ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ БЕЙБІТ ӨКСІКБАЙҰЛЫНЫҢ НАЗАРЫНА!ҮЙ КЕЗЕГІ КЕРІ ЖҮРЕ МЕ?

0
42

Мемлекеттік бағдарлама арқылы үй кезегінде тұрғанымен, жыл өткен сайын бұл үміт көмескі тартып, кезек алға жылжудың орнына, кейде кейін шегерілетінін айтып, тұрғындар наразылығын білдіруде. Қоғамдық қабылдаулар мен әлеуметтік желілерде де бұл мәселе жиі көтеріледі. Қоғамдық Палатаның бір отырысында үй кезегінің осы мәселесі басты тақырып болды. Кезекке тұрғанына он жылдан асса да үйге жете алмай жүрген жандардың жан айқайын тілшіміз жазып алған екен. назарыңызға соны жеткізуді жөн көрдік.

Жетісу облысы, Талдықорған қаласының тұрғыны Генералова Людмила Алексеевна 2012 жылдан бері баспана кезегінде тұрғанын айтады. «Тұрғын үй кезегіне «Мүгедектер мен ҰОС ардагерлері» санатында тіркелгеніме биыл он үш жыл болады. Алғашында 2016 жылы тексерген уақытта 34-ші кезекте болғанмын. Ал 2024 жылдың маусым айында 712-ші кезекке шегеріліп кеттім. 2025 жылдың бірінші айында тексергенімде 553-ші тұр екенмін. Әр сұраған сайын түрлі себеп айтылады — бірде пәтер 2025 жылы беріледі деген еді, енді бағдарламалар ауысып кеткендіктен кезегіңіз кейінге шегерілді дейді. Қанша барсам да нәтиже болмады», – деген журналиске өкпе-назын айтып.
Аталған мәселемен Сарқан ауданынан Фарида Батжанова да келіп, әр жылдардағы кезегінің өзгергенін қағаз жүзінде көрсетті. «Мен кезекте 2011 жылдан бері тұрғын үйге мұқтаж, зейнеткер ретінде есепке алынғанмын. Кезегім 394-ші еді. Алайда 2021 жылы 948 ден бірақ шықтым, 2023 жылы 1024-ші кезекке тұрыппын. Түсінбедім сонда, жыл өткен сайын кезек деген кейінге шегеріле ме? Бұл туралы бізге нақты фактпен түсіндіру жұмыстарын кім жүргізеді? Қарқынды түрде беріліп жатқан үйлерді кім алып жатыр сонда?», — деп ашуланды зейнеткер.
Талдықорғандық Кемешов Қозы Өтеғұлұлы да тұрғын үй кезегінде зейнеткер ретінде тұрғанына 9 жыл болған. Бастапқыда ол 879-шы кезекке алынған болса, 2017 жылы — 870, 2018 жылы — 857, 837-ші кезекке азайтылған. Бір қызығы, 2024 жылдың басында зейнеткер 2996-шы кезекте болса, жылдың соңында тексергенде 2013-ші кезекке жайғасқан екен. Сонда бір жылдың ішінде кезек 983 адамға азайған ба? Бірақ ол кісі басында 879 шы болып еді ғой. Түсініксіз. Ол кісі тек зейнеткер ғана емес, мүгедектігі де бар қария. Жоғарыдағы облыс тұрғындарын бір ғана сұрақ мазалауда. «Тұрғын-үй кезегі кері жүре ме?», — дейді.
Аты-жөнін атаудан бас тартқан көп балалы ана Шымырдан оған тиген үйдің жалға (аренда) берілгенін, ал одан кейін сол үйді сатып алу үшін 18 млн.теңгеге 15 жылға келісім-шартқа қол қойғанын айтты. Мен ол ақшаны қашан төлеп бітемін? — деп қиналды көп балалы ана. Қандай келісім, оған кім ақша беруі тиіс, кіммен отырды келісім-шартқа – ол жағын көп балалы ана айта алмады. Бірақ қазір жалға берілген үйдің ай сайынғы төлемін үш айдай төлемейтін болдым, өйткені жөндеу жұмыстары көп әлі жаңа үйдің дейді.
Бір түсінбегеніміз, сонда көпбалалы аналарға үй қандай шартпен беріледі? Оларға берілетін тегін баспана жоқ па ?
Мәселенің мәнісін білу үшін Жетісу облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына хабарласып, осы сұрақтарға жауап іздеп, сұхбаттасуға қолайлы уақыт белгілесеңіз – деген өтінішімізді жеткізгенде, ақпаратқа қол жеткізу жөніндегі уәкілетті тұлғаның айтқаны: — алдымен біздің сұрақтарымызбен танысып, жауабын тек ақпарат ретінде бере алатынын айтып, басқарма бастығына жолатпады. Ақпаратты жеделдету жөніндегі өтінішіміз орындала қоймады, «жауап басқа бөлімнен алынатындықтан біраз күтуге тура келеді, оған қоса ол үшін облыс әкімдігінің рұқсаты керек» — деп созбақтатты. Түсінбедік уәкілетті тұлғаның ақпарат беру жұмысын. Заңға сәйкес журналист сұранысына 5 күн ішінде жауап беруге тиіс мемлекеттік орган қызметкері бұдан хабарсыз сияқты.
Дегенмен, әділеттілігіне келсек, облысымызда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Үй берілу саны да айтарлықтай жоғары. Бірақ үй кезегі неге азаймайды?
Құрметті Бейбіт Өксікбайұлы!
Жоғарыдағы жайларды ескере отырып, ендігі үмітіміз Сізде. Үй кезегінде жылдап тұрып, үйге жете алмай келе жатқандардың шағымына «Үйлердің берілу тәртібі мен кезектің түзілу тәртібін» түсіндіретін жауапты мамандар бар ма бізде? Сұрақтар көп.
Редакциямызға үй кезегі туралы келіп жатқан сұрақтарға түсінікті түрде жауап беруде біз тек сол мәселемен айналысатын мамандарға тәуелдіміз. Неліктен Тұрғын үй басқармалары халықпен тығыз байланыста түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді? Олай болмаған күнде ұзақ жыл күткен «бас-пана – бақыттың бастауы» деген ұғым, тек қағаз бетінде қалуы мүмкін.
Кезегі жетпеген ел кеңсе жағалап жүрмес үшін Тұрғын үй басқармасы медиа-жоспар жасап, жүйелі түрде газет беттеріне шығып тұруға болады ғой. Тұрғындар көкейіндегі сұрақтарға жауап алмайынша олардың бойындағы ашу мен сенімсіздік сейілмейді. Олар нақты жауап пен әділ таратылымды талап етеді. Баспана мәселесі – халықтың ең өзекті әлеуметтік проблемаларының бірі. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мен іске асырылуы нақты нәтиже бермесе, әлеуметтік теңсіздік тереңдей түспек. Ал тұрғындар үшін кезекте тұрған әр жыл — үміт пен уақыт жылдары…

Құрметпен «Алатау» газетінің
бас редакторы Баян ТАҢАТАРОВА


ПІКІР ЖАЗУ