ЗЕЙНЕТАҚЫ АЛМАЙ ҚАЛАМЫЗ БА? 1980 жылдан кейін туғандар неге алаңдаулы?

0
115

Күнделікті тұрмыста, әлеуметтік желілерде «1980 жылдан кейін дүниеге келген азаматтар зейнетақы алмайды екен» деген пікір қоғам арасында әлі күнге тарап жүр. Бұл ақпарат жастардың көңілін алаңдатып, көкейіне «онда менің жалақымның 10 пайызы неліктен ай сайын зейнетақы қорына салынып жатыр?» деген сұрақты туындатты.

Сондай жастардың бірі ретінде мен де болашағыма алаңдап, «зейнетақы шынымен берілмей ме, ондай болса салған ақшам қайда кетіп жатыр?», — деп ойладым. Оны нақты білгім келіп, БЖЗҚ-ның ресми сайтынан, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мақала, бейнематериалдардан оның анық-қанығын зерттеп алдым.
Көзім жеткені, бүгінгі буын зейнетақысыз қалмайды екенбіз. Яғни, біз, тек бұрындары төленген жасына байланысты зейнетақыны алмаймыз. Оны білгесін журналист ретінде тек өзім ғана ақиқатын біліп қоймай, мақала жазып оқырмандарға жалған ақпаратқа сеніп, дау-дамай тудырудың қажеті жоқ екенін жариялауды жөн көрдім.
Алайда, әлеуметтік желіден, бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып білгенімді жазсам, ол жерде фейк ақпарат та кеткен болар деген пайымға келдім. Солай бірден БЖЗҚ-ның Жетісу облыстық филиалына барып, нақты сұрақтарыма түсінікті, көзбе-көз ақпарат алу мақсатында 11 маусым 11.30-ға онлайн талон арқылы жазылып, Жансүгіров көшесінде орналасқан ғимаратқа бардым. Кіргенде ақпарат беретін Айзада есімді қызметкер, 1980 жылдан кейін дүниеге келген азаматтардың зейнетақысыз қалмайтынын, тек бұрындары берілген жасына байланысты зейнетақыны алмай, қызмет еткен жылдары қорға жиған қаржы арқылы ғана зейнетақы берілетінін түсіндіріп берді. Одан кейін, «сонда бізге пайыз жүрмей ме?» деген сұрағыма маман «ай сайын қорға түсіп тұрған қаржы бір жыл жиналғанда, жылына 12-13 пайыз инвестициялық қаржы азаматтың жеке суммасына байланысты қосылатынын және зейнетке шыққанда оның мемлекеттік қаржымен қосылып төленетінін», — айтты.
Сонымен қатар, қазіргі ең төменгі және жоғары зейнетақының көлемін, БЖЗҚ-ға ай сайын төлем салушылардың 1980 жылдан кейін туған азаматтар саны қанша екенін білгім келетінін айттым. Айзада ханым ондай сұрақтарға өзінің жауап бермейтінін, оған мекеме басшысының орынбасары А.Елеусізовтен аталған сұрақтарға жауап ала алатынымды айтып, кабинетіне апарды.
Кіре берісте диктофонымды қосып, кабинетке кірдім. Амандасып, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінен 2-3 қарапайым сұрақ бойынша келгенімді айтып, телефонды үстелге қойдым. Сұрағымды қоя бергенде «Бірден сұхбат аласыздар ма? Диктофонды қосып қойыпсыз» деді. Мен сұрақтардың күрделі еместігін айттым. Кабинет иесі «Біздің кез келген сұхбаттарымыз орталық аппараттың келісімі арқылы ғана жүреді. Сіз бізге сұрақтарыңызды ресми ақпарат негізінде почтаға жіберіңіз, біз сол арқылы сұрақтарға толық заңнамаға сәйкес, сілтемелер арқылы жазып жібереміз», — деп қысқа 3 күндік мерзім аралығында жауапты жіберетінін айтты.
«Сұхбатты тек орталық аппараттың келісімі арқылы ғана бере аламын» дегенін түсіндік. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар емес пе, тиісті маманға тағар айыбымыз жоқ. Күтеміз.
Алайда, осыған дейін де біраз мекемелерге ресми сауал жолдап, орталық аппарат келісім бергенде жауабын жібереміз деген сөзіне сеніп, әлі күнге ақпаратқа қол жеткізе алмай жүрген жайымыз бар. Бұл сауал да өткендерінің күйін кешіп қалмай ма деген күдігіміз де бар. Журналист ретінде ешбір заңсыз мағлұматтарды немесе жариялауға болмайтын күрделі мәліметтерді қазбалап жатқанымыз жоқ. Тек мақала нақты болсын деп қойған статистикалық сұрақтарға жауап ала алмай екі ортада сандалып қарапайым ақпаратқа қол жеткізудің қиындағанына өкпеміз қара қазандай.
Жақсы Ресми сауалды жолдадық. Жұмаға дейін күтіп отыратын уақыт та шамалы. Газет шықпай үш күн тосып тұра алмайды. Жеке зерттеудің арқасында білген мәліметті оқырманға жаза берейін. Сұрақтарға ресми ақпарат келсе келесі апта айтылмай қалғандарын толықтырармыз.

Бұл зейнетақы мәселесі, негізінен, 2018 жылдан бері қозғалып келеді екен. Біршама журналистер де жағдайды түсіндіріп мақала жазыпты. Бірақ оны қоғам неліктен әлі күнге бұрмалап, өздерінше түсініп жүргені белгісіз. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады: базалық, ортақ (ынтымақты) және жинақтаушы зейнетақы. Базалық зейнетақы — зейнет жасына жеткен барлық азаматқа төленеді және оның көлемі азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі. Ал ортақ немесе ынтымақты жүйе деп аталатын зейнетақы түрі тек 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде алты ай еңбек өтілі бар азаматтарға ғана беріледі. Оның мөлшері азаматтың жалпы еңбек өтілі мен орташа табысына қарай есептеледі.
Ал енді 1980 жылдан кейін туған азаматтардың жағдайына келсек, бұл буынның негізгі зейнетақы көзі – жинақтаушы жүйе болмақ. 1998 жылдан бастап елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу басталды. Бұған дейін біздің ата-әжелерміз сияқты жасына байланысты барлық азамат зейнетақыны міндетті түрде алған болса, енді бізге ондай жеңілдіктің жоқ екенін айтқымыз келеді. Бірақ бұл алаңдауға, «зейнетақысыз қаламыз ба?» немесе «Зейнетақы бермейтін болса, қазір айлығымның 10 пайызын неге салып жатырмын?» деген сияқты сұраққа бас қатырудың керегі жоқ. Жоғарыда аталған кезеңнен кейін еңбекке араласқан немесе еңбек өтілі тек осы жылдан кейін басталған азаматтар үшін зейнетақы төленеді. Бірақ тек жеке жинақтарына байланысты есептелетін болады. Яғни, жұмыс беруші әр ай сайын жұмыскердің айлық табысының 10 пайызын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударып отырады. Бұл жарналар жинақталып, инвестициялық табыспен бірге азаматтың жеке шотында сақталады. Болашақта зейнет жасына жеткенде осы қаражат оның негізгі зейнетақысы болып берілетін болады деген сөз.
БЖЗҚ-ның 2025 жылдың 1 мамырына дейінгі ресми мәліметі бойынша, елімізде 12 350 903 адамның жеке зейнетақы шоты бар. Оның ішінде 11 169 226 шот міндетті зейнетақы жарналары бойынша, 733 064 шот міндетті кәсіптік жарналар бойынша, ал 448 613 шот ерікті жарналар бойынша тіркелген. Бұл – халықтың басым бөлігі зейнетақы жүйесіне қатысып, болашағы үшін жинақ жасап жатқанын көрсетеді. Демек, 1980 жылдан кейін туған азаматтардың да басым көпшілігі зейнетақы қорына жарна аударып отыр деп пайымдадық.
Қорытындылай келе, «1980 жылдан кейін туғандар зейнетақы алмайды» деген пікір — жаңсақ әрі негізсіз екенін айтқымыз келеді. Зейнетақы жүйесінің қазіргі құрылымы әр азаматтың жинағына сүйенеді. Сондықтан еңбек етіп, тұрақты жарна төлеген адам зейнет жасында өз жинағы арқылы зейнетақыға қол жеткізеді. Ал оқырманды, жалпы халықты жалған ақпаратқа сенбей, ресми дерекке жүгініп, өз болашағымыз үшін жауапкершілікпен әрекет етуге шақырамыз.
P.S. Түсінбейтінім, жергілікті органдар өздерінің атқарып отырған міндеттеріне байланысты сұрақ қойсақ, неге орталық аппараттан рұқсат сұрап, бірнеше күннен кейін жауап береді.
Қысқасы, ашық дереккөздер арқылы БЖЗҚ-ның Жетісу облыстық филиалынан күткен жауапты оқырман үшін өзім ізденіп жазуға тура келді.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ