ЕЛ ҚОРҒАУ — ЕР ЖҮРЕКТІҢ ІСІ

Қарапайым тілмен айтқанда елдің Қорғаныс күштеріне ел қорғаны болатын адам күшін жинаушы мемлекеттік құрылым. Біздің осы Талдықорған әскери комиссариатымен байланыс орната алмай жүргенімізге біраз уақыт болған еді. Алдымыздан түрлі кедергілер шығып отырды. Бұл жолы жолымыз болып, Талдықорған қалалық әсери комиссариаттың басшысы Мақсат Қуандықұлымен Жеңіс күні қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсті.
2023 жылдан бері Талдықорған қаласы Қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы Мақсат Қуандықұлы Жоғары әскери білім алған полковник, Қазақстан Қорғаныс күштері саласында жұмыс атқарып жүрген білікті әскери маман. Құрлық әскери институтын аяқтаған соң облыстық өңірлік қолбасшылық құрамында командир-ротадан бастап, батальон командирі, басқа да әскери лауазымдарды атқарды.
– Қазақшасы да, орысшасы да ел аузында «военкомат» аталатын мекеменің қызметі әскерге шақыру екенін білгенмен, нақты айтсақ, «военкоматтың бастығының» лауазымына сәйкес атқаратын қызметтері қандай?
Мақсат Қуандықұлы: — Өздеріңізге белгілі, біздің негізгі жұмысымыз әскерге шақыру ғой. Біз шақырып қана қоймаймыз, ол шақырылған жігіттердің біліміне, денсаулығына байланысты іріктеу жүргіземіз. Мұндағы мақсат — шақырылғанды қай әскери бөлімге сұраныс бар, ол соған жарамды ма, соны анықтау. Біз тек әскерге шақырып қана қоймаймыз, жастар арасында әскерге шақыруға дейінгі жастар аудиториясына патриоттық тәрбие беру, Отан қорғау маңыздылығына бағытталған тәрбие-түсінік жұмыстарын да жүргіземіз. Әскери жауынгерлік міндеттен бас тартқан азаматтарға заң бойынша қандай жауапкершілікке тартылатынын түсіндіреміз. Сонымен қатар, «Қорғаныс істері саласындағы мемлекеттік саясатты» сол аймақтық деңгейде іске асыру жұмыстарын жүзеге асырамыз.
Комиссариат ұжымы — кәсіби мамандар тобынан құралған. Басқарма құрылымында түрлі сала мамандары еңбек етеді. Әскери комиссар — басқарманың жұмысын үйлестіріп, тәртіп пен жоспардың орындалуын қадағалайды.
Әлеуметтік-психологиялық қызметтің мамандары — әскерге шақырылған жастардың психологиялық ахуалын тексеріп, әскерде қызмет етуге бейімділігін тексерсе, медицина қызметкерлері — болашақ сарбаздардың денсаулық жарамдылығын қарап, шешім қабылдайды. Әкімшілік және іс жүргізу мамандары — құжаттармен жұмыс жасап, шақырту қағаздарын әзірлейді. Патриоттық тәрбие және ақпарат жұмысы бойынша мамандар — орта оқу орындары және мектептермен байланыс орнатып, іс-шаралар жүргізеді. Болашақ жауынгерлердің әскермен таныстығы осы жерден басталады. Сондықтан комиссариаттағы мамандардың кәсіби шеберліктерімен қатар, адамгаршілік қасиеттері болуының да зор маңызы бар.
– Қорғаныс күштеріне шақырылған азаматтардың Отан қорғауға деген белсенділігі бар ма бойында? Әскери комиссариатқа шақыру бойынша берілген жоғарғы жақтың тапсырмасын орындай алып жүрсіздер ме? Жалтарушылар бар ма әскери борышты өтеуден?
Мақсат Қуандықұлы: әскерге шақыру елімізде жүйелі түрде өткізіледі ғой, оны өздеріңіз де білесіздер. Көктемгі және күзгі шақырулар. 2025 жылғы көктемгі шақыру аясында еліміз бойынша 42098 азамат әскерге шақырылды. Көктемгі науқан 1 наурыздан бастап маусым айының соңына дейін жалғасады. Әзірге бізде әскерден жалтару фактілері жоқ. Жастардың әскери қызметке белсенділігі жоғары деп айтуымызға болады. Әскер қатарында жүргендерге біраз әлеуметтік жеңілдіктер берілгені, жоғарғы оқу орындарына емтихансыз түсу сияқты «Срочник 2.» деп аталатын жеңілдіктер бар. Әскери есепке электронды портал арқылы тіркелуге болатын мүмкіндік ашылды. Менің ойымша, жергілікті комиссариаттар патриоттық тәрбие жөніндегі жұмыстарын белсенді түрде жүргізе беруі керек.
– Отан соғысынан кейін соғыс қаупі елімізге төнбесе де Ауғанстандағы соғысқа қатысқан сарбаздарымыз бар, басқа да елдерде бітімгершілік миссиясымен болған, қазір де жүрген жауынгерлеріміз бар. Оны өзіңіз білесіз. Соғыстағы жауынгерлердің бәрі батыр деп есептейміз. Ал бейбіт күндегі жауынгер ше? Жалпы, нағыз жауынгер қандай қасиеттерге ие болу керек?
Мақсат Қуандықұлы: — Әскери қызмет жай жұмыс емес. Бұл — өмірлік миссия, ар-намыс пен адалдықтың нышаны. Мен, мысалы, әскери форманы мақтанышпен киемін. Әскери орта адамды тәртіпке, жауапкершілікке үйрететін киелі орта. Мен үшін әскери қызмет тек лауазым емес, Отанға адалдықтың, тәртіп пен ерліктің символы. Ал Қазақстанның жауынгері қандай болу керек деген сұрағыңызға былай дер едім. Отан қорғау тек шекара күзету, қару ұстаумен шектелмейді. Нағыз жауынгерде мына 7 қасиет белу керек: отансүйгіштік, төзімділік пен шыдамдылық, темірдей тәртіп (тәртіпсіз сарбаз — әлсіз сарбаз), жауапкершілік, батылдық, ұжымшылдық пен бауырмалдық, білімділік пен ой-өрісінің кеңдігі — өйткені қазіргі жауынгер ақылмен де қарулануы тиіс, яғни жоғары интеллект керек. Осы қаситеттер нағыз жауынгер тұлғасын қалыптастырады. Осы қасиеттерге біз жастарды баулуға тиіспіз.
Әңгімелескеніңізге рахмет. Сізді және барша әскери қызметкерлерді 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Ел тыныштығы мен бейбіт өмірдің қорғаушысы болған сіздерге зор денсаулық, отбасы амандығын, абырой мен сәттілік тілейміз!
Зарина БЫЖЫБЕК