МЕКТЕПТЕР ҚҰРЫЛЫСЫ НАЗАРДА
2025 жылдың 3 маусымында Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Жанар Қанатқызы жұмыс сапарымен аудан аумағындағы бірқатар білім беру мекемелерін аралап, оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығын бақылап қайтты.
Аудан әкімінің орынбасары сапар барысында мектеп ұжымдарымен кездесіп, білім беру мекемелерінің жағдайын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, оқушылардың білім алуы үшін қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру – басты міндет екенін баса айтты.
Ж. Қанатқызы алғашқы нысан ретінде Бақтыбай ауылдық округіндегі Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің жағдайын бақылауға алды. Мұнда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысының жай күйімен танысып, сапасына ерекше назар аударды.
Келесі кезекте Бақтыбай атындағы орта мектептің аумағында санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстары бақыланып, жұмысшыларға мектеп айналасындағы тазалық жағдайы бойынша бірқатар ескерту мен нақты ұсыныс айтылды.
Әкім орынбасары Қарабұлақ ауылындағы Қарабұлақ орта мектебіне де арнайы барып, ондағы күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Мектептің ішкі инфрақұрылымы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, сыныптардың маңызды құралдармен жабдықтануы назарға алынды.
Бұл жұмыс сапары аудан әкімдігі тарапынан білім беру мекемелеріне тұрақты бақылау жүргізіліп отырғанын көрсетеді. Алдағы уақытта да мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту және жаңа оқу жылына сапалы дайындық жасау бағытындағы шаралар жалғасын тауып, жұмыстар нақты нәтиже берер деген үміттеміз.
Зарина БЫЖЫБЕК