түсірген: Жеңіс ЫСҚАБАЙ