АЙЫППҰЛДАН ТҮСКЕН ҚАРАЖАТ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ

0
79

Редакциямызға осындай сұрақтар қала тұрғындары тарапынан көптеп келіп жатады. Әсіресе, айыппұлдар түрі көбейген 2025 жылдың басынан бері айыппұл көбейсе – қазына ақшасы да көбейетіні рас. Ал сол ақша қайда кетеді – деген сұрақ көп. Осы сұраққа жауап алу үшін Мемлекеттік кірістер комитетіне қарасты Жетісу облысының экономика және жоспарлау басқармасы және полиция департаменті мемлекеттік мекемесінен ақпарат алу үшін хабарласқан едік.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 204106 бюджеттік сыныптама коды (БКК) бойынша жыл сайын қомақты қаражат жиналады. 2023 жылы бұл көрсеткіш 3 904,9 миллион теңгені құраса, 2024 жылдың алғашқы айларында 2 219,2 миллион теңге түскен. Бұл қаржы негізінен жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерден жиналған айыппұлдар есебінен түседі. Олардың қатарында жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, дұрыс тұрақтамау, қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану, жаяу жүргіншілер жолағынан өтпеу, жүргізуші куәлігінсіз немесе мас күйінде көлік басқару сияқты заңбұзушылықтардан түскен қаражат.
Ал түскен қаражаттың қалай бөлінетіні туралы Жетісу облысының экономика және жоспарлау басқармасы былайша түсіндіреді. Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 11-бабының 3-тармағына сәйкес, кірістер (оның ішінде айыппұлдар) нысаналы мақсатқа ие болады. Сол себепті облыс бюджетіне түскен барлық салықтар мен төлемдер жалпы қолма-қол ақшаны бақылау шотына аударылады. Түскен қаржы бірінші кезекте әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталады. Мемлекеттік кірістер департаментінің есебіне сәйкес, облыстық бюджетке 204106-шы код бойынша 2023 жылы 3,9 млрд теңге (оның ішінде Талдықорған қаласы – 2,5 млрд теңге), ал 2024 жылы 2,2 млрд теңге (оның ішінде Талдықорған қаласы – 0,4 млрд теңге) түскен.
Бұл қаражаттың нақты қайда жұмсалатыны жайлы полиция департаменті мемлекеттік мекемесі мынандай ақпарат берді. Олардың мәліметінше, айыппұл сомасын әкімшілік полиция немесе жергілікті органдар салған жағдайда, ол жергілікті әкімдіктердің бюджетіне түседі. Бұл қаржы мемлекеттік бюджет есебінде көрсетіліп, бірнеше бағытқа бөлінеді. Атап айтқанда, жол инфрақұрылымын дамыту мен күтіп ұстау, құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, әлеуметтік және қоғамдық жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ жергілікті бюджеттерді қолдау мақсатында жұмсалады. Бұдан бөлек, ірі айыппұлдардың бір бөлігі республикалық бюджетке аударылып, мемлекеттік маңызы бар шығындарға бағытталады.
Айыппұлды уақытында төлемеген жағдайда оның мөлшері арта түсетіні белгілі. Мысалы, Шымкент қаласында 2024 жылдың алғашқы 10 айында жүргізушілерге 8 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 3 миллиард теңгеден астамы төленген. Бұл қаражат қала мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларға жұмсалған. Сол сияқты, Талдықорған қаласында көлік жүргізушілерінен түскен айыппұл сомасы жергілікті бюджетке түсіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсалады. 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке сәйкес, мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдардан, өсімпұлдардан, санкциялар мен өндіріп алулардан 59 775 мың теңге түсім жоспарланған. Бұл қаражат ең алдымен әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Оның ішінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсету, мүгедек балаларды материалдық қамтамасыз ету, тұрғылықты жері жоқ тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу сияқты бағдарламалар бар.
Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да қаражат көзделген. Тұрғын үйлерге көмек көрсету, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, қала инфрақұрылымын дамыту басты назарда тұр. Одан бөлек, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдарын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Қалалық қоғамдық көлікте әлеуметтік санаттағы азаматтарды қолдау, жолдарды жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары осы қаражат есебінен жүзеге асырылмақ.
Жалпы алғанда, жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір жүргізушінің міндеті. Ережелерді бұзу қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін болғандықтан, заң бұзушыларға айыппұл салу орынды. Бұл шара жүргізушілерді тәртіпке шақырып қана қоймай, жалпы жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Осы мақсатта Талдықорған қаласында да жол қозғалысын реттеу үшін бақылау камералары мен «Сергек» жүйесі орнатылған. Бұл жүйе жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, көлік тұрақтау ережелерін бұзу сияқты заңбұзушылықтарды тіркеп, автоматты түрде айыппұл салады. Сонымен қатар, қалада «Дидар» атты басқа да бақылау камералары жұмыс істейді. Бұл жүйелердің басты мақсаты – жолдағы тәртіпті қадағалап, апаттардың алдын алу үшін орнатылған.
Қысқасы, тәртіпті сақтасаңыз – айыппұл төлемейсіз. Түпкі мақсат – осы. Ал айыппұлдан жиналған қаржыны талан – таражға салатындар, сондай-ақ сыбайласып жеушілермен күрес – заңды қадағалайтын құқық орындарының жұмысы.

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ