ҰЛТТЫҚ ҰЛАН: ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ — АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

Әрбір мемлекеттің тыныштығы мен тұрақтылығы – оның ішкі қауіпсіздік құрылымдарына байланысты. Қазақстанда осы маңызды міндетті абыроймен атқарып келе жатқан – Ұлттық ұлан. Олар – қоғамның сенімді тірегі, мемлекеттің қорғаны. 7 мамыр Отан қорғаушылар күнін пайдалана отырып, еліміздің барлық әскери қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтаймыз және ел мүддесі үшін жасап келе жатқан қажырлы еңбектеріңізге алғысымызды білдіреміз. Осыған байланысты қаламыздағы бірнеше әскери ұйымдармен сұқбат жүргізіп, әскердегі шынайы өмірлерінің куәгері болғандықтан, газетіміздің осы бір санын ержүрек ер азаматтарымызға арнауды жөн көрдік.
Әскери қызметте жүрек пен жігер керек
Құсайынов Данияр Қалиұлы, батальон командирі. Талдықорған қаласының тумасымын. 1989 жылы қазіргі Жетісу облысы, Балпық би кентінде дүниеге келдім. Әскерге деген қызығушылығым ерте оянды, бірақ бұл мамандыққа келуіме әкемнің ықпалы зор болды деп ойлаймын. Ол кісі әскери салада қызмет етпесе де, әскер қатарында болып, өз борышын өтеген. Ер жетіп, болашақ мамандықты таңдауға келгенде, әкемнің кеңесі мені әскери бағытқа бет бұрғызды.2007 жылы Петропавл қаласындағы әскери оқу орнына түсіп, төрт жыл білім алдым. Сол кездегі оқу орным қазіргі ҚР Ұлттық Ұлан академиясы деп аталады. 2011 жылы оқуымды аяқтап, офицер атанып, еліміздің әр өңірінде қызмет етуді бастап кеттім. Алғашқы еңбек жолым Өскемен қаласынан басталды. Мұнда сегіз жылдан астам уақыт бойы табанды еңбек еттім. Одан кейін Семей, Павлодар, Алматы қалаларында қызмет атқарып, туған өлкем Талдықорғанға оралдым. Қазіргі таңда №5514 әскери бөлімінде 2-жедел мақсаттағы батальон командирі болып қызмет етемін.
Әскери қызмет – бұл жай ғана жұмыс емес. Бұл өмір салты, бұл жауапкершілік пен тәртіптің түйіскен орны. Менің түсінігімде нағыз Отан қорғаушы – бұл ең алдымен адамгершілігі мол, тәртіпке бағынатын, өз ісіне адал жан. Ол айналасындағы әріптестеріне үлгі бола білуі тиіс. Қызметтегі қатал тәртіпке бағындырып, сарбаздарды тәрбиелеу оңай шаруа емес. Бұл үшін шыдам, ақыл, білім мен жүректің үндестігі қажет. Сонымен қатар, әскери адам өз жұмысын сүюі керек. Егер ол ішкі жан дүниесімен бұл қызметті қабылдай алмаса, ол ортада ұзақ тұра алмайды.
Ұлттық Ұлан – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше орын алатын құрылым. Бұл ұйым тек қоғамдық тәртіпті сақтап қана қоймай, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге де айрықша көңіл бөледі. Біздің бөлімше жыл сайын ауыл-аймақтарға, мектептер мен колледждерге барып, жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, Шоқан Уәлиханов атындағы №10 мектеп-гимназиясымен тығыз байланыстамыз. Бұл мектептің біз үшін орны бөлек. Себебі, дәл осы білім ордасында 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан Айбат Амановтың құрметіне арнайы сынып ашылған болатын. Сол кезден бастап біз бұл мектеппен жиі іс-шаралар өткізіп, патриоттық тәрбие бағытында бірлесіп жұмыс істеп келеміз.
Қазіргі таңда біздің әскери бөлімімізде келісімшарт арқылы қызметке қабылдау жалғасып жатыр. Ваканттық орындардың саны аз қалғанымен, олар да іріктеуден өткен азаматтарға арналып тұр. Нақтырақ айтқанда, қазір тек он адамның құжаттарын рәсімдеу ғана қалды деуге болады. Бұл – жастардың әскери қызметке деген қызығушылығының артқанының дәлелі.
Техникалық және материалдық жағдайға келер болсақ, бүгінде Ұлттық Ұланның жағдайы өте жақсы деңгейде. Қарулану, техникамен қамтамасыз ету, сарбаздардың тұрмыстық жағдайы – барлығы да жоғары деңгейде шешімін тауып келеді. Мұның бәрі басшылықтың тікелей қолдауымен жүзеге асуда. Соңғы жылдары көптеген өзгерістер мен оң жаңалықтар орын алды. Біз қаладағы өзге әскери құрылымдармен де тығыз байланыстамыз. Қажет болған жағдайда бір жұдырықтай жұмылып әрекет етуге әрдайым дайынбыз.
Алдағы 9 мамыр – Жеңіс күніне орай біздің әскери бөлімнен 50 адам салтанатты парадқа қатысады. Бұл шараға басқа да әскери құрылымдардан 50 сарбаздан қатысады. Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы №10 мектеп-гимназиясынан 20 оқушы сап түземек. Бұл – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі.
Ұлттық Ұланға қызметке қабылданудың өзіндік шарттары бар. Біріншіден, азамат 11 жылдық орта білім алуы қажет. Сотталмаған болуы, әскери билетінің болуы – басты талаптар. Сонымен қатар, үміткердің жасы 21 мен 32 жас аралығында болуы тиіс. Егер үміткер Петропавл қаласындағы Ұлттық Ұлан академиясының түлегі болса, онда әскери билет талап етілмейді.
Әскери қызмет – жүрек пен жігерді қажет ететін салалардың бірі. Қоғамда «Отан қорғау – тек ерлік» деген пікір қалыптасқанымен, бұл қызметтің артында үлкен еңбек, тәрбие және психологиялық дайындық тұр. Жан-жақтан келген сарбаздарды тәрбиелеу, оларды Отан қорғауға үйрету – бұл үлкен жауапкершілік. Мұндай қызметте әрбір басшы психолог та, тәрбиеші де, көшбасшы да бола білуі керек. Бір сарбаздың тағдырына ықпал ету, оны дұрыс жолға бағыттау – бұл аса үлкен еңбек.
Жастар тәрбиесіне келсек, менің ойымша бүгінгі жас буынның мүмкіндігі мол. Қазіргі жастардың көкірегі ояу, көзі ашық, ақпаратты тез қабылдайды. Бірақ кей тұстарда олардың әлсіз тұстары да байқалып жатады. Зиянды әдеттерге үйірлік – мысалы, темекі шегу, энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну, фаст-фудқа әуестік – олардың денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр. Мұндай әдеттер әсіресе әскери қызметтің алғашқы кезеңінде көп кедергі келтіреді. Сол себепті жастайынан дұрыс бағыт беру, тәрбие беру – ата-ананың да, қоғамның да басты міндеті.
«Отан – отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Әрбір бала отбасында алған тәрбиесін болашақ өмірінде көрсетеді. Сондықтан әскери болсын, өзге мамандық иесі болсын, ең бастысы – рухы мықты, дені сау, еліне адал ұрпақ тәрбиелеу бәріміздің ортақ парызымыз.
Әскери өмір маған да көптеген жақсы қасиеттерді дарытты. Таңертең ерте тұру, тәртіпке бағыну, дұрыс тамақтану, адамдармен жақсы қарым-қатынас орнату – мұның барлығы осы салада жүріп қалыптасқан дағдылар. Бұл тек қызмет қана емес, бұл – өмірлік мектеп.
Сөз соңында жастарға айтарым: сіздерге берілген әрбір мүмкіндікті дұрыс пайдаланыңыздар. Өмір жолында нақты мақсат қойып, сол мақсатқа жетуге тырысыңыздар. Ер жігітке әлсіздік жараспайды. Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың абыройлы парызы. Осы жолда аянбай еңбек етіңіздер, сонда ғана ел қорғаны бола аласыздар.
Әскери қызметіміз – әскери міндетпен өлшенеді
Қаержан Алмаз Серікұлы, рота командирі. 1999 жылдың 26 желтоқсанында Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында дүниеге келдім. Әскери салаға қадам басқаныма биыл он бір жыл толып отыр. Бұл сапарым 2014 жылы, небәрі 14 жасымда басталды. Сол жылы мен Алматы қаласындағы «Арыстан» мамандандырылған лицейіне қабылданып, үш жыл білім алдым. Бұл менің әскери өмірге алғашқы қадамым еді. 2017 жылы лицейді тәмамдап, туған қалам Петропавлдағы Ұлттық ұлан әскери академиясында білімімді жалғастырдым. Аталған оқу орнында 2021 жылға дейін оқып, «Командалық-тактикалық тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар» мамандығын игердім. Оқуымды аяқтаған соң, іріктеу нәтижесінде Талдықорған қаласына жолданып, осы күнге дейін қызмет етіп келемін. Алғашқы лауазымым – рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болса, 2024 жылдан бастап рота командирі қызметін атқарып келемін. Осы жылдар ішінде жеке құраммен, сарбаздармен және сержанттармен тығыз жұмыс істеп, тәжірибе жинадым.
Әскери мамандықты таңдауыма отбасы ықпал етті десем артық емес. Атамның әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Атам әрдайым «Немерелерімнің бірі әскери адам болса екен»,-деп армандайтын. Бүгінде сол арманды орындаған мен болдым. Әулетімізде атамның немерелерінің ішінде менен басқа әскери салада қызмет ететін жан жоқ. Ал әкем Нокушев Серик Каержанович әскери өмірден алыс емес, ол полиция қызметкері, әкем де менің үлгі тұтар тұлғам. 2014 жылы әкем зейнетке шықса, мен дәл сол жылы әскери жолға түстім. Үйде ілулі тұрған марапаттар мен медальдарға әскери формаға қызыға қарап өстім. Сол кездерден бастап жүрегімде Отанға адал қызмет етуге деген ұмтылыс оянды. Әскери өмір мені өзгертті. Бұл мамандықта қиындықтарға шыдауға, кез келген жағдайды байыппен қабылдап, сабырлы болуға, эмоцияны басқара отырып дұрыс шешім қабылдауға үйренесің. Мұнда келген ержігіттер өзгелерден қарағанда ерте есейеді, барды жоқтың қадірін түсінеді. Ең алдымен әрине отбасының қадірін түсінеді, анаңмен отырып ішкен бір кесе тәтті шайға бұл жалғанда жетер тәтті сусын жоқ екенін түсінесің. Одан бөлек, шынайы достықтың, бауырмалдылықтың не екенін осы жердегі қызметтес достарыммен бірге ұғынып келемін. Әскери тәртіп, жауапкершілік, жинақылық – бұл форма киген әрбір адамның бойында болуы тиіс қасиеттер. Себебі әскери қызмет – тек жұмыс емес, бұл – қоғамға үлгі болу, дұрыс бағытқа тәрбиелеу деген сөз. Кейде сырт көзге әскери адамға барлық жағдай жасалғандай көрінуі мүмкін. Иә, мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік кепілдіктер мен қамтамасыз етулер бар. Алайда нағыз жауынгерді шыңдайтын – тәртіп пен қажырлы еңбек. Әскери қызметкер әрдайым өзіне талап қоя білуі керек: дене дайындығы, рухани орнықтылық, психологиялық тұрақтылық, адал еңбек – бұлардың бәрі бір адамның бойынан табылуы тиіс. Сонда ғана діттеген мақсатыңа жетесің.
Ұлттық ұлан – бұл еліміздің тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылым. Оның басты міндеттерінің бірі – стратегиялық нысандарды қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, жаппай тәртіпсіздік кезінде азаматтарды қорғау. Біздің қызметіміз тәулікпен емес, міндетпен өлшенеді. Кезекшілік, жаттығу, командалық дайындық – бәрі әскери күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Күнде кешкісін біздің сарбаздар қала көшелерін бақылау үшін кезекшілікке шығады. Мұндағы мақсат қаладағы қылмыс санын азайтып, қоғамдық тәртіптің сақталуына үлес қосу.
Ұлттық ұланда патриоттық тәрбие бағытында көптеген шаралар жүзеге асырылады. Біздің бөлімде ашық есік күндері ұйымдастырылып, мектеп пен колледж оқушыларына әскери өмірдің қыр-сырын көрсетеміз. Қару-жарақтармен, техникалармен таныстырып, дәрістер өткіземіз. Бұл жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, елге қызмет етуге деген ынтаны арттыруға бағытталған жоба. Сонымен қатар, бөлімімізде «Жас бүркіт» үйірмесі жұмыс істейді. Бұл – болашақ сарбаздарды даярлауға арналған бастама. Мектеп жасындағы жеткіншектер өз еріктерімен келіп қатыса алады. Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан батырымыз – Аманов Айбаттың есімі де біз үшін мақтаныш. Оның құрметіне Шоқан Уәлиханов атындағы №10 мектеп-гимназиясында арнайы сынып ашылып, біз сол мектеппен тығыз байланыстамыз. Балаларға батырлық пен адалдық жайлы сабақ өткіземіз, өмірлік бағыт-бағдар береміз.
Сонымен қатар, Астана қаласында Ұлттық ұлан ансамблі бар. Бұл да әскери рухты көтеретін, өнер мен тәртіпті үйлестіретін ерекше жобалардың бірі. Жауынгерлердің мәдени дамуына, шығармашылығына да жағдай жасалған. Өнер мен білім – бұл да тәрбиенің қос қанаты.
Жыл сайын әскери институтқа қабылдау науқаны басталар алдында, біз Талдықорған қаласының барлық мектептерінде арнайы таныстырылым жұмыстарын жүргіземіз. Әскери қызметке қызығушылығы бар жастарға бағыт-бағдар көрсетіп, құжаттарын рәсімдеу тәртібімен таныстырамыз. Бұл – жастардың санасында әскери қызметтің маңызын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Біздің бөліміміз – ұйымшыл әрі бір отбасыдай. Ұлттық ұланда көптеген мамандар қызмет атқарады. Командирлер, тәрбиешілер, техника және қару-жарақ мамандары, байланыс және кинолог қызметкерлері, медицина саласындағы жұмыскерлер және т.б. Ұлттық ұланның ұраны – «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған!» Бұл сөзден ұғынарымыз, ұлттық ұлан жай ғана әскери ұйым емес, ол бір мақсат жолында жұмыс істейтін тұстастай бір механизм. Егер механиканың бір бөлшегі дұрыс жасамайтын болса, жұмыс алға жүрмейтіні рас қой, дәл сол секілді біздің құрамдағы әрбір қызметкердің жұмысы мен амандығы біз үшін өте маңызды. №5514 әскери бөлім командирі полковник Мансуров Амир Асылбекович бастаған басшылық құрам әр сарбаздың денсаулығы мен қажеттіліктеріне жіті көңіл бөледі. Осындай ұжымда қызмет ету – үлкен жеңіс деп білемін.
Әскери бөлім – жай ғана жұмыс орны емес, бұл – тәртіптің, тәрбиенің, рухтың мектебі. Мен үшін Отанға қызмет ету – абырой мен парыз. Әрбір ер азамат өз елінің, жерінің қорғаны болуға тиіс. Себебі Отан – ол тек туған жер емес, ол – отбасың, жақындарың, тарихың, тілің, мәдениетің. Осының бәрін қорғау – шын патриоттың борышы деп білемін.
Талшын ИЕМБЕРДИЕВА