ЖАҢА СУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

0
57

Жетісу облысында жаңартылатын энергия көздерінің қатары тағы бір маңызды нысанмен толықты. Ескелді ауданындағы Қора өзенінде салынған жаңа су электр станциясы – өңірдегі 18-ші жаңартылған энергия көздері (ЖЭК) нысаны. Қуаттылығы жылына 26 мегаватт болатын бұл станция облыстың энергетикалық әлеуетін арттырып, тұрақты даму бағытындағы маңызды қадамға айналып отыр.

Салтанатты ашылу рәсімі кезінде алдымен жобаның құрылыс барысы жайлы арнайы бейнефильм көрсетіліп, ҚР Энергетика министрінің орынбасары Сұңғат Есімхановтың бейнеқұттықтауы жарияланды. Шараға қатысқан жобаны жүзеге асырушы «Қора ГЭС-2» ЖШС директоры М.Тукенов пен құрылтайшы компания – «АСПМК-519» ЖШС бас директоры А.Сычев өз сөздерінде мемлекеттік қолдау мен бизнестің әріптестігіне тоқталып, энергетика саласына қосар үлестерін одан әрі арттыруға ниетті екендерін білдірді. Сонымен қатар, облыстың құрылған күні мен Құрбан айт мерекесіне орай Текелі қаласындағы саябақтың реконструкциялануына А.Сычев 50 млн. қаражат бөлетінін жеткізді.
Станцияны символдық түрде іске қосу үшін қызыл тетік басылып, қонақтар нысан ішін аралап көрді. ГЭС бастығы Ілияс Хамитовтың айтуынша, құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, жобаның жалпы құны 10,5 миллиард теңгені құраған. Құрылыс кезеңінде 300-ге жуық адам жұмыс істесе, қазіргі таңда станцияда 21 маман тұрақты жұмыс істейді. Австриялық GLOBAL Hydro компаниясының заманауи жабдықтарымен қамтылған ГЭС тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін 12 мың текше метрлік су бөгетімен жабдықталған.
Бүгінде Жетісу облысында белгіленген қуаттылығы 225,4 МВт болатын 17 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр. Қора өзеніндегі бұл жаңа станция – өңірлік энергетика инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған кезекті қадам. Тағы бір айта кетерлігі, облыста жыл соңына дейін жалпы құны 10,4 миллиард теңгені құрайтын және қуаттылығы 20,6 МВт болатын тағы екі су электр станциясының құрылысы аяқталуы жоспарланған.
2025 жылдың басынан бері облыста 247,3 миллион кВт/сағ электр энергиясы өндірілсе, оның 191,8 миллион кВт/сағ-ы жаңартылған энергия көздерінен алынған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық. Жаңа ГЭС-тің іске қосылуы – өңірдің «жасыл» экономикаға көшу жолындағы маңызды жетістігі болып табылады.

Гүлнұр БАЙМҰХАН


ПІКІР ЖАЗУ