ҚҰРБАН АЙТ КҮНДЕРІ ОРНЫНАН АЛЫНДЫ
Менің ойымша, министрлердің орындарынан жиі ауысатынына етіміз үйреніп кеткен жоқ. Өйткені біз солар орнынан қашан алынар екен деп күтіп жүргендей боламыз. Олай деуімнің басты себебі — орнынан алынып жатқан министрлердің басқарып отырған саласында кемшіліктер мен қайшылықтар, ал жеке бастарында жауапкершілік пен біліктілік сапасы кемшін екені айтылып жатады. Олар мемлекет басшысы сенім білдіріп тапсырған саланы талап үдесінен көрсете алмайды. Сондықтан болар, тіпті, Құрбан айт мерекесі күндеріне қарамастан Президенттің оларды орнынан тайдыруы.
Бұл жолы Руслан Жақсылықов министр қызметінен босатылды. Неге ?- деген сұрақтар қойылмады. Себебі Қорғаныс министрлігіндегі болып жатқан жағдайлар ел назарында еді… 2022 жылдың Қаңтар оқиғасында Ұлан әскерін басқарып, алаңда ширақ, батыл істерімен көзге түскен Жақсылықов туралы Неге. Кз сайты: сарбаздардың арасында өзі жүрген – деп жазады. Дикий Арман сияқтыларды ұстауда ерлік те көрсеткен. Осыдан кейін Қорғаныс министрі болып тағайындалған Жақсылықов туралы журналистер қауымы аз жазған жоқ. Оның әскери білімімен қатар педагогика ғылымдарының кандидаты деген атағы да бар екен. Жауынгерлерді тәрбиелеуге ынтасы болса — білімі жетерлік екен.
Қазақстанда әскер қатарына жыл сайын 18-27 жас аралығындағы 20 мыңнан астам азамат шақырылады. Қуанып, «отанымды қорғауды үйренемін» – деп барған жас сарбаздардың белгісіз себептермен көз жұмуы жиілеп кеткені белгілі. Жазылып та, айтылып та, көрсетіліп те жатыр. «Астана ақшамы»-ның (2.11.24.) «Әскердегі әлімжеттік» туралы мақала дерегінше, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери қызметкер өзіне қол салуға оқталған. Кейінгі 3 жыл 9 айда Ұлттық ұлан қатарында борышын атқарып жүрген 11 сарбаз мерт болған». Жауапқа тартылып жатқан жауапты жан бірен-саран… Еңіреген ата-ана құзіретті орындардың есігін тоздыруда… Ең түсініксіз жері, мерт болған сарбаздардың бәрі «құлап қалады, басын ұрып алады немесе өзін-өзі атып жібереді» деген сияқты себептер.
Экс-қорғаныс министрі Жақсылықов туралы ел аузындағы пікірлердің бірі – оның қазақшаны шала білуі. Тағы да Неге кз.-тің жазбасынан. «Естеріңізде болса, әріптесіміз Бақытнұр Әлібайдың сұрағына жауабы: «Неге сөйлемейміз, қазақпыз ғой. Немене, журналистер өкпеледі ме? Ә-ә-ә, қазақтарда бір мақал бар, «өкпелесең көшіп кет», ых-ых-ых…жарай ма?»Қазақша бұлайша сөйлеуі генералдың мінезінің арсың-гүрсің, ұр да жық шалақазақ екенін байқатқандай… Ау, әскери адамға тән байсалдылық қайда? Бұл экс-министрдің портретінің бір ғана штрихы. Сол штрихтың өзі Қорғаныс жүйесін басқарып отырған адамның біліктілігін, саяси сауаттылығынан хабар бергендей… Ана тілін білмеу идеологиялық сауатсыздық қана емес, өз елінің тілін білмеу – саяси сауатсыздық. Әсіресе қорғаныс министріне…
Кеткен адамның кемшілігін тізбелей беру дұрыс емес, әрине. Бірақ қазір ғана орнынан кеткен министрдің де, одан бұрынғылары да елдің қорғаныс қабілетін жақсартып, тындырғандары шамалы. Бәрінің орнында бықсыған коррупциялық шала қалды. Әлеуметтік желіде гу-гу… Нәтижесі: Қазақстан әскерінің әлеуеті төмендеп жатыр.Қорғаныс жүйесін жаңартуға құйылып жатқан миллиардтаған қаржының тиімділігі белгісіз. Әскерімізде не жаңарды: киім бе, техника ма, әлде қару-жарақ па, мүмкін тамақ құнарлы болып немесе әскерилердің жалақысы өсті ме ?..
Қазіргі тұрақсыз геосаяси жағдай мынау…Ұлыбританиямен қарым-қатынас орнатып жатқанымыздан секемденіп қалған солтүстік көршіміз анау – Канделаки қызын бізге қарай «сайратып» қойған.
Жаңадан келген Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов халық пен президент сенімін ақтайтын, елдің қорғаны бола алатын қабілетті әскер дайындауға барын салады деген ойдамыз. Журналистердің сұрақтары бар ғой «100 күн сізге не өзгеріс әкелді?» деген. 100 күнде әскер өзгере қоймас, дегенмен жағымды жаңалықтар алда болсын! — дегіміз келеді.
Баян Таңатарова