ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІНЕ ҮКІМЕТ ТАҒЫ БІР ОТЫРЫСЫН АРНАДЫ АРНАҒАНЫ НЕ КЕРЕК,БӘРІ СОЛ ҚАЛПЫНДА ҚАЛДЫ

Онда халық «сағатшы» деп атап кеткен ҚР Сауда және интеграция министрі А. Шакқалиев «Уақыт белдеуінің өзгеруі халық өмірінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері болмаған, — деп мәлімдеді. Оның айтуынша өте жоғары деңгейдегі адамдар жүргізген кешенді зерттеулер бойынша, атап айтқанда медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология салаларындағы ғылыми-зерттеу институттары, салалық сарапшыларды, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары және мүдделі тұлғалардың қатысуымен, бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына, энергия тұтыну және еңбек өнімділігінің әсеріне керемет кешенді зерттеулер жүргізу нәтижесінде халыққа бұл уақыт өте ыңғайлы екен.
Анығын айтқанда халықтың денсаулығы кемімеген, энергия тұтыну өспеген, еңбек тиімділігі де сол қалпында екен, оқушылардың үлгерімі де сол қалпында (жақсы деуге болады деп түсіндім), жол-көлік оқиғалары да өспеген, қылмыс та көбеймеген, тағы басқа аспектілер зерттелген. Зерттеуге миллиондаған қаржы кетеді ғой, жасыратыны жоқ.
Осының бәрі уақыт белдеуінің сол қалпында өзгермеуіне әкеліп тіреліп тұр. Басқаша айтқанда өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеу немесе қарсылар алдында ақталу. Көптің көзіне топырақты осындай ғылыми дәлелдермен шашуға үйренген білімділердің уәжі керемет. Уақыт белдеуіне қарсы петициялар тіпті де еленбеді. Жоғарыдағылар ел талабын елемеді.
Бір ғана мысал, электр жарығын пайдалану өспеді дегенге. Мысалы, елімізде Ресейден электр энергиясын сатып алу көлемі күрт өскен. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстан бұл елден 2022 жылғы 1 наурыз – 30 қазан аралығында 1 091,9 млн кВт/сағ. алса, 2023 жылы — 3 742,8 млн кВт/сағ, 2024 жылы — 2 562,3 млн кВт/сағ электр энергиясын алған.
Ал KEGOC компаниясының деректері аз етіп көрсетілген. Қараңыз. 2022 жылғы 1 наурыз – 31 қазан аралығында 522,3 млн кВт/сағ, 2023 жылғы сол мерзімде — 817,5 млн кВт/сағ, 2024 жылы — 884,7 млн кВт/сағ. деп көрсеткен. (15.11.2024. «Жас алаш»). Кімге сенеміз?
Уақыт белдеуіне қарсылар уақытты өзіне ыңғайлап алсын деген рұқсатты пайдаланып кейбір өңірлер солай жасауға мәжбүр. Күні ерте бататын Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында тұрғындар үшін жұмыс кестесі 8:00 (таңғы сегізден) 17:30 (кешкі бес жарымға) дейін өзгертілді.
Мұндай уақыт өзгертуге мүмкін, шығыс өңірлерінен басқалар да кірісер… Онда біз уақытты әркім өзіміз шешсек, Үкіметтің бізге қажеті қандай? Әр өңір өз ыңғайымен өмір сүру дегеніңіз уақыт белдеуіндегі мәселеде қате бар екендігінің айғағы емес пе?
Қарапайым ғана мысал. Күзден бастап Талдықорғанда 16-30-да кеш батады. Мектептердің қасында сабақ бітуін күтіп, балаларын алып кетуге келген ата-аналардың көліктері сабақ біткенше, яғни сағат 19-30-ға дейін тұрады. Бұл кезде жол жиегінде тұрған машиналар кесірінен жол кептелісі басталады, автобус қозғалысы қиындайды, өйткені көліктердің тұруы қозғалысты қиындатып, жаяу жүргіншіге кедергі жасайды. Автобуспен қатынайтын балалар үйге тым кеш қайтады. Жолға кететін уақыттары 30-40 минут. Біз ата-аналар кеш қараңғысында аялдамада тұрамыз оқушы балаларымызды күтіп, өйткені заман қауіпті, оқушылар кішкентай, бастауыш кластарда оқиды. Бұл тек біздің Жетісуда емес, басқа өңірлерде де кездесетін жағдай.
Уақыт белдеуін өзгерту тек білім саласын ғана емес өзге салаларға да кері әсерін тигізуде. Мысалы құрылысқа, ауылшаруашылығына, саудаға. Тіпті мұнай-газ секторына да. Қыс пен күзде олардың шаруасы күннің ұзақтығына тікелей байланысты болады. Мысалы, құрылыстағылар, ауыл шаруашылығындағылар күн ұзақтығын пайдаланып жұмыс өнімділігін арттырар еді. Тапсырыс уақытында орындалар еді. Ауылдағылардың қызылшасы да ертерек жиналар еді. Қаншама өнім қар астында қалғанын көріп-біліп жатырмыз ғой… Дүкендер ерте жабылады. Тағам цехтары көптеген кедергілерге тап болды уақыт салдарынан… «еді»-лер көп қой айта берсек… Осылайша, шағын, орта бизнес өкілдеріне қазіргі уақыт белдеуі тиімсіз. Ол айтпаса да түсінікті. Ал кабинет жүйесіндегілер үшін қандай уақыт болса да тиімді. Мысалы, вице-премьер Дүйсенова ханым да «бұл уақыт белдеуі маған өте ыңғайлы, мен денсаулығымда ешқандай ауытқулар сезіп отырған жоқпын» дейді. Әрине! Мен оған сенемін… Ия, бәріміз де үйрендік. Өтірікке үйренген халықпыз ғой…
Баян ТАҢАТАРОВА