МАЛ БАЗАРЫ ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢ КӨНЕ БИЗНЕСІ
Мал шаруашылығы қазақтың ата кәсібі екені белгілі. «Мал – жаның аман ба?» — деп хал сұрасқанда, мал деген сөздің бірінші болып аталатыны да сондықтан болса керек. Мал бағып, оның санын көбейтіп, тіршілігіне жарататын қазақ үшін мал базары да қазақ бизнесінің көне түрі болып келеді. Талдықорғанның төңірегіндегі мал базары қайда десек, ол Көксу ауданының мал сатуға келушілер үшін ыңғайлы жерге орналастырылған екен. Аржағы Қаратал ауданы, бер жағы Ескелді және Көксу аудандарынан келіп мал сатушыларға тиімді күре жолдан алыс емес аумақта. Барып көрдік. Алған әсерлерімізге назар аудара отырыңыздар.
МАЛ БАЗАРЫНЫҢ ТЫНЫСЫ
Бүгінде мал шаруашылығы ауыл тұрғындарының табыс көзі болып отыр. Алайда, қала халқы етті мал базардан емес, ет базардан сатып алады. Осы орайда, базардағы ет қаншалықты таза, ол малдың қалай сойылғаны, қандай жағдайда өскені, жемделгені туралы кім кепілдік бере алады? деген сұрақтар туындайды. Таза, адал ет жеу үшін, көпшілік мал базарына бет бұрып, малды өзі таңдап, өзі сойдырып алғанды жөн көрсе кейбірі дайын өнімді алуды жөн санайды.
Көксу ауданы, Балпық би кентіндегі мал базарына барып, өз көзіммен көріп, жағдаймен танысып қайттым. Барған күнім Құрбан айт мерекесіне сәйкес келді. Бұл күн – мал саудасының қызып тұратын кезі емес пе? Базарда түйеден басқа төрт түліктін бәрі бар. Кірген бетте сатушылардың даусы естіледі. Бірі «Қандай мал іздеп жүрсіз?» десе, енді бірі «Бір қой алсаңыз, екіншісі тегін!» деп қалжыңдап, көңіл күйді көтереді. Олар таңнан кешке дейін күннің астында тұрса да күлімдеп, жылы сөйлесіп, саудаларын жасап жатыр.
Мал базарындағы бағалар – әркімнің қалтасына сай болмағанымен, сұраныстың сапасына сай. Мұндағы мал түрлері де, бағасы да сан түрлі. Орта есеппен бір қой 65 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге дейін барады. Тайлар – 300 мыңнан 500 мың теңге аралығында. Ал бұзаулар 150 мың теңгеден жоғары тұрады. Басында қымбат көрінуі мүмкін, бірақ оның бағасына келісуге болады.
Мысалға, базардан 3 500 теңгеге бір келі жылқы етін сатып аласыз. Ол бір аптаға ғана жетуі мүмкін. Ал сол ақшаны жинап, бір жылқы сатып алсаңыз, одан алынған етпен үнемділігіңізге қарай біразға дейін күн көресіз. Бұл – әрі үнем, әрі сенім. Ең бастысы – малдың жағдайын өз көзіңізбен көріп, адал жолмен семіртілгеніне көзіңіз жетеді. Бір реттік етке ақша шашқанша, ұзақ мерзімге жететін ет қорын жасап алған әлдеқайда тиімді емес пе?
САТУШЫ КӨЗҚАРАСЫ
Мал базарындағы сатушы-лардың айтуынша, сауда әркез бірқалыпты жүре бермейді. Біреу табысқа кенелсе, енді біреуі әкелген малының жартысын да өткізе алмай жатады.
«Бұл жолы базарға 6 бас тай алып келдім, соның үшеуі өтіп кетті. Тайлар 300 мың теңгеден басталады. Бәрі өз қолыммен баққан, өзімнің малым. Арасында ақша керек болғанда ғана базарға шығарамын. Ал қыста жағдай мүлде басқаша – сол 300 мың тұратын тайды кейде 500 мыңға дейін сатып жіберуге болады. Жылқы малына сұраныс әсіресе соғым маусымында, той-томалақ пен өлім-жітім кезінде қатты артады», – дейді тай сатушы Сағат Мұхаметұлы. Ал Әлібек Алмасұлы «Бүгін 60 бас қой алып келдік. Соның тек 8-і ғана сатылды. Қой бағасы 65 мың теңгеден басталады. Шынын айтсам, аса қымбат емес. Бірақ неге халық аз алады – ол жағы түсініксіз. Біз әр қойдан небәрі 5 мың теңге ғана пайда көреміз. Таңнан кешке дейін базарда тұрып, осындай табыспен қайтамыз», – деді шығыстан келген сатушы.
ҚҰРБАН АЙТ КҮНГІ БАЗАР
Құрбан айт күндері ел ішінде малға сұраныс күрт артады. Себебі халық ағылып құрбан шалуға мал іздейді. Ал сол күні Көксу ауданы, Балпық би мал базары мал сатушыларға тегін кіргізуге рұқсат берген екен. Бұл саудагерлерді қуантты. Ал басқа күндері ірі қараны базарға кіргізу үшін бір басқа – 500 теңге, ал қой мен ешкі сияқты ұсақ малдарға – 300 теңге ақы алынады екен. Бірақ Құрбан айт мейрамында бұл төлем алынған жоқ. Ары қарай базардан қалаға қарай бет алғанымда, жол бойында «Құрбан шалу орны» деген жазу бірден көзіме көрінді. Жақындап барсам, ол жерде де арнайы мал сою орны ұйымдастырылып, құрбандыққа шалынатын малдар сол жерде сойылып жатыр екен. Ең қызығы – қызмет бағалары қалтаға қонымды:
Мал сою – 2 000 теңге
Ішек-қарын тазалау – 1 500 теңге
Бас үйіту – 500 теңге
Барлығы небәрі 4 000 теңге шамасында. Бұл – әлдеқайда арзан әрі ыңғайлы. Бір орында әрі сатып аласың, әрі бауыздатасың, әрі шариғат талабына сай дұға да оқылады. Халық үшін өте тиімді жағдай жасалған.
КӨКСУ МАЛ БАЗАРЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ
Көксу ауданының аумағында орналасқан Көксу мал базары – бұл жай ғана базар емес, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мен жеке азаматтардың басты сауда орнына айналған кешен. Базардың жалпы аумағы 2 гектар, яғни 20 000 шаршы метр. Бұл – өте ауқымды аумақ, мұнда күн сайын елуге жуық адам келіп, сауда жасауға мүмкіндік бар. Сауда алаңы, көлік тұрағы, ветеринарлық бақылау, асхана, арнайы мал қоралар – барлығы бір жерде шоғырланған. Мұның бәрі сатып алушы мен сатушының уақытын үнемдеп, ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған.
Мал базарының ең үлкен артықшылығының бірі – малдарды уақытша орналастыруға арналған арнайы қоралардың болуы. Сатушы малын қораларға орналастыра алады. Бұл – малдың таза жерде тұруына және қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне үлкен сеп. Әкелінген әрбір мал алдымен ветеринарлық тексерістен өтеді. Арнайы мамандар малдың денсаулығын қарап, қажетті құжаттарын (ветеринарлық анықтама, сырға, паспорт) тексереді. Тек дені сау, құжаттары толық мал ғана базар аумағына кіргізіледі. Бұл жүйе аурудың таралуын болдырмауға және қауіпсіз сауданың жүруіне кепілдік береді.
Сатушылар мен сатып алушылар күні бойы базарда жүретіндіктен, арнайы асхана да жұмыс істейді. Бұл шағын асханада манты, лағман сияқты құнарлы, ыстық тағамдар дайындалады. Сонымен қатар түрлі салқын сусындар да табылады. Бұл – шаршап, шөлдеген адамға нағыз керектінің өзі. Келушілер көліктерін қайда қоямыз деп сандалмайды, көлік қоюға ыңғайлы жерлер жеткілікті. Қай жақтан келсе де, кез келген адам көлігін қоя салып, базарды еркін аралап, өз ісін алаңсыз шеше алады.
Көксу мал базары Алматы бағытына баратын күре жолдың бойында орналасқан. Жолмен өтіп бара жатқан кез келген адам базардың қасынан өтіп, қызығушылықпен кіріп көруіне болады. Бұл – базарға сатып алушылар легінің үзілмеуіне және сауданың үнемі жүріп тұруына да әсер етеді.
Көксу мал базары – заманауи талаптарға сай, мал сатумен айналысатын кез келген адамға ыңғайлы әрі тиімді орын. Мұнда жүйелі ұйымдастыру, тазалық, ветеринарлық бақылау, жайлы асхана уақытша мал тұратын қора – бәрі қарастырылған. Мал базары – сатушы мен сатып алушы үшін барлық жағдай жасалған.
Зарина БЫЖЫБЕК