СҰҢҚАР ЕДІМ ШӨЛДЕГІ…….

Халық өнері мен ұлттық рухани мұрамызды ұлықтауда ұлт зиялыларының, сал-серілердің, жыраулардың, дәстүрлі ән өнерінің өкілдерінің алар орны ерекше. Осындай ұлы тұлғалардың бірі — қазақтың дүлдүл ақын, әнші-сазгері Пышан Жәлмендеұлы. Биыл ұлт руханиятының ірі өкілі Пышан бабамыздың туғанына 140 жыл толуына орай Жетісу жерінде ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Солардың ең елеулісі Республикалық — «Сұңқар едім шөлдегі, сұлтан едім елдегі» атты дәстүрлі әншілер байқауы мен «Баласы Жәлменденің Пышан едім» атты ғылыми-танымдық конференция болды.
Бұл шаралар — жай ғана мерейтой емес, ел есінде көмескі тарта бастаған тұлғаның рухани мұрасын қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа насихаттау мақсатындағы игі бастама. Пышан Жәлмендеұлы — ХХ ғасырдың бас кезінде қазақтың ән өнеріне зор үлес қосқан, айтыскерлігімен, шешендігімен, әрі өз дәуіріндегі сал-серілік болмысымен ерекшеленген ірі өнер иесі. Пышанның халқымызға қалдырған өлмес мұраларының арасында поэзиялық өзге туындыларымен қатар, «Сұңқар едім шөлдегі,», «Угай-ай», «Шилі өзен қамыс-ай», «Қоғалы-ай», «Дүние-ай», «Абай күнім-ай», «Әлі-ақ өтер заман-ай», «Ала қарға», «Қайша», «Ақ шәйнек, сары самаурын», «Дүние шіркін, өтеді бір күн», «Қыз Балқия», «Баласы Жәлменденің Пышан едім», «Әшіркүл-Зейнеп» сынды жұрт жадына ұялап қалған айшықты әндері бар. Қолды болғандары мен ұмыт қалғандары қаншама десеңізші.
Мерейтой аясындағы негізгі іс-шаралар Жетісу өңірінде өтті. Әншілер байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен келген 20-дан астам үміткер қатысты. Олардың барлығы да Пышанның әндерін ғана емес, жалпы қазақтың дәстүрлі ән өнерін терең меңгерген өнерпаздар болды. Байқауда орындаушылар тек ән салып қана қоймай, Пышан шығармаларының ерекшелігін, мазмұнын, тарихи маңызын ашып көрсете білді. Бұл байқаудың ғылыми-танымдық әрі тәрбиелік маңызын арттырған ерекше тұс болды.
ӘН МЕН РУХТЫҢ БИІК БӘЙГЕСІ
«Сұңқар едім шөлдегі, сұлтан едім елдегі» атты бұл республикалық әншілер сайысы өнердің асқақ мерекесі болды десек артық емес. Кеш басында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтарға ие болды. Қазылар алқасы құрамында еліміздің танымал өнер қайраткерлері, фольклортанушы ғалымдар мен дәстүрлі ән майталмандары Әміре Әрін, Ермұрат Үсенов, Әли Алпысбай, Ардақ Балажанова, Нұржан Жанпейісов ортада сөйлеп, ақынның өнері мен өмірінен бір үзік сырмен бөлісті.
Қатысушыларға ақшалай сыйлықтар әзірленіп, алғашқы 7 қатысушыға Алғыс хат, кейінгі 7-сіне диплом мен 50 мың қаржылай сыйлық табысталды. Ал жүлделі III-орын мен 200 мың теңге ақшалай сыйлықты Астана қаласынан Бекарыс Көштаев, Алматы облысы, Райымбек ауданынан Ербақ Құрметжан, Түркістан облысынан Елдос Жүсіпов бөлісті. Жүлделі II-орын мен 300 мың теңгені Жетісу облысы, Талдықорған қаласынан Сая Есенгельдинова, Қостанай облысынан Байдос Қожасағиев иеленді. I-орын мен 400 мың ақшалай сыйлықты Алматы қаласынан Гүлжан Мырзагелді, ал бас жүлде мен 500 мың сертификатты Жетісу облысы, Талдықорған қаласынан Есхат Нұрәлі алды. Барша қатысушыларды редакция атынан құттықтаймыз.
Гала-концертте қатысушылар Пышан Жәлмендеұлының шығармашылығынан ұлттық әндерді тыңдарманға ұсынды. Мұнда үздік деп танылған орындаушылар өнер көрсетіп, көрермендерге рухани кеш сыйлады. Әр қатысушының дауысы, сахна мәдениеті, шығарманы жеткізу шеберлігі ерекше болғаны соншалық көрермен қауым бірде ду қол шапалақ ұрып, енді бірде үнсіздікпен әннің сөзіне үңіле мән берді. Көрермендердің ықыласы мен қошеметі — бұл байқаудың ел есінде ұзақ сақталатынының дәлелі.
ТЕРЕҢ ТАРИХИ ТАНЫМ АЛАҢЫ
Мерейтой аясында ұйымдастырылған тағы бір маңызды шара — «Баласы Жәлменденің Пышан едім» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция. Бұл жиынға еліміздің әр өңірінен келген өнер зерттеушілері, әдебиеттанушылар, музыка мамандары мен жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты. Конференция барысында Пышанның өмір жолы, шығармашылық мұрасы, әндерінің тарихи маңызы мен мазмұндық ерекшеліктері талқыланды. Сонымен қатар ол кісінің болыс болғаны, Абай, Құнанбайды танығаны жайлы, ертеректен ел ісіне араласып, ақындық өнерді де тамаша меңгергені айтылды. Жалған жаланың жазықсыз құрбанына айналған ел билеген, болыс болған. ұлтына жанашыр бола білген Пышан жайлы тарих баршаға пайымдалды.
Кеш қонақтары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, зерттеуші Анарбай Бұлдыбай, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы, Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң акадамиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы Өмірәлі Жалаири, Жетісу және Алматы облыстарының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Ермұрат Үсенов, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің аға оқытушысы, профессор Болат Молдабековтер солақай саясаттың құрбанының ғұмырдариясы мен шығармашылығын арыдан қозғап, тереңнен толғады.
Сонымен қатар конференция барысында Пышан Жәлмендеұлына қатысты зерттеушілердің деректері экранда көрсетіліп, ауызша мұралар ұсынылды. Ол кісінің өмірі мен өнеріне арналған Ришад Тұрғанбайдың «Пышан Пырақ» атты кітабының тұсауы кесілді. Бірқатар баяндамаларда тұлғаның шежіресі, оның замандастары және өнердегі орнын айқындайтын тың мәліметтер ортаға салынды.
ХАЛЫҚ МҰРАСЫ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ
Пышан Жәлмендеұлының 140 жылдығына арналған бұл шаралар тек өткенді еске алу ғана емес, ұлттық өнерді тірілтіп, бүгінгі ұрпаққа рухани азық болар игі қадам екені даусыз. Ән мен сөздің құдіретін дәріптеген бұл мерейтой – ұлт мұрасын ұлықтаудың үлгісі.
Өткен ғасырларда барлығымыз білетіндей бас көтерген, ел басқарған азаматтарды кеңестік саясат аяқтан шалған. Аяусыз өлтіріп, қуғынға ұшыратқан. Пышан ақын да дәл солай кеңестік жаңа биліктің құрбандығына алдымен шалынды. Ел ішіндегі аса бедел-құрметке ие болған тұлғаларды тізгіндеу арқылы жалпы жұрттың зәре-құтын қашыру саясаты оны да айналып өтпеді. Басқыншылар қазақтың бірін бірі қызғану, көре алмау, жақсының артынан сөз ерту секілді ескілікті ғадеттерін де жымысқы пайдалана білді. Төменнен түскен дәйексіз, жасанды шағымның дүмпуімен сазгерді Талдықорғанның абақтысына жабады. Содан екі ай өтер-өтпестен Шайқорған түбінде атып тынады. Баяндамашылардың айтуынша, Пышан бір оқпен жерге оңайшылықпен құламаған көрінеді. Тек бесінші рет атқан кезінде ғана сылқ құлапты. Ату жазасынан кейін іле-шала екі сағат шамасында «Пышан Жәлмендеұлы атылмасын!» деген губерния басшысының бұйрығы да жеткен екен. Алайда амал нешік уақыттың ағысына төтеп беріп, өткенді қайтара алмайсың.
Шара соңында ұйымдастырушылар Пышан мұрасын зерттеу ісі жалғасатынын,әндері жинақталатыны айтылып, әкімдікке Пышан Жәлмендеұлының атына көше беру туралы ұсыныс тасталды. Бұл ұлы тұлғаның есімін ел жадында сақтауға жасалған нақты қадам болар еді дейді кеш қонақтары.
Қорытындылай келе, Пышан Жәлмендеұлының 140 жылдығына арналған бұл мерекелік байқау мен ғылыми жиын – тек мәдени шара емес, ұлттың рухани тамырын тереңнен танып, оны болашақпен жалғайтын алтын көпір болды. Мұндай бастамалар арқылы біз төл өнеріміздің қайнарын қайта аршып, бүгінгі ұрпаққа ұлттық мақтаныш пен руханияттың қайнар көзін көрсетеміз.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ