КӨРІСУ КҮНІ

0
39

Көрісу күні – қазақ халқының бауырмалдылық пен татулықты дәріптейтін ұлттық мейрамы. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірімен амандасып, қыстан аман-есен шыққанын қуанышпен атап өтеді. Көрісу күні Қазақстанның Батыс өлкесінен бастау алған тек дәстүрлі рәсім ғана емес, адамдардың бір-біріне деген құрметін, жылуын білдіретін ерекше күн.

Көрісу дәстүрінің түп-тамыры көшпелі өмір салтына байланысты қалыптасқан. Қазақтар қыс мезгілінде бір-бірімен сирек жүздесіп, ал көктем келгенде аман-есен қауышу үлкен қуаныш болған. Бұл дәстүр ғасырлар бойы сақталып, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Көрісу күні жыл сайын 14 наурызда тойланады. Кейбір деректер бойынша, бұл мейрам Наурыз мерекесінің бастауы саналған. Өйткені адамдар бір-бірімен көрісіп, өткен реніштерін кешіріп, жаңа маусымды таза көңілмен қарсы алатын болған. Көрісу күні таңертеңнен басталады. Әдетте, жасы кіші адамдар үлкендерге барып, сәлем беріп, қол алысып, құшақтасады. «Жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!», «Амандықта жүздесуге жазсын!» деген ізгі тілектер айтылады.
Бұл күні:
• Үлкендер ақ батасын береді;
• Туыстар, көршілер бір-бірін қонаққа шақырып, дастарқан жаяды;
• Алыс-жақын, ағайын-туыс бір-бірімен қауышады;
• Ренжіскен адамдар бір-бірін кешіріп, татуласады.
Наурыз — парсыша — Жаңа күн. Ертеде қазақ бұл күнді «Наурыз» демей, «Амал» деп атаған.
Амал мерекесі немесе Көрісу дәстүрі — еліміздің көп өңірлерінде ежелден сақталған. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март — ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты — Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар «ескі әдетті қалдырамыз» деп, құрбан, ораза айттарын «Ұлыс күні» дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше Жаңа жыл күнінің аты — Ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қа­зан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» — деп жазады…
Көрісу тек адамдар арасындағы қарым-қатынасты күшейтіп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын да көрсетеді. Жастар үлкендердің батасын алып, қазақы дәстүрлерді үйренеді. Қазіргі таңда Көрісу күні ұлттық дәстүрлерді жаңғыртудың бір көрінісі болып отыр. Көрісу күні дәстүрлі түрде Қазақстанның батыс өңірінде (Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында) кеңінен сақталып келген. Бірақ соңғы жылдары бұл мереке еліміздің басқа аймақтарында да атап өтіле бастады. Әсіресе, мектептерде, университеттерде, мемлекеттік және жеке ұйымдарда бұл күн арнайы іс-шаралармен аталып өтіледі. Көптеген аймақтарда бұл мерекені ұлттық деңгейде кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Көрісу күнінің Қазақстанның өзге өңірлеріне таралуы тәуелсіздік алғаннан кейін, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғырту кезеңінде, әсіресе 2000 — жылдардан бастап белсенді жүре бастады. Бұл үрдіске мәдени шаралар, БАҚ насихаты және әлеуметтік желілер үлкен ықпал етті. Сонымен қатар, еңбек миграциясының әсерінен батыс өңірінен шыққан адамдар еліміздің басқа қалаларына көшіп, осы дәстүрді өзімен бірге ала барды. Бұл мерекенің кеңінен таралуы қазақ халқының ұлттық бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Көрісу күні – халқымыздың дархан көңілі мен мейірімге толы жүрегінің белгісі. Бұл мейрам достықты, ауызбіршілікті нығайтып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейді. Оны сақтау және келер ұрпаққа жеткізу – әрқайсымыздың міндетіміз. Көрісу күні – тек дәстүр емес, ол халықтың рухани тұтастығының жарқын көрінісі!

Талшын ИЕМБЕРДИЕВА


ПІКІР ЖАЗУ