8 НАУРЫЗ-ӘЙЕЛДЕРДІҢ ӘМІРІ ЖҮРЕТІН МЕРЕКЕ

Адамзат тарихында әйелдің алатын орны ерекше екендігін мойындасақ, әйел – тек ошақ басында отырып, күйеуінің аңға шығып, мамонт алып келетінін күтетін ерте ғасырлардағы әйел емес, ошақ күзететін үй шырақшысы ғана емес, өзінің құқығын ері алдында да, қоғам алдында да қорғай алатын күрескер екенін байқаймыз. Олай болса 8 Наурыз мерекесінің пайда болуы да тегін емес. Оның тарихына үңіліп көрсек, әйелдердің күрескерлік қасиеті анықтала түседі.
Сонау 1857 жылы 8 наурыз күні Нью-Йорктегі тігін және аяқ-киім фабрикаларының жұмысшы әйелдері өз құқығын қорғау үшін манифестке жиналады. Олар 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі құрғақ жұмыс орындарын, ер адамдармен бірдей жалақы мөлшерін талап еткен еді. Сөйтіп, 1857 жылы 8 наурыздан бастап кәсіподақ мүшелігіне әйелдер де кіре бастады.
1910 жылы Копенгагенде өткен халықаралық конференцияда Кеңес идеологиясы арқылы аттары бізге танымал Клара Цеткин, кейін Роза Люксембург 8 наурыз күнін халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы ұсыныс жасайды. Басты себеп, қоғамда әртүрлі жағдайларға байланысты құқықтары қорғалудан шет қалған жезөкшелерді қорғау.
Олардың да тұрып жатқан елінде басқа әлеуметтік топтар сияқты мемлекеттен көмек алуға, сайлануға, сайлауға қатысуына, заңды құжатталуына құқы бар» деп, жезөкшелерді ұрып-соғып, қуып таратылған «8 наурыз» күнін «жұмысшы» әйелдердің «теңдік үшін күрес» күні ретінде атап өту үшін, көше жезөкшелерін жыл сайын қайта-қайта митингіге алып шыққан.Осылайша әлем елдеріндегі озық ойлы әйелдер «жезөкшелер әйел емес пе, адам емес пе?» — деп, олардың азаматтық, адами құқықтарын қорғай бастаған.
Қоғамның тең праволы құқығы бар мүшесі болу үшін күрескен саяси күн — 8 наурыз күні ,әрине, уақыт келе әйелдер мерекесіне біртіндеп айнала бастады. Әсіресе, біздің социалистік қоғамда «әйел еркекпен тең праволы, оларды ешкім кемсітіп, төмендетпейді» — деп айту үшін мереке идеологиялық сипат алды.
Алайда капиталистік елдер 8 нау-рызды мереке деп мойындаған жоқ. Әлі де солай. Бірақ көп елде, атап айтқанда: Америкада – «Аналар күні», Францияда – «Әжелер күні», Жапонияда – «Қыздар күні» деген бар. Олар жаз айларында тойланады екен.
Біздің елімізде соңғы кезде осы күнге байланысты түрлі пікірлер айтылып жүр.
— Бұл күн, яғни 8 Наурыз жезөкшелерді қорғайтын күн, сондықтан бұл күнді басқа датаға ауыстыруымыз керек, – деген пікірлерді көріп, естіп жатамыз, сондай-ақ осы мерекеге теріс баға беріп жататындар бар.
— Жеке мереке не керек еркек — әйелдерге, бөлініп жарылмай-ақ «Отбасы күні» деген бар ғой, тойлағымыз келсе сол да жеткілікті ғой дейтіндер бар.
— Қазақстанда жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде Қазақстанның өз мерекесі, ресми түрде 2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бекітілген «Аналар күні» бар. Біз соны неге тойламаймыз? — дейтіндер бар.
Пікір білдіру дұрыс. Десек те, біздің табиғи жаратылысымызды, әйел бойындағы нәзіктікті оятатын табиғаттың өзінің ояну кезеңімен сәйкес келіп жатқан 8 Наурыз мерекесін мойындаған жұрт жоғарыдағы пікірлермен келіспейтінін айтады.
Бұл тұжырымдарды теріс деп есептейтіндер мерекенің тарихын мойындайтындар. Өйткені бұл күнді Біріккен Ұлттар Ұйымы да бекітіп, қазір 8 — Наурызды әлем елдері «Әйелдер мерекесі» ретінде атап жүр. Әйелдер мерекесі болған соң ба, сол күні біз, әйелдер жағы, тым нәзік болып кетеміз. Еркелеп кетеміз. Кез келген өтінішің орындалатын ханшайым болып кетеміз.)))
Өйткені сол күні бізге бүкіл әлем бас игендей болады. Құшағымыз гүлге көңіліміз жылы сөздерге толады. Дана халқымыз «әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» — деп бекер айтпаған ғой. Олай болса, сол әлемді тербеткен әйелдер айналасына шуақ себе жүріп, инабаттылығы мен нәзіктігін жоғалтпай, қиыншылықтарға мойымай алып жүретін қуат иесі болсын! Әлемге нұрын шашқан күндей болып жарқырап жүре берсін дегіміз келеді.
Баян Таңатарова