ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ
Елімізде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында өткізіліп келе жатқан «Халық заңгері» республикалық акциясы 30 мамыр күні Ескелді ауданында ұйымдастырылды. Сервистік әкімдікте өткізілген жиында жергілікті тұрғындар заңгерлерден тегін кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
Аталған акцияның мақсаты – азаматтарға құқықтық көмек көрсету арқылы олардың заңдық сауаттылығын арттыру және күнделікті өмірде туындайтын құқықтық мәселелерді шешуге жәрдемдесу. Сала мамандарының айтуынша, мұндай акциялар халықтың құқықтық мәдениетін көтеріп, әлеуметтік шиеленістердің алдын алуға септігін тигізеді.
Іс-шараға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері, кәсіби заңгерлер мен адвокаттар қатысып, тұрғындарды жеке қабылдады. Келушілер тұрғын үй, жер қатынастары, әлеуметтік төлемдер, еңбек және отбасылық құқыққа қатысты сауалдарына нақты жауап алды.
Акция барысында мемлекеттік қызметтер саласының мамандары тұрғындарға көрсетілетін қызмет түрлері, олардың рәсімделу тәртібі мен қолжетімділігі туралы кеңес берді. Бұл – азаматтарға мемлекеттік жүйемен тиімді өзара әрекет жасауға жол ашты.
Жергілікті тұрғындардың оң бағасына ие болған осы тектес акциялар алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҰЛЫ