ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕ ІЗГІЛІКТІ ТУ ЕТКЕН
Қазақтың «қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген сөзі тектен тек айтылмаған. Қариясы бар шаңырақтың ырысы артық, несібесі мол, үйінде береке-бірлігі басым. Үлкен кісілері бар үйде жас балалар зерек, ақыл-кеңеске қанық өседі. Қарттарын құрмет тұтып, ақсақалдарын ардақтай білген отбасыдан ұлы азаматтар тарайды.
Қаумалаған елімен туған жердің берекесін кіргізген қарттардан бата алу – ежелден келе жатқан дәстүр. Ізгіліктен айнымай Талдықорған қаласында тұратын Өмірсерік Көпжасаровтың шаңырағына бас сұғып, ақылы мен өсиетін тыңдап, әңгіме дүкен құрдық.
Бүгінде 85 жасқа қараған Өмірсерік Өміржанұлы Кербұлақ ауданының Алтынемел ауылында дүниеге келген. Ол ауыл мектебінен алғаш 8 жасында білім алған. Сол кезеңдерде мектеп тек орыс тілінде оқытқан екен. Амалдың жоқтығынан Өмірсерікті де ата-анасы бір ауыз сөз орысша білмесе де білім ошағына жіберген. Тіл білмедім деп мақала кейіпкеріміз оқуға жүрдім-бардым қарамаған. Алғашқы ұстазы Евгения Матвеевнаның жетекшілігінің арқасында жақсы білім алып, табанды болуды үйренген. Оның айтуынша: «Сол бірінші ұстазымның табандылығының арқасында орыс тілін жетік меңгеріп, оқудың не үшін керек екенін түсіндім. Осы кісі менің білім алуымның негізін қалады десем орынды айтқаным. Бұл кісіге деген ризашылығым кейін барша ұстазды құрметтеуге ұласты. Адамның өмірінде ұстаздың орны ерекше екенін түсіндім», — деген қарт барша жұртты ұстаз деген ұлы есімді құрметтеуге шақырды.
ҚЫЗМЕТТЕГІ ЖЕТІСТІК
Кейіннен Алматы қаласында Сауда техникумында білім алған. Оны үздік тәмамдап, Текелі қаласының сауда басқармасына жолдама алған. Алайда, өндірістік практика кезінде кейіпкеріміз саудадағы мән-жайды іс жүзінде көріп, қызмет ететін адамдардың жұмысымен жақын танысқаннан кейін сауда саласында өзін елестете алмаған.1966 жылы Алматы халық шаруашылық институтын сырттай оқыған. Алғашқы еңбек жолын 1960 жылы Қарашоқы совхозында есепші қызметінен бастаған. Кейіннен Киров савхозындағы жұмыс істеген жылдары есепші, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, аға және бас экономист дәрежесіне дейін көтерілген.
Зейнет жасына дейін Өмірсерік Көпжасаров Шевченко совхозында партия комитетінің хатшысы, Гвардия ауданының партия комитеті насихат және үгіт бөлімінде меңгеруші, Талдықорған совхоз-зауытында бас экономист, Талдықорған облыстық кәсіподақ кеңесі агроөнеркәсіптік бөлімінде меңгеруші, ауылшаруашылық және тамақ өнеркәсіп бөлімінде нұсқаушы, Талдықорған норматив зерттеу стансиясының бастығы, Агроөнекәсіп кимитетінде төрағаның бірінші орынбасары, «Жетісу» акционерлік банкінде басқарма төрағасы, Крахмал-Қоғалы ЖШС директоры қызметтерінде 1960-2008 жылдар аралығында қалтқысыз қызмет еткен. 2010 жылы 70 жасында «Кербұлақ ауданының құрметті азаматы» атағын алған.
Жұмысына білек сыбана кіріскен Өмірсерік жайлы газет беттеріне де түрлі мақалалар жазылған. Оған дәлел «Красное Знамя» газетіндегі: «Много хороших дел на счету комсомольской организации совхоза имени Кирова, возгловляет которую главный экономист Омерсерик Копжасаров. Молодежь совхоза активно участвует в общественном производстве, в спорте, художественной самодеятельности. И везде запевала – Омерсерик Копжасаров», — деген бір мақаласы.
Білімі жетік, өмірден көргені мен түйгені мол, зерделі, көкірегі ізгілікке толы жан түрлі дәрежедегі қызметте жұмыс атқарған. Сертке адал, сөзіне мығым. Сондай-ақ, өмір сүрудегі өзіндік қасқа жолы мен берік ұстанған қағидасы да ерекше.
Ол қызмет барысында пендешілікке бой алдырып, түрлі қателікке де жол берген. Әділетсіздік жасаған кездері болғанын да сөз етті. Бірақ байлыққа қызығып, лауазымды орындарға жету үшін ар-ұятын жоғалтпаған азамат. Өмірде ұстанған басты қағидасы – шыншыл болу. Кемшілікті тайсалмай батыл айтуды және адамгершілік пен ізгілікті бойынан жолғалтпауды берік ұстанған жан. Батылдық – жеңістің кепілі деген ұранмен өмір сүрген, әлі де сол жолда ашықтықты қолдаумен келеді.«А.П. Злобинмен қызметтес болғанда санама түйгенім, жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарау «тогда всегде будешь на коне» дегенін ұмытпау. Тек жүрсең – тоқ жүресің деп бекер айтылмағанын аңғардым. Біріншіден бастық ар-абыройын байлыққа сатпай, беделін жоғалтпаса, төңірегіндегілер де таза болуға тырысады. Бұл қағиданың кішкентай ұжымнан жоғары сатыға дейін қатысы бар. Неге десеңіз, өзі таза басшы арсыз ұрыны қатаң жазалайды», — деген мысал арқылы өзінің жүрген жолында ар-ұятын жоғары қойып, заңсыздықты жаны сүймегенін айтады.
Әке рөліндегі Өмірсерік
Жұмыр жер бетінде ананың аялы алақаны мен әкенің мейірімінен асқан қастерлі дүние жоқ. Қайда жүрсек те ата-ананың ақ тілеуін сезініп, жұбаныш көретініміз анық. Әке мен ананың бар жерінде бақыт та, байлық та жеткілікті.Бүгінде мақала кейіпкері Өмірсерік Көпжасаров пен өмір қосқан жары Бәтен екеуі шаңырақтың ұйытқысы, балалары мен немерелерінің ақылшысы.
Көпжасаровтар шаңырағы 1962 жылдың 2 қыркүйегінде құрылған.Ағамыз мен жеңгеміз отасқан 62 жылда үш ұл, екі қызды тәрбиелеп өмірде үлгілі азамат болуды үйреткен. Қуанышы мен қайғысы тең жүрген өмірде бес баланың екеуі дүние салған. Қазіргі сәтте Көпжасаровтар әулетінде 12 немере, 11 шөбере бар.
Қара шаңырақ «үлкен үй» аталып, барлық туған-туыстың бас қосатын орнына айналған мекенде 80 жастан асса да Бекен апа зыр жүгіріп, немере-шөберелерін көз қуанышы етіп жүр. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, балалары әкесінің асыл қасиеттерін өз бойына сіңіріп, түрлі бағытта қызмет етуде. Атайдың немерелері де әртүрлі шығармашылық орталарда өздерін паш етуде. Бірі домбыраның құлағында ойнаса, енді басқасы қылқаламмен көзтартарлық суреттерді салады. Шахмат ойыны мен спорттың бокс түрінен жүлделі болып, алғы сапта жүрген немерелері де бар екенін айтып, Өмірсерік Өміржанұлы бір марқайып та алды.
Кіші ұлы Берік те әкесі жайлы:«Әке-шешеміз барлығымыздың тәлім-тәрбие алып, жоғары білім алуымызға зор ықпал етіп, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Ол кісіден бойымызға жиғанымыз мол. Қазір жасы 85 ке таяса да, қол қусырып отырғанды жаны сүймейді, еңбекке араласып тұрғанды жөн санайды. Жазбалар жазып, мақалалар жариялайтын дарыны да бар. Басымызды біріктіріп, ақылшы болған әулеттің үлкені ретінде отбасы деген ұғымды қатты дәріптейді. Әкеміз бен анамыз біз үшін – тәрбие мектебі», — деп ағынан жарылды.
«Мерейлі отбасы» жүлдегері
Көпжасаровтар отбасы үлкенінен кішісіне дейін шығармашылыққа бейім деп айта кеткеніміздей, түрлі шараларға қатысуды да ұнатады. Биылғы жылы ғана Талдықорған қаласы бойынша өткен «Мерейлі отбасы-2024» ұлттық конкурсына қатысып, бақтарын сынаған. Отбасылардың дәстүрді дәріптеу, жәдігерлерді насихаттау, тұрмыс-салтындағы ерекшеліктері мен қоғамға келтіріп жатқан пайдасына баса назар аударылған байқауда ақтық сынға өткен 9 отбасының арасынан топ жарып, жүлделі 2-орынды жеңіп алған.
Байқауға қатысуға не себеп болды? Сіздің ықпалыңызбен шешілген шешім бе деп сұрағанымызда Өмірсерік Көпжасаров: ««Мерейлі отбасы» байқауына қатысамыз деген ойымыз болмаған. Кіші ұлым Беріктің жары, алтын келінім Динараға мектеп ұжымы байқауға қатысуға «Сіздердің жанұяларыңыз лайық» деп ұсыныс жасады», — дейді.
Анда-санда өткір тақырыптарда қалам тербеп, мақалаларын газет редакциясына өткізіп жүрген Өмірсерік Көпжасаров қызметінде адал басшы болған, ал отбасында балаларына үлгілі әке, немере-шөберелеріне сүйікті ата. Отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы болған кейіпкеріміз сан-қилы өмірде көптеген жетістікке жетіп, өмірдің ащысы мен тәттісін тең көрген. Өнегелі, өнерлі, «Сегіз қырлы, бір сырлы» намысқор азамат адалдықтың ақ жолынұстанып, өнегелі ізін салған. Осындай үлгілі азаматтың бірі болған Өмірсерік Көпжасаров пен оның отбасына береке мен бақыт тілейміз. Жасыңыз ұзақ, көрер қызығыңыз көп болсын!
ГҮЛНҰР БАЙМҰХАН