БАТЫР АНАЛАРҒА «АЛТЫН АЛҚА» МЕН «КҮМІС АЛҚА» ТАБЫСТАЛДЫ

0
76

Талдықорған қаласының Салтанат сарайында ерекше ықыласқа толы салтанатты шара өтті. Қала әкімі Ернат Бәзіл 12 батыр анаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын – «Алтын алқа» мен «Күміс алқаны» салтанатты түрде табыстады.

Қала әкімінің қабылдауында алтын құрсақты аналарға құрмет көрсетіліп, еліміздің демографиясына қосқан үлестері үшін алғыс білдірілді. ҚР Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі №862 Жарлығы негізінде екі ана – Ұлжалғас пен Жанар – «Алтын алқа» иегері атанды. Қос ана да 1986 жылы дүниеге келген, яғни бұл құрметке лайық болу үшін кемінде жеті бала тәрбиелеп отырған жандар.
Сондай-ақ, «Күміс алқа» төсбелгісі он анаға табысталды. Олардың ішінде ең үлкені 1982 жылғы, ал ең жасы – 1993 жылы туған. Бұл көрсеткіш елдің жас аналар арасындағы демографиялық белсенділігін де айғақтайды.
Марапаттау барысында қала әкімі Ернат Бәзіл отбасы құндылығының мемлекет болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті:
«Қоғамда отбасы құндылықтары маңызды рөл атқарады. Отбасында тағылымды тәрбие алып өскен бала ертеңгі күні мемлекеттің дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз. Сол болашақтың негізін қалап отырған – сіздер, аяулы аналар. Шаңырақтарыңызға бақ-береке, өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз үміттеріңізді ақтасын», – деді қала басшысы.
Қазіргі таңда Талдықорған қаласында 200 мыңнан астам адам тұрады. Соның ішінде 6 мыңнан астамы көпбалалы аналар. Бұл дерек өңірдегі отбасылық институттың әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Әлеуметтік қолдаулар мен құрметтің дәлелі ретінде мұндай марапаттар аналардың рухын көтеріп, қоғамдағы рөлін бекемдей түсетіні анық.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ