ТАСТАЯҚ:СПОРТ ПА,ӘЛДЕ АЗАРТ ПА?

«Тас пен таяқ, алты бұрыш – несібе…» Бүгінде бильярдты білмейтін бала бар ма? Бала дейтініміз Қазақстандағы бильярд ойыншысының ең жасы бар болғаны алты-ақ жаста екен. Шартасты таяқпен түртіп бұрышқа тоғытып ойнайтын болғандықтан бильярдтың табиғатына «тастаяқ» деген балама тым жақын. Қазақ жеріне осы тастаяқтың «тастай батып, судай сіңгеніне» де біраз болды. Шарымызға шаң, киімімізге кір жұқтырмай жүргенімізбен, еліміздегі тастаяқтың тарихына үңіліп көрдік пе? Әрине, жоқ. Сонда тастаяқты Қазақстанға әкелген кім?
«Ана тілі» газетіндегі деректер бойынша тастаяқты қазақтың тұла бойы тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов әкелді десе, енді бірі Орта Азия халықтарының мәдениеті мен тарихын зерттеуші, этнограф, белгілі саяхатшы, қазіргі Алматы, сол кездегі Верныйдың тұңғыш генерал-губернаторы Григорий Колпаковский «көшіріп әкелген» деседі. Рас, Қазақстанда тастаяқ тез таралды деуге болмас. Өйткені жазушылар, әртістер, әскерилер болмаса кий ұстауға кез келгеннің қолы жете бермейтін. Зиялы қауымның үлесіне жазушылар, офицерлер үйіндегі үстелдер тисе, басқа бильярд сүйер бұқара М.Горький атындағы орталық демалыс саябағындағы үстелдерді місе тұтты. Қисын мен қозғалысқа құрылған ойынның қызығы да сонда. Бұл арадан «Тастаяқ спорт па, әлде азарт па?» деген заңды сауал туындайды.
Тастаяқ – спорт. Оның ішінде бір мезетте адамның интелектуалдық өрісін кеңейтіп қана қоймай, физикалық қабілеттілігін арттырады. Тастаяқ – қозғалыс. Жайбасар деген ойыншының өзі ойынның бір партиясында 3-4 шақырым жол жүріп тастағанын аңғара бермейді.
«Бильярд – ең таза ойындардың бірі. Қазір әлемдік спорттарда әділетсіздіктерге жиі жол беріліп жүр. Ал бильярдта ешкім сіздің қолыңызды қаға алмайды. Бұл ойын көпшіліктің көз алдында барынша талассыз, таза өтеді… Жалпы бильярд адамның сабырлылығы мен төзімділігін тексереді, шыңдайды. Бильярд белгілі мөлшерде ақсүйек ойыны. Бұл ойын тазалықты, тыныштықты талап етеді…
Қазақстандағы Бильярд федерациясы өз ресми атауын 1992 жылы алды. Алайда аталған ұйым 2000 жылға дейін бюджеттен бөлінген қаржының жетімсіздігінен көптеген халықаралық турнирлерге қатысудан қағылып келген. Дегенмен федерацияның тұңғыш президенті Феликс Хан тастаяқтың таралуына біраз күш салды.
Төрткүл дүниенің төрт бұрышында тастаяқтың «тамырын баспағандар» бар ма екен? Тастаяқты ағылшын лордтары да, неміс бюргерлері де, француз корольдері де, Америка президенттері де, Кеңес Үкіметінің көсемдері де сүйіп ойнаған. Олардың арасында әрісі Людовитер де, берісі бүгінгі ел басшылары бар. Әйел патшалардың арасында Анна Иоанқызы, Елизавета Петрқызы да кийді керемет меңгерген деседі. Осы ойын түрі біздің Жетісу облысында да ұдайы өтіп тұрады. Соның бірі осы жақында өткен «Жетісу кубогы 2025» турнирі.
2025 жылдың 4-6 сәуір күндері аралығында Талдықорған қаласындағы Жастар спорт сарайында бильярд спортынан 50 жастан асқан спорт және еңбек ардагерлері арасында «Жетісу кубогы – 2025» атты халықаралық турнир болып өтті.
Биылғы жарыс өз деңгейінен айнымай, қатысушылар көңілінен шыққан ерекше спорттық шара болды. Бұл жарыс – осыған дейін жеті мәрте табысты ұйымдастырылып келген дәстүрлі турнирдің сегізінші жалғасы.
Турнирге Қазақстан мен Қырғыз Республикасынан келген барлығы 16 команда қатысты. Астана қаласынан 4 команда («Астана 1», «Астана 2», «MIGLIOR», «Байтерек»), Алматыдан 2, Қырғыз Республикасынан 2, Жетісу облысынан 2, ал Шымкент, Абай облысы, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы, Қарағанды және Көкшетаудан бір-бір командадан келіп қатысты. Жалпы жарысқа 112 адам қатысып, әр команда 7 ойыншыдан құрылды.
Турнирдің ашылу салтанаты сән-салтанатымен өтті. Қатысушыларды және қонақтарды Жетісу облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Саят Сарқытов құттықтады. Сонымен қатар, ҚР Ардагерлер бильярдшылар одағының президенті Ж. Мырзахметов, Жетісу облысы бильярд спорты федерациясының президенті Т. Есимов, Астана қаласы бильярд клубының президенті Қайрат Мирамов сөз сөйледі. Ашылу рәсімінің көркемдік мазмұнын Талдықорған жоғарғы медицина колледжінің қазақтың ұлттық киіміндегі 16 студент қызы толықтырды. Олар ұлттық болмыс пен салт-дәстүрді әспеттей отырып, шараға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жарыс барысында командалар өзара шеберлік танытты. Әр ойында тәжірибе, ептілік пен төзімділік қатар сынға түсті. Үш күнге созылған бәсекеде жеңіс үшін барын салған ойыншылар нағыз кәсіби деңгейде өнер көрсетті. Нәтижесінде командалық есепте Жетісу командасы топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды. Команда капитаны Қалқенов Қайраттың басшылығымен жетісулықтар туған жерде жеңіс туын желбіретті. Екінші орын Алматы қаласы НАП 1 командасына бұйырды, капитаны – Байгабатов Асқар. Ал үшінші орынды Қарағанда командасы иеленді, олардың капитаны – Ли Игорь.
Жекелей біріншілікте де үлкен тартыс орын алды. Астана қаласынан келген «MIGLIOR» командасының ойыншысы Жұмағұлов Ерболат бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Шымкент қаласынан келген Қалтаев Өскен тұрақтаса, үшінші орынды Қарағанды қаласынан Оспанов Қанат пен Қырғыз Республикасынан Моложанов Эркинбек иеленді.
Жарыс жеңімпаздарына қомақты жүлде қоры тағайындалды. Командалық есеп бойынша бірінші орын иегеріне – 700 000 теңге, екінші орынға – 500 000 теңге, үшінші орынға – 300 000 теңге берілді. Ал жекелей сын бойынша бірінші орын алған қатысушыға – 200 000 теңге, екінші орынға – 100 000 теңге, үшінші орын алған екі ойыншыға – 25 000 теңгеден табысталды. Бұл сыйақылар – қатысушылардың еңбегіне, шеберлігіне көрсетілген құрметтің нақты көрінісі болды.
Жарыстың табысты өтуіне қолдау көрсеткен демеушілердің де үлесі зор. Әсіресе, Жетісу командасының капитаны Куменов Қ. Сарқан қаласы, Ақбұлақ азық-түлік «Күз Бай – Баs» ЖШС демеушілік танытып, жарыстың ұйымдастыруына елеулі үлес қосты.
«Жетісу кубогы – 2025» турнирі – бұл спорттық жарыстан әлдеқайда кең мағынаға ие шара. Ол – бірлік пен достықтың, саулықтың жарқын үлгісі. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ардагер спортшылардың жігерін жанып, жастарға үлгі болары сөзсіз.
Зарина БЫЖЫБЕК